Қайсар қазақ
Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ,
әдебиетші, ғалым, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері:
Қазақстанда үлкеннің сөзіне тоқтау, зиялының аузына қарау рәсімі ұзақ уақыт ұмытылып келді. Соңғы 70 жылда елдік дәстүрді бүлдіру, талқандау, халықтың пиғылын бұзу жағы күшті болып, сыйлау мен сыйласудың екі-ақ түрі қалды.
Біріншісі – өзің айрықша құрметтейтін кісіні, екінші – қорқатын адамыңды сыйлау, яғни қолында билігі бар «мықтыны» ғана қадірлейтін күйге жеттік, сөйтіп жалынып-жалпаю, біреудің аузына қарау, қоғадай жапырылу қанымызға сіңіп, құлдық психология қалыптасты. Соның салдарынан елдігімізден айрылып қала жаздадық. Тілімізді мықтап шұбарладық, жартылай жоғалттық.
Азаттық алдық, тәуелсіз ел болдық, лайым ұзағынан болсын! Біз бұрынғыдай қараңғылықпен алысайық, надандықпен күресейік, сауатсыздықты жояйық деп ұрандатудан кеттік. Мәдениеттің алғашқы сатысынан недәуір биігіне көтеріліп қалдық. Әрине, бұл салада енді тындыратын ештеңе жоқ деп тоқмейілсуімізге болмайды, өйткені өскелең өмір өзінің жаңа сыбағасын алға тартады. Жаңа әліпбилерін оқыта береді, тудыра береді, соны жіті бақылап, қатарымыздан қалып қоймаудың қамын ойлауымыз керек.
Біздің ілгері өркендеуіміздің ең мықты да шешуші буыны – зиялылар. Ой-пікірін қағазға түсіретін ғана емес, соны жүзеге асыратын, біреуге ақыл айтып қарап тұрмайтын, қолма-қол іске араласып кететін зиялылар.
Зиялы қауым неге табансыз, тайғақ? Жаппай шен-шекпен, атақ дәреже үшін нені болса да, биліктің қанжығасына байлап бере салатын мінезінің тарихы әрегіректен басталатын сияқты. Абай айтқан қасиетсіздіктер зиялы қауымның бойынан ыдыраған жоқ