Тілім аман болсын десең, клавиатураңды түзе
Асқар Жұмаділдаев,
ҰҒА академигі
Латын алфавитіне көшудің жалғыз себебін көріп тұрмын. Себеп кириллицаның нашарлығында емес, қазақ клавиатурасының кемістігінде. Қазақ клавиатурасының ең үлкен кемістігі онда цифрлардың болмауы. Кирилл қазақ клавиатурасында ертегі жазуға болады, поэма жазуға болады, бірақ ғылым жазуға болмайды. Өйткені ғылым цифрларсыз жұмыс істемейді.
Кемістігі көп алфавит, кемістікті клавиатура тек қана қазаққа тән емес. Бір әріп бір дыбыс сәйкестігі сақталмаған алфавиттің көкесін біз көшкелі отырған латын ағылшын алфавиті көрсетеді. Сенбесеңіз, с, у немесе к дыбыстарын қалай өрнектелетінін зерттеп көріңіз. Мысалы, с дыбысын s арқылы да (sin) c арқылы да (cinema) беруге болады. С әрпі сонымен қатар к деп те (cat) өзгере береді. У дыбысын u деп те (how), w деп те (Washington) беруге болады. Бірінші нұсқада у ды w арқылы беру себебі осы. Бұл ұсыныс қатты сыналды, бекер сыналды, өйткені бұған “кінәлі” қазақтар емес, ағылшын алфавитінің өзі.
Бұған қарағанда кириллицаға құрылған қазақ алфавиті – анағұрлым ыңғайлы, анағұрлым информативті, қазақ дыбыстарын анағұрлым дәл беретін алфавит. Бұл алфавитте қоршаған ортаға қарай өзгере беретін хамелеон дыбыстар жоқ. Бұл алфавитте бір әріп бір дыбыс принципі өте жақсы ұйымдастырылған. Рас, қазақ алфавитінде бірнеше артық дыбыстар бар. Соған бола кириллицадан бас тарту, битке өкпелеп тонды отқа тастаумен тең.
Ағылшын алфавиті құрықты сырықпен жалғау әдісімен жасалған алфавит. Бұл белгілі жәйт, бірақ жұрттың бәрі ағылшын тіліне ұмтылады, ағылшынға ұқсас тірлігі болса мақтан көреді. Неге?
Себебі, ағылшын тілді елдер алға дамып кетті. Ағылшын тілі елдерінің көшін Америка бастайды. Американың әскері күшті, экономикасы күшті, технологиясы озық. Жасаған тауарлары сапалы, ғылымы мықты, университеттері тамаша. Америкада адам энергиясын, шабытын, адамның творчествоға әуестігін ұтымды пайдалану жүйесін құрды. Басымен жұмыс істейтін адамға керемет жағдай жасалды. Бұл бағытта капитализм жүйесі социализм жүйесінен артық екенін көрсетті. Жұрттың ағылшын тіліне ұмтылуы, ағылшын тілінің кереметтігінен емес, ағылшын тілді елдердің тірлігінің мықтылығынан. Жұғысты бола ма дегендігінен. Әйтпесе тіл әуезділігі жағынан, тарих тереңдігі жағынан, философия, әдет-ғұрып ұстанымы жағынан Американы он орайтын елдер жетіп артылады.
Талай жыл жөндеусіз тұрған үйді сыртын әктеп, сынған жерін бүтіндеп дегендей белгілі қалыпқа келтіруге болады. Ағылшындар, француз немістер бұл әдісті шебер қолданады.
Апостроф, ноқат, дәйекше, диграф дегендер қайдан шыққан? Ақаң сөзімен айтсақ, европа неге “ит деп жазып, шошқа деп оқу” әдісін қатты меңгерген ? Жауап: Амалдың жоқтығынан.
Европаға христиан діні, жазу сызу үлгілері рим солдаттарымен бірге келген. Дін негізінде қантөгіспен, жергілікті діни, рухани сенім-нанымдарды қырып жою әдісімен тараған. Варвар (жабайы, дөрекі, сауатсыз) деген сөзді римдіктер алғашында герман, британ тайпаларына қарата айтқан. Өйткені герман тайпалары арасында әйелден шыққан көсемдер болған. Олардың демократиялық ұстанымдары беріктігі римдіктерді таң қалдырған. Рим империясында әйелді бала туушы ретінде, көңілдес ретінде, мүлік ретінде ғана қараған. Хұқық жағынан малдан жоғары тұрғаны болмаса, олардың өздігімен мүлік иелену, саяси жұмысқа араласу, дауыс беру, басқару мәселелеріне араласу мүлде болмаған. Әйел ел басқару мәселесі өңінде емес, түсіне де кірмейтін Римдіктер әйел көсемдерді көріп, германдықтарды сауатсыз, жабайы, варвар деп қараған. Шындығында герман тайпаларының мәдениеті көп жағдайда Римнен жоғары тұрған.
Жығылған елдің тарихын жыққан ел жазатыны түсінікті. Тарихта бір парадокс бар. Жығылған ел өзіне зорлап таңылған үрдісті алғашында қарсылықпен қабылдаса да, келе-келе сол гегемон елдің таным үлгісін қабылдап, сол үлгіні сақтауда жеңімпаз елдің өзінен асып түседі. Кейде жыққан елдің өзі тарихтың құмына көміліп, жығылған елдің жетегінде кетеді. Бұндай жағдай тарихта аз болмаған.
Латын Рим империясын мекендеген көп тайпаның бірі. Бүгін бұл тайпа жоқ. Бірақ осы тайпа жасаған әріптер қалды. Еуропа осы латын алфавитін қабылдады. Христиан дін басшылары латын қасиетті кітап тілі, сондықтан бұны өзгертуге болмайды деген насихат жүргізді. Сол себепті еуропада ұзақ жылдар бойы араб цифрлары қолданылмады. Ғылым, өнер дамымады. Бұл уақытты қара түнек уақыты деп Еуропа тарихшыларының өздері айтады. Қайта жаңғыру дәуірі араб цифрларын қабылдау, ислам әлемі ғылымын қабылдау, сауда-саттықты дамыту, грек өнерін қайта жаңғырту дәуірімен сәйкес келеді.
Еуропа салт-дәстүр ұғымына мығым екенін көрсетті. Келе-келе латын алфавиті тіл сұранысын толық қамти алмайтынын байқады. Дыбыстарын өрнектейтін жаңа әріп қажеттігін ұқты. Бұл тірлікті жасауда латын алфавиті шеңберінен аттап өту мәселесі қарастырылмады. Диграфтардың, апостроф, нүкте, үтір ноқаттардың шығу себебі, бір дыбыстың неше түрлі әріппен берілуі осыдан шығады. Қорыта айтсақ, құрыққа сырық жалғау әдісі қазақтың ноу-хауы емес, бұл әдістің шырқау шыңы еуропада болған.
Енді осы қоршаудағы қазақ алфавиті мәселесіне көшейік.
Ағылшынның алфавитіне мың жыл. Ұсақ-түйек өзгерістер болмаса мәйегі өзгеріске түскен жоқ. Дүниеде салт-дәстүрге берік екі ел болса, соның бірі Британ мемлекеті. Оның королевасы, алфавиті, шәй ішу дәстүрі осының көріністерінің бірі ғана. Еуропадағыдай болайық, Америкадағыдай болайық, олар диграф қолданады екен, апостроф қолданады екен, біз де соны қолдансақ, Америка-Еуропа болып кетеміз деген не әңгіме?
Бұдан мың жыл бұрын қазақта да алфавит болған. Бірақ Орхон- Енисей жазуы бүгінге жеткен жоқ. Оны қайтадан жаңғырту деген бос қиял. Қазақ айналдырған жүз жылда алфавитін төртінші рет өзгерткелі тұр. Бізде ағылшынның дәстүр сақтау үрдісі жоқ. Жетпіс жыл ол да аз мерзім емес. Қазіргі жетпіс жыл ырзығын көрген алфавитімізден жұрт үйреніп қалған төл әріптерімізді сақтап қалсақ, ол да олжа болмай ма?
Қазақ клавиатурасы мынадай екі шартқа бағынуы тиіс:
1)Ағылшын алфавиті қазақ алфавитінің ішіне кіру керек
2)Шрифті өзгерту, регистрі өзгерту минимумға түсу керек.
Бұл ағылшын әріптері еш өзгеріссіз қалуы тиіс деген сөз. Қазақша жаза отырып еш шрифті ауыстырмай ағылшынша да беймарал жұмыс істей беру керек деген сөз. Қазақ әріптері клавиатураның оң жағындағы және сол жақ бұрыштарындағы түймелерге ілінеді. Бұл арада екі жағдай болуы мүмкін.
Жаңа қазақ клавиатурасы жасалады. Бұл жағдайда ең дұрыс шешім былай болар еді. Enter, Return екі түймесі көп орын алып жатыр. Бұл екі орынды бөліп, кем дегенде жаңа бес түйме жасауға болады. Бұған керегі аз жақшаларды сызық, үтірлерді қысқартсақ тағы үш түйме босайды. Онда қазақтың бар төл дыбыстары сиып кетеді. Рас, бұл шара көп қаржы қажет етуі мүмкін.
Шындыққа келсек, тек қана жаңа клавиатураны енгізбей, осы күні қолданылып жүрген латын кирилл қазақ фонттарын да бір ізге түсіру керек. Мысалы, сіздің мекемеңіздің компьютерінде қазақша басылған мәтін көрші мекемеде ашылмауы мүмкін. Ашылса, бос шимай ретінде көрінуі мүмкін. Себеп кириллицаның, латиницаның өзінің бірнеше нұсқасы бар. Word-тің де бірнеше түрі бар. Қазақ әріптері сол нұсқаларға бекітілген. Сондықтан көршіңізге барып файлды ашамын десеңіз сол нұсқаңызды өзіңізбен алып жүруіңіз керек. Бұл ыңғайсыз тірлік. Сондықтан, барлық қазақ ресми мекемелері қолданатын фонттардың бір нұсқасы бекітіліп, барлық ресми мекемелер осы нұсқада жұмыс істейді деген заң болуы керек. Сонда жәй азаматтар да осы нұсқаға қарай бет түзей бастайды.
Біздің ауылда Исақай деген кісі болушы еді. Трактор, машина, арба бұзылып қалса осы кісіге апаратын. Исекеңнің үш құралы болатын. Кувалда, лом және сым. Кувалдамен ұрып, ломмен майыстырып, сыммен бұрап тоқтап қалған тракторды жүргізіп жіберетін. Бірінші жағдайда Исақай көкеміздің әдісі қолданылмайды.
Екінші жағдайда Enter, Return түймелері сол күйі қалады. Бұл жағдайда қаржы шығыны болмайды, бірақ біз “барымен базар” әдісін Исақай әдісімен ұштастыруға мәжбүр боламыз. Бұл орайда да бірнеше жағдай болуы мүмкін. Латын клавиатурасының да көптеген түрлері бар. Мысалы, ағылшын клавиатурасы француз клавиатурасынан көп айырмашылығы бар. Барлық латын әріптері бірдей, бірақ клавиатурада орналасу тәртібі бөлек. Бұндай жағдай ағылшынның өзіне де қатысты. Британдық ағылшын, америкалық ағылшын болып бөлінетіні тағы бар. Клавиатура компьютер шығаратын фирмаға байланысты да өзгере береді. Мысалы менің Apple шығарған компьютерімде параграф § символы бар, ал Microsoft шығарған компьютерде бұл символ жоқ. Американдық, бұл үшін еш қайғырмайды. Бірақ біз үшін бұл маңызды мағлұмат. Бізге §-тың керегі жоқ, бірақ осы символ орналасқан орын керек. Өйткені § орналасқан түйме бір қазақ әрпі үшін құрбандыққа шалынатын түйме.
Бұрынғы “ә”, “ө”, “ы” және ”ң” қазақтың төл әріптері сақталып қалған алфавит жайлы “Қазақ әдебиетінің” өткен санындағы “Ә” әрпіне мадақ” дейтін мақаламызда айтқан едік. Оған тағы бесінші “ұ” әрпін қосып (параграф символының пайдасы!) Mac клавиатурасына негізделген клавиатураны көрсетелік. Аталмыш мақаладағы алфавитке тағы да кішкене өзгерістер енгізгенімізді ескерте кетелік.
А =A
Ә = Ә
Б =B
В =V
Г =G
Ғ = G’
Д =D
Е =E
Ж=J
З=Z
И=I’
Й=I’’
К=K
Қ=Q
Л=L
М=M
Н=N
Ң=Ң
О=O
Ө=Ө
П=P
Р=R
С=S
Т=T
У=U
Ұ=Ұ
Ү=Y
Ф=F
Х=X
Һ=X’
Ы =Ы
I=I
Ш=SH (Бұны c деп те жазуға болар, өйткені бұл әріп бос қалып тұр)
Бұл алфавитте жазып көрсек.
G’ыlыm tappai’ maqtanba,
Orыn tаppаi bаptаnbа,
Qұmarlanыp shattanba,
Oinap bosqa kүluge.
Bes nәrseden qashыq bol,
Bes nәrsege asыq bol,
Adam bolam deseңiz.
Tileuiң, өmiriң aldыңda,
Odan qaig’ы jeseңiz…
***
Әsempaz bolma әrnege,
Өnerpaz bolsaң, arqalan.
Sen de bir kirpish, dүniege
Ketigin tap ta, bar qalan !
Біздің олжамыз: бес әріп өзгермейді, яғни бес апостроф кемиді. Бұл әріптер Ә, Ө, Ы, Ұ, ң. Екі апостроф қалады. Бұл әріптер Ғ=G’ және И=I’.
Енді қазақ клавиатурасын Исақай әдісімен қалай жасауға болатынын Apple клавиатурасында көрсетейік. Сөз үлкен ң әрпінен басталмайтын болғандықтан латын клавиатурасынан тоғыз орын табуымыз керек. Apple клавиатурасында бұл мақсат сәтті орындалды. Дәл тоғыз әріпке орын таптық, бірақ он әріпке орын таба алмадық.
Бұл арада мынадай да әңгіме шығаруға болады. Егер ф-ны қазақтың дыбысы емес, оны п деп айтамыз десек, мысалы, формуланы пормула десек, онда үлкен Ғ әрпіне латынның үлкен F әрпін бекітуге болады. Ал кіші “ғ” кіші “f” тан бөлек, бұл әріптер онсыз да шатаспайды. Бұл арада шешімді филологтар айтуы керек. Егер жаңа қазақ клавиатурасына көшеміз десек, онда бұл проблема да жойылады. Бір ғана өзгеріс Ғ әрпін латынның F әрпінен ажырату үшін Ғ-ның белдемшесін сызықшамен емес ирекпен сыза салса де жетеді.
Мынадай ережелер енгізсек
И=I’ – дегі апостроф одан да азаяды.
Ереже. i әрпінің алдында дауысты дыбыс тұрса, онда:
Егер і-дан кейін “а” әрпі тұрмаса “i” әрпі қысқа и болып оқылады. Мысалы Айқын =Aiqыn, қой=qoi
Егер і-дан кейін “а” әрпі тұрса, “ia” диграфы “я” болып оқылады.
Мысалы, Аяла=Aiala, Қоян = qoian
Қорытынды.
1) Үкімет ұсынған екі алфавиттің артықшылығы:
Таза латын алфавитіне негізделген.
Кемшілігі: апостроф, диграфтар тым көп. Қолдануға ыңғайсыз.
2)Біз ұсынған алфавиттің артықшылығы: қазақтың төл әріптері барынша сақталған, апострофтар мен диграфтар кеміген.
Кемшілігі: әріптер таза латын емес.
3)Қандай алфавит жасасаңыз да “бір әріп – бір дыбыс” принципін сақтау мүмкін емес. Себеп латын алфавитінің бұл принципті сақтамауында.
ПІКІРЛЕР5