Ел боламын десең, еріңнің еңсесін тікте
05.02.2024
134
0

Бүгінде қит етсе «күйеуі ұрған», «бәлен баламен тастап кеткен» деп, еңірегенде етегі жасқа толатын келіншектерді әлеумет­тік желі мен эфирден көрсету көбейіп кет­ті. Соның салдарынан қазір «еркектер ұсақталып барады» деген пікір қалыптасқан. Әрине, оған негіз жоқ емес. Біресе қос қызымен әйелін өртеп өлтірген немесе келіншегінің бетін қатыгездікпен тілгілеп тастаған, болмаса өгей баласын «ұялы телефон сұрағаны үшін» сүйреп өлтірген күйеулерді ешкім де, ешқашан да ақтай алмайды. Десек те, «қатын дейін десем, арасында апам да кетеді» дегендей, әлгіндей бірер ездің кесірінен «кім жаман – еркек жаман» деген жаман ат жаппай қара күйе болып бөріктілердің бәріне бірдей жағылады. Ал осы әділет­ті ме? Яғни еркектің бәрі бұзылған, ал әйелдің бәрі әулие ме? Жоқ, әрине, себебі жамандық жынысқа бөлінбейді.

«Анна Карениналар» бізде де бар

«Қазақ­стан әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ресми мәліметінше, қазір Қазақ­станда әрбір екінші неке ажырасумен аяқталады екен, оның 83 пайызының ортақ балалары бар. Осының салдарынан елімізде 400 мың ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 мың жалғызілікті әке бар көрінеді. Өкінішке қарай, бізде көбіне «еркек – ішкіш», еркек – жүргіш» еркек – құмарпаз», қысқасы, отбасын құрдымға кетіруші тек еркек деп келте қа­йыра саламыз. Сот­та да ананың құқығы бірінші кезекте қорғалып, бала көбіне анасына беріледі. Алайда кейде еркектің қол көтеруіне ұрғашының өзі де кінәлі болуы мүмкін. Бәлкім, ол тамақ істей алмайтын шығар, болмаса күйеуі берген ақшаны ұқсата алмай, үйдің берекесін кетіретін шығар? Мүмкін, ол салақ шығар: ыдыс-аяғы жуылмай, үйі жиналмай, кірі жуылмаған соң, ерінің ашуы келіп айтса, соған без-без етіп бет­тен алып, тіпті өз киімін өзі жыртып, «байым ұрды» деп, бейшараның кейпіне енген шығар? Әйтеуір, сондай бір шикілігі бар. Әйтпесе, еркек те туа сала залым болған жоқ қой.
«Тиран әйел көбіне таяқ жейді», – дейді психолог, дағдарыс жағдайлар психотерапевті Әсел Жұбанышева:
– Күйеуі ұрмай тұрып, әйелдің өзі тиранның рөлін атқарады. Яғни ол өзінің де ықылас-ілтипатқа мұқтаж екенін «жаным, маған көңіл бөлші, екеуміз бір жаққа барсақ» деп емес, «өзің секілді пәленшені қарашы, үйін қатырыпты, сен болсаң мынау, диванда жатырсың» деп құлақ етін жей бастайды. Ал бұл күйеуінің намысына тиеді. Ақыр соңында тілін тартпаған әйел зардап шегушіге, ал күйеуі тиранға айналғанын білмей қалады. Әдет­те бұдан соң өзін қол көтергені үшін кінәлі сезінген еркек құлдық ұрып кешірім сұрайды, ал әйел осыдан ләззат алады. Өзін керек сезінеді. Бұл – коммуникация тәсілі. Бұндай әйел өзіне басқаша назар аударта алмайды.
Міне, біз осындай отбасындағы жағдайдың қыр-cырына үңілудің орнына отбасылық зорлық-зомбылық десе, тек көз жасын көлдей қылып әйелдерді көрсетіп, соларды қорғаштаймыз да жүреміз. Анық гендерлік теңдік дейміз бе, онда баласын тастап кетіп жатқан көкек аналар мен күйеуін адам құрлы көрмейтін әйелдер жайлы да айтайық. Толстойдың Анна Каренинасы секілді күйеуі бола тұра, көзіне шөп салып жүре беретін немесе бала-шағасына да қарамай, басқа біреудің етегінен ұстап кетіп жатқан төмен етектілер жетіп-артылады. Алматы мен Астана секілді алып мегаполистерді айтпай-ақ қояйық, қарт Қаратаудың қойнауындағы Кентау деген кіп-кішкентай қаланың өзінде Бектібай Тынымбаевтай азамат­тың алты баласын бір өзі асырап келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды.
Басында айтуға ұялатын, кейін бәрібір ел білді ғой, келіншегі бір-ақ түнде басқа ошақтың отын жағуға кет­ті де қалды. Мейлі, өзін қоя берші, сүймесе сүймей-ақ қойсын, келіншегінің ана бола тұра, өз ішінен шыққан үйелмелі-сүйелмелі бала-шағаның жайы не болады деп ойланбағанына таңым бар. Бектібайдың да момындығы ғой, жұмысын істеп, ақша тауып, отбасымды асырап жүрмін деп ойлап жүре берген. Көбірек табыс табу үшін кейде басқалардың ауысымында да істей берген. Байғұс болған жайға «екі күннің бірінде жұмыста түнеп жүріп, келіншегіммен араны суытып алыппын» деп өзін кінәлап та қояды. Қысқасы, таза момын. Әйтпесе, ең болмаса ашумен «өйтіп жіберем, бүйтіп жіберем» деп біраз жерге баруына болар еді, Бектібай өйткен жоқ, оның орнына бар уақытымен күшін тірнектеп ақша тауып, табаға нанын жауып, балаларына тәрбие беруге арнады. Тамақ істеуге ұста болып алғаны соншалық – «ет­тің жоғын білдірмей «галина бланканы сеуіп жіберіп» макарон істеп бергенде, балаларым саусақтарын жалайды» дейді. Ал әйелінің «неге балаларды, үйді тастап кетіп қалдың» деген сұраққа берген бар сылтауы «кедейшіліктен шаршап кет­тім» болыпты.

«Менің әкем – ең жақсы адам»

Жоғарыда айт­қандай, балаларын күйеуіне тастап кете салатын әйелдерден бөлек, тағдырдың жазуы деген тағы бар. «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста жарың өлмесін» деп қазақ текке айтпаса керек. Осының шын мәнінде қандай ауыр қайғы екенін Алматы облысы Райымбек ауданы Қарқара ауылының тұрғыны Мақсат Сыдықов елуді еңсерер тұста өз басынан өткеріп отырған жайы бар. Екі жыл бұрын әйелі инфарктен қайтыс болады. Өзі ІІ топтағы мүгедек. Құлағы әрең естиді. Білуінше, бала кезінде әпкесі құлағын тазалаймын деп, зақым келтірсе керек. Мейлі, оны қоя берші, бәрінен де Жаратқанның жарынан ерте айырғаны арқасын аяздай қариды. Себебі бір емес, төрт баласы жаутаңдай қарағанда қайран әке өзін қоярға жер таба алмай кетеді. Балалардың алды енді ғана 18-ге толса, кенжесі әлі аузынан ана сүті кетпеген сәби. Бәрінен бұрын үшке толмаған сол бүлдіршінге обал. Әсіресе түн баласы анасын іздеп шырқырағанда Мақсат әке «мамасы емес, мен өлсемші» деп жүрегі қан жылайды. Жә, Жаратқанның ісіне амал бар ма… Десе де, кейінгі кез­дері «әйелін өлімші етіп сабапты» немесе тіпті «өз қолымен өлтіріп тастапты» деген еркектер жайлы естігенде, «қолда бардың қадірін білмейсіңдер ғой» деп ауыр күрсінеді. Және де қанша жерден қиналса да, «төрт баламды асырап отырмын» деп ешкімге барып алақан жайып немесе «үкімет маған неге ақша төлемейді» деп міндетсініп көрмепті.
Қырықтың қырқасына шыға бере, әйелінен айырылған Әубәкір Шөкеннің де жағдайы осы секілді. Сүт­тей ұйыған отбасына қайғы қара жолдың қақ ортасында келді. Қалтарыстан шыға келген қу қара көлік қапыда атпалдай азамат­ты жары мен баласынан айырғаны аздай, өзін де жарымжан қылып кет­ті. Сүйегі жеті жерінен сынған жігіт ағасына ең ауыр тигені де осы – еңбекке жарамсыз болып қалғаны. Бүгінде бес баласына бір өзі бас-көз болып отыр. Үкімет­тен 49 мың жәрдемақы алады. Оның тең жартысын мемлекетке айыппұл төлейді. Өйткені сол апат­та болған шығынды мұның мойнына ілген. Баласының алды мектепті енді бітірсе, кішісі даярлық сыныбында оқиды. Жұмысқа да алмайды, шығарып жібере береді. Өйткені денсаулығы жарамайды.

Қазақта ажырасу деген атымен болмаған

Бізде әкелерге қатысты мұндай категория мүлдем қарастырылмаған екен. Неге? Әйел баланы «күлге аунап» туа салмайды ғой, оған әкенің де қатысы бар емес пе? Біле білсек, бала – ең алдымен әкенің ұрпағы. Ал сөйте тұра, балаға қатысты статус болсын, жәрдемақы, жеңілдік болсын тек әйелге қарастырылып, еркектің одан мүлдем тыс қалуы ақылға қонымсыз. Осының өзі қазіргі отбасылық тәрбие жүйесінде ер-азамат­тардың рөлін дұрыс бағалау ісінің кемшін екенін көрсетеді. Дәстүрлі қазақ тәрбиесінде «сен жігітсің, шаңырақ иесісің» деп, ал қыздарға «сен болашақ анасың, ошағыңның иесісің» деген функцияларды санасына сіңіреді. Сондай тәрбие көрген отбасыларда ішкі қайшылық көп туындамайды. Жалпы, қазақта ажырасу деген атымен болмаған. Ұрпаққа деген жауапкершіліктің жоғары болғаны соншалық – жаңа құрылған отбасы ортада бала тұрғанда ажырасу туралы мың рет ойланатын. Оған әлеумет қарсы шығатын. «Ажырасып, баланы тірі жетім етуге болмайды» деген ережелер кішкентай кез­ден санада қалыптасатын. Қазір осындай ережелер ескерілмейтіндіктен, оларға атүсті қараудан түрлі мәселелер туындап отыр. Яғни бала дүниеге келген соң, ол әке тәрбиесін де, шеше тәрбиесін де көріп өсуі керегі тасада қалды», – дейді белгілі ғалым Әбдірашит Бәкірұлы.
Жалпы, «әйел, әйел» деп, біз көбіне отбасындағы ананың рөліне мән беріп, әкелерді елеусіз қалдырып жатқандаймыз. Бұрын қазақ баласы «әкең келе жатыр» дегенмен тәрбиеленді. Ал балаға дастархан басына әке келмей, тамақ жемеуді, «әкеңе айтам» деп, баланы тәртіпті болуға аналар үйрететін. Ал қазір, керісінше, отбасында әйелдер бірінші орынға шығып, еркек тұрып әйел сөйлегеннің кесірінен ер адамның рөлі әлсіреп, тіпті ол бір керексіз адам секілді боп қалғандай да жайы бар. Сондықтан ерлердің де мүддесін қорғау маңызды. Ел боламыз десек, ерлеріміздің еңсесі тік болуы тиіс. Ер тек бір ғана жағдайда еңкеюі тиіс, ол – туған жердің туын сүйіп, топырағына тәу еткенде ғана. Бүгінгідей жігіт­тердің бір қызға сақина салып, «тұрмысқа шықшы» деп тізерлеуі – бізге жат қылық.
Екіншіден, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, заман ағымына сай жалғызбасты ана ғана емес, баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ерлер мәселесі де алға шықты. Және бір емес, кемі үш-төрт, тіпті кейде алты баланы да. Сол себепті де біз жалғызілікті әкелер мәселесін жалғызбасты аналармен қатар қойып қарауымыз керек. Өйткені баланы қорғау – Отанды қорғау, баланы сақтау – ұрпақты сақтау, балаға қызмет ету – елге қызмет етумен тең. Ол ешқандай да еркекті кемсітпейді, керісінше, дәрежесін көтермесе… Себебі балалардың жүрегінде сақталған ана махаббаты мен мейірімін күзету – азамат­тың азаматының ғана қолынан келетін іс. Көпбалалы әке деген мәртебе беру жағын ойластырсақ, артықтық етпес еді. Себебі соған лайық әкелер бар.

Мәриям ӘБСАТ­ТАР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір