«Ел боламын десең, контентіңді түзе»
01.04.2025
89
0

Өркениетті мемлекеттер бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Жеткіншектердің өресі биік, танымы терең тұлға болып өсуіне ата-ана ғана емес, мемлекет те жауапты.

Қазіргі ақпараттық заманда жас жеткіншектер арасында түрлі контенттер жиі қолданылады. Сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, әлем бойынша жасөспірімдер күніне 30 пайыз уақытын көгілдір экран алдында өткізеді. Сондықтан мұны таразылап, саралай алған дамыған елдер телеиндустрия саласында сапалы контент өндірудің маңызды екенін ұғынды. Ал әлем елдері жас буындарға қандай контент ұсынып жүр?
Танымдық бағыттағы телеөнімдерді көрсету америкалық балалар үшін бірінші кезекке қойылса, Жапонияда бүлдіршіндерді бабалар жолымен тәрбиелеу – контентке қойылар басты талап көрінеді. Жапондық балаларға ұлттық салт-дәстүр кеңінен насихатталады. Ал қытайлық өрендерге патриоттық бағыттағы мультфильмдерді көрсетуге небір мүмкіндіктер қарастырылған. «Не ексең, соны орасың» деген ұстанымға берік мемлекеттердің ұрпақтарына көрсетіп жатқан өнегесі осындай.
Ежелден ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарамаған Қазақстанда мемлекеттік тілдегі балалар контенті саусақпен санарлықтай ғана. Балдырғандарымыз көбіне әлеуметтік желілердегі орыс, ағылшын тіліндегі мультфильмдермен сусындап жүр. Мұның салдары қазақ балаларының ана тілінің ақсаңдап, өзге тілде бұлбұлша сайрауына әкелді. «Қазақ тіліндегі контент жоқтың қасы, бар болса да, сапасы көңіл көншітпейді» деп налиды ата-аналар. Балалар арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысы мультфильмдердің сапасы жағынан отандық «Балапан» арнасының өнімі бәрінен озық шыққанын көрсетті. Одан кейінгі Nickelodeon бүгінде 180 елдегі баланың сүйікті арнасына айналса, Tiji, Cartoon Network, «Карусель», «Малыш» арналарының туындыларын 20-ға жуық шетел сатып алған екен.
Қазір еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін телефонға телмірген заман болды. Желіде пайдалы контент қана емес, балалардың денсаулығы мен психикалық дамуына теріс әсер ететін түрлі ақпарат ағыны бар. Көбіне балалар ата-аналарының немқұрайлылығы мен қоршаған ортасында бақылаудың болмауынан әлеуметтік желі арқылы кибербуллингтің құрбанына айналады. Сондықтан ата-ана күнделікті баласының тұтынатын платформаларын жіті бақылап, көретін контенттеріне ерекше назар аудару қажет.
Қазақстанда қаралымы 119 миллионға жетіп, жоғары сұранысқа ие болған видеоконтент – әнші Жазира Байырбекованың «Әлди-әлди» деп аталатын бесік жыры. Жас өркендерге өнеге сыйлайтын осындай контенттер көбейсе, ұрпақ болашағына алаңдаушылық тудырған күдігіміздің бір бөлігінен сейілер едік.

Дана САДЫРҚАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір