Адам деп ат қойған соң…
(Қ.Жиенбай шығармашылығындағы қазақ қоғамының шындығы)
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай – қазіргі қазақ прозасында өзіндік беталысы, жазу мәнері қалыптасқан қаламгер. Заманның аумалы-төкпелі қиыншылығына қарамастан қаламын серік еткен оның «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте» романдары мен повестері, әңгімелері оқырманға жақсы таныс. Жазушының туындыларында қазіргі уақыт пен өткен кеңестік кезеңдегі адамның тыныс-тіршілігі, қоғам мен адам, адам мен табиғаттың арасындағы байланыс, одан туындайтын күрделі мәселелер кейіпкер болмысымен терең суреттеліп, бұрқ-сарқ қайнауы мен толғанысы басым көркемдік әлем оқырманға есігін айқара ашып жатады.
Бүгінгі шағын мақалада оның бәрін жіліктеп, тарата айтуды міндетімізге алып отырған жоқпыз, ол алдағы уақыттың еншісінде. Дегенмен жазушының әрбір шығармасы өз алдына тиянақталған көркем дүние дегенімізбен, оларды байланыстырып тұратын ортақ желі, тенденция болады. Біздің бүгінгі әңгімеміз соның бір парасы жөнінде.
Қ.Жиенбайдың «Ұста» атты әңгімесінің соңында өз ісінің хас шебері Тоғанас ұста ауласындағы ұстаханасын өртейді. Автор «Сенеріңді де, сенбесіңді де білмейсің. Бәлкім рас, бәлкім өтірік…» дегенмен, оқырман кейіпкердің шешімді іс-әрекетін айқын сезінеді.
Әңгімеде қазақ қоғамының шындығы суреттелген. Бәлкім, жетпісінші, мүмкін сексенінші жылдары Арал теңізі жағалауының халқы туған жерін тастап, үдеріп жан-жаққа көше бастады. Енді қайтсін. Табиғат-Ананың жауһар сыйына адам қолымен қиянат жасалып, сағасынан қиылып, тартыла бастады. Содан соң… Ауа райы өзгерді. Тұзды шаңдақ аспанға көтерілді. Адамдарды жалмаған неше бір сұмдық індеттер мен жарымжан, құбыжық болып дүниеге келгендер көбейді.
Сондай алмағайып кездің бірінде әңгіменің бас кейіпкері теңіз жағасындағы Бөген балық зауытының қайықшы-ұстасы Тоғанас та көптің бірі болып, бар тапқанын жиып-теріп Алматыға – Кеңсайдың етегіне қоныс аударған. Кіші күйеу баласының араласуымен. Қайбір шекесі қызғаннан. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?..» Теңіз тартылып, зауыт тоқтаған. Балықшы ауылының тірлігі, суреткер Ә.Нұрпейісов жазғандай, ырың-жырың.
Тоғанас алғашқыда ағаш ұстасы жерде жатқан жоқ, өз кәсібіммен нәпақамды табармын деген. Қателесіпті. Ақыры нәсіп содан бұйырып, қаладағы жерлеу бюросының табыт жасаушы шебері болып шыға келді. Тағы да сол пысық күйеу баласының арқасында.
Дүние асты-үстіне түскен ту талақай замандағы бұйрықты қойсаңшы. Қайық жасаушы шебер күндердің күнінде мұсылман ұғымына мүлде жат табыт жасаймын деп ойлап па? Кейіпкердің ішкі әлеміндегі жанын жеген күйзелістің сыры осында еді. Автор осы кереғарлықты әңгімеде шым-шымдап шебер ашады.
«…Бүгінде кімнің кімде не шаруасы бар, әйтсе де безбүйректенген бөгде сөзден аулақ жүргенді жақсы көреді. Кімнің ішіне кім кіріп шықты дейсің. Тоғанастың кәсібі турасында көшкенде көп пенденің көкейінен шыға бермейді. Тәтті дәмді ашқарақтана жұтып келе жатып, кенет бір тастүйін тамағыңнан не ары, не бері өте алмай кептеліп қалғандай күй кешесің ақыр соңында. Несін жасырады, теңіздің тартылуына байланысты Арал жағалауынан ана жылы Алматыға қоныс аударған Бөген балық зауытының бұрынғы қайықшы-ұстасы Тоғанас Күнбергенов бүгінде осындағы жерлеу бюросының тапсырмасы бойынша табыт соғады. Кәдімгі тақтайдан соғатын табыт. Қай жағынан болсын: әдемілігі, ықшамдылығы, тақтайлардың сүрленіп, бір-бірімен жымдасуы жағынан дейсіз бе, қалай десең олай де, қабылдаушылардың сынағынан сүрінбей өтеді. Тендерден де Тоғанастың аты ылғи алдымен келіп жүр. Себебі, әр табытқа мынадан үстеме ақы төлейсіз деп, жерлеу бюросындағылардың мазасын алып жатқан Тоғанас жоқ. Бергендеріне риза, тіпті екі-үш ай айлық алмаса да үйреншікті шаруасын дөңгелете береді. Өз есебі өзінде. Қайда болсын, шын ниетімен істеген шаруаның аяқсыз, нәтижесіз қалғанын кім көрген. Тоғанас та соған сенеді. Осы күнге дейін бірде-бір табыты кері қайтқан емес. Керісінше, әрбір мереке тұсында жерлеу бюросындағылар Тоғанастың ерен еңбегін де елеп ескеріп, бірнеше тұсына мөр басылған мақтау қағазын беріп жібереді. «Рақмет» дейді Тоғанас, одан әріге тереңдеп барғысы келмейді. Сол қатырма қағаздарды мақтанышпен біреуге көрсетсе не дейсіз, бір түрлі жүрегі қаламағандай үйге апаруды да артық санап, қамыс сарайдың бір бұрышына тыға салады».
Мәселе де осында. Ұрлық жасаған жоқ. Біреуге қиянат істемеді. Ақ тер-көк тер болып еңбек етіп тапқан нәпақасы. Отбасын асырауға жетеді. Қолының ұсынықтылығымен үй-жайын да жөндеп алған.
Жазушы оның жұмыс үстіндегі шабытты сәтін әдемі бейнелейді. Өйткені ол өз ісінің шебері ғой. Ағашты сүргілегенде қолы қолына ілеспейді. Самайынан жылтырап тер шыққан сайын дүниені ұмытып рақат күй кешеді. Тек жалғыз болсын деңіз. Мүйізгектенген алақанымен жонылған тегіс тақтайдың бетін аса бір ұқыптылықпен әрі-бері сипайды. Одан соң бір көзін сығырайтып оның түзу-қисықтығын тексереді.
Шебер мінсіздікті ұнатады. Өз ісінен титімдей кемшілік байқалмауы тиіс. Бұл әдет Тоғанастың бойына әбден сіңіп қалған. Жұмыстың жақсы нәтижесі көңіліне шабыт береді. Алайда… Тағы да сол: ол бұл ісінің басқа ешкімнің білмегенін, естімегенін қалайды. Үйге бөгде адамның, қонақтың келгенін жақтырмайды.
Бірақ көңілдің терең түкпіріндегі бұл жайсыздықты өзгеден жасырғанмен, өзіңнен жасыра алмайды екенсің.
«Ой-хой, ой-хой-ау, өзім соққан қайықта шалқамнан жатып жан тапсырсам, сосын теңіз толқындары қайда айдап әкетсе де бәрібір. Бәлкім, теңіз түбіне шым батып, балдырлардың арасынан мәңгілік мекенімді тауып, балықтарға жем болармын» дейтін бір кездері қиялданып. Бұл оның бала күнінен теңіздің жағасында өсіп, жаны теңізбен терең қабысып кеткендігінен еді. Ол арман-мұрат бүгінде әдірем қалды.
Иә, бұйрық дегенді қойсаңшы, осы Тоғанас теңіз жағасынан ірге көтеріп басқа жаққа көшемін деп өмірі ойлап па? Ұрпақ өрбітіп, нәпақасын теңізден көрген дүйім ел де кіндік қаны тамған атамекенін күндердің күнінде тастап, үдере өзге өңірге қоныс аударамыз-ау деп пе? Бірақ туған жерден тұрақ таппай, ел аман, жұрт тынышта дүркін-дүркін көш болған. Адамдар жекелеп те, ауыл-ауыл болып та көшкен. Ал олардың бірі барған жерінде тастай батып, судай сіңсе, қайсыбірі маңдайына жазылған әр алуан күй кешкен. Кейінгі ұрпақтары, бәлкім, сол өңірге үйренісіп кеткен болуы мүмкін, ал өздері өле-өлгенше туған жерін, атамекенін, теңізін сағынып өтті. Теңіз қайтып оралады деген үмітпен күн кешті.
Жазушы Қ.Жиенбайдың туындыларындағы тұрақты желінің бірі осы десек қателеспеспіз. Кейіпкерлері шөпке тышар дөкейлер емес, қарапайым адамдар. Солардың әр алуан реңктегі көңіл-күйлері, жан күйзелісі, тағдыр-талайы, туған жерге деген толассыз сағынышы туындыларының арқауы болып келеді.
«Ұста» әңгімесіндегі Тоғанастың жан күйзелісінің бір түйінін осыдан іздейміз. Ел қатарлы тірлігі бар, ешкімге алақан жаймайтын оның көңіл аңсары мүлде бөлек. Бала күнінен теңіз жағасында өсіп, теңіз мінезін бойына сіңірген оның алғаш күн көріс қамымен қолға алған тірлікпен біте қайнасып кетуі мүмкін емес болатын. Өйткені оның жаратылысы басқа.
«…Сірә, теңіз жағалауында туғандардың ішкі әлемі ылғи асқаралы армандар мен тосын толғаныстардан тұрады. Соқпа толқынның әсері ересен, қызуқанды. Бір жерде бір сағат тыныш отыру дегенді атамаңыз. Тоғанастың көкірегіндегі үнемі қыз-қыз қайнап жататын тогы күшті аккумулятор – сол. Содан айырмасын деп жаратқанға жалбарынады».
Жазушы Қ.Жиенбайдың қалам тербеу ерекшелігі – шығармада кейіпкерін бірінші орынға қояды: дүниеге, төңірекке кейіпкер көзімен қарайды, оның ішкі толғанысына, сезім-түйсігіне бірінші кезекте мән береді. Сондықтан да, жасыратыны жоқ, туындыларының қайбір тұстарында динамика жетпей жататын секілді көрінетіні де рас. Дегенмен бұл, біздіңше, жазушының таңдап алған өзіндік жазу мәнері және оны автор біршама жақсы игерген.
Мұны «Ұста» әңгімесінен де көреміз. Шығарманың бүкіл тіні жаны таза Тоғанастың көңіл-күйіне, ішкі арпалысына құрылған. Автор кейіпкерінің жанының мөлдірлігін, әсіресе жұмыстан соң мұнтаздай болып жуынып, тазаланып, өзін іштей дайындап бейіттердің басына баруымен аңдатады. Қазақтың маңдайына біткен небір қасқалары мен жайсаңдары жатыр мұнда. Алдымен аруақтарға құран бағыштайды. Әр бейіттің алдында біраз кідіріп, ойша тілдеседі. Содан соң… Жауын-шашыннан бір бүйіріне қарай қисайған құлпытастарды ерінбей-жалықпай қайта тіктейді. Темір шарбақтарының есігін бекітеді. Бәлкім, қайбіреулерге түсініксіз көрінетін оның бұл қарекеті – шын мәнінде кейіпкердің жан дүниесінің тазалығының белгісі. Сөйткен адамды жұмыссыздықтың – заманның илеуін айтсаңшы. Қайық не, табыт не, күнкөрісің болса жетеді емес пе – деп әлдекімнің ащы тілін безегеніне ол ешуақытта төзе алмас.
Тоғанас бұл тәлкекке көнбегенмен, көңілінің терең түкпіріндегі аңсарын бәрібір жеңе алмайды. Теңізін сағынады. Атамекенін аңсайды. Теңіздің бетінде өрлей жүзетін, өз қолымен жасалған мықты қайықтарын іздеп, оны түсінде көреді.
Бір қоғамнан екінші қоғамға өту оңай емес. Кеңестік қоғамның жүйесіне негізделген экономика 90-жылдары үлкен қиыншылыққа душар болды. Ол жеке адамдардың тағдырына күшті әсер етті. Жұмыссыздық, жаңа қоғамдық қатынастарға бейімделе алмау, психологиялық, материалдық кедергілер осы кезеңдегі қазақ қоғамының айналып өте алмас шындығы болатын. Ал, әдебиеттен қоғамның шындығы қалыс қалмауы керек.
Міне, осы желі жазушының «Тоқта, өлесің бе…» повесінде жаңа қырымен тереңдетіледі. Шығармадағы бас кейіпкер Бөрібай маршруттық автобустың жүргізушісі. Алматыға келгелі үшінші жыл. Өзінен гөрі әйелі Гүлжәмила пысық екен. Жаңа ортада барлық билік соның қолына тиген. Үшінші жыл басқалардан қалмаймыз деп жанығып үй салып жатыр. Бөрібай таңның атысы күннің батысына дейін автобус жүргізеді. Қаражат керек, құрылыс тоқтап қалмауы тиіс. Сөйтіп сілікпесі шығып үйге әзер жетеді. Ертеңіне тағы сол. 594-ші «рафигін» от алдырып, айдап кетіп бара жатады.
Алайда, жазушының өзге кейіпкерлері тәрізді Бөрібайдың да ішкі әлемі мазасыз. Үш жыл болыпты шешесін көрмегелі. Үш жыл болыпты туған жеріне аттап аяқ баспағалы. Мына қым-қуыт арпалыс тіршілік бұрын біршама еркін күйде болған оның жанын жаншып бара жатқандай. Оны айтасыз, соңғы кездері әйелімен арасындағы әңгіме де қиыспайтын тәрізді. Қалай емен-жарқын боларсың… Тамағын ішіп, бойы жылыған соң, жантая кетіп қор ете қалуды бүкіл жан-тәні тілеп тұрса. Оның үстіне әйелі де өзгерген: билік тиген әйелді биліктен тайдыру оңай деймісің. Әрі-беріден соң, Бөрібай қойшы дейді өзіне-өзі. Өз үйінің жұмысы, өз тірлігі ғой…
Шығармадағы кейіпкер қалпы осындай. Кейде пенде көңілмен сырттай тон пішесің: қара жерді қопарып күнделікті тірлік үшін өліп-өшіп жұмыс істеп жатқандарда не ой болсын деп. Бөрібай туралы да солай ой түюге болады. Әйтсе де жазушы Қ.Жиенбайдың кейіпкері ойшыл, тебіренгіш. Жан дүниесіндегі астаң-кестеңі шығып жатқан құбылысқа бейтарап қарай алмайды. Адамдықтан алыстап, қапаста тұншығып бара жатқан көңіл бір сілкіністі тілейді. Кісілігін аңсайды. Өзін жоғалтып алудан қорқады.
«Бөрібайдың жүрегі шаншиды. Мына жігіт қандай бақытты! Сөзін қарашы! Ұртын толтырып-толтырып сөйлейді. Әйеліне де мәтіби. Оның келісімінсіз-ақ қонақ шақырады. Ауылды сағындым дейді. Қызық өзі. Оу, ауылды сағынбайтын адам бола ма. Сартап сағыныштың бетіне су бүркетін оңай әдіс – әлгі ауылдасыңды қонақ етіп, барыңды аузына тосып, шер тарқатып, сосын бір төсекте бас түйістіріп ұйықтау. Рақат. Несіне жасырады, өз басы ондай бақыттан әзірге мақұрым. Үш жыл. Үш жыл біраз уақыт. Үш жыл түгілі бір жылдың өзінде де талай өзгерістер болады ауылда. Әлі күнге дейін Бөрібай соның бірін де ести алмай келеді. Қалай, қайтіп естиді? Кепкісінің күнқағарын мемілдете киіп алады да, жан-жағына назар салмай, тек 594-ші маршруттың бағытынан көз алмайды. Дөңгелек шығыр бойымен зыр қағатын цирктегі ақ тиын секілді. Өкпесі өшкенше бір орында тұрып, айнала береді, айнала береді».
Бөрібайдың көңіліндегі түйткіл бұл ғана емес.
«Тірі жүргеніңе тәубе дейсің. Оның өзі де салыстырмалы. Мәселен, мына отырған Бөрібайды тірі адам қатарына қосуға бола ма. Өзіне салса қосқысы жоқ. Өлген, әлдеқашан өліп біткен деуге де шыдамы жетпейді. Соны біреулер айтса екен дейді. Біреулер айтса… әкіреңдеп өре түрегелместен, үн-түнсіз көздерін жыпылықтатып өстіп отыра беруге қайлы. Дүние күйіп кетсе де анасына сәлем беріп қайтатын-ақ жөні еді. Үш жыл. Тірі адам үшін бұл біраз уақыт. Бірақ Бөрібай тірі жүріп соны да істей алмады. Туған жерді сағындым, не сағынбадым деп былжырағанша турасын айтпай ма. Бара алмады. Басқасы басқа, үш жылға дейін туған анасын бір көрмеу деген не сұмдық?! Солай, әлгі брезент плащ астындағы әңгімедей, немесе серіктесінің Бөрібайдың кеудесіне сұқ саусағын қадап тұрып айтқанындай болды да шықты…»
Жазушы Бөрібайдың ауылға бір жағы неге бара алмай жүргенін де оқушысына аңдатады. Баяндамайды, кейіпкерінің көңіл сүзгісінен өткізіп, ішкі қайнауымен жеткізеді. Оның да түп-төркіні қоғамдағы 80-жылдардың соңында басталып, 90-жылдары шырқау биігіне жеткен аласапыранға келіп тіреледі екен. Кеңес өкіметі құлап, елді жұмыссыздық жайлағанда, Бөрібай Бетпақтың сар даласынан темір сынықтарын жинауға шыққан. Күндіз-түні тыным таппады. Табыстың көзіне айналды. Сондай сапардың бірінде серіктесі Тұрсынбайдан айырылып, істі болды. Бір ауылда тел өскен, еш қастығы жоқ, оның орнында Бөрібайдың да өліп қалуы мүмкін еді, қайтерсің ажал Тұрсынбайға тура келді. Аудан орталығына шақыртқан тергеуден Бөрібай зәрезап болады. Ауылда жүру де оңайға тимейді. Арыстай азамат өліп отыр, соңында улап-шулап қатын-балалары қалды. Осындай сүргіннің бірінде Бөрібай тағдыр айдап, бір жағы әйелінің «ақылымен» ойламаған жерден Алматыдан бір-ақ шығады. Оның алдында ғана Бөрібайдың шешесі мен Тұрсынбайдың шешесі Бибатима арада адам өліп, өкініш-ашудан арыла алмай жүргенде, қайта кездесіп, екеуі аңырап бірге қосыла армансыз жылап жоқтап алып, ақырында Бибатима кешірім хатын жазып берген. Бөрібай оны білмейді.
Жазушы повесте осы шетін жайды қиыстырып әдемі өрбітеді. Енді міне, Бөрібай ауылын, анасын өлердей сағынып жүр. Арадағы кешірім хатты білмейді, өзін «іздеуде» деп санайды. Төретамда әскерилердің асханасында, қонақ үйінде жұмыс істеген Гүлжәмила мұнда да ұсынықтылық танытқан. Алғашқыда сеңдей соқтығысып әр есікті бір тоздырып жүрген Бөрібайды ылдым-жылдым жұмысқа да тұрғызады.
Жалпы, Қ.Жиенбай шығармашылығындағы бір сипат – оқиғаның бір арнамен біраз уақытқа дейін қалыпты дамып келе жатып (кейде ол ұзаққа созылып кетеді), күтпеген тұстан бұрқ-сарқ қайнап, асты-үстіне түсіп сала беруі десек, «Тоқта, өлесің бе?» повесінен де осы ерекшелік аңғарылады. Бөрібайдың үй жұмысына адамдар әкелуі, сөйлесе келе олардың да «тартылған теңіз жағалауынан болуы», тіпті ауылда жүрген анасының шаруасын тындырып, адал кемпірдің санап тұрып ақшасын алуы – Бөрібайдың сағыныштан от болып жанған көңіліне одан сайын еселеп май құйған. Бөрібай, әрине, оларға ішкі «жұмбағын» айтқан жоқ, дегенмен оқыс шешімге келген. Келесі күні кешке ананы-мынаны алып, іштей дайындалып, ақтарыла әңгімелесіп, ауылына, анасына деген сағынышын басуды ойлап, үйіне асыға жеткен. Сөйтсе, пысық әйелі оларды қуып жіберіпті.
Бөрібайдың жүрегі қабынып кетті. Жедел от алған машинасын құйғыта жөнелді. «Тоқта, тоқта, өлесің бе?..» деген болар-болмас үн тым алыстан естіледі. Бәлкім, анасының, қарындасының даусы…
Повесть осылай аяқталады. Бөрібайдың жан дүниесін аптап болып күйдірген сағынышы да, ана алдындағы өтелмеген перзенттік парызы да осылай орта жолдан үзіледі. Тағдырдың тәлкегімен Алматыдан бір-ақ шыққанмен, ол бәрібір үлкен қалаға сіңісе де, үйренісе алмады. Ауылдың кеңдігін, кең пейілділігін аңсады. Теңізін, Сырдариясын сағынды. Жалғызсырады.
Ауылдан үлкен қалаға келіп, сіңісе алмай, талай қиындықтарды көріп, түрлі жолға түсіп, адам айтса сенгісіз сұмдықтарға барып жататындар да – несін жасырамыз, ол да қазақ қоғамының шындығы. Желпілдеген қыздарымыздың бет-аузы шімірікпейтін жезөкшеге айналуында әлеуметтік астар жоқ деп ойлап көріңіз. Ана неге баласын тастайды, намыссыздық қайдан шықты? Нарық, ақша-байлық билеген заманда адамдық құндылықтар неге төмендеп барады. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің, халқымыздың жеткен жақсы жетістіктері бар, әрине. Дегенмен ұлт болашағына қауіп-қатер төндіретін кеселді мәселелердің де қоғамда бары рас. Адамның жүрегі қатқылданып, безбүйректеніп бара жатқан уақытта ұлтқа шынайы әдебиет пен классикалық өнер керек. Оған кең жол ашылып, адамдардың жүрегіне ізгілік нұры, сәулесі түсуі қажет деп білеміз.
Қоғам шындығының бір парасы жазушы Қ. Жиенбайдың біз жоғарыда сөз еткен шығармаларына арқау болған. Автор заманның ауыртпалығымен бетпе-бет келген қарапайым жанның тағдырына, ішкі әлеміне үңіледі. Ал ол мейлінше терең, иірімді. 90 жылдар оларды түрлі күйге, сергелдеңге салған. Сонда да жазушының кейіпкерлері адамдық қасиетін жоғалтып алмауға тырысады.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымының докторы, М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ профессоры.
Тараз қаласы.