«ОТЫРАР САЗЫ» ӨМІРГЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?
Кезінде қазақ музыкасының тамаша үлгілерін өңдеп, халық назарына ұсынған «Отырар сазы» оркестрі қазақ өнері көгінде жарқ ете түскен жасындай әсер еткен еді. Домбырадан бастап барлық байырғы аспаптардың үнін қосқан оркестрге алғаш жан бітірген Халық Қаһарманы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Нұрғиса Тілендиев болатын. Әуелі ансамбль ретінде құрылып, кейіннен академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестр дәрежесіне жеткен шығармашылық топтың о бастан басы-қасында жүрген күйші-композитор, дирижер Дүйсебай Шаштайұлымен сырласқанда, корифейлердің басын біріктірген үлкен ұжымның бір кездегі тірлік-тынысын сезініп, бүгінгі жағдайына қанық бола түстік.
Дүйсебай Шаштайұлы,
күйші-композитор,
дирижер
– Отырар сазы» оркестрі алғаш құрылған сәттердің куәгерісіз. Сол кездегі шығармашылық ұжым туралы айтсаңыз?
– «Отырар сазы» ең әуелі 1981 жылы ансамбль ретінде құрылған. Алғаш бұл бастаманы көтерген профессор Болат Сарыбаев болатын. Кейіннен Дінмұхаммед Қонаев Нұрғиса Тілендиевті қабылдап, осы істі қолға алуын тапсырған секілді. Сөйтіп Нұрағаң ансамбльдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болды. Қателеспесем, алғашқы құрамда он жетідей адам едік. 4-5 желтоқсан күндері бірінші концертімізді көпшілік назарына ұсындық. Шығармашылық топта Ермұрат Үсенов, Еділ Құсайынов, Серік Нұртазин, Серік Елемесов, Қамаш Жамалова, марқұм Ағабек Ержанов, Кенжегүл Сыздықова, Жұмат Махамбетов, Нұрғали Нүсіпжанов т.б. өнер көрсетті. Дмитрий Гусенсов жұбайы екеуі сәл кейінірек келіп қосылды. Мен ол кезде студент едім, бір жағынан «Құрманғазы» оркестрінде жұмыс істейтінмін. Шақыртумен «Отырар сазы» ансамбліне келдім. Алғашқы концертте көмекші дирижер Серік Нұртазин болды. Ал 1982 жылы ансамбль оркестр санатына көтеріліп, «Бозінген», «Ақсақ құлан», «Әлқисса» секілді ірі дүниелер дүниеге келді. Біртіндеп құрамымыз елу адамға жетті. Ұжым аянбай-тынбай еңбектене жүріп, нағыз қазақ сазына, халық үніне айналды.
– Сол кездері оркестрдің атағы дүрілдеп тұрды. Өнер ұжымының осылайша тез танылып, ерекше құрмет-қошеметке бөленуінің басты себебі неде деп ойлайсыз?
– Меніңше, оркестрдің қуаты қазақтың небір мықты деген өнер майталмандарының басын біріктіріп, бір арнаға тоғыстыра білген жетекшіге байланысты. Бір жағынан орындаған туындыларымыз да соны, қазақы болатын. Халыққа керегі де осы секілді, бірден ыстық ықыластарына бөледі. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, жұртшылықтың құлақ құрышын қандырдық. Бірде Мәскеуде бір ай бойы гастрольде болғанымыз бар. Қалтамыздағы ақшамыз таусылған. Бір күні таңертең Н.Тілендиев қоңырау шалып: «Маған кел, жиырма бес сом ала кел», – деді. «Онда сіз маған елу сом дайындап қойыңыз», – дедім қалжыңдап. Ұжымдағы бір қыздан қарыз сұрап, шарап алдым. Барсам:
– Кеше сенің ақшаң бітті ғой, – деді салған жерден. Сөйтті де елу сом ұстатты. Біздің үйдегі қарияны жақсы көретін еді.
– Мынаны ал. Үйге құрқол барма. Үлкен кісілерге бір нәрсе аларсың, – деді.
Жазда ауылда әкемнің қасында жатып, ол кісінің домбырасын тыңдап қайтатын әдеті бар болатын.
Кейін домбырасын алып, «Әлқиссаға» жазған жаңа дүниесін шертіп көрсетті. «Қалай?» деді балаша мәз болып. «Мен бүгін осыны жаздым. Соны саған тыңдатайын деп шақырдым». «Жақсы екен» деп жатырмын. Екеуміз екіге дейін отырдық. Алтыда концертіміз. Кешкілік Нұрекең түлеген қырандай болып мінбесінде тұрды. Сол концертке
Н.Назарбаев барып, орнынан тұрып, қол соғып қошемет көрсеткен, ол тұста Орталық Комитеттің хатшысы еді.
– Н.Тілендиевтің ұжымға қамқорлығы, қол астындағылармен қарым-қатынасы қандай болды?
– Ол кісі ұжымдағылардың жағдайына қатты көңіл бөлетін. Оркестрдегілердің көбінің баспаналы болуына көмектесті. Мінезі тік болғанымен, қайтымы тез еді. Бірде ұжымдағы Раушан Мұсаходжаева екеуі сөзге келіп қалды. Раушан да орыс мінезді, интернатта оқыған қыз. «Кетемін» деді салған жерден. «Жаз арыз» деді. Арызын жазып берді. Мен ол тұста оркестрдің кәсіподақ төрағасымын. «Қолыңды қой» деді маған. Сөйтіп өзі алды да үлкен әріптермен «До свидание» деп жазып берді. Ал ертеңіне түк болмағандай жұмысқа жайдары келді. Раушан да ешқайда кеткен жоқ. Мен ол кезде Нұрекеңнің үйінде жатып оқитынмын. Гострольдерге шыққан кезде ұжымын тамақтандырып, жағдайын жасамай тұрып өзі тамақтанбайтын. Әсіресе, оңтүстік өңірдің халқы аса қонақжайлықпен қарсы алатын еді. Сондай бір гастрольдің бірінде Асанбай Асқаров шақырып алып:
– Ал Нұрғиса қарағым, бәрі дұрыс па? Қандай тілегін бар? деп сұрады. Сонда:
– Аға, бәрі тамаша, өңірлеріңіз өркендеп келе жатыр екен. Бірақ мына жерден бір мейрамхана ашыпсыз, соның ішін балалар көрмей кетіп бара жатқаны өкінішті, – деді. Асекең бірден қоңырау шалып:
– Дереу алпыс адамға дастархан жайыңдар, ешнәрседен таршылық болмасын, деп тапсырып жатты. Мейрамханада жақсылап күтіп, ұжымдағы елу адамға тегіс костюм кигізіп, шығарып салды.
Ол тұста өңір-өңірді аралап, гастрольдік сапарды жоспарлау менің міндетім еді. Сонда ұшақтан түскен бойымда ерекше ілтипатпен күтіп алып, жүгіріп жүрген адамдарды көріп «бұлар менің келетінімді қайдан біліп қойды екен» деп таңғалатынмын. Сөйтсем, Нұрағаң мен Алматыдан аттанысыммен баратын жеріме хабарласып, бәрін өзі-ақ реттеп тастайтын көрінеді. Кейіннен тіпті алдын ала ешқайда барудың да қажеті болмай қалды. Өзі телефонмен бар жұмысты тындырып қояды да, ұжымға келіп: «Мына Дүйсебай барлығын дайындап, келісіп келіпті» деп қалжыңдайтын. Юморы өте мықты кісі еді. Дәл айтатын, салған жерден тауып айтатын. Қажет жерінде қауып та айтатын. 1985 жылы оркестр Бүкілодақтық Комсомол сыйлығының лауреаты атанды.
– Н.Тілендиевтің өнердегі қолтаңбасы туралы айтсаңыз. Оркестр репертуарын қалай іріктейтін еді? Ол кісінің мінезі туралы түрлі аңыздар айтылады…
– Ол кісінің мінезі көңілі түскенде көл болғанымен, бір нәрсе ойындағыдай болмай қалса, бұлқан-талқан ашуланатын. Кезінде бокспен де айналысқан. Бірақ ұстазы А.Жұбанов «не музыканы, не боксты таңда» дегеннен кейін, бокстан біржола қол үзіп, өмірін өнерге арнады. Қолы қатты болатын. Қалжыңдап отырып, арқасынан қаққан немесе қойып қалған адамы кәдімгідей ауырсынып қалатын еді. Ал шығарманы жазу мен орындау жағынан Тілендиевке жететін ешкім жоқ деп ойлаймын. Өте талғампаз, терең ойлы тұлға еді. Бірде бала секілді аңқау, аңқылдақ болса, бірде дана, әулие көрінетін. Аңқаулығын көп адам пайдаланып, өз шаруасын тындырып алатын еді. Жұмыс үстелінде қағаз, қарындаш, бәкісі, күл салғышы мен темекісі жататын. Ешқандай аспап болмайтын. Себебі әуеннің бәрі құлағында ойнап тұратын. Тек отырып жаза беретін. Қазақша айтқанда, ондай адамдарды «құймақұлақ» деп атайды (обсолютный слух). Моцарт, Бэтховен, Чайковский, Шостакович секілді композиторларда осындай қабілет болған. Қайталанбайтын тұлға ғой, күйді оркестрге түсіру ерекшелігі өзінше бөлек еді. Мен дәл олай түсірген ешкімді әзірге көрген жоқпын. Кезінде биге қатысқандықтан болса керек саусағындағы бүкіл буындары бүгіліп, икемге келіп тұратын еді. Домбыра ойнаған кезде дыбысты нақышына келтіре шығаруы сондықтан деп ойлаймын. Ол кісінің қырғызша жазған туындысына қырғыз ағайындардың өзі тәнті болып, «қырғыздардың өзі дәл бұлай жаза алмайды» деп мойындайтын.
Желтоқсан оқиғасы бұл кісіге ерекше әсер етті. Қатты қиналып, тұнжырап, тұтығып жүрді. Ал Дінмұхаммед Қонаев дүниеден өткенін естісімен бір орыннан қозғалмай отырып қалды. Басын көтермей қойды. Таңғы сағат тоғызда қоштасу рәсіміне шығуымыз керек еді. Аға әлі отыр, темекісін арт-артынан тартқыштап, күлін күлсалғышқа мыжғылай басады. Жүріңіздің астына алып әрең үйден шығардым. Кеш қалған екенбіз. Тәртіп сақшылары бізді жібермей қойды.
– Ең болмаса мына кісіні жіберіңіздер, мен қала берейін, – десем,
– Біз бұйрықты бұза алмаймыз, ренжімеңіздер, – деп тұрып алды.
Сөйтіп Д.Қонаевты соңғы сапарға шығарып салуға қатыса алмай, үйге қайттық. Келгесін:
– Аға, егер өлсең, ауылға барып жатшы. Әйтпесе қалада жаназаңа келген адамды жібермей әбігерге салады екен, – дедім ашуланып. Ол кісі ұзақ қарап отырды да:
– Мынауың гениальный ой екен, – деді.
Қазір ауылда Жамбыл атасының жанында жатыр ғой, жарықтық.
Ол кісі көп оқитын. Тарихты жақсы білетін. Барған жеріміздің бәрінің тарихын шежіре ғып айтып отыратын.
Н.Тілендиев фильмге ән жазудың да керемет үлгісін көрсетіп кеткен кісі еді ғой.
Бір күні сабақтан келсем, темекісін күл салғышқа тұқырта басқыштап жазу үстелінде отыр екен. Сөйтсем, мультфильмге ән жазу үстінде көрінеді. Мультфильмге ән жазу ең қиын жұмыс. Әрбір нотаң, кейіпкеріңнің қадамына дөп келіп тұруы тиіс. Бір дыбыс артық, я кем болмауы керек. Сол үшін қолына секундомер алып, ұзақ отырып жазатын. Кейін:
– Аға, қалай? Тағы бір-екі мультфильм алып берейін бе, – деп қалжыңдасам.
– Мультфильміңе рахмет керегі жоқ, – деп безілдейтін.
Соңғы туындысы «Қарасайды» керемет жазды. Аяқтап бітіріп, оркестрге түсіріп, Қарасай батырдың тойында ауырып тұрып әрең орындады. Артынша бірден ауруханаға түсті. Содан қайтып оңалған жоқ. Сол тойда ол кісіге көлік сыйлаған. Сонда Нұраға маған: «Артымнан ерген інімсің ғой. Мына көлікті сен мін. Менің саған ағалық сыйлығым болсын», – деген еді. «Көңіліңізге рахмет, аға, аман болсаңыз, әлі талай сыйлығыңызды алам ғой. Бұл көлік өзіңізде қалсын», – дедім мен. Сөйтсем, арғы дүниеге кететінін сезіп жүрген екен ғой. «Құрманғазы» оркестріне «Ант» деген шығарма жазып бастап еді. Өкінішке қарай, аяқталмай қалды. Бұл кісінің аяқталмай қалған туындылары өте көп.
Өзі үнемі айран ішетін еді. Қайтыс боларынан екі күн бұрын ауруханаға барсам, Әкім Тарази бастаған ақын-жазушылармен қалжыңдасып, арқа-жарқа отыр екен. Әкелген айранымды құйып, барлығына ұсындым. Қонақтары кеткен соң. Маған:
– Ей, сволочь, сен не атақ алмадың, не көлікті алмадың, не жер алмадың. Қазір әкімге баршы. Маған хабарлассын деп айтты де, саған ең құрығанда жер алып берейін. Бүгін бармасаң, ертең кеш қаласың, – деді.
Барсам әкім орнында жоқ болып шықты. Қайта ауруханаға келдім. Сонда:
– Мен үш күннен бері нәр татпап едім. Бірақ жаңа сенің айраныңды қалай сіміріп алғанымды білмей қалдым, – деді таңданып.
Ертесі таңертең келсем, жағдайы нашарлап жансақтау бөліміне ауыстырыпты. Ақыры арғы дүниеге кете барды.
– «Отырар сазы» оркестрінің қазіргі жағдайы туралы айтсаңыз. Бүгін неге оркестр бұрынғыдай сұраныс пен қошеметке ие емес? Көпшіліктің талғамы өзгерді ме әлде ұжымның қуаты кеміді ме?
– Нұраға қайтыс болғаннан кейін оркестрдің жағдайы өзге шығармашылық ұжымдар секілді нашарлап кетті, рас. Костюмдері де ескірді. Дұрыс жағдай жасалмай кеткен соң, Елбасына жағдайды айтып, хат жолдадық. Оған жауап ретінде ұжымға көңіл бөлінді. «Сократ менің досым, бірақ шындық одан гөрі жоғары» демекші, Нұрағаңның өмірі туралы түсірген фильмге де, жаңа шыққан кітабына да көңілім толмайды. Фильм желісі ол кісінің шынайы өмірінен мүлдем алшақ жатыр. Қасында еріп жүрген інісі ретінде, сол үйде жүріп оқыған адам ретінде мен ол кітапты да, фильмді де қабылдай алмаймын… Айтатын әңгіме көп, қарындасым.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Айнара АШАН.
ПІКІРЛЕР3