«Сазген сазы» саңлақтары: ұлы музыка өміршең
05.07.2022
1588
0

Ұлттық музыкамызда кейінгіге қалған асыл мұра – ән-күйімізге жетер қазына жоқ. Сол ұлы қазынамызды тірнектеп жинап қайта жаңғыртып, көзінің қарашығындай сақтап, көкірегінде құндақтап,
ХХІ ғасырға оздырып отырған бірегей өнер ұжымы – «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі. Алматы қалалық Мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» мекемесіне қарайтын ансамбль жуырда «Ғасырлар сазы» атты жаңа бағдарламасымен таныстырып, Жамбыл атындағы филар­монияның үлкен залында есептік концертін өткізді. Ұлт өнерін ұлықтап жүрген «Сазген сазы» саңлақтарының бұл кеші баға жетпес мәдени мұрамыздың таңғажайып құдіреті мен өміршеңдігіне тағы бір мәрте бас игізді.

Көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей басшы­лығымен 1981 жылы республикалық қазақ халық аспаптар музейінің жанынан құрылған «Сазген сазы» ансамблі – әуел бастағы мақсат-міндет үдесінде келе жатқан бірегей өнер ұжымы. Көне аспаптарды насихаттайтын ансамбльдің репертуары тұтастай халық әндері мен күйлерінен, белгілі композиторларымыздың шығармаларынан құралған. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Тілегенов, бас дирижері Ықылас Нұрғалиев, музыкалық жетекшісі Марат Жалбыров, Ө.Жәнібековтің қол астында еңбек етіп шыңдалған өнер майталмандары. Аты аңызға айналған тұлғадан тәлім-тәрбие алған, дәстүрлі ән-күйдің қыры мен сырын, бүге-шігесін бес саусағындай білетін ансамбль жетекшілері «Сазген сазын» еліміздегі ең үздік фольклорлық ұжымға айналдырып отыр.
Концерт кешінде ұлттық музыкамыздың айтулы шығармаларымен қатар, көпшілік біле бермейтін таңсық туындылар да орындалды. Көне сарындар заманауи аранжировкамен әрленіп, жиырма музыкант бір кісідей бағзы әуенді сызылта жөнелгенде, зал сілтідей тынып, кең дүниенің өзіндей тылсым, шалқар мұхиттай тұңғиық музыка әлеміне енді де кетті. Ешбір сөзбен жеріне жеткізіп айтып бере алмайтын ілкі әуездің ар жағындағы асыл мән мен терең мағына тыңдарманның жүрегіне толассыз құйыла берді. Бабадан жеткен сырлы саздың ғажайыбын тек асқан орындаушылық шеберлік пен туабітті ұлттық болмысқа ие жандар ғана жеткізе алатыны мәлім. Ансамбльдің көне аспаптарды меңгерген музыканттары бұл жағынан тыңдарманның таңдайын қақтырып, шексіз ілтипатын туғызды. Бұл да ансамбль басшылығы мен мүшелерінің табиғи таланты және ерен еңбекқорлығының арқасы екені сөзсіз. Жалдыбайдың нақышы ерекше «Қара жорға» күйімен ашылған концертте халық әндері мен күйлері, атақты композиторларымыздың үздік туындылары және шетелдік танымал әуендер орындалды.
Әйгілі академик Ахмет Жұбанов «Халық аспаптарының шектерінде ғасырлар бойғы даналық тұнып тұр» деп жазған екен. Халық күйлерінен құралған «Аспаптар шеруі» композициясын «Сазген сазы» ансамблінің жеке паспорты деуге болады. Мұңды қобыз, сыршыл домбыра, нәзік шертер, сазды сыбызғы, жұмбақ үнді жетіген, тағысын-тағы ансамбльдегі бүкіл аспап аңыз күйлерді бірінен соң бірін құйқылжытқанда бейне бір бағзы дәуір тіріліп келіп, дәстүрлі қоғам көз алдыңызға көшіп келгендей көрініс сыйлайды. «Сазген сазының» шашасына шаң жуытпас саңлақ сазгерлері музыка бәйгесінде ешкімге дес бермес дүлдүлдей тыңдарманды тамсантқан үстіне тамсантты. Көне аспапты жаңғыртып жүрген ансамбль мүшелерінің орындаушылық шеберлігі барша жұртты тәнті етті. Даңғырлаған, тасыр-тұсыр жеңіл-желпі әуеннен жалыққан қауым биік асқардан мөлдірей төгілген саф таза бастауға тап болғандай, хас өнерді жоғары бағалап, шынайы пейілмен шексіз ықылас танытты.
Кейінгі жылдары «Сазген сазы» ансамблі танымал халық әндерінің әуенін жеке композиция ретінде, инс­трументалдық нұсқада орындап жүр. Қазақ әндерінің әуезі ғажап қой, бұл шығармалар жетіген, қылқобыз, сазсырнай, сыбызғы сынды көне аспаптардың мүмкіндігін одан әрмен ашып, әннің де, аспаптың да бағын жандырды. Кезінде белгілі композитор Еркеғали Рахмадиев «Құдаша-думан» атты симфониялық күйімен бастап берген бұл үрдісті қазір ансамбльдің музыкалық жетекшілері Ықылас Нұрғалиев пен Марат Жалбыров және жас композитор Бейбіт Ақош жоғары деңгейде жалғастырып жүр. «Бұл, біріншіден, әннің табиғатын толық ашады, екіншіден, біз ұсынған музыкалық интерпретация ән сазына қосымша әр беріп, ауқымды монументалдық шығармаға айналдырады. Мұндай шығармаларымыздың саны қазіргі күнде 20-дан асады» дейді ансамбьдің көркемдік жетекшісі Бағдат Беспайұлы.
Концертте халық әні «Бүлдіргенді» Арайбек Асқар сыбызғымен, Ақан серінің «Балқадиша» әнін Бақжол Ақажан мен Алина Құлсмакова қылқобызбен, Естайдың әні «Құсни-Қорланды» Ләйлә Махшархан сазсырнаймен, Жаяу Мұсаның әні «Ақ сисаны» Айгерім Қожабаева жез қобызбен құйқылжытты. Көне аспап пен саз құдіреті тыңдарман қауымды сал-серілер тағдыры мен өткен заманның сырына бойлатты. Ән сазы ойландырды, тербеді, тебірентті.
«Сазген сазы» ансамблінің сүйемелдеуімен ән салу тек дүлдүл әншілерімізге бұйырған бақыт. Концерт кешінде Айгүл Қосанова, Дәлел Уашев, Жұбаныш Жексенұлы, Тамара Асар, Гүлзат Дәуірбаева, Жеңіс Ержанов сынды белгілі әншілер атақты композиторларымыздың әндерінен шашу шашты. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов басшылық ететін Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының шағын тобы ансам­бль сүйемелдеуімен жаңа туындылардың тұсауын кесті.
Ансамбль репертуарының шыңы – қазақ күйлері. Бұл ретте әйгілі композиторларымыздың үздік туындыларын ансамбльге өңдеп түсіріп жүрген аранжировщиктердің еңбегін атап өту орынды. Концертте Ықылас Нұрғалиев пен Марат Жалбыров оркестрге бейімдеген Құрманғазының, Байжігіттің, Қазанғаптың күйлері орындалғанда зал сілтідей тынып, тыңдарманның мейірі қанды.
«Сазген сазы» ансамблі жоғары кәсіби білімі бар білікті ұжым болғандықтан, ұлттық музыкамен шектелмей, әлемдік классиканы, шетелдік музыканы да орындайды. Қазақтың ұлттық аспаптарының орындаушылық мүмкіншілігі жоғары екенін елімізге ғана емес, әлемге де танытып келеді. Мұның бір айқын дәлелі – «Сазген сазы» ансамблінің репертуарындағы джаз шығармалары. Ансамбльдің джаз музыкасын орындауы 2011 жылы Ақтөбе қаласында өткен конкурстан бастау алады. Осы байқауда топ жарған ұжым сол жылы желтоқсан айында Мәскеуге шақырылып, «Гнесин-джаз» атты халықаралық джаз фестиваліне қатысты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, алуан түрлі аспаппен өнер көрсеткен майталмандар жарысында қазақтың домбырасы мен шертері, жетігені мен сазсырнайы орындаған джаз туындысы шетелдіктерді қайран қалдырып, жүлделі орынға ие болды. Бұл кеште сол фестивальден бері репертуарға енген Н.Римский-Корсаков пен Джек Финаның «Бамбл Буги» туындысы орындалып, ұлттық аспаптардың дыбысы шекараға бағынбайтынын байқатты. Ал Астор Пьяцолланың «Либертанго» шығармасын Абзал Әділханұлы жеке домбырада күмбірлеткенде сүйсінбеген жан қалмады.
Ұлттық музыкамызды ұлықтаған тамаша кеш танымал қазақ әндерінен құралған ән-шашумен тәмамдалды. Текті өнердің әманда бәсі биік, мағынасы терең, құны қымбат. «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің шығармашылық кеші – соның айғағы. Көне дәуірден бері желісі үзілмей келе жатқан, шежіре мен сырға толы рухани мұрамызды биік деңгейде дәріптеп жүрген ансамбльдің өнеріне Алматы халқы шынайы көңілмен қол соғып қошеметтеп, мәңгілік ғұмыр тіледі. Ұлттық өнеріміздің мерейі биіктеп, көсегесі көгере бергей.

Дина ИМАНБАЙ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір