Қазақ өнерінің дарабозы
13.10.2017
1193
0

Талғат ТЕМЕНОВ,
Қазақстанның халық артисі, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі


…Ол кезде мен студентпін. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда театр факультетінде оқитын шағым. Бұл кезде Әшірбек Сығай КСРО халық артисі Хадиша Бөкееваның курсын бітіріп, дәріс беру үшін ұстаздық жолға түскен кездері болатын. Актер бөлімін бітіргенмен, сол кезде ол өндіріп жаза бастаған. Әшірбектің мақалалары бірінен соң бірі көктемгі жайдың оғындай ана жер, мына жерде шыға бастады. Мақалалары құр спектакльдің сюжетімен, артистердің кімді ойнағанын ғана баяндамайды. Тыңғылықты талдау, артистердің мүлт кеткенін емес, мықтылығын, мығымдылығын, режиссердің сүрінгенін емес, орта деңгейлі пьесаларды сүйреп шыққанын тілге тиек етті.

Әшірбек Сығай Людмила Бого­тен­кова, Қажықұмар Қуандықов, Бағыбек Құн­дақбайұлы сынды үлкендердің ізін басты. Сол кездегі зиялы қауым Әшір­бек­ті аса бір ыждахаттылықпен іздеп жү­ріп оқи бастаған. К.Байсейітова кө­ше­сінде бұрынғы Киров көшесінен Ка­линин көшесіне дейін сол кезде бар­лық басылымдар әйнектің астында ілу­лі тұрады. Көшедегі кітапхана қы­зыл бұрыш дерсіз. Бізде де сол, кей-кей­де аспан астындағы газетке тел­мі­ре­міз. Әшекеңді оқитынбыз.
Бұл кезде мен де шимайлап, оны-мұ­ны жаза бастағам.Бір күні Әшекеңді кон­серваторияның ұзын дәлізден ұс­тап алдым.
– Аға, мен осында ІІ курста оқи­мын. Асқар Тоқпановта.
– Иә… Сыртыңнан білем.
– Менің бір жасағандарым бар еді, кө­­ресіз бе?
– Мақала ма?
– Жоқ … Әңгіме сияқты…
– Оны енді, редакцияларға апар­май­сың ба?
– Алдымен сіз оқып көрсеңіз деп едім.
– Асқар ағаңа неге бермедің?…
– Мен енді, актерлікте оқимын ғой, ұнамай қалса, оқудан шығарып жі­берер. Анау Оспанхан ағаны сөйтіпті дейді ғой.
– Иә, ол шалға ұнау оңай емес… – деп, Әшекең күліп жіберді: – Қане…
Мен де сол кезде сары сөмкеден дәп­терге жазғандарымды суыра бергем. Дәлізде адам көп. Бұл үзіліс кезі еді. Әше­кең терезенің алдына келді де көз жү­гірткен. Онша оқығысы келмеген сияқ­ты. Бір кезде аударған бетке қайта үңілді. Сосын, жан-жағына қарады да шатырға көтерілетін баспалдаққа бет­теді. Бұл жер – ұстаздар келмейтін, сту­­­денттердің жасырын темекі тар­та­тын жері. Ана жер, мына жерде бос бө­­телкенің сынықтары, темекінің қал­дықтары дегендей қоқыс шашылып жа­тыр. Бірақ мұнда біреулер әкеп тас­таған, залдан шығарып тастаған ескі орындық бар. Шамасы, Әшекеңе де бұл жер бөтен емес екені көрініп тұр. Көк­тем кезі, далада күн жаңбырлы. Ша­тырдан тырсылдаған жауынның ты­сыры естіледі. Ол аздай кей жерден там­шылар да көрінеді. Әшекең бас алмай оқып отыр.Не дейді екен, не ай­тады екен деп тықыршып тұрмын. Бір кезде ол басын көтерді.
– Әй, мынауың тәп-тәуір дүние ғой, – деді.
– Сен мыналарды газеттерге бер.
– Рақмет, Әш-аға!
Бұл менің Әшірбек Сығаймен ал­ғаш танысуым еді. Біздер кейін жақсы сый­лас аға-дос, іні-дос, сырлас, қыз­мет­тес те болып кеттік. Талай фести­валь­дерде әділқазылар алқасында қа­тар отырдық. Сапарлас болдық.
Бір жолы Әшекең Күләш жеңгей­мен бірге үлкен немересі Ділдә бар, біз­дің үйдегі Гүлбарам, балаларым Ди­дар мен Фараби, бәріміз Алакөлге бар­дық. Театрдағы Рахман – Алакөлдің жі­гіті. Өзі қоярда-қоймай шақырып жүр­ген соң, баруды жөн көрдік…
Беталысымыз – Алакөл. Астымыз­да екі машина. Жол- жөнекей бізді тоқ­сан ел-жұрт. Біз сол жолы Рахман бауы­рымыздың үйінде бір жеті жақсы де­малдық. Әсіресе, анасына қатты ри­за болдық.
Әшекең кейде кешке ән салады. Сөй­тіп, Алакөлдің жағасында бір жеті жат­тық. күндізгі су, күннің ыстығы, жол бар дегендей. Шаршаймыз. Сол күн­дердің бірінде таңертең далаға шық­сам, шамасы, бес жарымның кезі ме екен, алагеуімде Әшекең дөңгелек ала­са столда бірдеңе жазып отыр.
– Әшко, таң атпай не болды!? Ұйық­­тамадыңыз ба? – деймін мен ұй­қым­ды аша алмай.
– Бір журналға мақала беруім ке­рек еді. Жігіттерге уәде бергем, күтіп отыр. Апарып бермесем ұят, – деді.
Әшекең әлгі мақаласын сөйтіп, екі-үш күнде бітіріп шықты. Бұл оның еңбекқорлығы, уәдесіне беріктігі, ең бас­тысы, өзінің шығармашылығына адалдығы еді.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын
Ғ.Мү­сірепов атындағы театрдың Мәс­кеуде гастролі болды. Армен Джи­гер­ханянның театрында өнер көрсетіп қайт­тық. Бірақ алғашқы пресс-кон­ференцияның өтуі Армен Джигер­ханян, Роман Виктюк, Кама Гинкас, Сергей Соловьев, Али Хамраевтардың спек­такль­дерге келуі, Мәскеудегі Әше­кең­нің театр сыншысы доста­рының болуы, театр абыройын көтеріп тас­та­ған. Күнде кешке бас қосамыз. Сон­дай күндердің бірінде маған қонақ­қа келіп отырған кино­режиссер Мурад Алиев, РФ-ның еңбек сіңірген артисі, «Сатирикон» театрының актері Алек­сандр Корженков та болған.
Бір кезде Саша досым ән айта бас­­тады, «Подмосковные ве­че­ра». Баяғы біз­дер сүйіп ай­татын ән. Бірақ Алек­сандрдың әншілігі менің о жақ, бұ жағым. Ал ме­нің әншілігім – үш қой. Бір сәт Әшекең «Ой, көкті» баста­ды десеңші. Бұлбұлдың таңғы сайрауы дерсің. Лирикалық тенор.Қандай дауыс, әуезді саз тек біздің Мәс­кеу­дегі ел­шіліктің қона­қ­-
ү­йін емес, бүкіл Мәс­кеу­ді жаңғыртып тұр­­­­ған­дай. Қасы­мыз­дағы елдің бәрі Әшірбек Сығайдан көз ал­май­ды. Ресейдің еңбек сіңірген ар­тисі аузын ашып қалды.
– Сіз шыныменен сыншысыз ба, әлде, осы театрдың әншісісіз бе? – де­ді.
– Әнші емес, сыншы, – дейміз біз жа­рысып.
– Мәссаған, егер Қазақстандағы сын­шылар мұндай әнші болса, әнші­ле­рің қандай? – деп, олар бас шайқас­қан…
Әшірбек Сығай 45 жыл бойы қазақ театр өнерінің, мәдениетінің, төл әде­биетінің, ұлт руханиятының іздеушісі, жоқ­шысы, сақшысы, сарбазы, дара­бо­зы болды…


Шашылып түскен тіркестер

90 жылдарға тән мінез: торғай үркіткеннің бәрі – саятшы, газет оқығанның бәрі – саясатшы.

***
Өтпелі кезеңге айтылар бір өкпе: арман қуғандарды ақша қуғандар тықсырып барады. Бұрындары өнерпаз өрендерді ауылдан, ел арасынан іздеуші едік, енді базардан іздеуге тура келер. Сауда-саттық пен эстетика ләзаты айранға арақ қосқандай түсініксіз бірдеңе болып шығары даусыз.

Әшірбек Сығай. «Ойын-оспақ, әзіл-сықақ десек те…»


ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір