Сағыныш сөзінің салмағы…
13.10.2017
4580
2

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
ҚР ҰҒА академигі


Әшірбек інімді ойға алған сайын қазақтың осы бір сөзі жүрегімді сыздатады да тұрады. Көп жайды еске салады, әралуан ойға жетелейді. Сонда бұл адамды бөлекше сезіммен қаусырмалап, жүректі аһ ұрғызатындай қандай құдіреті бар сөз? Мұның мәнін өзімше қумалап көріп едім, ұшы-қиырына жеткізбейтін арнаға түсіп алдым да тізгінді тарта алмай қалдым. Өмірдің әралуан сәтінде тағдырдың жазуымен ең қимас адамдарыңнан айырыла бастағанда бұл сөз айрықша әлуеттене түседі екен. Ең алғаш рет әкем дүниеден өткенде мен осындай сезімде болдым. Сағыныш сезімін көпке дейін баса алмай, толғаныс үстінде сенделіп жүрдім. Өмір өз арнасымен жүріп жатты, тірі адам тіршілігін жасайды екен.

Жар таптым, балалы-шағалы бол­дым, тірліктің неше бір тамаша ке­зең­дерінің ләззатын таттым. Сөйтіп жүр­генде отбасылық ғажап өмірдің шы­рағын жарқыратқан асыл жарым өт­ті дүниеден. Әлденеше осындай оқи­ғадан қалған сағыныш сөзінің ауыр салмағынан тағы да көпке дейін еңсем түсіп жүрді. Мұның үстіне ер жетіп есей­ген ұлдарым бірінен соң бірі жа­рық дүниемен қоштасып, олар да кете барды. Болашағынан үміт күтіп аман­дығын Құдайдан тілеп жүрген ұлдан қал­ған жалғыз ұл немерем бар еді, Алла оны да алып тынды. Осының бәрі бір адам көтере алатын салмақ па?! Сонда да сағыныш сөзінің зіл батпан сал­ма­ғын сезгенмен құдіретін әлі де біле ал­май келемін. Алайда бәріне тәуба, шү­кір деймін. Ал сағыныш сезімі то­лас­тар емес. Бұл сөздің құдіреті ша­ма­сы осы толассыздығын да ма дедім.
Өйткені, сенің жарық дүниеде адам бо­лып қалыптасып, қатарға қо­сылуыма еңбегі сіңген қазір ара­мыз­да жоқ асыл ұс­таздарды да сағынады екен­сің. Бірге өс­кен қатар-құрбы, сый­лас қадір арт­тыр­ған замандас­та­рыңды сағынасың. Олардың көбі кел­местің кемесіне мі­ніп алып, қай­рыл­мас сапарға аттанып кет­кен. Осы­лайша қимас жандардан айы­рылған сайын сағыныш сезімі түр­лене, құдіреттене бере ме деймін.
Міне, Әшірбек інім дүниеден өт­ке­лі бері де осы бір сағыныш атты өрт се­зім мені әралуан ойларға жетелеп, тең­селтіп қойды. Ол мені «Көке» деуші еді. Кездескен сайын «көке» деп бас­та­ған сөзінен жаның жадырап, іші-бауы­­рым елжіреп жүре беретін. Адамды ішке тарта сөйлейтін сөзінің емі бардай көрінетін. Мұның көп оқу, көп тоқу арқылы қанға сіңген қасиет екеніне кө­зім жеткендей. Әдетте адаммен адам­ды жақындастыратын да, та­быс­тыратын да кездейсоқ себеп-салдар деп жатамыз ғой. Әшірбек екеуміздің ара­дағы табысуымыз тек аға-інілік ықы­лас қана емес, сонымен бірге қа­зақ­тың құдіретті бір құндылығына құш­тарлықтан болар деп ойлаймын.
Оның өнерге ынтықтығы, әнге, му­зыкаға құмарлығы мені де елтітіп әкет­ті. Ол бойында өнерге тән бір қа­сие­ті бар адамды көрсе, оны сөзге тарт­пай жібермейтін. Оны қалайда сол ар­наға салуға тырысатын. Оның көзі тірі кезінде де өзі ылғи есіне алып жү­ретін, бір кездесу сәтін мен де бүгін қай­талап еске алуды жөн көрдім. Бұл өт­­кен ғасырдың 90 жылдардың аяғы, не 2000 жылдардың басы болса керек, Әметұлы Өмірзақ атты есті ініміздің үйін­де (Шымкентте) басқосу болды. Отырысты Әшірбек жүргізіп отырды. Қа­тысушы жандардың бәрінің жан-дүниесіне кезегімен жол тауып, жұртты баурап алды. Бір мезгілде ол төрде отыр­ған Сәбит Оразбаев (Қазақ­стан­ның халық артисі) екеумізге және жұрт­қа қарап сөз тастады.
«Ау, ағайын! Басымыз әдемі қо­сы­лып қалған екен, құр сөздің шаңын қа­ғып отыра береміз бе? Есте қалар оты­рыстың жөні келіп тұрған секілді. Ор­тамызда Сәбең мен Өмекеңнің отыр­ғанын пайдаланып, екеуіне қолқа са­лалық та. Екеуі де өнерге тікелей қа­тысы бар адам. Бірі термеші, екіншісі ән­ші. Қалай қарайсыздар?». Отыр­ған­дар дуылдап қоя берді. Сәбит те ша_быттанып отырған екен, біраз терме сөздерді төкпелетті. Мен де алабұртып арқам қозып отыр едім, аттың басын біраз жібергендей болдым…
Ертеңіне біз Әшірбек екеуміз пойыз­бен Алматыға бірге қайттық. Ол жол-жөнекей мені «ән кешін өткізейік» деп қолқалаумен болды. Сондағы ай­татыны «Өмеке, Құдай берген дауыс бар, домбыраның құлағында ойнайсыз. Халық әндері мен халық ком­по­зи­тор­ларының әндерін Сіздей нақышына кел­тіріп, дұрыс, дәл айтатын әнші си­рек. Неге ел алдына шықпайсыз?!». «Әшір­бекжан-ау, мақтауды тым асы­рыңқырап жібердің-ау. Менің ән­ші­лі­гім тек әуесқойлық қана ғой, ғылыми із­деністерге біржола беріліп кеткен адам­мын ғой». Ол тіпті тақымдап қоя­тын түрі жоқ. «Сонда, Өмеке, мына ән­дерді, мына дауысты өзіңізбен бірге ана дүниеге ала кетпекпісіз? Құдай өмір берсін, әрине. Дегенмен обал емес пе, бұл дүниелерді елдің өзіне қай­тару керек?», – деп қаттырақ кет­ті.
Оның мына сөзі мені қатты ой­лан­дырды. Әндер мен өлеңдердің әлдиінде жүр­ген жас кездегі достарым Ілия, Ке­рім­бек, Асқарлардың «әндеріңді жаз­дыр» деп күйіне үгіттеген сөздері есіме қай­та түсті. Содан іштей келіскендей бо­лып, Әшірбектің сөзін мақұл көр­дім.
Осыдан кейін де біраз жылдар өтіп кет­ті. Бірақ Әшірбек әлгі әңгімені аяқ­сыз қалдырмай үнемі мені қозғаумен бол­ды. Мұнымен қоймай, Ғалымдар үйі­нің директоры Ғайникен Айдархан­қы­зы Бибатырованы қосып алып, ақы­ры шығармашылық кеш өткізейік деп келістік. Ол ерінбей-жалықпай үй­ге келіп, әндердің көбін тыңдап са­рап­тауға кірісті. Бас-аяғы 50-60 әнді са­рапқа салдық. Оншақты күйді сұ­рып­тадық. Сонда оның әнді түсіну, ұғу сауатына тәнті болдым. Әндегі ырғақ, иірімдерге сай сөз қуаты мен мәнін тал­даудағы талғамына таңданып оты­ра­тынмын. Оның қазақ өнеріне деген құмарлығы шексіз еді.


Орайлы сөз

Иә, Әшірбек, осылай. Өмір деген көшкен бұлттай өтпелі…
…«Сахна саңлақтарын» жазу үшін ондағы әрбір тұлғаның өмір жолы мен шығармашылық жолын, олардың мінез-құлқын, әрбір образды жасау жолындағы ізденіс-толғаныстарын бүге-шігесіне шейін білуге тиіс болдың. Және олар бір ғана театрдың ұжымында емес, әрқайсысы әр жерде – Қазақстанның әр театрында «шашылып» жатты ғой. Сен солардың бәрін өз көзіңмен көрдің. Бәріне де пікір айттың. Кейде ащы, кейде тұщы шығып жатқан ондай өткір пікірлеріңе, құданың құдіреті, ешкім шамданбайтын. Ащы пікіріңе ешкім ашуланбайтын. Өйткені ол пікірді басқа емес, Әшірбек Сығай айтып тұр ғой. Осы күні арамызда жүрген үлкенді-кішілі бір де бір актер сенің назарыңнан тыс қалмапты. Ең бір таңқаларлығы сол – Қазақстанда қанша театр болса, сол театрлардың барлығындағы үлкенді-кішілі актерлардың, режиссерлардың, суретшілердің, ауызға аларлық өнері бар жас талапкерлердің аты-жөндерін жатқа білетін едің. Олардың қай кезде қандай роль ойнағандарын, жеткен жетістіктері мен «әттеген-айларына» шейін есте ұстаушы ең…
…Қазір өткен-кеткенге ой жіберіп қарап отырсам, өз саласын дәл сендей жетік білген Мәдениет саласындағы қайраткер жоқтың қасы екен. Әр актердің, әр режиссердің қабілет-қарымын тап сендей тап басып айта алатын білгір сыншы да болмапты…

Дулат Исабеков,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.


Дауысы бар бола­тын. Әңгіменің ара-арасында қайсыбір әндерді шырқап, таңданып отыра­тын.
Сөйтіп, Ғайнекең мен Әшірбек 2003 жылдың ақпанында Ғалымдар үйін­де «Ө.Айтбайұлының шығар­ма­шылық кеші өтеді» деп бір ай бұрын жар­намалады. Шегінерге жол жоқ. Кеш­ке жұрт көп жиналды. Зал лық тол­ды. Сахна төрінде оң жақ шетіне та­ман креслода Әшірбек отыр. Ол кеш­ті жүргізу міндетін өз мойнына ал­ған. Арғы бергі тарихты қозғап, жұрт­ты тамсандырып отырды.
Оның ерекше бір қасиеті әрбір ән­нің ішкі мазмұн, мағынасын, оның адам жанын тербетер иірім, мақамын, саз­дық болмысын тереңнен қозғап, өз­геше түйсік танытып отыратын. Әшір­бектің әлгіндей түсінік талда­ма­сы­нан кейін оның осы бір жан бал­қытар әңгімесінің арбауына қалай тү­сіп қалғаныңды білмей, жан-дүниең тер­беле бастайды. Атақты әнші бол­ма­сам да, ол өзінің таным түсінігі арқылы, көп әндерді ынта-шынтыммен беріліп айтуыма жол салып отырды. Халық ән­дерін, халық композиторларының жә­не өз замандас композиторлардың қай­сыбір әндерін өзімше игеріп, өзім­ше айтуға тырысатынмын. Әшірбектің құмартып жүргені де мәселенің осы жа­ғы. Ол кештің басынан аяғына дейін ба­рынша шабыттанып отырды.
Кеште аспанда аққумен үн талас­тырған Біржан мен Илья Жақановқа дейінгі аралықта халық қазынасына ай­налған дүниелер жүйе-жүйесімен орын­далды. Мұның бәрі Әшірбектің же­текшілігімен жасалған. Осы әндер­ден қуат алғаным соншама ішкі са­райым­да өзгеше құбылыстар болып жат­қандай күй кештім. Әрбір ән орын­далған сайын Әшірбекке деген ри­за­лығымды іштей айтып қоямын. Ол әншілерге ғана емес, қазақтың ән­дері­не ғашық еді. Мен соны бүкіл жан дү­ниеммен сезіндім. Жасым жетпіске таянған шақта сахнаға көтеріліп, аса күрделі әндерді орындау әрине оңай бо­ла қойған жоқ. Алайда жұрттың ықы­ласы, Әшірбектің сенімі, әсіресе орын­далған әндердің ғажайып қасиеті адамды рухтандырып жібереді екен.
Әшірбектің осы кештің өн бойында айт­қан сөздері, ара-арасындағы күл­дір­гі әңгімелері өнер, өмір туралы тол­­ғаныстары жұрттың жанын жады­ра­тып отырды. Әр алуан әңгіме тиегін ағытып отыруы арқылы мен орындай бас­таған қайсыбір әндердің «Бүр­кіт­бай», «Ақылбай», «Шәмші қамар», Абай, Ақан, Біржан, Естай, Мәди, Ке­нен әндері, т.б. жаңаша әсер таныт­қан­дай еді. Өз басым осынау әндерді қал­дырған ұлы жандардың әруағына та­бына отырып, Әшірбектің өресіне таң­қалумен болдым.
Есімнен шықпас бұл кештің ұйыт­қы­сы Әшірбек інім еді. Алайда, неге еке­нін қайдам, осы кештен соң ауы­рып, қалпақтай ұштым. Шамасы орын­дал­ған әндердің салмағы мен қасиетінен бе, әлде басқадай себебі болды ма біл­медім!..
Ол өзінің терең білімімен қазақтың мә­дениет, қоғам қайраткеріне айналған айтулы тұлға болатын. Қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің қай саласында да көсіліп пікір айта алатын, айтқанда бі­ліп айтатын, тауып айтатын бірен-са­ранның қатарындағы жан еді. Әсі­ре­се қазақтың опера, драма артистерінің Әшір­бек назарына ілікпей қалғаны ша­малы. Бәрі де Әшірбек талғамына тән­ті боп, оның өлшем таразысына түс­кісі келіп тұратын…
Ол қырағы ойларымен өнер ас­па­нында қазір де қалықтап ұшып жүр­ген сияқты…

ПІКІРЛЕР2
Аноним 08.05.2020 | 14:23

Сағыныш сөзі нені білдіреді

Аноним 12.05.2020 | 17:45

Сағыныш деген есім қандай мағынаға ие

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір