«9 грамның» салмағы
22.01.2023
713
0

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында белгілі ақын Бақыт Беделханұлының «9 грамм…» атты интеллектуал поэтикалық драмасын тамашаладық. Бір сағат бұрын қойылым басталмай келсек те зал іші лық толы адам, ине шаншар жер жоқ.

Сахна шымылдығы ашылысымен-ақ пьеса көрерменді өзіне тартты. Саясат және тағдырды білдіретін тор, үлкен-кіші доптарды тізерлеп домалатқан адамдардың әрекеттері біраз дүниені тұспалдайды. Сахна артындағы биіктен түскен қызыл шырақ пен қызыл түтін – адамдардың қилы да қиямет тағдырын елестетті. Бұл көріністерді одан сайын күшейткені – драманың поэтикасы, әрине. Жүректен шықан дүние жүректерге жетті.
Ақиқатында интеллектуал драманың дәстүрлі пьесадан ерекшелігі – онда сюжеттік бұрылыстар негізгі нәрсе емес, негізгі нәрсе – қызу пікірталас, өткір сөзді персонаждар айтысы. Онда идеялар және сенімдер қарсылығы, идеологиялар күресі орын алуы тиіс. Бұл мәселені жақсы түсінген автор мен режиссер дәл осы бағытта мақсатты түрде жемісті іс атқарған.
Әлем өнерінде интеллектуал драманың негізін қалаушы деп әйгілі ирландиялық драматург Бернард Шоуды айтады. Оның: «Интеллектуал пьесалар (оның ішінде менікілер де бар) талқылаудан басталып, іс-әрекетпен аяқталады. Басқалары да талқылаумен іс-әрекет біртұтас». «9 граммда да» іс-әрекетпен талқылау біртұтас, тығыз. Көбінше көріністердегі талқылауларда персонаждармен көрермен қызу сұхбат-талқылау­ға түскендей. Әртістер көрермен сұрақтарына, көрермендер актерлар сұрақтарына жауап алғандай. Бұл жайт – қойылым басында неше мәрте қайталанған, соңы «Неге?» деген сұрақтардан тұратын өлең шумақтардан көрінеді.
Тіпті спектакльдегі персонаждардың кім екендігі анық болмаса да, персонаждар сұхбаттары көп ойландырады, толғандырады. Атамзаманнан келе жатқан қоғамдағы қарама-қарсылықтар, ашкөздік, әділетсіздік, қарапайым халықтың қайғылы тағдыры… Алаш арыстары – Әлихан мен Ахметтерден бастап, Алтынбекке дейінгі оғландар…
Қойылымның кей бір эпизодтарында қазақтың ғана емес, бейбақ өз халқымның да, тіпті әлемдегі әділетсіздіктерге тап болған халықтар тағдырын көргендей болдым. Бұл, әрине интеллектуал драманың және поэзияның ерекшелігі, күші.
Жауыздық, қаскүнемдік… осының бәрін көрермен жүрегіне жеткізуге шамасы жеткен – актерлер шеберлігі. Аудандық кішігірім театрдан болса да рөлдерді жоғары дәрежеде сомдаған әртістерді көріп тәнті болдық. Кәсіби театр сыншысы болмасам да актерлер шеберлігі, ойын көрсетуі, эмоционал-психологиялық іс-әрекет, дауыс ырғақтары керемет болды дер едім.
Актерлер Жанар… «Алтынбектің рөлін» сомдаған жігіттің ойыны жоғары бағаға лайықты. Актерлердің тек сұхбаттары емес, ритм, іс-әрекеттер, жарық-шамдар, музыкалар да автор ой-идеяларына сәйкес таңдалған. Спектакльді көргенде режиссер дүниесіне кіріп кетесің.
Жоғарыда айтылғандай, кәсіби сыншы емеспін. Сонда да драманың кейбір азғантай көңіл толмаған жерлеріне байланысты пікірлеріммен бөлісейін дедім. Пьесаның бастан аяғына дейін сахнада бір-ақ реквизит – тор болды. Тақырыпты байыту, күшейту үшін тағы да басқа реквизиттерді ойластыруға болатын ба еді. Музыкадағы өтулер (переход) кішкене тегістелсе. Актерлердің билері пластика және ритм жағынан реттелсе. Әрине, бұл шын жүрегімнен шыққан өз пікірім.
Жалпы, қойылымнан алған әсерім жақсы! Режиссердің кәсіби шеберлігімен актерлердің ойыны санамда жаңа бояуларының жарқырауына себепші болды. Айтпақшы, театр міндеттерінің бірі – қоғам назарын маңызды тақырыптарға аудару, тәжірибе арқылы көрерменнің рухани дүниесін байыту, ақылды болуына жағдай жасау. Біз әңгіме қозғаған бұл қойылым осы міндетті лайық­ты атқарып ала алды және ұлттық рухтың, ұлттық сананың қырларын көрсете алды. «9 граммның» салмағы көрермендерге үлкен рух сыйлады.

Вильям Молотов,
ақын

Суреттерді түсірген
Мақсат ҚҰСАЙЫНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір