Басады шықтың салмағы…
30.08.2023
587
0

Ислам ҚОСЖАН

Түн. Шықтың келуі

Шартарап теңіз шамалы,
Зер шашақ тегіс жан-жағы.
Қанаты түннің талады,
Басады шықтың салмағы.

Қисыны келген қиыннан,
Бір тәтті және бір ащы.
Қылығы көркем, қиылған,
Тұманға аппақ ұласты?!

Қайралып өткір ептілік,
Суырған қанжар қынынан.
Айналып жүрсе көп күдік…
Құрметі артық, сыйынан.

Шық тұнып жерге тамады,
Моншақтай мөлдір ірі боп.
Қол бұлғап кетіп барады,
Қарайтын түнге бірі жоқ.

Кеудесі бырт-бырт сөгіліп,
Сәулесі сылқым себіліп.
Көңіл ғой тұрған төгіліп,
Өмір ғой тұрған егіліп!

Түнгі шық

Оралсаң, шықтай іздеп бар,
Сағыныш – жанның орамы.
Елестеп көзге түнгі оттар…
Қиялдан асып барады.

Оралсаң, шықтай аңсап бар,
(Арманға толы сол сәттер!..)
Сыңғырлап тұрған моншақтар,
Сәл тиіп кетсе саусақтар.

Жаныңды қояр қозғап бір,
Аспаннан лағыл түскен тік.
Жарылып кете жаздап тұр,
Көзінен түннің піскен шық!

Еріні тиіп етіңе,
Елжіреп тұрған, елжіреп.
Суретің түсіп бетіне,
Мөлдірлік тұнған мөлдіреп!

Жапыраққа жайған бүршігін,
Не деген мынау мықтылық!..
Естисің жүрек дүрсілін,
Кішкентай шықтан тұп-тұнық!

Сезім

Бір сөніп, кейде бір жанып,
Жылылық отын үрлейсің.
Сезімнен жүрсең құр қалып,
Өмірді өзін білмейсің.

Асудан асу асқанбыз,
Жетуге алда белеске.
Жұмаққа қарай басқан із…
Не деген толы күреске?!

Өмірдің жүзген төсінде
Қайықпыз,
Сезім – желкендей.
Айналаң түгел көшірме,
Елесің қалған өртенбей.

Алдамшы болып жеткенің,
Бәрін кеш біліп… ұғасың.
Өмірдің өтіп кеткенін,
Сезіммен сезіп тұрасың…

Суынған дейсің сезім де,
Сезімсіз өмір – өмір ме?!
Жоқ деген күннің өзінде,
Ұшқыны тұрсын көзіңде!

Теңіз бен қыз

Қалқыған Теңіз төрінде,
Туған Ай қандай жайың бар?!
Қол жетпес биік менің де,
Дәл сендей аппақ Айым бар.

Ақ толқын моншақ шашқанда,
Теңізде менің үнім бар.
Жарқырап тұрған аспанда
Күлімкөз менің Күнім бар.

Ах ұрса Теңіз өлеңде,
Аңсаумен өткен шақтарым.
Жұлдыздар сансыз төбемде –
Жолданбай қалған хаттарым.

Шағала – теңіз әншісі,
Жүрекке сенен ән тұнар.
Көзімнің аққан тамшысы
Теңізде кермек бар шығар..!

* * *
Самалы құшқан есіліп,
Мәуелеп ұшқан наз қоңыр.
Сол Теңіз жатыр көсіліп,
Кеудесі толқын,
Саз ғұмыр.

Теңіздің бетте меңіндей,
Шомылған суға Ай керім.
Сұлулық тұрған төгілмей,
Төгіліп кетсе қайтемін?!

Сәулелер билеп сылқым би,
Күн нұры түскен жұмақтан.
Домбыра – Теңіз,
Толқын – күй
Ағылып тұрған шанақтан.

Сезімнің кілтін тапқандай,
Көзімнің ақ пен қарасы.
Тереңі – ойлы қарттардай,
Базарлы жастық – жағасы!

…Жағада шалқып келемін,
Толқында – толқын тасып ой.
Теңіз бе?
Теңіз дегенің –
Күмбірлеп жатқан осы ғой!

Түн еді…

Түн еді,
Бір сырды біледі…
Елестей екеудің реңі,
Жай-жайдан сол түнге сіңеді.
Ту-у аулақта иттер үреді.

Түн еді…
Көрінбес көзге түк,
Қос ғашық кездесіп…
Оңаша үлгірмей тілдесіп,
Жүректер кетіпті үндесіп.

Түн еді…
Ай шамын бұлттарға іледі,
Қуланып, жай ғана күледі.
Түннің де дүрсілдеп жүрегі,
Бір сырды ішіне бүгеді…
Ту-у аулақта иттер үреді.

Пенделік пен
ақындық

Жүректі сыздап,
Мұздаған,
Көргенде емдер гүл өңің.
Пенде боп сені қызғанам,
Ақын боп сені сүйемін.

Мұратқа іздеп жетпеген,
Іштегі у ғой бұл қайғым.
Пенде боп сені жек көрем,
Ақын боп сені қимаймын.

Кеудемде әлсіз жаным жүр,
Езілген суға бордаймын.
Пендеге енді бәрі бір,
Ақын боп мәңгі жырлаймын!

Кертолғау
(күй)

«Кертолғау»
Ықылас

Керіліп тұрып шашылған,
Аққардай аппақ – асыл ән!
Өріліп барып басылған,
Төгіліп тағы тасыған.

Жұмақтың жаңа келгендей,
Ақ үрпек болып қасынан.
Тілеп тұрып –
Тербелмей,
Сену де қиын осыған.

Көйлекте аппақ жағадай,
Ағыстар төмен көсіліп.
Шуылы жатыр тарамай,
Толқындай өрнек есіліп.

Айнала жатыр қопырап,
Жерге бір тимей табаны.
Түс дейді, мейлі,
осы сәт
Жақсы түс болса болады.

Ақ таңдай атқан ағарып,
Айқара ашып есігін.
Жан беріп, сосын жан алып,
Таралып жатса несі мін?!.

Сұлулық көрем осындай,
Бәрін де жіпсіз орады?!
Жылулық деген басылмай,
Жаныңда жанып барады!..

* * *
Білмеген жанға бәрі де жұмбақ.
Тыңдадым таңда сыйқырлы ән.
Тұңғиық терең әріден жырлап,
Оятқан тәтті,
Ұйқымнан.

Күлкінің сөзін түсінбес ешкім,
Жұмбақ шығарсың мүмкін сен.
Мына әлемнің ішінде емеспін,
Бір күлсең.

Мәжнүн қылар тыңдаған жаңды,
Тыңдасам жалғыз шіркін мен.
Көрсетпей сенен ұрлаған әнді,
Ұрлаған әнді
Күлкіңнен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір