«БҮГІН БІЗГЕ САФУАННЫҢ ЕРЛІГІ ЖЕТІСПЕЙДІ»
ХХ ғасырдың 60 жылдары М.Әуезовтің «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» деген сөзінде қаншама тарихи мағына жатыр десеңізші! Бұл сөз поэзияға ғана емес, бүкіл өнер саласы мен әлеуметтік ортаға тән. Өйткені, 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін қазақтар «жылымық», орыстар «Хрущевская оттепель» деп атаған кезең әдебиет пен мәдениет саласына жаңа сілкініс туғызды.
Бұғанға дейін «ұлтшыл, кертартпа байшыл бағыт өкілдерін дәріптеуші» деген айып тағылып, алды түрмеге тоғытылып, арты қуғын-сүргінге ұшыраған М.Әуезовтен бастап, көптеген майталман қаламгерлер елге орала бастады.Міне тура осы кезде жарық көрген Сафуан Шаймерденовтің «Инеш» романы шөліркеген адамның шөлін қандыратын бір жұтым судай болып, жарқ ете түсті, әрі оның есімінде бірден дүр еткізді. Сол тұста М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты атақты сөз зергерлерінің «әдебиетке талантты жазушы келді» деп бір-бірінен сүйінші сұрауы тегін емес. Аласұрған кезеңнің азабынан құтылып, қорқыныш пен үрейлі түнекті жеңе білген, атақ-даңқы жер жарған аузы дуалы арыстарымыздың біреудің жақсы дүниесіне шын пейілімен қуанып, қолдап-қолпаштай білгенінің өзі қандай ғанибет! 1992 жылы Қазақстанның халық жазушысы атағын иемденген, 1988 жылы «Ағалардың алақаны» атты кітабы үшін Мемлекеттік сыйлық алған С.Шаймерденов «жыл келгендей жаңалық» сезінген төрт ағасының сенімін ақтап қана қойған жоқ, талайға шапағаты тиіп, өзі де ағалар ізінен таймай өтті. Бір мақаласында С.Шаймерденов «Ғ.Мүсірепов – ар мен ұяттың өлшеміндей» деп жазған екен. Осы сөз авторға да қатысты.
Көзі қарақты оқырман ғана емес, жалпы қалың көпшілік қолдан-қолға тигізбей, жастана оқыған студенттік өмірден сыр шертетін «Инеш» романы 1950 жылы жазылып, 1953 жылы «Болашаққа жол» деген атпен жарық көрген. Орыс тіліне «Инеш» деген атпен аударылып, кейін өңделіп-жөнделген қазақшасы да «Инеш» деген атпен жарияланды. Бұдан кейінгі уақытта жарық көрген «Мезгіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал», «Жыл құсы» атты повестері мен «Әнім сен едің»,«Дөкей келе жатыр, «Қайдасың, Зәрина?», «Қыр гүлі», «Шайқақ», «Кеш оянған махаббат», «Леп белгісі», «Марғау», «Өкіл әке»,», «Төрт бойдаққа бір қалыңдық», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» пьесалары, үнді жазушысы Р.Тагордың «Күйреу», «Гәуірмақан» романдары, Л.Толстойдың «Альберт» повесі, Беларусь драматургі А.Макаеноктың әңгімелері, «Трибунал», Француз композиторы Эрве мен драматург А.Мильяждың «Түлкі бикеш» комедиясы атты аудармалары мен толып жатқан әңгімелері, «Ағалардың алақаны» атты әңгіме, эссе, хикаяттары Сафуан ағамызды халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөледі.
1950 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетін үздік дипломмен бітірген Сафуан ағамыз Зейнолла Қабдолов, Мырзабек Дүйсенов, Рахманқұл Бердібаев, Мүслім Базарбаев секілді көрнекті ғалымдарымызбен және қазір 90-ды алқымдап отырған Бағдат апамызбен бірге оқыпты. М.Әуезов, Б.Кенжебаев, С.Бәйішов, М.Балақаев, С.Кеңесбаевтардан дәріс тыңдады. Ұстаздары мен курстастары туралы туралы жазғандарының өзі – бөлек әңгіме.
1986 жылы тоқырау кезеңі басталған тұста да С.Шаймерденов өкімет басшысының бетіне тіке қарап тұрып, 48 минут тайсалмай сөйлегенін қазіргі уақытта біреу білсе, біреу білмейді.
Оған Төлен Әбдіковтің мына бір сөзі дәлел: «Сапекең – қазақ әдебиетінің үлкен тұлғаларының бірі. Оның жазушылық, шығармашылық ауқымының кеңдігі, тереңдігі – өз алдына жеке әңгіме. Адамгершілік, азаматтығы – бір төбе. Сапекең бүкіл қазақ жазушыларының ішіндегі ең батыр, пікірін ашық айтатын азаматтық жауапкершілігі өте биік жазушы еді. Кешегі Желтоқсан кімнің кім екенін көрсетіп берді. Жазушылармен кездесуінде Колбиннің бетіне қатты батырып айтқан екі адам болды. Оның бірі Жұбан Молдағалиев болса, екіншісі осы Сафуан Шаймерденов еді. Әрине, Жұбанның сөзі – өз алдына. Өте сезіммен сөйледі. Сапекеңнің де сөйлеген сөзін бәріміз тыңдап отырдық. Ол кісі пышақпен тілгендей қылып айтты. Тіпті, Колбиннің өзіне: «Сіз неге ыржалақтай бересіз?» – деді. Сол кезде біздің жүрегіміз дірілдеп қоя берді. Бәріміз іштей «енді қалай болады?» дедік. Кеңес өкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған кезі. Мен ол кісінің соншалықты ұлтжандылығы мен сауаттылығына қайран қалдым. Жазушылар одағының есеп беру жылдық қорытындысында ақын, жазушылардың еңбектерін қатты сынайтын. Ақиқатын еш бүкпесіз айтатын. Қазіргі қоғамда Сапекеңдей адам ауадай қажет болып тұр. Мұндай ерлік – қазір дефицит. Бізде, рас, ақынымыз жетіп жатуы мүмкін, білімдіміз жетіп жатуы мүмкін. Бірақ бізге бүгін Сафуанның ерлігі жетіспейді».
1986 жылғы «Желтоқсан төңкерісіне» байланысты Жазушылар одағында өткен осы жиналыстан кейін жазушының жары Бағдат апамыздың айтуы бойынша бір жылдай Сафуан ағамызды тиісті органдар қайта-қайта шақырып, әуре-сарсаңға салған көрінеді. Бірақ бұл кезде шылбырынан айрылып, кетеуі кете бастаған кеңес өкіметі М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Қ.Жұмалиев, Е.Исмайлов, Е.Бекмаханов, Қ.Мұхамедханов, А.Жұбанов, Т.Нұртазин, Қ.Бекқожин т.б. сияқты көрнекті тұлғаларды қудалағандай, жойқын әрекетті жасай алмағаны анық. Әйтпесе…
Ф.ғ.д., профессор Құлбек Ергөбек «Сыншыл, сыршыл қаламгер» деген мақаласында:«Солдат шинелін жаңаламай әдебиетке келген Сафуан Шаймерденовтің тырнақалдысы – «Болашаққа жол» романы. Романның қолжазбасын Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров секілді үш бірдей қайраткердің қолына қарандаш алып үңіле оқып, пікір айтуы ойландырады. Алғашқы қадам уәделі жемісімен қуандырған екен. Сол кездік көзбен қарағанда жас саналатын буынға азғантай аға буын жасаған қамқорлықты жәй баяндамай, архивтік дерекпен бекітейік: «… былтырғы жазған хатымда, «Сіз көрсеткен жақсылықты өтей алмаспын» дегенді жазған едім. Өтей алатыныма жұрт талқысына түскеннен кейін көзім жетіп отыр. Горькийдің Короленкоға жазған хаты есіме түсе береді. Сонда Алексей Максимович Л.Н.Толстой туралы айта келіп, «Не сирота я на земле, пока этот человек есть на ней» – депті. Шыным, Сіз жөнінде де осындай пікірім бар» (24 ақпан, 1952 жыл) депті бір хатында жасжазушы Сафуан Шаймерденов. Бала шақта жазылған бұл хат – «Болашаққа жол» романының қолжазбасы қайта-қайта талқылаудан өтіп жүрген балаң Сафуанның ұстазы Сәбит Мұқановқа жолдаған хаты. Аты Сафуандікі болғанымен, заты әдебиетке үйме-жүйме келген сол бір буындікі секілді көріне береді бізге. Бір Сәбит Мұқановқа арналғанымен бұл хат бірегей аға буынға арналған көңіл ыстығындай, ықыласындай сезіле береді бізге» дей келіп, «Сорайған Солтүстіктің қарағайы» атанған, бойын жүз, ру секілді пендешіліктен таза ұстаған, «Бар қазақ менің жалғызым» деп дауылдарға қарсы тұрумен өткен кірпияз жазушының» әңгімелерін талдайды және оның сүйкімді бейнесін көз алдына елестетіп, өзіне жасаған жақсылығын да еске түсіреді.
Сөзіміздің тоқетері ретінде, академик З.Қабдоловтың мына сөзін келтірейік: «Сафуанның ардақ тұтатыны – адам, аспанға көтеретіні – адамгершілік. Мұның өзі шын мәніндегі қалам иесінің күллі қасиетінің синтезі секілді абзал гуманистігі екендігі сөзсіз… Ол қазақ прозасының құнарлы топырағына нық, нығыз қағылған қазықтарының бірі».
2013 жылы «Ан-арыс» баспасынан жазушының бес томдық жинағы жарық көрген екен. Бағдат апаның айтуы бойынша 10-томға толық сиятын қолжазбасы бар көрінеді. Бес томды парақтағанда, жұртқа белгілі кейбір туындыларының расында жинаққа енбей қалғанын байқауға болады.Бағдат апайдың көзі тірісінде жазушы шығармаларын түгендеп, толық жинағын шығару өткенге ізет, бүгінге құрмет болар еді.
Тарихи дамудың сан түрлі жолдарынан өтіп, жанрлық жағынан да, тақырыптың ауқымы тұрғысынан да кең қанат жайған бүгінгі ұлттық әдебиетіміздің өткеніне көз жіберсек, көркемдік үрдістің әр түрлі қоғамдық өзгерістерге сай даму ерекшелігінбайқаймыз. «Қызыл тілім кісендеулі» деп Мағжан ақын айтқандай, кеңес өкіметі тұсындағы ресми идеологияның жетегінде кетіп,жалаң үгітшісіне айналмай,құрсаулы тығырықтан жол тауып, шығармашылық тұғырнамасын қалыптастыра білген Сафуан Шаймерденов тұлғасы көркемдік-эстетикалық тұрпатқа мол тәрбиелік-тағлымдық дүниетанымның айнасы деуге лайық.
Руда ЗАЙКЕНОВА,
Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогика университетінің профессоры, филология ғылымының докторы.