«ҚАЗІРГІ ЖАСТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ЖЕТІСПЕЙДІ»
27.06.2022
598
0

Қыран құс уақыты келгенде балапанын зау биіктен төменге құлатады екен. Қанатын жазып ұшып кете алғандардың ғана ғұмыры жалғасты болмақ. Әдебиетке құлаш ұрған жас-ақын жазушылар да осындай бір кезеңнен өтеді. Аға буынның бірі жақсы лебізін арнайды, кейбірі сын айтады, бірақ бәрінің ойы – «болсын» деген тілек. Осы «тілек» қаламгердің тұтас шығармашылығына әсер етуі де мүмкін.
Әдебиетке алғаш қадам басқанда бүгінгі аға буынға айналған ақын-жазушылар алдыңғы толқыннан қандай жылы сөз естіді? Олардың өздері қазіргі жастардың шығармашылығына қалай қарайды? Біз сүйелсаусақ сақа қаламгерлерден осы жайында сұраған едік.

Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ:
«ӘДЕБИЕТКЕ ҚЫЗМЕТ – ШЕКСІЗДІККЕ ЖАЛҒАНҒАН»
Мен әуелі өлең жазып бастаған­мын. Ол кезде мектеп оқушысы едім. Өз қатарластарыма қарадым ба, әлде дүниені, қоршаған ортаны қабылдауым және оны қорытып жазуым поэзияға қарағанда прозаға жақынырақ екенін түсіндім бе, нақты ненің әсер еткенін қазір тап басып айту қиын, әйтеуір кейінірек қара сөзге бет бұрдым. Бір қызығы, «Тұрысбек Сәукетаев деген жазушы бар екен-ау, шығармаларының кемшілігі мынадай, артықшылығы осы» деген секілді сынды қалам­гер­лер де, әдебиеттанушылар да айт­па­ған екен. Қазір де бірлі-жа­рым­ды жазбалар болмаса, менің шы­ғар­машылығым жөнінде талдау-сын мақалалар жоқтың қасы. Бұл тұрғыдан алғанда, қазіргі жас ақын-жазушылар бізден гөрі бақыттырақ десем, қателеспеспін. Неге? Өйткені бүгінгінің қаламгерлері үшін даңғыл жол ашылған: әдеби басылымдар мен порталдар жеткілікті, жазарманға туындысын қайда жариялаймын десе де, біздің жас кезіміздегідей айлап, жылдап күтудің қажеті шамалы. Әрине, кез келген дүниеге бір жақты баға беруге болмайды. Жоғарыда мен артықшылық деп атаған жағдайдың кері әсері де байқалады. Ол – асығыстық.
Әдебиет – қасиет, сол қасиетке көлеңке түсіріп алудан қорқу керек. Жазу үстеліне отырмас бұрын сол қасиеттің кепиетін де ойлаған жөн. Демек, жазушы қолына қалам емес, құран ұстап отырғанын ұмытпаса екен деймін. Мысалы, жеке басым әр шығармамды жазарда тұла бойым тітіркеніп, келесі жазатын сөздерді, тіркестерді, сөйлемдерді дұрыс, орын-орнымен жаза алмай қалмас па екенмін деп қорқып отырамын. Бұл менің мықтылығымнан емес, қолымдағы «құранның» жанды құрсар қасиетінен. Ең өкініштісі, жастардың шығармаларынан (бәрінен емес, әрине) «толдым, болдым» деген кеуде­м­соқтық байқалады. Әдебиетке қызмет – шексіздікке жалғанған, ендеше «мен қызмет еттім, әдебиет енді маған қызмет етсін» деуге мүлдем болмайды. Қалам – мансаптық өсудің баспалдағы емес, ол – шыңырауға тасталған қауға: демек, суға табаны тигенше тереңге шөге беруге тиіс. Жұмекен айтпақшы, «бос шелектің дауысы-ай даңғырағанның» кері келіп жүрмесін.
Ал өз шығармашылығыма қа­тыс­ты мақтау да, даттау да жазыл­маған­дық­тан, өзіме өзімнен басқаның әсе­рі болған жоқ деп сенімді түрде айта аламын.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКұлы:
«ТАЛАБЫМДЫ ҰШТАҒАН ТӘКЕН ӘЛІМҚҰЛОВТЫҢ СӨЗІ ЕДІ»
Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде мектеп директоры Әбдіразақ Мәмиев деген кісі болды. Сол ағайым мынаны оқышы деп қолыма жұқалтаң кітапты ұстатты. Бердібек Соқпақбаевтың кітабы екен. Әдебиетке құштарлығым содан басталған. Бір сыныпта жеті ақын-жазушы оқыдық, олардың көбі қазір елге белгілі қаламгерлер (Жұмабай Шаштайұлы, Молдахан Мұқатаев, т.б.). Бәріміз таласа-тармаса кітап парақтап, жарыса өлең жаздық. «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газетін үзбей оқитынбыз. Әсіресе, Жұбан Молдағалиев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Күләш Ахметова сынды ақындар бізге көп әсер етті. Кейінірек ауылымызға Қанипа Бұғыбаева көшіп келді. Оның да жырларымен сусындап өстік. Біз ғана емес, біз қатарлы ақын-жазушылардың бәрі аты аталған кісілерді өзіне ұстаз тұтты деп ойлаймын.
Ол кездегі жас қаламгерлерге жақсы көңіл бөлінетін. Мәселен, Оралхан Бөкей «АҚ ҚҰС» деген ауыл қаламгерлерінің ұйымдасқан бірлестігін ашты. Онда бізді ауылдан алдыртып, шығармаларымызды бір-бірімізге, үлкен жазушыларға оқытып, әдебиеттанушыларға талдататын. Оның өзі бір мектеп-тұғын. Проза секциясына Тәкен Әлімқұлов пен Оралхан Бөкей қарады. Тәкен Әлімқұлов жиырма шақты жас жазушының әңгімелерін алып кетті. Ертесіне аудиторияға кірер-кірместен:
– Қапалбеков деген қайсысың? – деп сұрады. Орнымнан тұрдым. – Жиын біткен соң менімен бірге жүрерсің.
Шыққаннан кейін соң маған: «Сен жазушы болады екенсің, – деді. – Жиырма шақты жас жазушының әңгімесін оқыдым, ішінен сенің «Көңіл» деген әңгімең ерекше ұнады. Жұлдызың жансын!». Міне, Тәкен ағаның осы бір ауыз сөзі талабымды ұштады.
Тәкен Әлімқұлов бірде маған мынадай әңгіме айтып берді:
«Мен жақсылардың қанатында өстім. Мүмкін ақын да, жазушы да бола алмай қалар ма едім… Жас кезімде бір роман жазғым келді. Идеясы да, романның жалпы сұлбасы да ойымда жүр, толғағы пісіп жазуға сұранып-ақ тұрды. Содан Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Сәбит Мұқановқа кірдім.
– Аға, мен роман жазғым келеді, – дедім амандық-саулық сұрасқаннан кейін. Ойлы көзін қадап, қарап тұрды да:
– Дайынсың ба? – деп сұрады.
– Тас түйін дайынмын. Идеясы да, сұлбасы да ойымда тұр.
Содан соң әңгімеге келмей Балтық теңізі бойына жолдама беріп, алты айға жіберді. Бірақ мен сол жарты жылда романды аяқтай алмадым. Телеграмма арқылы жағдайымды айтып хат жаздым. Алматыға шақырды. Келдім. «Романды аяқтауыңа қанша қалды?», – деді алдына барғанымда. Үш ай жобасында аяқтайтынымды айттым.
– Не туралы жазып жатырсың? Тақырыбы қандай?
– «Ақбоз ат».
– Жазып кел. Сенің қуатың бар, жазатыныңа сенемін! – Мұқанов тағы да артық ауыз сөз айтпай, Қара теңізге үш айға жолдама берді. Романымның соңғы нүктесін қойып, қайта келгенімде қолжазбаны Сәбеңе бердім. Ол арқамнан қағып, еркелетіп:
– Қолжазбаңды қазір қыздарға бастырамын. Жақсы болса, кітап қылып шығарып беремін, – деді».
Міне, Жазушылар Одағының төрағасы жас қаламгерге осындай қамқорлық көрсетіп, кітабын шығарып берген екен. Меніңше, қазіргі жастарға осы жетіспейді. Ал олардың жазған-сызғандарын оқып, әр салалы ізденістеріне сүйсініп, кейде жетпей қалған жерлерінде күйініп те отыратын біз секілді аға буын тек тілекшіміз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір