«Тіл тұмауы» деген не?
06.10.2017
2069
0

Төрегелді Тұяқбай,
филолог, саясат ғылымының кандидаты,
ҚР Парламенті Мәжілісі Аппара­тының Редакциялау және аударма бөлімі меңгерушісінің орынбасары


Парламент Мәжілісінде мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы парламенттік тыңдаудың ашылуында сөйлеген сөзінде Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин бұл аса маңызды істің бастауында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғанын атап өтіп, «қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші – латын жазуына көшу» екенін қаперімізге салды. Сондай-ақ «жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әрбір таңбаны, әрбір белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі, тіл мәселесінде, жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек» деп шегелеп тұрып айтқан болатын Нұрлан Зайроллаұлы.

Қазақ әліпбиінің латыншаға көшуі туралы мәселе қозғалғалы бері күндіз-түні көкейден кетпей жүрген бір қыжыл бар, ол – тіл мә­де­ниеті, «тіл экологиясы», «тіл тұмауы» пробле­ма­лары. Парламенттік тыңдау кезінде ұсыныл­ған жаңа әліпби нұсқасынан анық түйсініп, сезгеніміз: қазақ тіліне де «тіл тұмауы» қатері төніп келеді.
Жаңа әліпби нұсқасын әзірлеудегі ең бас­ты қателік: жобадан ешқандай да тұжырымда­малық сипат байқалмайды. Сол себептен оның мақсаты да айқын емес. Әліпби халық үшін емес, ғалымдарға, оның өзінде де лин­гвист ғалымдарға арналып жасалғандай әсер қалдырады. Әзірлеуші жұмыс тобы жобаны ғылыми-теориялық жағынан негіздейміз деп отырып, мәселенің практикалық-праг­ма­ти­калық жағын ұмытып кеткендей. Осы жобада қазақ тілінің фонетикалық заңдылығының, яғни үндестік заңының сақталмауы – ана тіліміздің тамырына балта шабумен, «тіл тұмауын» өршіте түсумен бірдей.
Жобаны әзірлеушілер: «Латын графика­сына негізделген жаңа қазақ әліпбиін жасауда «бір әріп – бір дыбыс, бір әріп – екі дыбыс және бір дыбыс – диграф жүйесі» принципі не­гізге алынды» дейді. Осы «принципті» (мейлі, кім ойлап тапса да) он қайтара оқысақ та, ештеңе түсіне алмадық. Бірін бірі жоққа шығарып тұрған кереғар ұғымдарды «принцип» деудің өзі қисынға келе қояр ма екен? Қалай де­сек те, елдің басын қатырып, халықты ша­тас­тырмау үшін жаңа әліпбиімізге «бір әріп – бір дыбыс» принципі негіз етіп алынғаны дұрыс.
Қазақ тілі – балықтың тілі емес, халықтың тілі. Балық үнсіз болса да, халық үнсіз қала ал­майды. Сол себептен жаңа әліпби жобасы­ның жер-жерде қызу талқыға түсіп жатқаны құптарлық жайт. Кез келген тілді оқып-үйрену үшін негізінен дыбыстық және бейнелік (ау­дио-визуальды) материалдар деп аталатын екі түрлі көмекші құралға сүйенеміз. Бұл екеуі біртұтас, бір-бірінен ажырағысыз дүние бол­мақ керек. Ал ұсынылған жобада тіліміздің жазу көрнекілігі бар да, айтылу, дыбысталу өрнегі жоқ. Көрнегіне өрнегі жетпей жатыр. Толыққанды емес. Мұны әзірлеушілердің өзі де: «Жаңа жазу нұсқасын қабылдау, әлбетте, бір таңбаларды екінші таңбалармен ғана ауыстыру емес, ол – бұрынғы әліпбилерде жіберілген емлеге қатысты жаңсақ жазуды дұрыстау» деп мойындап отырғандай. Жартыкеш жоба – әлсіз әліпби! Әлсіз әліпби – халсіз халық-дүр! Халқымыздың халі на­шар­ламасын, тіліне «тұмау» тимесін! Олқылықтың орнын одан әрі ойсыратпай, кемшіліктерін келелі кеңеске салайық, ағайын!
Енді негізгі мәселемізге көшер болсақ, «тіл тұмауы» деген құбылыс – әлем тілдері алдында туындап отырған жаһандық проблема. Осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын Мәскеуде жа­рық көрген «Түркі тілдері» атты ұжымдық монографияда сол кездегі түркі тілдері ішінде 39 «тірі» тіл және 15 «өлі» тіл бар екендігі атап көрсетілген. Сол кездің өзінде долған, ку­ман­дин, тофалар, тубалар, тува-тожын, челқан, чулым, шор тілдері тәрізді он шақты тілге жоғалып кету қаупі төніп тұрғандығы айтылған болатын. Осы аталған тілдердің қазіргі тағ­дыры әлем халқының алаңдаушылығын ту­ғызу­ға тиіс. Адами қасиет, гуманизм бізге осындай азаматтық парыз жүктейді.
Тарихта «тірі тілдердің» «өлі тілге» айналуы немесе «өшуі», жоғалуы процесін зерттеп, зерделеп қарасақ, бұл құбылысқа негізінен екі фактор: сыртқы және ішкі факторлар себепші болатыны айқындалған. Сыртқы факторға соғыс, отарлау, ақпараттық интервенция, оқшаулау саясаты жатқызылса, ішкі факторға әртүрлі объективті және субъективті ахуалдар әсер ететіні айдан анық. Қазіргі жаһандану дәуірінде әлемдегі бір де бір мемлекет өз бетінше, оқшау түрде «тіл тұмауына» қарсы тұра алмайды.
Осы орайда «тіл тұмауы» деген сөздердің қайдан шыққаны және оның мағынасы ту­ралы түсіндіре кетейік. Алдымен, қазақ тілінің орфографиясы (жазылуы) мен орфоэпиясына (айтылуына немесе дыбысталуына) қатысты проблеманың кирилл әліпбиінде де болғанын айтуымыз керек. Әйтсе де «бір дыбыс – бір әріп» қағидатымен жасалған кирилде сөздің жазылуы мен айтылуы арасындағы алшақтық аса байқала қойған жоқ, өйткені, халықтың сауаттылығы негізінен оның қатесіз, дұрыс жаза білуімен өлшеніп, ал, ауызша сөйлеу мә­дениетіне аса мән берілмеді. Сөз қалай жазылса, солай оқылуы керек, деген пікір қалыптасты. Қысқасы, халықтың тіл мәдениеті кейінге ысырылды. Соның салдарынан «Ботакөз» деп жазғанды «Ботагөз» деп дұрыс айта алмайтын, керісінше, «әңгіме» дегенді «әнгіме» деп бұзып айтатын дәрежеге жеттік. Соңғы мысалдағыдай, екі қазақ сөйлесіп тұрғанда «ң» әрпіне тілі келмейтіндерді «е, мынау байғұсқа тұмау тиген екен ғой» деп мүсіркеп, әрі қарай «әнгімелесе» беретінді шығардық. Мәселенің ушыққаны сонша, СМС арқылы бір-бірімізге «нестеватсындар» дейтін болдық, сот шешімімен «қазақша ет»-тен айрылып, «бешбармак» жейтін болдық. Осы мысалдардан-ақ «тіл тұмауы» деген қол­даныстың төркіні түсінікті болды-ау деймін.
Жаңа әліпби нұсқасын әзірлеушілер «диграфтарды қолдану арқылы біз сол дыбыстың төл табиғатын сақтаймыз» дейді. Өкінішке қарай, бәрі керісінше болып тұр: әже (3) – aezhe (5), Әбіш (4) – Aebish (6), өң (2) – oeng (4), өңеш (4) – oengesh (7), үш (2) – uesh (4), үңгі (4) – uenggi (6), дөң (3) – doeng (5), мәңгі (5) – maenggi (7), өш (2) – oesh (4), шөл (3) – shoel (5), жең (3) – zheng (5), жөн (3) – zhoen (5) деген мысалдардан-ақ диграфтардың қазақ тілінің төл табиғатына мүлдем жат, сөз сазын сақтамақ түгілі, керісінше, оның санын да (жақша ішіндегі цифр әріп санын білдіреді), сынын да бұзып тұрғанына анық көз жеткізуге болады. Әсіресе, қазақ тілінің жалғамалы тілдер тобына жататынын ескерсек, түбір сөздерге жалғана­тын, кімнің? ненің? деген сұрақтарға жауап бе­ретін ілік септігі жалғауларының халі мүш­кіл болмақ. Қазақ тіліндегі «ң» дыбысын ғана емес, оған қоса 9 дыбысты да табиғи қалпында сақтай алмасақ, болашақта мұқым қазаққа «тіл тұмауы» жұғып, маңқа қазақ, гайморит қазақ атану қатері төніп келеді. Егер көзі тірі болғанда Әбіш Кекілбаев ағамыз өз есімін бұлайша жазумен келісер ме еді? Әрине, жоқ! Мұндай жөнсіздікті табанда тоқтатар еді!
Жобада ұсынылып отырған жалпы саны 33 әліпби таңбасының (шындығына келгенде – 41 таңба!) 17-сі даулы, оларды қайта қарау қажет. Оның үстіне қазақ тілінде 33 емес, 29 ғана төл дыбысымыз бар, яғни жаңа әліпбидегі әріптер саны «бір дыбысқа – бір әріп» принципі бойынша 29-дан, әрі кетсе 30-дан аспауға тиіс.
Қазақ тіліне «тіл тұмауы» қатерінен құтылудың орайлы сәті енді туды. Бұл мәселе қазаққа ғана емес, әлем халықтарына ортақ проблема болғандықтан, оның тиімді шешімін табу үшін баршамызға түсінікті түрде тіл мәдениеті немесе тіл экологиясы деп аталатын мемлекеттік бағдарламалар қажет. Әлемнің біраз елдерінде тіл мәселесі тиісті шешімін тапқан деуге болады. Әйтсе де өз тілінде мүлдем проблемасы жоқ халықты кездестіру қиын, өйткені, әрбір тіл уақыт талабымен өркендейді, түлейді, жасарады, жаңғырады, өседі немесе өшеді. Өшуден құдай сақтасын, алайда әлемде мемлекеттік тілін, яки өзінің ана тілін ғана құрметтеп, өзге тілді мансұқ­тайтын, «өшіруге» тырысатын мемлекеттер де кездеседі. Бұл мәселеде біздің еліміз өзге мемлекеттерге үлгі боларлық бағыт ұстанып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы елімізде тұрып жатқан мыңдаған әртүрлі ұлт өкілдері өздерінің ана тілі мен мәдениетін өркендетуде мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға, қорғауға ие болып отыр. Басқа бір де бір мемлекетте өзге тілдерге деген мұндай қамқорлықтың жоқ екенін еліміздің азаматтары зор мақтанышпен айта алады. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесін Елбасымыздың 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сес­сия­сында қозғағаны да баршамыздың есімізде.
Біз әліпби жасауда «бір дыбыс – бір таңба, әр таңба – мән-мағына» қағидатын ұстандық. Назарларыңызға ұсынылып отырған 30 әріптен тұратын латынша қазақ әліпбиі жоба­сының жазылуы мен айтылуы мынадай:

Кестеден көріп отырғандарыңыздай, 26 әріптен тұратын ағылшын тілі әліпбиінің әлеуетін сарқа пайдаландық. Қазақ тіліндегі 3 дауысты дыбысқа ғана үнше (дыбыс айыру) белгісін (қос ноқат) қолданып, Әә –Ää, Өө – Öö, Ұұ – Üü дыбыстарын таңбаладық. Ал, диакритика жүйесіне(үнше, қос ноқат) қарсы болсақ, онда ноқат қолданылатын ағылшын тіліндегіIi (ай), Jj (джи) әріптерін, неміс тіліндегі Ä, Öö, Üü әріптерін қайда қоямыз? Тіпті, төбесінде ноқаты бар әріптер еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің тілінде де кезде­сетінін ұмытпауымыз керек.
Осы орайда елімізде дәйекті тіл саясатын жүргізіп отырған Елбасымыз, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы
Н.Ә. Назарбаевқа нақты ұсыныс-тілек айтқым келеді. Латын әліпбиіне көшу мемлекетіміздің атауынан бастап, Қазақстанда жасалатын, шығарылатын барлық материалдық, рухани игіліктерімізді толық қамтитындықтан, олардың халықаралық стандартқа сәйкес QZ (немесе QAZ) дейтін код-таңбамен белгіленетіні сөзсіз. Мысалы, төл теңгеміздің – QZT (немесе QAZT) таңбаларымен, көлік­теріміздің QZ (немесе QAZ) деген сериялармен белгіленетіні сияқты халықаралық ЮНИКОД ұйымында QZE (немесе QAZE) дейтін код-таңбаны да қоса тіркетуге өтінім бергізуіңізді сұраймын. QZE (немесе QAZE) – «қазақ экологиясы» дегенді, яғни «қазақ тілінің тазалығы», «Қазақстанда жасалған экология­лық таза, жоғары сапалы өнім» деген ұғымды білдіреді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы­мен ұштастыра, 3D форматында жүзеге асырылатын бұл халықаралық жоба таяу бола­шақ­та біздің ұлттық брендімізге айналатынына кәміл сенемін.
Шетелдік инвесторлар қазақтың жер бай­лы­ғына көз салады да, тіл байлығына неліктен қызықпайды? Герольд Бельгер бір сұхбатында Тіл білімі институтының қорында 1937 жылдан бері 2 миллион 400 мың қазақ сөзінің жиналып қалғанын, ағылшын тілінің сөздігі 240 мың сөзден ғана тұратынын айтқан еді. Өзгенікін он орап алатын не деген байлық! Осы тіл байлығымыздың өзін танытып, көрсете алсақ, қанеки! Шетелдіктер халқы­мыз­дың ділі қаншалықты қатты болса, тілі соншалықты тәтті екенін түйсінуге тиісті! Ті­лім тұнсын тұмадан, ділім тұрсын дін аман!
Біздің қазақ «әйтишілері» (IT) бүгінгі таңда қазақ тілінің бар байлығын, ішкі қарым-қуатын, зор мүмкіндіктерін IT-технологиясы бойынша толық пайдалана алмай отыр. Атап айтқанда, қазақ тіліндегі кез-келген мәтін орфографиялық-(орфоэпиялық)-дыбысталу (аудио)-ағылшын тіліндегі аудармасы (баламасы) бағдарламасымен бір мезгілде қамтылуы қажет. Мысалы, мәтінде bigyn деген сөз кездессе, міндетті түрде оның асты қызылмен сызылып тұруы қажет. Бұл осы сөздің (орфографиялық) қате жазылғанын білдіреді. Осы сөзді ерекшелеп (оқшаулап), дұрысын іздестіру түймешесін басқанымызда онымен қатарласа мынадай сөздер шығуға тиіс: bygin (bygyn) – today. Мұндағы бірінші сөз – оның орфографиялық қатесіз, дұрыс жазылуы болса, екінші (жақша ішіндегі) сөз – оның дұрыс (орфоэпиялық) айтылуы болмақ, ал, үшінші сөз – осы сөздің ағылшын тіліндегі аудармасы (баламасы) болып табылады. Егер қазақ тілін біздің ұлттық кодымыз десек, «тіл тұмауына» қарсы QZE (немесе QAZE) деп аталатын қазақ бағдарламасы ұлттық брендімізге айналатыны сөзсіз. Осы «тіл тұмауы» бағдарламасы арқылы біздің «әйтишілеріміз» IT-технологиясы бойынша әлемдік нарыққа (компьютерлік вирусқа қарсы Касперский бағдарламасы тәрізді) кіре алады. Ең алдымен, әлбетте, тиісті мемлекеттердің ғалымдарымен бірлесіп, түркі тілдерінің ортақ әліпбиін жасауға кірісеміз. Бұйырса, алдағы уақытта бұл QZE (немесе QAZE) бағдарламасы туралы өз алдына бөлек, кеңірек түрде баяндап беретін боламыз.
Жаңа әліпбиімізге аушадияр ретінде бізден де бір нұсқа. Абыз ақсақалымыздың аруағы кешірсін, Абай атамыздың әйгілі әнімен әуелетіп көрелік.
Jel- siztyn- de ja- rwq ah
Säu- le- sisu- da di- ril- dep.
Au- wl- dwηja- nwte- reηsah
Ta- sw- fan ö- zengy- ril- dep.
Енді «Желсіз түнде жарық ай» әнімен «Айәлбишу дәу ел ғой» дейтін жаңа әліпби нұсқасын айтып көрелік. Шәкәрім қажы айтпақшы, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек!»

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір