Сыршыл ақынның жырға толы кеші
Үстіміздегі жылдың 29 қыркүйегінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, экономика ғылымының докторы, Қазақстан және Әлем халықтары Жазушылар одақтарының мүшесі, ақын Нәзікен Алпамысқызымен «Сырлы сөз» атты кездесу өтті.
Жиынға университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Д.Қамзабекұлы, филология ғылымының докторы, профессор С.Негимов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Ж.Солты, экономика факультетінің деканы С.Мақыш, әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Б.Балтабайұлы және ақынның шәкірттері мен университет студенттері қатысты.
Студент жастар ақын шығармаларын ықыласпен мәнеріне келтіріп оқыса, жүргізуші Кенжеғали Мыржықбай әсем әуезді әндерімен көркемдеді. Мерейтой иесі ара-арасында жырларын оқып, жиналғандардың жүрегін жылытты.
Қонақтардың бірі ақын шығармашылығына терең бойлап, талдау жасаса, енді бірі ғибратты естеліктерін айтты. Экономика факультетінің деканы С.Мақыш ұстазына арнап «Ұстазым» әнін орындап, қошемет көрсетті.
Жиын соңында проректор Д.Қамзабекұлы мерейтой иесін университеттің «Күлтегін» медалімен марапаттап, сыйлық тарту етті.