Сыршыл жырдың саңлағы
Алғашқы өлеңдерімен-ақ оқырман көңілінен орын алған ақын Сәли Сәдуақасұлы – әр жылдары жарық көрген «Бәйшешек», «Домбыра-күй», «Сарана», «Базарлық», «Жүрек дауысы» атты жыр жинақтарының (мұның сыртында аудармалары мен құрастырған кітаптары баршылық), «Талғар», «Домбыра-күй», «Бір уыс топырақ», «Бейбарыс» сынды отызға тарта поэманың, «Дауылды күндер» повесі мен «Пешене» (журналдық нұсқасы жарияланған) романының, көптеген очерктер мен эсселердің авторы.
Әр жылдары халықаралық, мемлекеттік, өлкелік сыйлықтар мен марапаттарды жеңіп алған жүлделі шығармалардың авторы соңғы кезде жазылған өлеңдерін екі том етіп баспаға дайындап қойған екен. Аталған еңбектерден ақынның көп жарияланған, қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер екенін көреміз. Ақын туралы жылы лебіздерге толы жазылған сөз де аз емес. Өлең арнағаны бар, мақала, хат жазғаны бар, екі жүзден астам адам Сәлидің ақындығы мен азаматтығы туралы жүрекжарды лебіздерін білдіріпті. Азамат ақын үшін мұнан артық марапат-сыйлық болмаса керек.
Шығыс Түркістан қазақтарының арасында, өлең өлкесінде Сәли Сәдуақасұлы деген есім аса танымал. Ақынның өлеңдеріне жазылған әндер де көп (130-дан астам). Бұл – ақынның танымалдығын арттыра түскен тағы бір қыры. Ол – әдеби сын, аударма ісімен де үзбей айналысып келе жатқан белгілі автор. Ақынның бұл бағыттағы еңбектері мерзімді баспасөз беттерінде үнемі жарық көріп тұрды.
Әдебиет әлеміне ерте, мектеп жасынан араласып, алғашы өлеңдерінің өзінен-ақ болашағынан үлкен үміт күттірген ақынның әр қадамын бақылап, жарық көрген кітаптарын зерделей оқып жүрген әдебиет сүйер қауым оның әр жинақ сайын өсіп, талғам-таразысы биіктей түскенін, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқанын байқар еді. Сәли Сәдуақасұлы Шыңжаң қазақ әдебиетінің жаршысы болған өлкелік «Шұғыла» журналында қырық жылға жуық аға редактор болып жұмыс істеді. Осы журнал арқылы қазақтың бірнеше буын жас ақын-жазушыларын тәрбиелеп жетілдірді. Сәли ақынның Атамекенге қоныс аударғанына да 20 жылға жуықтапты. Биылдың өзінде ақынның бұрын еш жерде жарияланбаған төрт кітабы жарық көрді. Екі бірдей жыр жинағын баспаға дайындап отырғанын жоғарыда айттық.
Сәли Сәдуақасұлы балаларға арнап үзбей жыр жазып келе жатқан ақын болғандықтан, оны белгілі балалар ақыны деуімізге толық негіз бар. Ақынның бұдан бұрын «Базарлық», «Байғазы», «Ақ лақ» атты балаларға арналған бірнеше жыр жинағы жарық көрген болатын. Бүгін біз тоқталып отырған «Отынбай мен Шекпенқыз» жинағы – балаларға арнаған төртінші жыр кітабы. Жинаққа үлкен-кішіні баурап алатын өлеңдер, баллада-дастандар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер сияқты балаларға қызықты «базарлық» ұсынылған.
«Отынбай мен Шекпенқыз» балаларға арналған жыр жинағы болғанымен, оның ішінде ересектерге арналған өлеңдерді де кездестіріп қаламыз. Мәселен, жинақта дүниежүзі қазақтарының Түркістан қаласында өткен II құрылтайының аясында ұйымдастырылған халықаралық жыр мүшәйрасында бас жүлдені жеңіп алған «Шыт» деген өлеңін осы жинақтан кездестіріп отырмыз. Бұл өлеңді ақын жинақтың беташары етіп беруінің де өзіндік символдық мәні бар екен. «Сексен жасқа таяған әкемнің інісі ұлыма «көзімдей көріп жүрсін» деп үш тал құрт түйілген көне шыт (қол жаулық) берді. Сол сәттегі тебіреністен туған өлеңіммен алғашқы беті ашылатын осы жинағымды болашақ иелеріне шыт тәрізді кәдеге жарар ма деп ұсындым», – деп жазған екен автор.
Сексен жасқа жуықтап қалған бабаң,
Сендей ұрпақ көрсем деп армандаған.
Армандаған атаңның алыстағы,
Шыты мынау жіберген,
қарғам-балам.
Ал, қолыңа кірсінбе, көнесінбе,
Жіберді ғой алған соң сені есіне.
Осы шыттай тозған соң қайсар атаң,
Томардай шал болыпты сенесің бе?
Ұмытпасын ұрпағым өлсем мені,
Армансызбын қолыңмен көмсең деді.
Соны айтты да күрсінді, көз алдымда
Бір шал емес,
Бір ғұмыр кемсеңдеді…
Кемсеңдеді оза алмай от басынан,
Аттанбақпын, мұрсам жоқ қатты
асығам.
Сонда, бәлкім, қара шал ғұмырының,
Ең ақырғы көз жасын төкті осыған.
Әлде мына мөлшерім қате шығар,
Жаңсақ айтсам, санама от ашыңдар,
Осы шытқа түйілген үш тал құртта,
Иманындай атаңның батасы бар.
Жан емес-ті қиыннан қыры сынар,
Көңілінің бұл да бір күйі шығар.
Қорашсынба бұл шытты,
Өйткені онда
Сен сағынған атаңның иісі бар.
Атаң иісі – тер иісі расында,
Тер-бақыт, тер-байлық қой,
ұғасың ба?
Соның бәрін сендерге атайды екен,
Томардай шал бес уақ дұғасында.
Көңілден күй,
Сапырған қазаннан май,
Бақытты еді құлыным бабаң қандай.
Сенен көріп шөбере, қарқарадай
Қариямыз ләйім аман болғай!
Сексен жасты алқымдап
қалған бабаң,
Көбейсін деп ұрпағым армандаған.
Армандаған атаңның шытын осы
Көзіндей көр,
Жоғалтпа, қарғам, балам! –
деген толғау балаларға бабаның жасаған өнеге-өсиетінен тәлім алуға шақыратын тәрбиелік мәні бар өлең болғандықтан жыр жинағына беташар етіп беріп отырғаны белгілі.
Ақынның сөз болғалы отырған «Отынбай мен Шекпенқыз» жинағындағы «Күн мен боран» деп аталатын бір ғана балладаға тоқталып өтсек те жеткілікті болар деп білеміз. Бұл баллада – орта мектептің оқулығына кірген белгілі жыр.
Баллада Есекең деген қарияның балаларға айтып берген аңыз-ертегісі ретінде баяндалады: Ертеде Күн мен Боран дос болған екен дейді. Уақыт өте келе боран күннің құдіреті мен қуатына қызғанышы оянып, жер бетіндегі тіршілік атаулыға маза бермей, дауылдатып, алай-дүлей етеді. Бұны білген Күн Боран досына келіп, ақыл айтып, сабырға шақырады. Бірақ, әулекі боран айтқан ақылды тыңдағанды былай қойып, өршеленіп, өрекпіп кетеді. Күннің өзін келеке ете бастайды. Күн сұлу енді бұны сабасына түсіруді ойлап: «Екеуміз күш сынасайық», – деген талап қояды. Күнде жылу мен жарықтан басқа күш-қуат жоқ деп білетін дүлей боран «жарайды» деп келісе кетеді. Сонымен екеуі бір төбенің басына келіп, төңірекке қараса, жазықта кетіп бара жатқан, күпі киген жалғыз жолаушыны көреді. Күн сұлу:
– Сонау бір кетіп бара жатқан жолаушыны көрдің бе? – дейді.
– Көріп тұрмын, – дейді Боран.
– Көрсең, сол жолаушының үстіндегі ана қалың ішігін шешіп аласың болмаса шештіріп тастайсың, егер де шешіндіріп ала алсаң, мен сенің айтқаныңа көніп, саған құл болып өтемін, ал шешіп не шештіріп ала алмасаң, онда сен жер бетінің тыныштығын кетіретін әулекілігіңді, өктемдігіңді қойып, өз жөніңмен, тыныш қана жүретін боласың, осыған келісейік, – деп шарт қояды Күн сұлу.
Өзіне шексіз сенетін Борекең «жарайды» деп, жолаушының ішігін шештіріп ала қоятын болып, құйындатып ала жөнеледі. Дүлей боран жолаушыға келіп килігеді. Жолаушының ішігін олай да, бұлай да жұлмалап көреді, қойны-қонышына кеулеп кіріп ысқырып, гулеп бар қайратын жұмсап бағады. Бірақ ішікті шештіре алмайды. Ақын осы тұсты былайша суреттейді:
Соқты боран не түрлі,
Ширады адам бекіді.
Ішік емес кигені,
Өз терісі секілді.
Етемін деп өлексе,
Дойырланды ерекше.
Етегінен ішіктің,
Тістеледі төбетше.
Кидірмек болып кебінін,
Тездетсе де тебінін–
Шешпек түгіл, бір жерін
Жырта алмады терінің.
Дүниеде ештеңе бітірмесе де, өз-өзінен күпініп, көкірегін керіп, асқақтап, жүретін өркөкірек, өзімшіл жандар аз ба! Ондай жандар тек өзімен-өзі болып, өзін көкке көтерумен тына қалса жөн ғой. Олай ете алмайды, барды жоқ етуге, биігіңді аласартуға, асылыңды жасытуға, адалыңды былғауға, бірлігіңді бүлдіріп, тірлігіңді бұзуға дайын тұрады. Ақын қара боранды бейнелеу арқылы осындай жандарды суреттеп отырғаны белгілі. Сонымен өктемдіктің, әулекіліктің нышаны болған қара боран ақыры жеңіліске ұшырайды. Жолаушының ішігін шештіре алмай, діңкесі құрып, тауаны қайтады. Ақын осы сәтті:
Ала құйын албасты,
Ақыл алмай алжасты.
Ақырғы рет амалсыз,
Жағалыққа жармасты.
Оған да адам көнбеді,
Дүлейге ырық бермеді.
Мың құбылып тисе де,
Еш нәтиже өнбеді.
Жеткенінше құрығы,
Сілтеп боран ұлыды.
Шеше алмады ішікті,
Діңкесі әбден құрыды.
Тасқа тиген шоқпары,
Табиғаттың сотқары.
Ақыры енді діңкелеп,
Амалсыздан тоқтады, –
деп әулекі боранды ажуалап әрі мүсіркеп суреттейді. Қара боран бұл жерде табиғаттың бір құбылысы ретінде емес, ақыл-ес, сана-сезімі бар адам кейпінде алынып отырғаны аян. Балладада Боран жағымсыз кейіпкер ретінде бейнеленген болса, жағымды кейіпкер – Күн сұлу. Ақын оны күллі тіршілікке жылуы мен жарығын сыйлап, нәр беруші, ақыл-ойға кенен, парасат иесі ретінде бейнелейді. Әрине, күн тіршіліктің тірегі екені белгілі. Сондықтан әулекілігімен тауы шағылып, тауаны қайтқан досын табаламай, боран құдіретінің шексіз емесіне көзін жеткізіп алғаннан кейін, күн сұлу өзінің жылуы мен шуағын мейірлене төгіп кеп жібергенде, жолаушы ішігін өзі-ақ жайлап шешіп тастайды. Осы тұста алтын күн арайланып:
Мен барып ем жақтырды,
Ән қанатын қақтырды.
Жылуыма сүйсініп,
Ішікті өзі-ақ лақтырды.
Озбырлықпен ұрынып,
Не бітірдің жұлынып.
Қайда болса жылылық,
Сонда деп біл ұлылық! –
деп түйіндейді. Осы соңғы тиянақты ойды айтардан бұрын ақынның күн сұлудың толғанысы ретінде берген ой-толғауларын оқып көрейік. Бұл толғақты ойлар бейне бір данышпанның әлдебір жолы болмай, шалыс басқан пендеге айтып жатқан даналық сабақтары сынды әсер береді. Осы орайда айта кетер басты бір ерекшелік, ол – шығарманың мазмұнын тереңдетіп, ойын асқақтатып тұрған ақынның шұрайлы да шырайлы, өткір де көркем тілі және қазақы ұғымдар мен теңеулерді, сөз тіркестерін, баламаларын тақырыбына орай пайдалана алғандығы. Мысал, тәмсіл, аңыз түрінде, кейде тікелей ғибрат сипатында айтылатын эпизодтар балладаның өн бойында маржандай тізіліп тұрғанын көреміз. Қара боран әбден шаршап, амалы құрып тоқтаған кезде Күн сұлу:
Ана адамға бас қайғы,
Саған құшақ ашпайды.
Ал, мен барсам,
Ішігін
Өзі-ақ шешіп тастайды.
Деді-дағы күн жарық,
Шыға келді қырланып.
Кетті лезде күллі әлем,
Көңілденіп, нұрланып.
Сенбе яки сен мейлі,
Шындық оты сөнбейді.
Адам көңілі қай-қашан
Сүркейлікке көнбейді.
Сенбе яки сен мейлі,
Шындық оты сөнбейді.
Жан шуағы адамның
Дойырлыққа сөнбейді.
Болса-дағы құзар тік,
Қалса да арты мұнартып…
Ың-дыңы жоқ өмірді
Сүйеді адам құмартып.
Басқан ізін шұбалтып,
Өтер тарих-уақыт.
Қашан да біл, мейірім
Қастандықтан мың артық!
Долыланбай мұнартып,
Тірлікті сүй құмартып.
Қай – қашанда жылылық,
Үскіріктен мың артық, –
деп келетін даналық, ғақлиялық пайымдар жас ұрпаққа адамгершілік хақындағы сабақ іспетті. Шығармадағы ақындық шабыт пен жетекші ой, шындықпен суарылған шумақтар да, теңеулер мен шендестірулер, тілдік бояулар мен ішкі ырғақтар да, бәрі-бәрі төрт аяғын тең басып тұрғанын көреміз.
Өлең балалардың ұғым, түсінігіне лайық, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетінін» көріп отырмыз. Мазмұны да ұғынықты әрі мағыналы. Күн де, боран да – ұлы табиғаттың жойқын құбылыстары. Ақынның табиғаттың осы екі жойқын жаратылысын адам сыпатында кейіптеп, олардың арасына қақтығыс-тартыс тудырып, соңында ымыраға келтіріп, жарастық таптыру арқылы көздеген мақсатын, оқырманға айтпақ өзекті ойын жоғарыда берілген соңғы шумақтардан айқын байқай аламыз. Белгілі бір әдебиетші ғалымның: «Бір шумақ өлең адамдарға сол өлеңнің өз бойында қамтылғандарды ғана сезіндіріп қоймайды, сонымен бірлікте ол онан да терең, онан да алыс жатқан құбылыстар туралы да ойландыра алады» дейтін қағидаты ойға оралады.
Желкілдеп өскен құрақтай көкөрім жастарымыз, болашақ ұрпақ осындай тәмсілдік тақырыпқа құрылған, тәрбиелік мазмұнға бай шығармаларды оқу арқылы жақсының не, жаманның не екенін танып, өз бойына жақсы қасиеттерді сіңіруге тырысатын болады. Көздеген осы мақсатына ақын өз шығармасы арқылы көркемдік тәсілмен қапысыз жете алған. Шығарма жас ұрпақтың өмірді танып, ой-өрісін кеңейтуіне, көркем мінез қалыптастыруына көмектеседі. Осының негізінде өмірдегі шындық пен жалғанды, жақсылық пен жамандықты, ізгілік пен сұрқайлықты, махаббат пен жауыздықты, адалдық пен арамдықты ажыратуды үйренетін болады. Міне, «Күн мен боран» балладасы – осындай әлеуметтік, тағылым-тәрбиелік міндетін толық атқарып тұрған, ойы анық, бояуы қанық туынды. Ақын жүрегінен еркін төгілген жырлар көктемнің көл-көсір жаңбырындай балалық көңілге қуаныш сыйлайтыны сөзсіз!
Армиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ,
сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері