Керекуліктерді ән мен жырға бөлеген кеш
22.12.2025
143
0

15 желтоқсан күні Павлодар қаласында көрнекті ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегмановтың шығармашылығына арналған «Ол көктем оралмайды» атты ән-жыр кеші өтті.

Кешті Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова құттықтау сөзімен ашып, кеш қонақтары мен қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ақын Еламан Хасенұлының модераторлығымен өткен ән-жыр кешіне Павлодар облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан, талантты жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Төлеубай, «Аманат» партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбайұлы, жырсүйер қауым қатысты. «Ақ жол» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлмира Мерсайынқызы мен «Сенімен Болашақ» республикалық қозғалысының Павлодар облыстық филиалының директоры Перизат Құрманәлі ақынға құрмет көрсетіп, қазақтың салт-дәстүрімен иығына шапан жапты.
Кеш барысында ақынның жырлары оқылды. Ақынның өзі де туындыларын оқып, оқырмандардың сұрағына жауап берді. Зал толы көрермен әр жырды тебірене тыңдап, туған жерге, туған топыраққа деген оянған сағынышын, Отанға деген зор сүйіспеншілігін ақынмен тілдесе отырып жеткізді. Ақын сөзіне жазылған жүзден астам ән республикалық сахналарда орындалып, халық жүрегінен орын алғаны да көпке аян. Жас та, жасамыс та сүйіп тыңдайтын туындылар арасынан «Ол көктем оралмайды», «Қош, махаббат», «Бақыттымын өзіңмен», «Бала кез», «Алматым – әнім, тағдырым», «Қазағым», «Көктемге хат», «Аяулым» атты сегіз ән
Павлодар облыстық филармониясы әншілерінің шырқауында жиналған жұртты айрықша сезімге бөледі.
Әсем саз бен ойлы поэзия үйлесім тапқан жыр кеші көпшілік айта жүрер әсерге толы болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір