Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері: «Қытайтану Лу Шүнді оқудан басталады…»
Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайындағы баяндамасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Келген ағайынның ішінде көптеген танымал ғалымдар, дарынды спортшылар, өнер майталмандары да бар. Мысалы, боксшы Қанат Ислам, әнші Майра Мұхамедқызы, ғалымдар Қаржаубай Сартқожаұлы мен Дүкен Мәсімханұлы сынды көптеген азаматтар келіп, елдің мерейін көтерді», – деп шеттен келген қандастарымызға елдің ыстық құшағын тағы бір сезіндірген еді. Бүгін біз қытай қаламгерлерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, екі ел әдебиетін салыстыра зерттеп жүрген ғалым, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫМЕН әңгімелестік.
– Қазақ, қытай әдебиетін салыстыра зерттеуге қосқан үлесіңіз мол. Оған «Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» атты зерттеу кітабыңыз дәлел. Қытай әдебиетінің жаңашылдығы мен қазақ әдебиетінің жаңашылдығы бір-біріне несімен ұқсайды?
– Әңгімені «қазақ және қытай елдерінің әдебиетін салыстыра зерттеуге қосқан үлесіңіз мол» деген жылы лебізіңе рахмет айтудан бастайын, өйткені ол туралы үндемей өтіп кетсем, құптағаным болып шығар. Әрине, бұл арада «жоға, қайдағы мол?» деп қылымсымай-ақ та қояйын. Сол салада біршама жыл тер төгіп, еңбек етіп жүргенім өтірік емес. Қазақ және қытай әдебиетін әдебиеттану ғылымының теориясы мен принциптері тұрғысынан салыстыра зерттеп докторлық диссертация қорғадым, елдің іші-сыртындағы жетекші ғылыми басылымдар бетінде неше ондаған зерттеу еңбектер мен мақалалар жарияладым. Дегенмен, сөздің осы тұсында басын ашалап айта кететін бір жағдай, аталған екі халықтың әдебиеті мен тарихи жолын немесе тұтас әдеби қазынасын салыстырып шығу мүмкін емес. Оны қойып, екі ел әдебиетіндегі бір ғана жанрдың арғы-бергісін тұтастай алып, оның бүге-шігесін салыстырудың өзі ғылыми қарекет болмас еді.
ХХ ғасыр басындағы Қазақ және Қытай елдері әдебиетіндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдықты Мұхтар Әуезов пен Лу Шүн шығармаларын салыстыра отырып зерттеуімізге түрткі болған, ХХ ғасыр басындағы екі елдегі қарайлас мезгілде өрістеген саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени, әдеби хал-ахуал еді. Жалпы үстірт қараған кісіге бұл салыстыру тосындау сезілуі мүмкін. Ал шынтуайтына келгенде, ХХ ғасыр басында екі елде қарайлас мезгілде, бір сипатта өрістеген саяси-әлеуметтік, рухани бетбұрыстар көп жағынан ұқсас. Атап айтқанда, отаршылдық езгіде, феодалдық қараңғылықта өмір сүру, екі елдегі патшалықтың іріп-шіруі, ұлттық буржуазияның қалыптаса бастауы, жаңа сападағы ұлт зиялыларының өсіп-жетілуі, рухани саладағы тың бетбұрыстар. 1911 жылы Қытайда болған Синьхай төңкерісі, Қазақ еліндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер, жалпыұлттық ояну мен ағартушылықты мақсат еткен түрлі қоғамдық ұйым-топтардың, партиялардың құрылуы, тың сипаттағы мерзімді баспасөздердің жарық көруі, жаңа сападағы көркем әдебиеттің қалыптасуы, т.б. көптеген саладағы ауқымды, жалпыұлттық шаралардың мезгілі жағынан ғана емес, сипаты мен мақсат-міндеті жағынан да үндестік тауып, сарындасып жатуы – салыстыра қарастыруға өз-өзінен сұранып тұрған құбылыс еді.
Ал екі елдегі осынау жалпыұлттық жаңғырудың басы-қасында ту ұстап жүрген, жаңа, өскен, өркендеген әдебиеттің негізін қалап қана қоймай, оны талантты туындыларымен шырқау биікке көтеріп кеткен, шығармаларының денін ұлттық ағартушылық пен ұлттық оянуға арнаған қос қаламгер – Мұхтар Әуезов пен Лу Шүннің шығармашылығы мен азаматтық болмысында да ұқсастықтар өте көп болды.
Осы жерде бір нәрсенің басын ашып айта кетейін, Мұхтар Әуезовтің әсемдік әлемінде ашылмаған қырлар әлі де аз емес. Оған салыстырмалы әдебиеттану ғылымының принциптеріне сүйене отырып, ұлы жазушыны әлем классиктерімен салыстыра қарастырғанда тіпті де анық көз жеткізуге болар еді. Сондай-ақ ұлттық дәстүр мен жаңашылдық – ХХ ғасыр басындағы қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ең өзекті тақырыптардың бірі болғаны белгілі. Жалпығаламдық рухани сілкіністер ауқымынан назар аударғанда, ХХ ғасыр басындағы қазақ және қытай қоғамындағы саяси ояну мен рухани түлеудің үндестігі көп сырдың бетін ашуға жетелейді. Екі елдегі тарихи-әлеуметтік жағдаймен байланыстыра, салыстыра қарағанда ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен қытай әдебиетіндегі бетбұрыстың себеп-салдары, мұрат-мақсаты негізінен шамалас екені бірден көзге ұрады. Қазақ және қытай әдебиетіндегі жаңа сападағы прозаның туып-қалыптасуындағы жазушылардың көркемдік, идеялық, тақырыптық ізденістерінде де үлкен үндестік, саналы сарындастықты байқау да қиын емес. Ұлттық дәстүр мен жаңашылдық принциптері тұрғысынан зерделегенде, қазақ және қытай көркем әдебиеттеріндегі ұлттық бейнелерден, оларды туғызған тарихи-әлеуметтік ортадан, тіпті көркемдік шешімдерден де көптеген ұқсастықтар байқалады. Бір қызығы, сөз болып отырған кезеңдегі қазақ және қытай әдебиетіндегі жаңашылдық бағыттың мазмұны, нысанасы мен кезеңдері де қарайлас. Оған аталған екі қаламгердің нақты шығармаларын кең ауқымда салыстырыла қарастырғанда көз жеткізуге болатын еді. Тіпті, керек десеңіз М.Әуезов шығармаларындағы Абай, Құнанбай, Қаракөз, Ғазиза, Еңлік, Кебек, Бақтығұл, Зере, Ұлжан, Әйгерім, Тоғжан, Жәмеш қазақы бейнелер мен Лу Шүн қаламынан туған А Кью, Кұң Ицзи, Хуа Лаусуан, Сяң-Линь жеңгей, Рұн Ту, Шан Сы жеңгей, Чын Шычың, Ай Гу, т.б. ұлттық бояуы қанық қытайы образдарды өзара салыстырғанда да ХХ ғасыр басындағы қазақ және қытай (ханьзу) халықтарының ортақ тағдыры аңғаруға болар еді. Қытай жазушысы Лу Шүн мен қазақ қаламгері М.Әуезовтің көсемсөздеріндегі сарындастық пен үндестік әсіресе олардың «Қазақтың өзгеше мінездері», «Адамдық негізі – әйел», «Мәдениетке қай кәсіп жуық», «Қазақ әйелі», «Қазіргі қазақ күйі», «Мәдениет һәм ұлт» (М.Әуезов), т.б., «Біз қазір қандай әке болуымыз керек», «Әйел азаттығы туралы», «Қара жамылуға көзқарасым», «Қытайдың екі-үш қылығы», «Жем түсіру», «Мансапқа жету әдісі туралы», «Қытайлықтардың кейбір қылықтары» (Лу Шүн).., т.б. шығармаларынан менмұндалап тұрғанын атап айта аламыз. М.Әуезов пен Лу Шүннің қаламгерлік мұраты, азаматтық позициялары олардың туған халықтарының дәстүрлі сенім-нанымына ұстаған көзқарастарынан да айқын байқалып тұрар еді. Мәдениеттанудың, салыстырмалы әдебиеттанудың аспектілері негізінде салыстыра қарастырғанда, М.Әуезов пен Лу Шүннің туған халықтарының ұлттық дәстүрі мен жаңашылдық үдерісіне ұстаған позициялары іштей үндесіп, сарындасып жатқанына да біз зерттеу барысында айқын көз жеткіздік. Қазақ және қытай көркем әдебиетіндегі ұлттық бейнелер, оларды туғызған тарихи-әлеуметтік орта, М.Әуезов пен Лу Шүн шығармаларындағы көркемдік шешімдер тұрғысынан назар аударғанда да, ХХ ғасыр басындағы қазақ, қытай халықтарының ұлттық дәстүріндегі озық дүниелермен қоса, ұлттың оянуы мен дамуына тұсау болып отырған, тастауға тиісті тозық құбылыстардың аз болмағандығын да аңғардық.
– Жасыратыны жоқ, біз көбіне Батысқа құлақ түреміз. Елең етер жаңалықты Еуропа мен Америкадан, қала берді Жапониядан күтеміз. Негізінде соңғы 10-15 жылдың жүзінде қытайдың екі бірдей қаламгері Нобель сыйлығын алды. Бір елдің әдебиеті үшін ол да оңай жетістік емес. Қазіргі қытай әдебиетінің жай-күйі қандай? Бүгінгі қытай әдебиетінде тың өзгерістер бар ма? Әлемдік қаламгерлер сапына қытайдан қандай жаңа есімдер қосылып жатыр?
– Дұрыс айтасың. Тұтас жиырмасыншы ғасыр бойы біз Батысқа көз тігіп, Батысқа құлақ түріп үйрендік. Оның әрине, өзіндік себебі де жоқ емес… Ең басты себебі, орта ғасырларда Батыс Еуропада болған қайта өрлеудің дүмпуі Шығыс Еуропа елдеріне ХІХ ғасырдың ішінде, ал Азияға ХІХ ғасырдың соңы мен
ХХ ғасырдың басында келіп жетті. Ал орта ғасырдағы қайта өрлеуден ХХ ғасырға дейінгі аралықта күллі Еуропа өркениеттің биік шыңына көтеріліп кеткен болатын. Ол биікке Азия елдерінен тек Жапония ғана ертерек шыға білді. Ал Азияның қалған жұрты бір-бірлеп сол биікке ұмытылып келеді.
– Азияның өзге кіші елдерінің кешігуі түсінікті. Қытайдың кешігуіне не себеп?
– Қытайдың жағдайына келсек, Сунь Ятсен бастаған қытай демократтары Цинь патшалығын аударғанымен, орнына тез арада демократиялық мемлекет құрып үлгере алмады. Содан елде билікке талас басталып, ел жік-жікке, жақ-жаққа бөлінді. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында Мәскеудің қолдауымен Қытайда Коммунистік партия өмірге келді. Сонымен Гоминдаң мен Коммунистік партияның мұрындық болуымен елде азаматтық соғыс басталды. 30-шы жылдарға келгенде Жапония Қытайға басып кіріп Отан соғысы басталып кетті. Осы жағдайға байланысты, әскерлерді айтпағанда Компартия мен Гоминдаң иелігіндегі жерлерде өмір сүретін қаламгерлер тұтастай «жапон соғысына» жұмылдырылды. Соның нәтижесінде аталған кезеңде «жапонға қарсы әдебиет» деген ұғым қалыптасты. 1946 жылы Жапония жеңіліп, Қытайдан шегініп шықты. Тағы екі-үш жылға жалғасқан азаматтық соғыстан кейін Гоминдаң жеңіліп, 1949 жылы ҚХР құрылды. Сол күннен бастап ондағы әдебиет «социалистік реализм» бағытын берік ұстанып, «Компартия басшылығындағы бақытты өмірді» жырлауға міндетті болып қалды. Бұл үрдіс 1949 жылдан 1979 жылға дейін отыз жылға созылды. Тіпті осы отыз жылдың соңғы 20 жылында Қытайда талантты қаламгердің бәрі абақтыға жабылып, жер аударылып, тұтқындалып кетті де, аман қалғандары тап-таза жеке басқа табынуға, «Мао-ға одалар» арнап жан сақтауға мәжбүр болды. Тек билік басына қытайдың кемеңгер перзенті, ұлы реформатор Дэн Сяопин келгеннен кейін, жалпы саясатқа елеулі бетбұрыс жасады, саяси, экономика саласында ғана емес, ғылым, білім, әдебиет, мәдениет салаларына «төңкеріс» деуге тұрарлық бетбұрыстар жасалды. Абақтыда жатқан, жер аударылып кеткен талантты қаламгерлер бостандыққа шығып, қаламдарын қайта қолға алды. Жас буын, дарынды қаламгерлерге үкімет барынша қолдау көрсетті. Әлем халықтары әдебиетінің бұрынғы-соңғы озық үлгілері түгелге дерлік қытай тіліне аударылы. Қытайдың мәдениет министрлігі жанынан қытай әдебиетін шетелдерге насихаттау кеңсесі құрылып, қытайдың дарынды ақын-жазушыларының шығармаларын үкімет қаржысымен шет тіліне аудару жұмысы жүйелі жолға қойылды. Сонымен бірге талантты ақын-жазушыларға «кәсіптік қаламгер» деген атақ беріп, жеткілікті жалақы төлеп, олардың бірыңғай шығармашылықпен айналысуына шарт-жағдай әзірлеп берді. Міне әдебиетке жасалған осындай қолайлы шарт-жағдай мен қамқорлықтың арқасында он жылдың ішінде қытай әдебиеті жаңбырдан кейінгі алсындай дүр көтерілді. Қытайдың өз ішіне ғана емес, әлемге әйгілі қаламгерлер шыға бастады. Осылайша поэзияда Бэй Дао, Хань Дуң, Ван Цзясинь, Ди Юңмиң, Хай Цзы, Чэн Дуңдуң, Гу Чэң бастаған жүздеген талантты жаңа есімдер жарыққа шықты. Прозада Уаң Мың бастаған аға буын қаламгерлер қайыра қайраттарына мінген болса, Цзя Пиңао, А Чың, Уаң Шо, Мо Янь, Чжаң Чыңчжы, Уаң Цзыңчи, Дэн Иоумэй, Ляң Сяобо, Гао Сиңцзянь, Чжаң Цзе, Уаң Аньи, Те Ниң, Лу Вэнфу секілді, бүгінде өздері де аға буын дейтін жасқа жеткен жаңа таланттар келіп қосылды. Бұлардың ішінде Мо Янь мен Гао Сиңцзянның Нобель әдебиет сыйлығын алғанын еске алсақ, қытай әдебиетінің бүгінгі биігін былай да шамалауға болатын шығар.
– Ал ондағы кіші ұлттардың мәдениеті мен әдебиетіне қолдау қандай?
– Бағана айтқанымдай ХХ ғасырдың ұзына бойына Қытайда қолға алынған тұманды-шуақты жағдайлардың барлығы ондағы қытай емес халықтардың да басынан өтті. Сондай-ақ, соңғы 30-35 жылдай уақыт бойы қытай әдебиеті мен ондағы қаламгерлерге жасалып келе жатқан игілікті шарт-жағдайдан өзге ұлт қаламгерлері де тыс қалған жоқ.
– Бұл қолдаудың Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің дамуына ықпалы болды ма?
– Әрине, «елде болса, ерінге тиеді» дейді ғой. Ол елде жасап отырған қандастарымыз да тағдырдың тар жол, тайғақ кешулерде «мың өлiп, мың тiрiле» жүрiп, бүгінге жеткені тарихтан белгілі. Ең бастысы, бүгінге дейін халықтық болмысын – тiлiн, дiнiн, дәстүр-салтын, намысы мен рухын, өнерi мен мәдениетiн мықтап сақтап қалды hәм оны өз деңгейiнде дамытып та келдi. Осы сөзiмiздiң жарқын мысалы ретiнде, қазақ тiлiнде жылына жүздеген кiтап шығаратын Бейжiңдегi «Ұлттар» баспасын, Үрiмжiдегi «Жастар-өрендер», «Халық», «Ғылым-техника», «Денсаулық», «Оқу-ағарту», «Шыңжаң көркемөнерi» баспаларын, Күйтiңдегi «Iле халық» баспасын, қазақ тiлiндегi «Шыңжаң», «Iле», «Тарбағатай», «Алтай», «Iле өрендерi», «Күйтiң кеші», «Құлжа кешi», «Халықаралық хабарлар» сынды газеттермен қоса, «Шұғыла», «Мұра», «Iле айдыны», «Тарбағатай», «Алтай аясы», «Боғда», «Алқап», «Ұлттар ынтымағы», «Ұлттар» (суретті журнал), «Шыңжаң қазақ жастары», «Iле әйелдерi», «Iле спорты», «Шыңжаң оқу-ағартуы», «Шыңжаң қоғамдық ғылымы», «Шыңжаң жоғары оқу орындары», «Көкжиек», «Оқырман өресi», «Шыңжаң қоғамдық ғылымдар мiнбесi», «Шыңжаң мал шаруашылығы», «Тiл және аударма», «Құмыл алқабы», т.б. әдеби, ғылыми, бұқаралық-әмбебап мерзiмдiк журналдарды, сонымен қатар Бейжiңдегi «Орталық халық радиосының» қазақ бөлімін, Үрiмжiдегi «Шыңжаң» қазақ радиосын, екi бiрдей күнi-түнi жүз пайыз қазақ тілінде сөйлейтiн «Шыңжаң» телеарнасын, облыс, аймақтар орталығындағы қазақ тiлiнде хабар тарататын телевизия мекемелерiн, облыс, аймақ, аудан орталықтарындағы ұлттық филармонияларды атап айтқан болар едiк. Осы арада аталған газет-журналдар мен телерадиолардың барлығы
мемлекеттiк бюджет есебiнен жұмыс iстеп отырғандығын ескеруіміз керек.
– Ондағы ағайын қазақтың ауыз әдебиетімен қалай танысты?
– ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап қытайдағы ағайын халқымыздың фольклорлық дүниелерін жинап-бастыру жағында да қыруар іс тындырды. Жалпы саны неше жүздеген томдарды құрайтын «Қазақ қиссалары», «Қазақтың ғашықтық жырлары», «Қазақ айтыстары», «Қазақ шежіресі», «Қазақ ертегілері», «Қазақ емшілігі», «Қазақтың тарихи тұлғалары», «Қазақтың тұрмыс-салт жырлары», «Қазақ тыйымдары», «Қазақ мақал-мәтелдері», т.б. толып жатқан бабаларымыздан қалған байлықты шашпай-төкпей жинап, ұрпақ игілігіне жаратып отырғанын әсерленбей айту мүмкін емес. Бұның сыртында фольклорлық-этнографиялық дүниелерді жинауға, зерделеуге арналған «Мұра» атты арнайы журналдың күні бүгінге дейін жұмыс істеп отыруы қазақ баласы сүйінерлік жағдай.
Ал көркем әдебиет жағына келетін болсақ, ең әуелі жоғары да аталған мемлекеттік баспалардан жылына жүздеген әдеби кітаптардың жарық көріп, 5-10 мың тиражбен тарап жататынын айтқан болар едік. Бұлардың ішінде бүкіл ел көлемінде дүмпу тудырған, жақсы аңыс қозғаған шығармалар ретінде «Арман асуында», «Таңқурай» (Ж.Мырзаханов), «Зуқа батыр», «Жан» (Б.Құсбегин), «Бөке батыр», «Ер Жәнібек» (Ш.Құмарұлы), «Елжау Күнби» (трилогия, С.Жанболатов), «Аң шадырын оқ табады», «Таразы» (О.Айтанұлы), т.б. таңдаулы романдарды айырықша атап айтуымызға болады. Себебі, бұлардың біразы миллиардтардың тіліне аударылып, авторлары Қытайдың мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бұлармен қоса өз шығармаларын қытай тілінде жазатын, ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚХР Жазушылар одағы басшыларының бірі, талантты жазушы Әкбар Мәжитұлы, аудармашы Қайша Тәбәрәкқызы, жазушы Еркеш Құрманбекқызы қатарлы прозаиктер шоғырының да жемісті еңбек етіп жүргенін айта кеткен жөн.
– Жалпы Қытай елінде берілетін әдеби сыйлықтар қаламгерлердің танымалдылығы мен шығармалар өрісінің кеңеюіне әсер ете ме?
– Қытайда мемлекеттік марапаттардың берілу тәртібі біздегіден өзгеше. Жыл сайын немесе екі-үш жылда бір рет үздік шығармаларға немесе атаулы сыйлықтарға (Лу Шүн атындағы, Мао Дун атындағы әдебиет сыйлығы деген секілді) конкурс жарияланады. Комиссия сүзгіден өткізеді. Бәйгеден келсеңіз сол сыйлықты қаржысымен қосып қанжығаңызға байлайсыз. Бірақ біздегідей «Мемлекеттік сыйлықтың лауреты» деп қоғам мен билік тарапынан соншалық әспеттелмейді, әр түрлі құрмет пен жеңілдіктер де жасалмайды. Яғни олардың сыйлығы біздегі «Арлан», «Шабыт» деген секілді конкурстық байқауларға көбірек ұқсайды.
– Қытайтану институты бізге қажет пе? Ол бізді Қытай халқына үрейлене қарайтын әдеттен арылтуға қауқарлы ма?
– Мына жағдай есте болу керек, біз Қытай елімен тәуелсіздіктен кейін ғана қарым-қатынас жасап отырған елміз. Алайда, Қытаймен көршіліктің, тату-достықтың басқамен салыстыруға келмейтін жіңішке әрі өте нәзік тұстары бар екендігіне мән бермедік. АҚШ бастаған Батыс елдерінің қытай жөніндегі үрейі мен қорқынышы әсте негізсіз емес. Атап айтқанда, әсіресе, «Қытайдың демографиялық экспансиясы» жөніндегі үрейді қисынсыз дей алмаймыз. Мәселен, 1978 жылы билікке келген Дэн Сяопин реформаны «сыртқа есік ашудан» бастады. Осы саясаттың нәтижесінде жылдар бойы тұмшаланып, жабулы тұрған қазан сыртқа лақ етіп ағылды да кетті. Сол кезде Оңтүстік Азиядағы Сингапур, Тайланд, Индонезия сияқты елдер алғашында қытайларды өздеріне арзан еңбек күші ретінде топырлатып кіргізіп, кейін олар жеке инвестор ретінде өтіп, 20 жылға жетер-жетпес уақытта Сингапур жалпы тұрғындарының 50 пайызынан астамын қытайлар құрайтын Қытай мемлекетіне айналды. Қазір Сингапурде қытайлықтардың (ханьзу) саны 80 пайыздан асып кетті. Мемлекеттік тілінің біреуі қытай тілі. Премьер-министрі, жалпы қаржылық қуат тұтастай қытай алпауыттарының қолында. Қазақстанға келген ширек ғасырдан бері менің шырылдап айтып жүргенім де осы Сингапурдің тағдырын қайталамасақ екен деген ой. Қытайтану ғылымы бізге сол үшін де керек. «Қытайтану ғылымы» болғанда да, бізге таза қазақстандық қытайтану ғылымы керек. Өйткені, оның көкейкестілігін, оның мақсаты мен міндетін әр ел синологтары өзінше сипаттайды. Ол әрине орынды да. Себебі, бұл мәселені әр ел өзінің саяси-әлеуметтік әлеуеті мен мүмкіндігі және содан туындайтын өз мүддесі тұрғысынан қарастырады. Ал қазақстандық қытайтану ғылымының көкейкестілігі, мақсаты мен міндеттері де тек өз еліміздің мүддесі мен әлеуетін басшылыққа алуға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде қазақстандық қытайтану ғылымының алдында тұрған міндет өте үлкен. Оны абыроймен орындап, мақсаткерлікпен жұмыс істеу үшін елдегі қытайтану ғылымына мемлекет жеткілікті мән беруі, жағдай жасауы керек. Әсіресе, қытайтанушы ғалым-мамандар шоғырланған қалалардан, айталық Астана және Алматыдағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің жанынан арнайы қытайтану институттары мен ғылыми орталықтарын ашып, мемлекет арнайы қаржыландырып отырса құба-құп болар еді. Сол ғылыми орталықтар арқылы біз Қытайдың тарихы мен мәдениетіне, салт-дәстүріне, тілі мен әдебиетіне, діні мен діліне қатысты зерттеулерді тереңдетіп, олардың ішкі-сыртқы саясатының беталысын таразылап, тамыршыдай тап басып отыруымыз керек. Мәселен, ресми Пекиннің АҚШ, Ресей, Жапония, Үндістан секілді алпауыттармен қарым-қатынасы қалай, қайда беттеп барады? Қытай түптің түбінде Жапониямен тіл табыса ала ма, жоқ па? Қытайдың Орта Азия елдерімен, Ислам әлемімен, жалпы Түркі дүниесімен арадағы қарым-қатынасында нендей мақсат-мүдде бар? Аспанасты елінің қазіргі билігінің ішкі ахуалы қандай? Қытай Компартиясының болашақ тағдыры ше? ҚХР үкіметінің елдегі аз ұлттарға байланысты ұстанған саясаты қалай өрістеп, қай бағытқа кетіп барады? Бұл елдегі ішкі жағдайлар біздің еліміздің саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайына қалай әсер етуі мүмкін? Қытайдағы 1,5 миллионнан астам этностық қазақтардың ұлттық құндылықтары мен әлеуметтік хал-ахуалы қазір не күйде, болашақта не болмақ? Қазақстан-Қытай мемлекеттері арасындағы трансшекаралық өзендер мәселесіне байланысты ресми Пекин қандай позиция ұстанып отыр? Міне, осы және бұдан басқа да толып жатқан мәселелер бір адам немесе екі адам айналысатын шаруа емес. 1750 шақырымдық ортақ шекарасы бар ірі, іргелі мемлекетпен дұрыс байланыста болу үшін көршімізді дұрыс зерттей білуіміз керек. Ол білмегенімізді біліктілікке қарай бейімдейді. Болашақты болжауға бағыт береді. Ал бұл жас тәуелсіз мемлекетіміз үшін қажет маңызды да көкейкесті шаруа. Уақыт талап етіп отырған осындай көкейкесті міндетті шешуге ұмтылмай болмайды.
– Қытайтану саласында қытай әдебиетінің маңызы қаншалықты?
– Қытайтану – бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде кеңінен қанат жайып, тез өсіп келе жатқан елтану ғылымы екенін айттық. Бұл ретте, әдеби шығарманың атқарар рөлін әсте де жоққа шығаруға болмайды. АҚШ-тың белгілі синолог-ғалымының «Қытайды тану үшін алдымен Лу Шүнді оқу керек» деп айтқаны бар. Демек, әдебиет адамның жан дүниесін, болмысын қаузайтын өнер. Ендеше «Қытай ондай халық, қытай мұндай халық…» деген мың ауыз құры сөзден, олардың өз қаламгері жазған шығармадан ол халықтың ұлттық болмысын, жандүниесін таныған әлдеқайда әсерлі, өнімді болар еді.
– Ақын ретінде қытай әдебиетінің сіздің шығармашылығыңызға әсері қандай болды?
– Әрине, әсері өте үлкен болды деп толық сеніммен айта аламын. Қытай поэзиясын жақсы білетін һәм менің өлеңдерімді қалт жібермей оқып жүрген оқырман оны тез байқай алады. Қытай поэзиясынан тәржіма жасаудан бұрын қытайдың таңдаулы ақындарының шығармаларымен жақсылап танысуға тура келеді. Сол барыста қытай ақындарының логикасы, ой айту мәнері, поэтикасы, тіпті тақырып ауқымы деген мәселелер мақсатты, мақсатсыз түрде сенің санаңа сіңіп жатады. Алайда, қытай ақындары өлеңді буын, бунаққа, ұйқасқа құрып, ұйқас іздеп, буын, бунақтарды реттей алмай отыратын догмадан ХХ ғасырдың басында құтылған. Ал мен оларды аударғанда кәдімгі қазақы өлең өрнекпен тәржімалаймын. Демек, қытай поэзиясымен қанша етене болсам да, олардың ұйқассыз өлеңін қабылдай алмадым.
– Еліміздегі жалпы аудармаға, оның ішінде қытай әдебиетінен жасалып жатқан аудармаға көңіліз тола ма?
– Тоқетерін айтқанда, еліміздегі аударма саласының ахуалы онша көңіл көншітпейді. Бір жағынан қазақ тілінің өз ел, өз жерімізде өгей баланың күйін кешіп жүруінің бір себебі осы аударма ісінің дұрыс жолға қойылмауында. Қазақ тілінде дүниежүзінде болып жатқан ғылым-техниканың жаңалықтарына қатысты, әлемдік ой-сана мен мәдениеттің жетістіктеріне қатысты ешқандай ақпарат жоқ. Қазақ халқы бұл саладағы қажеттілігін тұтастай әрісі ағылшын, берісі орыс тілі арқылы толықтырып отыр. Ал тіке әдебиет туралы айтатын болсақ, ізденімпаз жастар керегін орыс тіліндегі аудармалардан тауып алып жүр, қазақ тілінде Кеңес одағы кезінде аударылған біраз дүниелермен шектелеміз. Бізде негізі, мемлекет кітап шығару ісіне жыл сайын қомақты қаражат бөледі, өкінішке қарай ол қаражаттың дені әр жылы «бәленбайдың 100 жылдығы», «түгендайдың 90 жылдығы», «анақайдың 80 жылдығы», «мынақайдың
70 жылдығы», т.б. шаралардың ауқымында солардың «көптомдықтарын» шығаруға кетіп жатады. Ол көптомдықтарды парақтап көрсең көпшілігі «ұлы совет халқының бақытты өмірін» жырлаған, тап-таза кеңестік идеологияның үгіт-насихаты ғана. Ондай кеңестік кезеңнің туындылары жас ұрпақты улағаннан басқа, не береді?! Оның орнына неге біз ізденімпаз, талантты жас қаламгерлердің шығармашылығына жол ашпаймыз?! Қазір кім көп, Құдайға шүкір, шет тілін жақсы меңгерген жастар көп. Неге біз соларға қаламақыны дұрыстап төлеп, әлем халықтарының ең үздік ақын-жазушыларының шығармаларын аудартып шығармаймыз?! Егер осылай өз буымызға өзіміз пісіп жүре беретін болсақ, ерте ме, кеш пе ұлт ретінде ой-сана, мәденет, өнерден кері кетіп, жұртта қаламыз. Сондықтан үкімет жыл сайын кітап шығаруға бөлетін қаржысының «мұнша пайызын жас авторларға, мұнша пайызын ересек авторларға, мұнша пайызына шетелдік авторлардан жасалған аудармаларға» деп нақты бөліп көрсету керек. Сонымен бірге, ана бір жылғы «Мәдени мұра» деген бағдарлама секілді үш-бес жылдық ауқымды мемлекеттік бағдарлама жасап, әлем халықтарының озық ой-сана жауһарларын, ғылым-білім жаңалықтарын түпнұсқадан қазақ тіліне қотарып, шығарып алуымыз керек. Бұл бір жағынан тұтас қазақ халқының ой-санасының өсуі мен дамуына ықпал етсе, екінші жағынан қазақ тілінің әлеуетін де көтеретін игілікті іс болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.