Жазушы өз қалауынша жазуға тиіс
Ақын, жазушы Максим Замшевпен Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойында танысқан едік. Ұстамды орыс ақыны сол тойда өзінің аңғарымпаз жан екенін де байқатып қалған. Екі елдің арасындағы айырмашылықтарды өзінше саралап, тым тосын шешім шығаратын қасиеті әңгімесін тыңдауға одан әрі жетелей беретін.
Максим ЗАМШЕВ,
ақын, жазушы,
«Литературная газета» басылымы Бас редакторының орынбасары
– Орыс классиктері әлем әдебиетінде өшпес із қалдырды. Сіздің ойыңызша бүгіндері неге Толстой мен Достоевскийлер шықпай жатыр? Және неліктен әйелдер прозасы соншалықты үлкен сұранысқа ие?
– Толстой мен Достоевский өз заманында, өз әдеби ортасында өмір сүрді. Ол кезде халықтың он пайызы ғана әріп таныған-ды. Ал бүгіні жағдай бөлектеу. Бір ғасырдан аса уақытты қамтыған әдеби-мәдени бумнан кейін, қазір шаршаңқылық, көлемді дүниелердің қысқартуға деген ниет байқалады. Сол себептен әдебиет элита айналысатын және қаламақы төленбейтін мамандыққа айналды. Оған қоса тоқсаныншы жылдардағы тоқырау тұсында псевдо-мәдениеттің атын жамылған пысықтар халықтың оқуға деген ынта-ықыласын бұзды. Дегенмен, әдебиет өшкен жоқ, керісінше қайта маздады. Юрий Поляков, Александр Проханов, Владимир Личутин, Александр Трапезников, Михаил Тарковский секілді қаламгерлер қаламын тастаған жоқ. Қазіргі әдебиеттегі көкейкесті мәселелердің бірі – баспалардың қаржы табу мақсатында ортақол кітаптарды басып шығару. Бірақ бұл уақытша құбылыс деп ойлаймын. Ал әйелдер прозасына келер болсақ, әдебиет туындыгердің материалды жағдайын түзеуге қауқарсыз. Ал еркектер отбасын асырауға міндетті. Қазіргі әйел прозасынының ауқымы аса кең емес. Беллитристиканы үйде отырғандар оқымаса, кәсіби әдебиетшілер қызығады деп ойлаймын. Гендерлік саясаттың асқынып тұрған дәуірінде әйел және еркектер проза деп бөлудің өзі қиын секілді. Ең басты талап – шығарманың көркемдік деңгейі. Жалпы, оқырмандардың бульварлық шығармаларға деген қызығушылығы азайып барады.
– Соңғы кезде көп жазушы шығармаларын сыйлыққа түсу үшін жазатындай көрінеді. Бұл жақсы ма, жаман ба? Және бүгінгі Ресей үшін бұл құбылыс қаншалықты қажет?
– Бұны жақсы деп айта алмаймын. Өкінішке қарай, жазушылық пен танымалдылықтың жолы ауыр. Көп қаламгерлер танымал болмағандықтан қаламнан қол үзді. Бұл дарынды өлтірудің бір түрі. Жазушы өз қалауынша жазуға тиіс. Сыйлықтардың бәрі белгілі бір адамдарға бұйырып жататыны өкінішті-ақ. Сол себептен көркемдік екінші қатарға өтіп кетті. Жас дарындар дайын шаблонға бой ұрып, бұрнағы ізді шиырлап жатқанын көргенде ішім ашиды. Ондайға жаңалық ашамын деген оймен барады. Егер аша алмай қалса ше? Трагедия…
– Кезінде Астафьев, Распутиндардың жазған дүниелері резонанс алып, әдеби қауымның назарына ілігіп жатты. Ал бүгіндері орыс әдебиетінде осындай бір құбылыстар бар ма?
– Мен Александр Прохановтың жаңа шыққан романдарын қызыға оқып шығамын. Михаил Тарковскийдың қолтаңбасы ұнайды. Сергей Трофимұлы Алексеев пен Юрий Поляков секілді қабырғалы қаламгердің туындыларын асыға күтумен боламын. Мәселен, «Обитель» мен Сенчинның «Зона затоплениясын» оқып, көңілім қатты қалды. Жасына қарамай Даниил Гранин сияқты классиктер қолынан қаламы түспей, үздіксіз жазып жүргені біз секілді жастарға үлгі болуға тиіс. Гранинның әр мәтіні Ресейдің тірі тарихына айналды…
– «Литературная газета»-ның оқырманы өте көп және ол басылым Ресейден өзге елдерге тарайды. Әлемге әйгілі десек те болады. Басқа мемлекеттер қандай тақырыптар қозғап жүр?
– Әр елдің шешілмей жүрген өзіндік проблемалары бар. Бірақ бүгінгі уақыттың басты сауалы – жазушының қоғамдағы ролін қалай арттырамыз, кітап культын қалай жаңғыртамыз, мемлекет пен элитаны қалай жақындастырамыз. Халықтың жанжарасы мен әділеттілік тақырыбы да қаламгердің жатса-тұрса ойлантатын тематикасы.
– Сіздің ойыңызша, аударма кезінде автордың идеясын қаншалықты нақты беруге болады?
– Бәрі аудармашыға байланысты. Әрине, көркемдік идеяны нақты беру аса қиын шаруа. Бірақ жазушының ойын белгілі бір деңгейде оқырманға жеткізуге болады. Және ондай мысалдар аз емес. Бұл тұста тіл мен идеяның толықтай қабысуын ойлаған жөн.
Аударған Әлібек БАЙБОЛ.