…Сиямыз кепкенше жазуға тиіспіз!
03.08.2022
229
0

Жуырда «Мецанат» клубының ұйымдастыру­ымен роман бәйгесі өтті. Жеңімпаз өмірінің соңына дейін ай сайын 500 АҚШ долларын алып тұратын бірегей жоба алғаш рет ұйымдастырылды. Жыл сайын өтетін әдеби бәйгенің тұңғыш жүлдесі – публицист Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романына бұйырды. Жүлдегерді марапаттау шарасында жас жазушы Әлішер Рахаттың жасаған баяндамасын ұсынып отырмыз.

Адамның жан дүниесінің шекарасы – ар. Арынан аттаған адам өз-өзіне сатқындық жасайды. Бар бітім-болмысына, шынайы­лығына қиянат қылады. (Дегенмен оны біржолата жоғалтады деген сөз емес, әрине). Жақсылығың мен жамандығыңды, күнәң мен кінәңды, қуанышың мен қайғыңды ескере отырып, өзің қалаған бейнеңді ғана қалдырып, қалғанын қиып тастамай, жан дүниеңе тура қарай алу, өз-өзіңмен шынайы бола алу – ардың ісі. Абайдың: «Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес», – деп өз жандүниесін жалаңаш суреттеуі де оның әдебиет алдындағы ары таза екенін аңғартады.
Ал Қазақстан аумағында тұратын барша тұрғынның арының шекарасын шегендеуші – мәдениет. Олардың жан дүниесіндегі параметріне ықпал ететін – өнер.
Меніңше, қазіргі кезде жалған сезімдерді, жасандылықты насихаттайтын фильмдер, спектакльдер, бейнебаяндар, қысқа бейнероликтер, музыкалар, кітаптар қаптап кеткен сыңайлы. Адам жанына терең үңілмейтін, клиптік ойлау жүйесіне икемделген, шаблонды түсініктер кеңінен таралуда. Оны өмірдің шынайылығы деп қабылдап алғандар махаббатын да, досын да, қасын да, отанын да, ата-бабасын да танымайды. Өйткені олар өмірден тым алыс, тым арзан түсініктердің қалқасында адасып қалған. Бұл халықтың рухани қауіпсіздік мәселесі десек, асыра айтқандық емес.
Заман нағыз өнерді жекпе-жекке шақырып тұрғандай әсер қалдырады. Кез келген адамның қолында жеткілікті ақпарат бар. Шынайы өнермен күнделікті мыңдаған сериалдар, шаблонды фильмдер, инстаграм мен тик-токтағы видеолар бәсекеге түседі. Солардың арасынан нағыз таланттың дауысы жарып шыға ала ма? Бәсекеге қабілетті ме? Міне, бүгінгі сұрақтың ауыры осы. Сол үшін де өнер адамдары күресуі керек деп санаймын. Өйткені телевидение мен фальш, пафос фильмдер, видеолар адамның жанын, ішкі әлемін қоқысқа толтырып тастайды. Қоғам реалды өмірден ажырап қалады. Шын өмірден қол үзу – түгел қоғамның дертке ұшырауы. Ненің өтірік, ненің рас екенін айырудан қалады. Кім қаттырақ сөйлесе, соны тыңдайтын болады. Ал бұндай жағдайды біз өз елімізде күнделікті кездестіреміз. Бұл үрдіс мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді, сайып келгенде. Бұған қоса, «қоқыс ақпарат» – адамның тұлғалық қасиетін жоюмен айналысады. Ақпараттар ағыны бір-біріне өте ұқсас, жасанды сезімдерге әуейі және популистердің қолындағы шыраққа айналды. Адамзатты жалған түсініктерден арашалап қалу үшін өнер майталмандары талмай еңбектену қажет деп санаймын.
Осы ретте әдебиеттің қоғамдағы рөлі туралы бірер сөз қозғасақ. Әдебиеттің бүгінгі қоғамға ықпалы бар ма? Жүз мыңдаған оқырманы бар көзі тірі ақын немесе жазушы бар ма? Жасы да, кәрісі де ұйып тыңдайтын, көпшілік танитын әдебиетші кім? Меніңше, жоқ.
Жиырмасыншы ғасырдың 70-80 жылдары тарихи романдар жарық көре бастады. Сол уақыттан бастап қазақ халқының тарихи жады ұзарды. Өзінің кім екенін, қайдан шыққанын санасына сіңірді, 1986 жылдың желтоқсанында тарихи санасын оянған ұрпақ дүрк көтерілді. Демек, ол замандағы әдебиет пен әдебиетшілердің қоғамға қандай әсері болғанын бағамдай беріңіз. Желтоқсаншылардың Жазушылар одағының алдына келіп, «ағалар» деп айғайлауы да бекер емес.
Тәуелсіздік алдық. Арғы-бергі тарихымызды білеміз, зерттелді, зерттеліп жатыр. Одан бері бірнеше тарихи романдар жарық көрді. Бірақ біз сол тарихи романдардың әсерінде қалып қойған сықылдымыз. Өйткені тек өткенмен мақтанатын, «қазақ деген ұлы халық» деген ұраншыл сөзге ұюға әуеспіз. Сондай-ақ тәуелсіздік алған жылдары мемлекетіміз аяққа тұру барысында экономиканың құлдырап, адамдардың кітап оқуға мұршасы болмай, оқыстан келген капитализмге бейімделе алмаған жазушылардың күнкөріс қамымен кеткені түсінікті. Солайша, ардың ісі – әдебиет тұралады және дәл осы тұстан бастап ел ішін арсыздық кезді. Қолына билік тиген азамат алдымен өз жаны мен малын ойлауға көшті. Тіптен шалғайдағы ауыл тұрғындары да өз меншігіндегі жерін қоршап, елге ортақ өзен, көлге, ұлттық мұраға «жеке билік» жүргізуге ұмтылғаны рас. Өйткені ол ардың ісін, адамның абыройы мен жауапкершілігі дегенді білген жоқ, оны есіне салып тұратын әдебиет әлсіреді. Жалпы, кез келген салада нағыз мамандар азайып кетті. Елді бойкүйез­дік биледі. «Малым – жанымның садағасы, Жаным – арымның садағасы» дегенді естен шығарып алдық. Ашаршылық пен НКВД салған жараларды емдеуші өнер қарапайым халыққа жеткен жоқ.
Мен бір нәрсені анық ұқтым: Өтіріктің шешесі – Үрей. Үрейден өтірік туады. Бүкіл халықты үрейде ұстау елді түгел өтірік билейді дегенді білдіреді. Осы тұрғыда оларды өтіріктен арашалап қалушы – өнер болуы керек еді. Өнердің мақсаты адамдардың санасындағы кісенді шешу болған және бола бермек. Өйткені әркім өз ішіндегі кембағал комплекстерде қамалып қала беретін болса, қоғаммен, ұлтпен, халықпен бірлікті сезінбесе, ортақ мәдениетті сақтамаса, әркім көрпені өзіне тарта береді. Оларға өздерінің еркін адам екенін сезіндіру қажет. Қазақстанның әрбір шаршы метрі өздеріне тиесілі екенін ұғынуы маңызды. Оны сатуға, өртеуге, тонауға болмайтынын да… Өз елінде кең тыныстап, аяғын алшаң басып еркін жүруіне толық қақысы бар екенін де…
«Алдымен – экономика, сосын – саясат…» деген ұранды жүзеге асырдық. Ақшамыз көп болмаса да, бар. Орталық Азиядағы үлкен мемлекетпіз. Әскери жағынан да, экономика бойынша да. Бірақ мәдениетіміз қандай күйде? Арымыздың шекарасы орнында ма? Арды сақтау үшін әділетсіздікке қарсы күресте басымызды құрбандыққа тіге аламыз ба? Қолымызда ақша жымқырудың барлық мүмкіндігі бола тұра және жазадан жалтарып кете алатынымызды біле тұра, жемқорлықтан бас тарта аламыз ба? Көз алдымызда жазықсыз жапа шеккен азаматты арашалап қалатын қауқар бар ма? Жоқ әлде кінәнің бәрін біреуге артып қойып, жауапкершіліктен жалтарып кетеміз бе? Адамға Құдай сыйлаған еркіндікті құрметтеп, өзгенің жеке басына қол сұғуды ар көретін күнге жеттік пе? Яғни біз арымыздың алдында қаншалықты адалмыз? Бұл өзімізге қоғам болып қоюға тиісті сұрағымыз.
Ал енді, ардың ісі болған әдебиеттің проблемалары бұған дейін де әр жерден көтеріліп келеді. Әдеби агенттік, аудармашылар, баспа мен жазушы арасындағы келісім, авторлық құқықтың қорғалуы сынды нәрселер айтылып жүр, дегенмен әзірге оң өзгерістердің ауылы байқалмайды. Әртүрлі бағдарламалармен шығатын кітаптардың да жетіскені шамалы. «Кітабыңды шығарғанымызға риза бол» дегендей, автордың қолына 50-100 дана кітабын ұстатады да, баланы алдағандай қайтарып жібергенін де, соған мәз болған авторларды да көрдік. Гонорар көп жағдайда төленіп жүрген жоқ. Өз туындысын тегін шығаруға келіскен автор не өзіне тым сенімсіз, не өз шығармашылығының құнын нөлге, өз бағасына бағалап тұр дегенді ғана білдіреді, құрметті қаламдастар.
Соңғы жылдары әдеби конкурстардың саны көбейіп келе жатқаны қуантады. Дегенмен де өзі қазылар алқасының мүшесі бола тұра конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанған жағдайларды да, қазылар алқасының тамыр-таныс, дос-жарандарына жүлдені бөліп бергеніне де куә болдық. Бұл әдебиеттің өзін арсыздық жайлап кеткенін білдірсе керек.
Жә, конкурстарға қайта оралайық. Әдеби бәйгелерде прозадағы әңгіме жанрына ғана көңіл бөлініп келеді. Бәлкім соңғы жылдары романдардың саны күрт азайып кетуінің себебі осында шығар? Енді бүгінгі «Меценат» жобасы Қазақстанда кенже қалып бара жатқан роман жанрының қайта өрлеуіне жол ашарына үмітпен қарап отырмыз. Әрі кітап оқитын халыққа айналуымызға септеседі деген сеніміміз мол. Қарапайым халық оқып, бағалап, халықтың дауысымен жеңіске жету – бәріміздің арманымыз еді. Әйтпесе, расымен, Ерлан Асқарбеков айтпақшы, «мені ешкім түсінбейді», «біз үлкен өнер жасаушымыз» деген өте ыңғайлы позицияда жайғасып алдық. Менің көзім жеткен бір нәрсе бар: «егер шынымен оқырмандардың ойындағы сұрақтарға жауап табатын шығарма жазылса, ол бәрібір оқылады, сатылады» екен. Әрине, әзірге он мыңдаған тиражбен емес, десе де, белгілі бір деңгейде аудитория бар. Романдар көптеп жазылып, олар барынша насихатталған сайын, аудитория кеңейе түспек, сәйкесінше, автор тек шығармашылықпен күн көретін дәрежеге жетеді. Яғни кәсіби жазушы болуға бір қадам жақындайды. Ал «Меценаттың» жүлдесі – өмір бойына айына 500 АҚШ доллары төленеді. Ол орташа айлық жалақы. Демек, бұл жазушы үшін таптырмас мүмкіндік. Ол бүкіл өмірін жазуға арнай алатын жағдайға ие болады. Ал оның шығармашылығын бағалайтын – төрт-бес субъективті пікір иесі емес, түгел халық. Әдебиетшінің ең жақыны да сол – оқырмандары. Әрине, бұл тұста кімнің әлеуметтік желіде тіркелушісі көп немесе кімнің таныс-тамыры, ауылдасы көп деген мәселе туындауы мүмкін. Мұны ардың ісімен айналысатын әдебиетшінің өз жауапкершілігіне қалдырайық.
Қатарлас қаламдас достарыма «роман жазыңдар» деп жиі айтамын. Сол кезде олардан көбіне «әлеуметтік жағдайымыз келмей тұр», «романға күш керек, оған тіршілік бой бермейді», «оны шығаратын баспа жоқ», «қатыстыратын бәйге жоқ» деген тәрізді жауаптар естимін. Мен барлық қаламдастарымды «Меценатқа» қатысып, бағын сынауға шақырамын. Кем дегенде, шорт тізімге енсе, үлкен мүмкіндіктер ашылып, отандық, шетелдік баспагерлердің, кино продюсерлердің қызығушылығын тудырады деген үміт бар. Айналып келгенде, нағыз өнер уақыттың аяусыз сүзгісінен сүрінбей өтетіні ақиқат. Антон Чеховтың «Дядя ағай» драмасында Еленаның дәрігер туралы айтатын мынадай сөзі бар: «Ол бүгін еккен ағашының жүз жылдан кейін не болатынын ойлап тұр. Талант деген осы». Яғни нағыз талант – уақыттан тысқары өмір сүре алады деген сөз. 176 жыл бұрын өмірге келген Абайдың өлеңі, қара сөзі неліктен әлі күнге актуалды? Демек, біз бүгінгі күнді ғана емес, жүз жылдан кейінгі ұрпақтарымызды қазірден, дәл қазіргі сәттен бастап ойлауымыз керек. Дәнін егу керек. Жүз жылдан кейін жеке басының мүддесінен арын, елін, қоғамын биік ұстаған Қазақстан азаматтары осы елді алып мемлекетке айналдыратынына кәміл сенуіміз қажет. Ал біз соған қазірден қамданғанымыз абзал. Бір ғасырдан соң да Қазақстанның территориясына ұшып өткен аққу өзінің қауіпсіз мекенде екенін, бұл жақта қазақ халқы тұратынын, әрі олардың аққуды атуға ары жібермейтінін сезіну үшін біз жан беріп жұмыс жасауымыз керек. Қазақ мың жылдан кейін де қазақ болып қалуы үшін аянбай тер төгуге, қолымыздың қары талып, сиямыз кепкенше жазуымызға тура келеді.
Оқырманмен шынайы бола білу, ар алдында адал болу – әдебиетшінің ең үлкен парызы. Өтірік жазуға, оқырманды логикаға келмейтін ертекке сендіруге әсте болмайды. Оны жалған ойлардың жетегіне итермелемеу, ұраншыл сөздердің салқынынан сақтап қалу, бойына арамшөптер өспеуін қадағалау – басты міндеті. Сонымен қатар романның көлемін, ондағы қырық-елу мың сөзді игеріп үйренген дұрыс тәрізді. Ол шеберлікті шыңдайды. Осы ретте Бальзактан үйренеріміз көп. Бәлкім, жақсы шығарма туар, яки, нашар, бірақ сол көлемді меңгермейінше, жақсы жазу да мүмкін емес деп ойлаймын.
Сондықтан құрметті қаламдастар, болашақ Қазақстан үшін, кембағал комплекстерден ада болашақ қазақстандықтар үшін, елдің рухани құндылығы үшін, тәуелсіз еркін ойы үшін, әділетсіздікке қасқайып қарсы тұра алатын батыл болуы үшін бар күшімізді сарп етіп, еңбек етейік!

Әлішер РАХАТ,
жазушы-драматург

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір