Білім гранттарын бөлу туралы
Қазақстанда ақылы оқуға түскісі келген талапкерлерді ұлттық бірыңғай тестілеуден босату мәселесін ҚР Парламенті Сенатында өткен «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу перспективалар» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау барысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев көтерді.
«Өздеріңіз білетіндей, «Ақ жол» партиясы еліміздің жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне түсетіндер үшін ұлттық бірыңғай тестілеуді алып тастау туралы бастама көтерген болатын. Қазіргі таңда біз мәселені егжей-тегжейлі талқылап жатырмыз. Ұлттық бірыңғай тестіні мемлекеттік білім гранттарын бөлу құралы ретінде қалдыру ұсынылған болатын», – деді Ерлан Сағадиев.
Парламенттік тыңдау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздегі орта білім беру жүйесінің үйлесімді қызметі мен мектептердің сапасы әрбір отбасына, әр азаматқа қатысы бар екенін біз жақсы білеміз. Биыл Қазақстан Президенті мемлекетіміздің болашағын қамтамасыз етуге бағытталған еліміздің үшінші жаңғыруы жөніндегі бағдарламаны енгізді. Дамыған 30 елдің қатарына ену жөніндегі іргелі мақсатқа қол жеткізуге бағытталған бұл бағдарламада адам капиталының сапасын жақсартуға, соның ішінде білім беру сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр», – дей келе, Сенат төрағасы мемлекет басшысы білім беру жүйесін экономикалық өсудің негізіне айналдыру үшін оның қызметін түбегейлі өзгерту жөнінде тапсырма бергенін еске салып өтті.
«Қазіргі кезде технологиялардың қарқынды дамуы, әр түрлі салаға инновациялардың енгізілуі, жаппай цифрландыру, жаңа технологиялық тәртіпке көшу орта білім жүйесін дамыту барысында жан-жақты ескерілуі тиіс. Елімізді жаңғырту жолындағы міндеттерді орындауға барынша қабілетті мамандарды дайындап шығару үшін Қазақстанның білім беру жүйесі қазіргі заманның талаптарына толығымен сай болуы керек», – деді ол.
Ал өз кезегінде сөз алған Білім және ғылым министрі Мемлекеттік грантқа ілікпеген «Алтын белгі» иегерлерінің проблемасына да тоқталып өтті. «Биылғы жылы жоғары оқу орындарына 36 500 грант бөлінді. Республикалық комиссия грант бөлу мәселесін жан-жақты қарап, қосымша 1 500 грант бөлді. Биыл комиссияның жұмысына ата-аналар қатысып, тестілеу орталығына барып, гранттарды бөлетін компьютердің, бағдарламаның қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көрді. Олар осы процестің ашықтығы мен әділдігіне көз жеткізді. Кейін олар өз пікірлерін баспасөзде ашық айтты. Әрине, биыл осы мәселеге байланысты бірнеше шешім қабылдау керек. Ең алдымен әр мамандыққа квота беру процесін өзгерту қажет болып тұр», – деді Ерлан Сағадиев. – «Мәселен, оның айтуынша, жалпы медицинаға 3 мың грант берілсе, стоматологияға 45 грант қана беріледі. Педагогикаға «Серпін» бағдарламасын қоса алғанда 8 мың грант берілсе, экономикаға тек қана 46 грант бөлінеді. «Әрине, экономикаға түсетін балалар 135 баллмен түсе алмайды. Ал педагогикаға барған балалар 65 баллмен өтіп кетеді. Бұл мәселе қоғамда жыл сайын наразылықты көбейтіп отыр. Оны көріп те отырмыз. Әрине, «Алтын белгі» алғандардың мәселесін шешу керек. Ол жұмыстарға қазіргі уақытта кірістік», – дейді министр.
«Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу перспективалар» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау барысында Білім және ғылым министрі алдағы оқу жылындағы талапкерлер үшін ҰБТ бұрынғыдан да ашық өтетінін айтты.