Ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу қажет
30.12.2022
350
0

Мен қазақ жастарының тағдырына алаңдаймын. Қазір ой-санасы оянбаған, бұзылған жастар көбейіп барады. Оңай үйленіп, оңай ажырасады. Бірі ұлдың, бірі қыздың кесірінен. Кейбіреуінің екі жағы да кінәлі. Нәтижесінде жетім балалар көбеюде. Мұның соңы не болмақ? Кейбір студенттеріміз, балиғатқа толмаған мектеп оқушылары да героин саудасымен шұғылданатын болыпты. Құмар ойынға салынғандар, жезөкше қыздар көбейді. Тәнін сататын әйелдерді былай қойғанда, ақшалы қарт әйелге тәнін сататын жас жігіттер де пайда болыпты. Бала ұрлап сатушылар, үй тонап, жазықсыз кісі өлтірушілер, діни теріс ағымға кеткендер, қастықпен орманға, үйге өрт қоятындар, балиғатқа толмаған балаларға зорлық жасайтындар да аз емес.

Осындай жан түршігерлік оқиғалар белең алып барады. Бұл сұмдықтар Жаңа Қазақстан тағдырына балта шаппайтынына кім кепіл бола алады? Бұл жалғаса берсе, кейінгі жас ұрпақтардың тағдыры не болмақшы? Айтылып, жазылып жатса да, бұзақылықтар тыйылмай тұр. Мұның алдын алу үшін әуелі орта, бастауыш мектептердегі ұлттық тәрбиені күшейту керек деп ойлаймыз. Оны қалай күшейтеміз? Орта, бастауыш мектептерде тіл біліміне қатысты сауаттылықты күшейту қажет. Өйткені орта, бастауыш мектептердегі жұғымды тәрбие – жоғары мектептердегі тәрбиенің іргетасы. Іргетасы мықты болмаған құрылыс та құлап қалмай ма? Ендеше орта, бастауыш мектептегі тәрбиені қалай күшейтіп, іргетасты берік ете аламыз?
Ол үшін, біріншіден, орта, бастауыш мектептердің басшылығы, мұғалімдері саралануы керек. Екіншіден, мектептің оқулықтары ұлттық тәрбиені өзек етіп, ұлттың, ғылымның, діннің, әдебиет пен көркем өнердің тарихы жүйелі оқытылуы қажет. Үшіншіден, әсіресе тіл біліміне қатысты лексика, фонетика, грамматика, логика сабақтары мұқият өтілмесе, оқушылар тіл білімінен мақұрым болады. Ол тіл тағдырына – ұлт тағдырына кесірін тигізеді. Қазір Назарбаев университетінде оқып жатқан студенттердің кейбіреуі лексика, фонетиканын, грамматиканың, логиканың нендей білім беретінін білмейді екен. Оларда жазық жоқ. Орта, бастауыш мектептерде бұл сабақтар өтілмеген. Ондай болса, орта, бастауыш мектептердегі іргетасты мықтылау үшін – оқулықты Жаңа Қазақстанның талабына сай, толық кемелдендіру қажет. Қайсы ұлттың болсын, тіл біліміне қатысты лексика, фонетика, грамматика, логика пәндері бұрыннан ірге тепкен. Қазақ тіл біліміне қатысты негізгі оқулықтардан біз айырылып қалған сияқтымыз. Сол жоғымызды түгендеуге мұқтаж болып отырмыз.
Жаңа Қазақстан – бұзылған жас­тарымыз бен енді дүниеге келіп жатқан сәбилерімізді бұл тажалдан құтқарудың ең абзал жолы. «Тәрбие – тал бесіктен» болғандықтан, отбасы тәрбиесі де негізгі орында. Бірақ өкінішке қарай, барлық отбасының тәрбиесі бірдей жұғымды емес. Өзі бұзылған ата-ана қайтіп ұрпағын дұрыс тәрбиелей алсын? Қазір қоғамдық тәрбиенің рөлі күшті болып тұр. Ырықты орынға шығып алды. Себебі – отбасы тәрбиесі мен мектеп тәрбиесінде әлсіздік басым.

Тұрсынәлі Рыскелдиев, жазушы, ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір