«Кеудемдегі жалғыз тал жапырағым…»
29.09.2017
1872
0

Исраил Сапарбай


Күз
Күн жылайды…
Тұнжырайды қас-қабақ.
Кеще өмірім кешегімнен басқарақ:
Сөздің мәні – жалаң,
желең,
желбуаз,
Көздің бәрі алабажақ, ашқарақ!

Күн жылап тұр…
Тұнжырап тұр бар аймақ.
Мені қойшы,
Сенің халің қалай, Бақ?
Әлдекімге кіжінемін әйлеңкес,
Алпыс екі тамырымда қан ойнап!

Күн жылайды…
Бұлжымайды бұл мәніс.
Тән – тақуа,
Жан – жадыгөй, былғаныш!
Ерінгеннің етегіне жармасып,
Көрінгеннің жетегінде жүр НАМЫС.

Күн жылап тұр…
Былжырап тұр бар маңай.
Өмірім-ай, өгіз жеккен арбадай.
Ұлы жұртта Айға ұлыған ҰЯТ-ай,
Бақыр ғұрлы бағасы жоқ АРМАН-ай!..

…Күн жылап тұр,
Тұнжырап тұр бар маңай…

Жолайрық
Орманымды өрт жалап
Айтақырға ауыстым.
Қыз-қырқынға көп қарап
Көз майымды тауыстым.

Жан-тәнімді тырмалап,
Қыңсылайды итше өлім.
Жамылғысы бір қабат
Зардөштімін Ницшенің.

Көңілімнің ауанын
Алқалайды басқа әлем…
Тағдырымның тауанын
Таңбаладым тасқа Мен.

Сезім кейде шала мас,
Ақыл кейде таскерең.
Алды-артына қарамас
Айға шапқан жас берен!

Не көрмеді жазған бас…
Керек етпен Емшіні!
Кірпігімнен тамған жас –
Кіндігімнің көлшігі.

Жаңғырығы жапанның –
Біржан дауыс, Ақан зар.
Қайғысындай Қаһанның
Қара баста мақам бар.

«Муза орнына мұң көсеп
Отырғаным кімге сеп.
Есекке де мінбесек,
Есепке де кірмесек…».

Бейішіне бет алғай
Мәйін мақам, маржан жыр.
Ел-жұртына жете алмай
Енесайда Мағжан жүр…

Етек-жеңі еңістей
Көз алдымда күнде Абай…
Кеңсірігі кебістей
Махамбет қой күллі адай!

Біле жүргей жеткіншек
Қан-жынымды қазбалап:
Өмір – маған өткіншек,
Өлім – маған әз қонақ.

Жұмбақ үй
Саусағыңда сүйкімді
Сақинаң бар сиқырлы.
…Шеткерілеу көшеде
Оңашалау үй тұрды.

Елден ерек бұл үйде
Сезім сергек, ой – қайғы.
Күйсандықтың тілінде
Он саусағың ойнайды.

Қарғыбаулы иті бар,
Қауып алар сиқы бар.
Күй тынғанда ит үрер,
Ит үргенде күй тынар.
Жұмбақтау бұл мекенге –
Ұлылардың тұрағы:
Бетховен де, Шопен де
Келіп-кетіп тұрады.

Жұмбақтау бұл мекенге –
Ит қорыған қақпасын.
Менің Шәмші көкем де
Талай бұрған ат басын…

Қанжылаған көңілге
Қай сөз үзір,
Қай үн бап?
Шынымды айтсам, менің де
Қалғып жүрген жайым жоқ.

Ышқынатын жерінде
Ішін тартса шертпе күй,
Көрім бе, әлде, төрім бе –
Шақырады шеткері үй.

Хақ Қағбасы қақпа ашып,
Жаңбыр тілеп жан-денем.
Өзімді-өзім тап басып
Танымастай халге енем.

КөзмоншақтайҚыз осы
Көрсетпейді көркін жас.
Шеткері үйдің музасы
Шертпе күймен төркіндес.

Сақина да, саусақ та,
Лүп-лүп соғып жүрегі…
(О, Тәңірім, сау сақта!)
Түсіме еніп жүреді.

Өрімтал да өндіршең,
Жұлдыздан да тым әрі:
Сол жұмбақ қыз, мен білсем,
Жүрегімнің Тұмары!

Бесік сәнді сәбимен,
Фәни – жалған,
Бақи – хақ!
Мені іздесең, сол үйден
Табылмағым ақиқат!..

Өмір
Ес білгеннен еркелікке кендеміз,
Емешегін білдірмеді-ау емге күз.
Енесіне емексіген еліктей,
Елдің сөзін еміп өскен пендеміз.

Жылу қайда?
Сұлу қайда сыланған?
Тау сілемі көрінбейді тұманнан.
Жазмышыңа жалдану да бір арман,
Ахиретке қамдану да бір арман.

Жаттанды өмір:
кеше,
бүгін,
және ертең…
Таңнан тұрып көлеңкемді тағы ертем.
Бозым қалпың босағаңа сүйеніп,
Мен кетемін,
Сен қаласың, жан еркем.

Жалбарын
Естен шыққан жоқ әлі
Тағдырымның тауаны.
Дәрі қыздың обалы,
Кәрі қыздың сауабы.

Арылмаған күнәдан
Әй, басым-ай, әй, басым…
Өксіп-өксіп жылаған
Өндіршегім, қайдасың?

Құлдығыңды құп алған
Қанша мәрте есіттім?..
Жылап жатып қуанған
Аманбысың, Бесіктім?

Сыңарыңды таптың ба,
Сынық қанат Аққу-мұң?
Әуресі бар бақтың да,
Тәубесі бар тәтті удың.
Өтті, кетті қанша жыл
Құп болғалы құлдығың…
Қылығыңды аңсадым,
Қылдай нәзік Мұңлығым.

Шер қысады кеудемді,
Көңіл шіркін екіұдай.
Кем-кетікті пендеңді
Кешіре гөр, е, құдай!..

Бұл қазақта…
Бұл қазақта екі сөздің бірі өлең,
Қайсыбірін таңдайды ел?
Аяққаптай кеудемізді шіреген
Апыр-ау, бұл қандай жел?

Бұл қазақта екі ақынның бірі «ұлы»,
Екі қайтып келмейтін.
Көкіректе көктемесе ұрығы,
Топырақта өнбейтін.

Бұл қазақта екі көздің бірі сау,
Ал біреуі…сәл зағип.
Үңгірдегі жүрегіңе, дұрыс-ау
Үңілгенің шам жағып.

Бұл қазақта екі достың бірі қас,
Жеме-жемге келгенде.
…Қасқыр қалай Айға қарап ұлымас,
Кеудесін шер кергенде?!

Болып-толған
Бұл қазақ бұрынғыдан батылданды:
Там салды,
Таңдап жүріп қатын да алды.
Ендігі бір ермегі – өлең тыңдау
Алдырып үйлеріне ақындарды.

Ұнатып «Қаламгерді», «Қамшыгерді»,
Босатып байлауынан бар шідерді.
Ендігі бір аңсары – ән салдыру
Шақыртып әншілерді,
Шәмшілерді…

Бұл қазақ бүгін басқа кешегіден:
Айдары, айбарынан еседі жел!
Жүректің күйігін де баса білген,
Жібектің түйінін де шеше білген!
Адамда таусылған ба мақсат, арман:
Бір қазақ үй таңдап жүр жат шаһардан.
Жаһанды жамыратып жатқан да сол
Жұртында жұмақ салып ақша қардан.

Көр-жерді бөріктірсе бөріктілер,
Көз тігер «Көбелекке» көріктілер.
Көбейді аяулыдан айлакерлер,
Көбейді жаяулыдан көліктілер.

Бұл қазақ кешегіден бүгін басқа:
Жұт тілеп отырмайды жұмыр басқа.
Жар құшпақ ниеті бар жас иістен,
Айға ұшпақ арманы бар, ғұмыр жазса…

Күн туар әлі талай өліп-талар,
Көнтақы көлікке де желік қанар.
Қазекем аман болса,
Ауласына
Арштан Айпері де келіп қонар!..

Көкбөрінің азасы
Мына күннің еншілеп несін алам?
Қорым жайдың ұнайды кеші маған.
Алабажақ өмірден
Ада-күде
А-н-а-ау жаққа мен, бәлкім, көшіп алам?..

Ондағы Ағам тағы да түсіме енді,
Түсіме енді…
Бір Елес ішіме енді.
Кеудемдегі жалғыз тал жапырағым
Кәрі ақпанға жеткенше үсіп өлді.

Ішім өлі,
Тірі жүр тысым ғана.
Сыңарым ғой –
Сыңсыды құсым мана.
Ыңырсыған, ышқынған айқайыма
Селт етпейді мүсін Тау, қысыр Дала.

Айқайым ба?
Тұншығып о да өліпті,
Оята алмай ұйқыдан көне жұртты.
Күлбеттеніп күлімкөз Күнікей қыз,
Күн де көшін Қап тауға шөгеріпті.

Бедірейіп өлі көз Аспан да анау,
Шаркесесі шараптың бос қалған-ау?..
Сен де, бәлкім, бір зәуді сездің бе екен,
Мола жаққа молдасыз қашқан бала-ау?

Ана зары…
Байбалам бала нәші…
Өмір тәтті,
Қаймана – бал арасы.
Көкке қарап ұлыған Көкбөрі үні –
Күллі түркі тұрқының Жаназасы!..

Түн. Оңаша…
Құлдық ұрдым!..
Құдайым-ау, сен кімсің?
Тілегім – түн…
Аспан шамын сөндірсін!
Бәденіңе бәйітіммен бал құйып,
Әлеміңе келіп отыр енгім шын.

Құдайым-ау,
Құдайым-ау,
Құдайым,
Көктен жерге түскен білем Күн, Айым!
Шыдамымның шымылдығын түргендей
Қас-қабағың,
Қос жанарың,
Шырайың…

Көз алдымда–көкем-ай қыз, көркем гүл…
Дегбірім жоқ:
өлдім,
өштім,
өртендім…
Көміп отыр көз жанарын кірпігі,
Келіп отыр құшағына ерте енгім.

Келіп отыр ақтарғым да төңкергім,
Бүгін, қазір…
Керегі жоқ ертеңнің!
Атып алсам – аққуыма обал-ау..,
Қапы қалсам – «гөйгөйімді» шертермін.

Құдай ұрсын періштеден кем көрсем!
Құлайын шын,
Еркеленіп ем берсең.
Кенеземде темір балқып, су құрғап,
Жеме-жемде сен жеңіліп, мен жеңсем!
Ал сонан соң…
Мейлі, мейлі, көрге енсем…

Ұрғашы
Белдігі белден төмен шалбарыңның,
Салпыншақ… өзі білем салдауырдың.
Жейдеңнің асты да ашық, үсті де ашық,
Осы ма, қарағым-ау, бар жамылғың?

Мүмкін бе көре тұрып тән ауламау?!
Немене, желбіреген жамау ма анау?..
Апырай, мүлдем қатып кетер ме еді
Бір сырға тағып алсаң танауға анау!

Бір сырға қайда десем,
Кіндікте екен!
Кіндікке сырға тағу күңдікке тең!
Әлемнің әлемішін іліп алған
Түндігін қараша үйдің тілдік пе екен?!

Кескірдің қындағы өткір кездігіндей
Қай жерің қалды тағы көзге ілінбей?
Қыз бала – қызыл етік киген бикеш,
Қайтейін, қас қылғанда, өз гүлім ғой…

Қайтейін, өз гүлім ғой бәрі, бәрі…
Жақсының шаңырағы,
жары, нәрі…
Замана қалай-қалай құбылады?
Қаймана қалай-қалай қағынады!..

Көбейсе сөзімде мін, көзімде мұң,
Өзімнен-өзім, мүмкін, безінгенім?..
Астынан Ақордамның су шыққандай
Қызыл тіл, неге сонша безілдедің?

Кез келсе керуенің құладүзге,
Ішінен екі көздің бұлақ ізде.
…Гаремнің кәнизагы «Мың бір түнде»,
Әлемнің кәнизагы мына бізде!

Ит-Өмір
Ауыл жәйлі туады нағыз өлең!
Ділден келсе, тілден бал тамызар ем…
Қоламтамды қайтадан қозғар едім,
Қолдан жасап алғанша аңыз әлем.

Аңызыма бүгінде кім сенеді?
Бар шығар-ау мұның да бір себебі.
Бақ қонбаса басыма, кім кінәлі?
Хақ болмаса біздерді кім сөгеді?!

Бәрі де кеш, қайтейін, бәрі де кеш,
Тағдырымда несібем,
Тарыда емес.
Қасымдағы жарым да жарым емес!
Басымдағы барым да бағым емес!

Күйкі өмір ме?
Бұл не өзі?
Ит өмір ме?
Ит өмірге жоқ екен икемім де.
Жаман айтпай жақсы жоқ,
Бүйте-бүйте
Жүндей түтіп тынармын жүйкені де.

Мен қалаға өгеймін,
Қала маған.
Бала көңіл қашан да Далаға алаң.
Қарғыбаулы ит те бір – мен де бірмін,
Күні-түні аулада абалаған!

Мұңды күшік
Кімге ғашық болмадым, кімді құшып..,
Бірер апта бас жаздым, бір күн ішіп.
Құрсағынан анамның «шар» еткелі
Қыр соңымнан қалмады-ау мұңды күшік.

Мұңды күшік…
Екеуміз көшедеміз,
Көзіміздің ішінде көсегеміз.
Қара бақыр құны жоқ дүниені
Қарғап-сілеп алғанбыз кеше де біз.

Мына көктем,
Анау жаз гүлі көркем,
Қыр соңымнан қалады-ау күліп еркем…
Ол ұлиды аспанға (күшікті айтам),
Мен құримын құрдымға бүгін, ертең…

Ал әзірге келеміз «ілдалдалап»,
Құжырасын құдайдың құмнан қалап.
Ақын да бір – аңғалақ бала да бір,
Жаңа туған жас сәби кімді алдамақ?

Тысым тірі болғанмен ішім өлік,
Қыр соңымнан қалмайды күшік еріп.
Көктем мен Жаз,
Және де әлгі ерке Қыз
Түні бойы шығады түсіме еніп.

…Көшедеміз екеуміз бүгін тағы,
Құбыласын күн қалай құбылтады?
Таңдайыма тастап-ақ жіберер ем
Талғажаудың болса егер бір ұнтағы!..

* * *
Жетпіс бес ақындарға меже білем,
«Келмеске» кетіп жатыр кезегімен.
Құрдымға мен де барып құйылармын
Өмірдің өксіп аққан өзенімен…

Өмірдің өксіп аққан өр өзені
Жібітер… жібіте алмас кенезені…
Елес пе..,
Елгезер ме..,
Сұм ажал ма..,
Түн бойы шертіп шығар терезені.

Елес пе,
Сұм ажал ма –
Түн қонағы
Кіре алмай есігімнен жынданады.
Тарайды алпыс екі тамырыма
Көктемнің жылап аққан жылғалары.

Жылайды…
Кейде мен де жылап алам,
Жан бар ма жазмышына ұнамаған?
Мұң жалғыз,
Мен де жалғыз,
Шынтуайтта,
Екеуміз туылғанбыз бір анадан.

Жетпіс бес ақындарға меже білем,
«Келмеске» кетіп жатыр кезегімен…
Құрдымға мен де барып құйылармын
Өмірдің өксіп аққан өзенімен.

Кімдерді алар дейсің кім есіне,
Тамшыдай таусылармын түгесіле.
ТілеймінТәңірімнен:
Тисе екен деп
Қара жер қарыс қадым үлесіме…

* * *
Пір тұтқан пірәдар ем қанағатты,
Қанша адам итін маған абалатты…
Келгенім бұл фәниге шартты ғана,
Мен өзім… жақсы көрем «а-н-а жақты».

Келгенім бұл фәниге шартты ғана,
Аруағым – ақ таяқты пәк Диуана.
Көмейім бүлкілдейді бір Алла деп,
Демеймін қараны ақ, ақты қара.

Көмейім бүлкілдейді бір Алла деп,
«Бір Алла, мені есіңнен шығарма…» деп.
Үңілем Бұхаридің хадисіне,
«Алланың ақиқаты Құранда» деп.

Үңілем Бұхаридің хадисіне,
Дәргейі,
Дәреметі,
Дәні ішінде.
Жетпіс бес – кәмілдіктің Кал-каусары,
Ден қойған даналықтың дәрісіне.

Жетпіс бес – Абай айтқан «кемел адам»,
Белгісі кемел адам–зерек адам.
Мен үшін ендігі өлең – шын жалбарын,
Мен үшін ендігі өмір – елең-алаң…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір