Әуезов және Алаш
29.09.2017
20849
0

Шериаздан Елеукенов


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде қазақ елінің тарихи тамыры тереңнен бастау алатын өз рухани коды бар екенін, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» керектігін айырықша атап көрсетті.

Біздің ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үнінің биік сапалы парасы – Абай даналығы болғанда, рухани кодымыздың сол буынынан бас алатын Алаш әдебиетінің жұлдызы тәуелсіздігіміздің көк туы желбіре­генде қайта жарқырады. Алаш қайраткерлері не қиындыққа төтеп беріп, патша заманында да, Кеңес кезінде де ел мәдениеті мен әдебие­тін жаңаша дамытуға бар-күш-жігерін жұмса­ғанын бүгінгі қазақ қауымы жақсы біледі. Осы мақалада сөз етілгелі отырған Мұхтар Әуезовтің Алаш арыстары қатарында қазақ ел-жұртының ұлттық намысын оятуға, рухани жаңғыруына айырықша еңбек еткенін зор қанағат сезіммен еске алады.
Таланты оттай маздаған жас қайрат Мұх­тар Әуезов Алаш қозғалысына атсалыса бас­та­ған­нан-ақ бірден ел көзіне түсті. Бұл жәйт жазық­сыз талай жанның бірін атып, екіншілерін Итжеккенге айдап жатқан кісә­пір қы­зыл терроршылардың назарынан тыс қалу­шы ма елі. Ендігі кезек сенікі дегендей, Таш­кент Орта Азия Мемлекеттік университе­тінің аспиранты Мұхтар Әуезовті де 1930 жыл­дың 17 қыр­күйегінде абақтысына жап­ты.
Мұхтар Әуезовтің сол тар жол, тайғақ кешуінің өзі бір үлкен психологиялық романға татырлық. Қараңғы үйден қалай құтылудың амалын ойластырған ол, пәледен машайық қашыптының керін істегенгенге ұқсайды. Большевиктік өкімет орындарына Ашық хат жазып, «Менің – әдебиет пен саясат жолында қандай адам болғандығым туралы Қазақстан партиялық кеңестік жұртшылығы өзінің қоғамдық сынын айтқан болатын. Ол сын ашық, нық айтылған дұрыс сын еді. Ондағы берілген баға бойынша мен «байшыл, алашордашы одағындағылардың салт-санасын әдебиет жүзінде іске асырушы кісі болғам», – дей келе, өзінің бұған дейін қала­мынан туған «Еңлік-Кебек», «Хан Кене», «Бәй­біше-тоқал», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек», «Қилы заман» сияқты шығар­ма­ларынан «Қазақстан­дағы мәдени төңкерістің жол бағытымен» үйлеспейтіні себепті түгел бас тартатынын мәлімдеді. Хат «Социалды Қазақстан» газетінің 1932 жылғы 10 маусым күнгі санында жария­ланды1.
«Ашық хатқа» бүгіндер көз жүгірткеніңде, Мұхтар Әуезов, күн жерді айналады емес, күнді жер айналады деген Коперник ілімін қолдағаны үшін инквизиция сотына түскен Галилей іспетті күн кешпеді ме екен деп те ойлайсың. Соттан басын арашалап аман шыққанында данышпан математик, астроном: «все-таки она, земля, вертится» деген ғой…
Ашық хатында ол байлардың ғана емес, қазақ жұртының бәр-бәрінің мүддесін жан-тәнімен қорғағанын, туған халқының көкей­кесті мәселелерімен жатпай-тұрмай шұғыл­дан­ғанын қызыл террор індетті аурудай тараған шақта қалай ашып айтсын, айта алмаған…
Мұхтар Әуезовтің өткен ХХ ғасырдың отызыншы жылдарына дейін қаламынан туған отызға жуық мақаладан, пьеса, повесть, әңгімелерінен «алаш одағындағылардың салт-санасын әдебиет жүзінде іске асырушы» бол­ғаны айқын көрінеді. Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов шығаратын «Қазақ» газетінің тікелей ықпалымен Мұхтар Әуезов Алаш қозғалысына белсене араласып, жастар бірлестіктерін ұйымдастырды. «Абай» атты ғылыми, әдеби, шаруашылық журналының жауапты шығарушысы кезінде газет, журнал­дарға үзбей мақалалар жариялап тұрды. Алғыр таланттың драма жанрына бет бұрғаны да осы жылдардың үлесінде.
Алаш қозғалысы идеялары, дүниетанымы замана талаптарына орай дамыса, Мұхтар Әуезов туындылары да солай өзгеріп дамып отырған. Ресейдегі Керенский бастатқан Уақытша үкімет те, өзін Ресей мемлекетінің жоғары басшысымын (Верховный правитель) деп жариялаған адмирал Колчак та Алаш көсемдері құрған Қазақ автономиясын мойындаудан бас тартты. Қай үкімет Қазақ автономиясын қолдаса, сол үкіметпен одақ құруды ұйғарған Алашорда үкіметінің тапсырмасымен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, қазақтың тұңғыш кәсіби ма­тематигі Әлімхан Ермеков Мәс­кеуге аттанады. Кеңес Халық Комис­сар­лары үкіметінің председателі В.И:­­Ле­­н­инмен кездеседі.
Абырой бол­ған­да, Алаш ардақ­тыла­рының Қазақ еліне ав­тономия әперу үміті ақтала бас­тады. 1919 жы­лы 10 шіл­де­де Қазақ өлкесін басқару жө­ніндегі Ре­вол­ю­ция­лық комитет құ­рылды. 1919 жылы 24 шіл­деде В.И.Ле­ниннің бас­қаруымен өткен мә­жілістің қаулысы бойын­ша «Ахмет Бай­тұрсынов жолдас Қазақ өлкесін бас­қаратын әскери-революция­лық комитеттің мүшесі» болып бекітілді. Ең кереметі – 1920 жылғы 30 тамызда РСФСР құрамында Қазақ автономиялы республикасы құрылып, патша заманында жері губернияларға жіктеліп, геог­рафиялық картадан қазақ аты өшірілеген әділетсіздік жойылды. Автоно­миялы Қазақ республикасына қазақтың атамзаманғы жерлері, солтүстік өңірдегі бес облыс, басқа да аймақтары түгелге дерлік қайтарылды…
Ахмет Байтұрсыновтың, басқа да Алаш басшыларының үлгісімен Мұхтар Әуезов кеңес жұмысына да білек сыбанып кірісті. 1919 жылдың желтоқсанынан бастап 1920 жылдың қарашасына дейін Семей облыстық ревко­мының қазақ бөлімінің меңгерушісі болып істеп, жазу-сызуларының айнасына ел ал­дындағы міндет, мәселелерді бар шынды­ғы­мен түсіріп отырды.
Мұхтар Әуезовтің Семей семинариясында бірге оқитын Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп «Алаш» газетінің 1917 жылғы 27 шілдедегі санында жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақаласының тақырыбын «Ресей отаршылдығы және Алаш қозғалысының міндеттері» деп шартты түрде атауға да болар еді. Аймауытов пен Әуезов Қазақ елінің азат кезі мен «тірлігі, мақсұты басқа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына», яки Ресей бодандығына ұшыраған кезеңі бір бөлек, ал бұрынғы замандағы «ұйымшыл, әрі жауынгер, биі әділ, намыскер», досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық болған кездегі ахуалы бір бөлек болғанын жазады. Қазақ елінің ендігі міндеттеріне тоқталғанда мақала авторлары Ресей отаршылдығы салдарынан қазақтың ұлттық қалпы бұрынғыдан өзгерілгенін, пар­тия-партияға жіктеліп, малын шашып, ал­ты­бақандыққа ұрынғанын, тағы да басқа ке­селдерге ұшырағанын сынай отырып, бұл ке­сапаттан құтылудың жолдарын қарас­тырады. Былайша толғанады:
«Халықтың өзіне айтып, мінезін түзеу қолымыздан келмейді. Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз – оқығандарда. Оқығандар ендігі жас балаларға өздері үлгі болып, надандықтан шығарып, адамшылықтың жарық жағына сүйреуге міндетті»2.
– «Семинарист Мұхтар» деген атпен «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 5 қыркүйек­тегі санында жарияланған «Адамдық негізі – әйел» атты мақала осы адамшылық ұғымының мәнін ұлы Абайдың: «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауы­рың» деген қағидасына сүйене отырып ашады. «Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі – тіршілік қамы, бірі – адамшылық қамы». Өзі­ме болсынды ғана көздеу адамшылық құлықты өсірмейді, соның салдарынан жақсылықтың бәрі жамандыққа айналады дейді. Адам­шы­лыққа үлгі болатын қылықты анамыздан аламыз. Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел. «Сол себепті, әйелдің басын­дағы сасық тұман айықпай, халыққа адам­шылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылы­мыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халын түзе! – деп үндейді.
«Мұхтар Әуезов» деп қол қойған және бір ма­қаласында (1917 жыл, 14 қыркүйек. «Са­рыар­қа» газеті) автор ұлтшылдық пен адам­шылық ұғымдарын бір синонимдік қа­тарға қояды. Надандық ауыртпалығының зіл бат­па­ны басқан халқымызды «өрге сүйреудің әді­сін, тәсілін табуға тырысу керек»3. –дейді.
Бұдан соңғы «Ғылым» атты мақаласында («Абай» журналы. 1918 жылғы бірінші саны) қай білімдінің ғылым жолын қағас түсінетіндігі сөз етеді: тән рахаты, нәпсі құмарлық, тұрмыс керек жарағы – бұл ескілік қалпы. «Көркем ғылым, көсем ақыл… адамшылықтың иман жүзді жарық күнінің астына апарып, бар адам баласын бұрынғы қаскүнемдік, қанышерлік жауыздығын тастатып, бір сүйіспеншілік, бір туысқандық жүрекпен табыстырса керек деп білемін»4.
Мұхтар Әуезовтің орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Бұдда» атты мақаласын тәржімалағандағы мақсұты да («Абай жур­налы. 1918 жылғы бірінші саны) адам­шылық ілімін, «тірі жанға жаманшылық жасамау» қағидасын насихаттау болған.
«Абай» журналының 1918 жылғы екінші санында ба­сылған Абай өмірі мен творчествосы туралы тұңғыш ма­қа­ласында Мұхтар Әуезов қа­зақтың бас шайырының ақын­дық өнерін, тереңнен тол­ғайды, философия­лық қуатын, сыншыл­ды­ғын, су­ретшілдігін, жүрек сырын тапқыш лирикалық нә­зікті­гін, тағы да басқа үздік сыпат­тарын тал­даумен қатар, бұ­рын­ғы қазақ поэзиясында «мі­незді суреттеп, мінді айтып, адамшылық­қа жөн сілтеген ақындар болмаған» деп, дана Абайдың «Әкесінің ба­ласы – адамның дұшпаны, адам­ның баласы – бауырың» ма­қа­лын тағы да еске сала кетуді жөн санайды.
«Абай» журналында жа­рық көрген (1918 жылғы екін­­ші саны) «Қазақ ішіндегі пар­­тия неден?» деген мақа­ла­сында Мұхтар Әуезов адамшылық, яки ұлтшылдық идеясы туралы ой­ларын жалғастыра түсіп: «Адам баласы, әсіресе, надан, еңбексіз болса, құлқынына құлдығы күшең болмақ. Сондықтан тамаққа адамшылығын айырбастайтындық әр кедейдің жұмысы. Егер сол кедейдің ешкімге жалынбай, өз қорегін өзі тауып отыратын өз харекеті болса, оның адамшылығы басқарақ жолда болған болар еді»5, – деп толғайды.
Мұхтар Әуезов адамшылық идеясын 1919 жылдың желтоқсанынан бастап 1920 жылдың Семей облыстық ревкомының қазақ бөлімінің меңгерушісі болып істеген кезінде әр түрлі жолмен дәріптейді. «Қазақ тілі» газетінің 1920 жылғы 5 ақпан күнгі санында жарияланған «Қазақ оқығандарына ашық хат» және 31 жел­тоқ­санда басылған «Бүгінгі зор міндет» ма­қалаларында қазақ оқығандарын қазақтың мұң-мұқтажын орындау мақсатына бар күш-жігерін жұмсауға шақырады. «Совет һүкі­ме­тінің заңынша оқу жұмысы қаншалық бағалы, қадірлі екенін іске араласқан кісінің бәрі де біледі»6 дей келе, надандықты құртуға (лик­видация безграмотности) бағытталған қызметті мейлінше күшейтуге, қазақтар үшін мектеп, клубтар салуды үдетуге үгіттейді.
Мұхтар Әуезовтің аталмыш кезеңдегі көркем шығармалары да тіршілік қамы мен адамшылық, ұлтжандылық қамын бір-біріне қарама-қарсы қоюымен ерекшеленеді. «Еңлік-Кебек» пьесасының 1922 жылғы алғашқы нұсқасындағы «Сөз басы» атты кіріспеде бұл ерекшелік былайша тұжырымдалады:
«Кешегі Арқаның ескек желі желдеткен ала тудың астына жиылған жер қайысқан қол қайда? Оның орнында бұл күнде күңгірт пішінді, қоңыр момын қазақ ақсақ-тоқсағын түртпектеп жүр.
Кешегі ұраншыл ел, аламаншыл батырдың орнына қараңғы түнді жамылып, ағайынның малын жетектеуді өнер қылған қорқақ ұры жүр…»7.
Бұл тезисін Мұхтар Әуезов пьесасының жағымды кейіпкерлері Абыз, Кебек, Еңлік, жағымсыз кейіпкерлері Есен, Еспембет би, Кең­гірбай би тартыстары арқылы бейне­лейді.
Сәуегей қария Абыз Есенге қаратып:
«Батыр! Қайратың адам дұшпаны арыс­танға біткен қайратпен тең екен. Төңірге­гіңді торып жүрген кәпірді көрмей, іздеген жауың мұсылман болса, алты алаштың баласын көрмей, тапқан жауың туысқаның болса, өрісің ұзақ болмас. Кер заманға кез болып, кері кеткен елдің кер тартқан тентегі шығар­сың. Басқа айтар сөз жоқ»8, – дейді.
Кіршіксіз махаббат сезімін жырлайтын «Еңлік-Кебек» трагедиясы қазақтың ру-ру боп қырқысқан бейшаралақ күйін жеріне жеткізе сынайтын, айыптайтын жан айқайы да!
Түгелдеп қорытқанда, Мұхтар Әуезов әу бастан-ақ ұлт береке-бірлігін, тұтастығын көксеп, адамшылық, ұлтшылдық идеясымен сыйыспайтын құлқын қамы үшін ел жұртын сатқандықты аяусыз әшкерелеген. Отызыншы жылдарға дейін Мұхтар Әуезов қаламынан туған қай көркем шығарма, мақала болсын маңызы, актуальділігі әлі күнге өэ күшінде.
«Қайсысын қолданамыз» атты «Сарыарқа» газетінің 1917 жылғы 19 қазандағы санында Мұхтар Әуезов Алаш қозғалысы көсемі Ахмет Байтұрсыновтың қазақ мектептеріне арнап қандай оқулықтар жазу керектігі жайлы пікірін қолдай отырып, «Ғылым жолында талай басқышқа мініп кеткен өзге жұрттарды алсақ, бәрі де жылдан-жылға оқу кітаптарын жаңғыртып, бір жақсыдан бір жақсысын таңдап отырады. Сөйтіп оқу кітаптары ылғи жазылып, жаңарудан бір босамайды»9 деп жазды. Бұл пікірді бүгінгі тәуелсіздік зама­нының халық ағартушылары бірауыздан ма­құлдап, қол қоятынына өз басым кәмілмін.

* * *
Қазақ көркем әдебиетінің классигі, әлем әдебиетінің заңғар жазушысы, атақты «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің туғанына үстіміздегі жылғы қыр­күйек­те 120 жыл толады. Мерейтой күндері біз ұлы Мұхаңның әр сөзі, ой-пікірі бек қым­бат екенін тағы да зор ілтифатпен мойын­дай­мыз.
Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылы ішін­де қазақ халқы өзінің мәдени- рухани қуатын арттыра түсті. Дегенмен, сол қуатты әлсірететін ахуал да баршылық екенін ұмытуға бола ма? Кезінде Абай, Мұхтар аяусыз сынаған жем­қор­лық, ру-руға бөлінушілік кінәраттарынан қа­зақ қоғамының әлі құлантаза арыла алмай отырғаны жасырын емес. Жазушы Мұхтар Әуе­зовтің әу бастағы Алаш туы астында көтер­ген идеяларының бірде-бірі тарих көшінде қалған жоқ. Адамшылық, яғни ұлжандылық мағынасындағы ұлтшылдық – бүгін де халқымызға ауадай қажет идеялық қару.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде «Әуезовтің ғұламалығы» рухани мәдениеті­міздің қайнар көзінің бірі екендігін тегіннен-тегін айтпаған.


1 Мұхтар Әуезов. Шығармаларының елу томдық жинағы. Әуезұлы Мұхтардың хаты. 8-том. Алматы. «Ғылым» ғылыми баспа орталығы. 2002. 479-б.
2 Мұхтар Әуезов. Шығармалар өмірі 50 томдық жинағы. Алматы. «Ғылым». 1997. 43-45-б.
3 Сонда. 49-б.
4 Сонда. 283-286-б.
5 Елу томдық 1 т.. 69-б.
6 Сонда. 150-б.
7 Сонда 156-б.
8 Сонда. 167-б.
9 Сондп. 51-б.


«Батыр боп өтті деу – Мұхтар үшін, жаңа болмаса да, қажет теңеу. Өйткені, оның өз халқы үшін жасағанын батырдың аңызға айналған ерлігі деп атау қажет».

Николай Погодин.


ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір