ӘУЕЗОВ – ТАШКЕНТТЕ
15.10.2022
785
0

Иә Мұхаң, 1922 жылы Ташкентке келген беттен-ақ, Орталық Азия ауыз әдебиеті үлгілеріне айрықша мән беріп, ерекше зейінмен оқып, үйрене бастайды. Сондықтан да ғұлама ғалым өзінің 1959 жылы ҚМКӘБ-да, Алматы қаласында бастырып шығарған «Әр жылдар ойлары» атты ғылыми зерттеу еңбегінде Орталық Азия халықтарының ауыз әдебиеті үлгілерін бір-бірімен өзара салыстыра назар аударады.

Ауыз әдебиетінің түрлі жанрлары туралы жан-жақты пікір, тамаша ойлар қозғайды. Мәселен, Мұхаң өзінің «Ертегілер» атты аса көлемді зерттеуінде: «Қай елдің ауызша әдебиет шығармаларын алсақ та, барлығында «ертегі», халықтық шығармалардың мол саласы екенін көреміз. Сол барлық елдер фольклорында «ертегі» деген атау, әрі саны мол, әрі алуан көп шығармалардың тобына арналған жинақты атауға болады» (122), – дейді. Әрі ертегілерді «Қиял-ғажайып ертегілер», «Хайуанаттар жайындағы ертегілер», «Салт ертегілер», «Алдар көсе», «Жиренше шешен, «Қорқыт»» деген сияқты т.б. тақырыптарға бөліп-бөліп пікір жүргізеді. Сөйте келе Мұхаң «Алдар көсе» жайындағы ертегі жайлы ой түйе келіп: «Алдар көсе жайындағы аңыз жалғыз қазақта емес, туыстас қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрікмен елдерінде де бар. Онда да Алдар бір пішінді күлдіргі, алдағыш, мазақшы болып көрінеді» (123) –деген ойды алға тартады. Тағы да, өз ойын өрбіте түсіп; «Осылайша Орталық Азия елдерінің көпшілігінде айтылатын Алдар көсе аңыз ертегілері ескі замандағы қоғамдық мінез, қатынастарды мазақ ететін, көпке қызықты, мысқыл күлкі болып шығады» (124), – деп түйіндей түседі.
Сондай-ақ Қорқыт ата жайлы да жан-жақты ой қозғап, пікір жүргізе келіп; «Қазіргі күнге шейін өз фольклорында Қорқыт атын сақтап келген; қазақ, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, қырғыз, башқұрт, әзербайжан елдері», – дейді де, тағы да: «Қорқытты түрк­мен, өзбек «Қорқыт ата», – деп әңгімелейді. Қарақалпақ, қазақ, қырғызда тек Қорқыт атымен жүреді. Ескі рулар аңызында суреттелген дәдә Қорқыт, қазақ аңызындағы Қорқыттан басқа бейнеде» (125), – деген байлам жасайды.
Одан әрі тағы да өз ойын дамыта, кең өріс алдыра түсіп: «Кітаби Дәдәм Қорқыт» үлкен бір қарт, кәрия, ақылгөй дана кісі болып, әр кезде жыр-толғауымен үгіт-өсиет айтып отырады» (126), – деуінің өзі, ғұлама ғалымның Орталық Азия халықтарының ауыз әдебиеті үлгілерін жетік білетінін аңғартуымен бірге, Қорқыт атаны әр халық өзінше қалай атағандарына дейін ашық тілге алады. Сөйтіп, Қорқыт атаның әр елде, әр халықта өзіне ғана тән ерекшеліктерімен қалай таныла түскеніне дейін өте анық байқауымызға да аса мол мүмкіндік береді.
Тіптен Мұхаң сол кітапқа енген өзінің «Қиял-ғажайып ертегілер» атты ғылыми зерттеу мақаласында: «Әбілқасым Фирдаусидің «Шахнамасынан» ертек боп таралған «Рүстем батыр» әңгімесін айтуға болады», – дейді де, өз ойын одан әрі жалғастыра түсіп; «Және сол Фирдауси бастаған классик-ақындар әңгіме еткен: «Жүсіп-Зылиха» жайындағы, немесе бергі әзербайжан, өзбек ақындары әңгіме, жыр еткен «Ләйлі-Мәжнүн», «Фархад-Шырын», «Ескендір», «Бахрам-Гур мен Фитина» әңгіме, аңыз болады» (127) – деп те аса терең байлам жасайды. Содан соң: «Басқа да осылар тәрізді күрделі, қызықты геройлық, не ғашықтық тақырыптардан туған әңгімелердің ауызша үлгілері қазақ ортасында әңгімелене бастағанын көреміз» (128) – деп, өз ойын жетілдіре түседі.
Одан әрі тағы да: «Бұлардың ішінде кейбіреулері қазақтың бұрыннан айтылып келе жатқан халықтық әңгімелерінің оқиғаларына қызық түрде қабысып, араласады. Кейбіреулері сол шығыстық классик-ақындардың өздерінің өмірін аңыз еткен қазақ әңгімесіне айналады. Мәселен, «Сұлтан Хұсайын және оның уәзірі Мир Әли-шер» жайындағы әңгіме «Патша қыз бен қара құл» деген атпен айтылады. Бұл ертегі бір жағынан қазақтың төлтума ертегісі «Аяз би» жайына жақын келеді. Сонда: «шөп жаманы, құс жаманы, адам жаманы кім?» деген сұрақтар – шешуі қара құл болып шығады» (129) – деп, қазақ ертегісімен салыстыра пікір жүргізеді. Енді: «Ғират шахы Хұсаин Байқара мен оның уәзірі ұлы ақын Мир Әлишер Навои қазақтың ауыз әңгімесіне осылайша, өзгеше жағдайда қатысады» (130) – деп, түйіндейді де: «Ескендір жайындағы осы дәуірде жазылған аңыз-әңгімелердің қазақ ортасында көп болғаны мәлім. Бұлардың да негізгі түрлері Низами, Навои тәрізді әзербайжан, өзбек классиктерінің ұлы мұраларынан туып, тараған қазақ ортасындағы халықтық үлгілері болады. Ол әңгімелердің бәрі хан, сұлтандарға жаңа дәуірдегі халықтың сыншы көзқарасымен байланысты әңгімеленеді» (131) – деп, турасын айтады.
Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің Орталық Азия халықтарының ауыз әдебиеті үлгілерін терең меңгеріп, оларға талдау жасай келе, қазақ халқы арасына кең тараған Қожанасыр жайлы ойларын да ашық айтады. Мәселен, ғалым: «Осы алуандас реформадан соңғы дәуірде, кітап – баспасөз шыға бастауымен жалғаса, көрші елдердің күлкі әңгімелерінен қазақ ортасында Қожанасыр әңгімелері көп тарады» (132). «Қожанасырдың өз басы қазақ емес. Әңгімелері де әуелде қазақ ортасында туған әңгіме емес. Мұның жайындағы аңыздарды алсақ, барлығының ішінде кездесетін, базар, қазы (билік айтушы әкім), шәкірт сияқты белгілердің барлығы, ол әңгімелерді шығарған жағдай қазақ елінің бұрынғы ескілікті жағдайынан басқарақ екенін көрсетеді» – (133) дейді.
Одан әрі: «Әңгіме көбінесе Қожанасырдың шаһарда тұратындағын айта отырады. Өзінің кейде шәкірттері де бар болып шығады. Осының барлығына қарағанда Қожанасыр әңгімесін қазақ топырағында туып, таралған әңгіме деп ешкім де айта алмайды. Мұны тудырған жағдай отырықшы қалалы елдердің сауда-кәсіпті жағдайы болады. Сондай ортада туып, содан жайылған. Ол жағынан қарағанда Қожанасыр әңгімесі көршілес өзбектен ауысып келген деуге болады» (134) – деген ойын алға тартады.
Аса дарында ғалым: «Қожанасыр әңгімелерін айтушы елдер, ол жайындағы естіген сөздерін ғана айтумен қанағат қылмай, әр кезде қазақтағы Алдар көсе, Жиренше сияқты өз тұстарынан қосымша, үстеме әңгімелерді де жамап, молайтып айта білген» (135) – деп, байлам жасайды. Әрі: «Бұл әңгімелер өзбек, татар, тәжік, қырғыз, қазақ, түрікмен, қарақалпақ халықтарының бәрінде де бар» (136) – екенін тілге тиек етеді.
Міне, бұған қарағанда Мұхаң Орталық Азия халықтарының ауыз әдебиеті үлгілерін жетік білгенін, анық аңғартумен бірге, татар халқының да ауыз әдебиеті үлгілерінен мол хабары барын байқаймыз. Бұл Мұхаңның, шын мәнінде ізденімпаз, ғұлама ғалым болғанының бір дәлелі.
Сөйтіп Мұхтар Әуезов 1928–1930 жылдар аралығында Ташкенттегі Орталық Азия Мемлекеттік университеті түркология кафедрасының аспиранты бола жүріп, ғылыми-зерттеу жұмысымен кеңінен шұғылдана бастайды. Сонда Орталық Азия халықтарының ауыз әдебиеті үлгілерін мұқият оқып, зерделей зерттейді. Әрі Шығыс шайырларының көркем туындыларына да айрықша назар аударып, зейін қоя оқып, әрбірінен рухани нәр алады. Олардың ақындық арынына да өз бағасын береді.
Әрі ХХ ғасырдағы кеңестік дәуірдегі Орталық Азия ақын-жазушыларының шығармаларын да өз тілдерінде оқып, әдеби тұрғыдағы көп жайларға көз жеткізеді. Олардың романдарын бір-бірімен салыстыра зерттеп, әрбіріне өз бағасын бергенде үлкенді-кішілі қаламгерлердің қас-қабағына қарамайды. Көркем туындының мәні мен мазмұнына лайық әділ үкім айтады. Оның үстіне Орталық Азияның ХХ ғасырдағы көзге көрінген аса талантты қаламгерлерімен достық қарым-қатыныста, шығармашылық байланыста бола жүріп, олардың ерен құрметіне, ыстық ілтипатына бөленеді. Сөйтіп, Ташкент қаласы Мұхтар Әуезов үшін, бірден-бір іздену, үйрену, шеберлік мектебіне айналады.
Әсіресе Шығыстың ұлы тұлғалары болған – Фирдауси, Низами, Қожа Хафиз, Сағди Шерази, Рудаки, Абдрахман Жами, Әлішер Науаи, Физули сияқты ерен ойлы ақындардың да поэтикалық көркем туындыларынан өзі де рухани нәр алады. Сөйте келе, ұлы Абай тәлім алған бал-бұлақтардың қайнар көзіне байыппен үңіледі. Олардың Абай шығармашылығына тигізген игі ықпалдары мен ізгі әсерлеріне де ерекше көңіл бөліп, мұқият зерделейді.
Осы орайда тілге тиек етерлік жайт, Мұхтар Әуезов 1929 жылдың наурыз айынан бастап, Ташкенттегі Орталық Азия Мемлекеттік университетінің Шығыстану бөліміндегі түркология кафедрасының аспирантурасына қабылданады. Мұхаң дәл осы кезден бастап тынбай ізденіп, жалықпай оқып-үйренуге айрықша мән бере түседі. Бұл орайда, ұлағатты ұстазым, бүгінгі таңдағы мұхтартанушы ғұлама ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметов: «М.Әуезов аспирантурада оқып жүріп, атқарылуға тиісті ғылыми-зерттеу жұмысы мен оқылатын әдебиеттерден үйреніп, біліп шығуға тиісті араб, парсы, неміс, шағатай, түрік, өзбек, әзербайжан, түрікмен, қырғыз тілдері жайлы үш жылға арналған жеке іс жоспарын жасап шығады» (137), – дегенді алға тартады.
Иә, сөздің шыны керек, жастайынан-ақ білім мен ғылымға айрықша зейін қойған Мұхаң, ғылыми жетекшісі, белгілі шығыстанушы ғұлама ғалым Михаил Гавриловтың тікелей басшылығында, онымен ойласа, ақылдаса отырып, аса ауқымды үш салада еңселі еңбек ету жүйесін белгілеп, жоспарлап алады. Соның нәтижесінде Мұхаң 1930 жылдың 18 наурызында түркология кафедрасына берген бір жылдық есебінде жыл бойы не істеп, не қойғанын ашық баяндайды. Сонда Мұхаң, біріншіден, көркем әдеби текстерді оқып үйрену, меңгеру барысында бүкіл түркітілдес халықтардың ауыз әдебиетіндегі барлық жанрлардың түрлерін оқып, үйренгендігін баса айтады. Оның ішінде қазақ, қырғыз ауыз әдебиеті үлгілеріне айрықша көңіл бөлгендігін де жасырмайды.
Әрі ғылыми жетекшісі М.Ф.Гавриловтың тікелей ұсынысымен шағатай әдебиетінің озық үлгілерінен, софылық әдебиеттің ірі өкілі Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметін», ұлы ақын Әлішер Науаидың көркем шығармаларымен бірге, Әбілғазы Баһадүрдің «Түрікмен шежіресі» мен Фердаусидің «Шаһнамасын» зейін қоя оқығанынан да хабар береді. Осман түріктері мен түркмен эпостарынан да алған әсері мол екенін тілге тиек етеді.
Екіншіден, тіл үйренуге ерекше мән бергенін де сөз етеді. Мәселен, әзербайжан, шағатай, түрік, түрікмен әдебиеттерін жете танып, терең білу үшін парсы тілін жан-жақты меңгеруге айрықша ден қойғанын атап айтады.
Осының бәріне құлақ асқан Түркология кафедрасының профессоры, парсы тілінің білгір маманы А. А. Семенов кафедра мәжілісінде: «Қазірдің өзінде Мұхтар Әуезов екі жыл бойы парсы тілін оқыған аспиранттармен бірдей, парсы тілін мұқият үйреніп, меңгеруге өте жақсы даярлығы бар екенін аңғартуда», – деп өзгелерге үлгі тұтады.
Профессор А.Э.Шмиттің сүйікті шәкірті ретінде, арнайы қосымша сабақтар алу арқылы Мұхаң араб тілін толық меңгеру мүмкіндігіне ие болғандығы да сөз болады. Оның үстіне Европа ғұлама ғалымдарының еңбектерімен жете танысу мақсатында, неміс тілін үйренуге де айрықша мән бергені де назардан тыс қалмайды. Үшіншіден, әдебиеттану, тіл білімі жайлы теориялық ғылыми-зерттеу еңбектерді орыс тілінде оқылғандығы да айтылады.
Осыдан кейін ұлағатты ұстазы, профессор М. Ф. Гаврилов Орталық Азия Мемлекеттік университетінің Шығыстану бөлімінде болып өткен келелі кеңесте Мұхаң жайлы өз ойын түйе келіп; «Түркі тілдері мен әдебиеті жайлы жазған жұмыстарында Әуезов, ерекше табыстарға қол жеткізе алды», – дей келіп: «Ол – әсіресе қазақ, қырғыз әдебиеті саласында аса дарынды ғылыми қызметкер бола алатынына менің сенімім мол», – деп кеңес мүшелері алдында Мұхаңның бір жылдық еңбегіне аса жоғары баға береді.
Бұл жазылған жайлар белгілі мұхтартанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметовтың 1977 жылы шыққан «Әуезов және Абай» атты монографиялық еңбегінде де қамтылған.

Қалдыбек Сейданов,
Өзбекстан Республикасы
Тұран академиясының академигі,
профессор
Ташкент қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір