Өлеңім барда қалай өлемін Мен?!
29.09.2017
2453
0

(Қазақтың қайсар ақыны Қанипа Бұғыбаева туралы сыр)

Үйге қатысты құжаттың ойламаған жерден керек бола қалғаны. Қайда қойғанымды есіме түсіре алсамшы, топырлап әбігерлендім де қойдым. Ақыры, үлкен қорапқа салып, сары майдай сақтап аузын скотшпен бекітіп қойған жеке «архивімді» амалсыз ақтаруға тура келді. Қораптың бір бұрышынан целоффан қағазға мұқият оралған қомақты бума іліне кетті қолыма. Орауын жазып қарасам… хаттар. Әуестік жеңіп кон­верт­тің сыртына үңілдім. Қанипаның қолтаңбасы көзіме оттай басылды. Ақын­ның жан сыры ақтарылған хаттардың сыр бүгіп жатқанына 30 жылдан асыпты.
Ал Қанипа өмірде жоқ…

Студент кезім. Жазғы демалысқа шығып ауылға келдім. Бірде дүкенде ауылдас жігіт Қанағат Қарашев жұ­байы екеуі ұшыраса кетті. Қанағат­пен ағалы-қарындастай сыйластығы­мыз жарасқан достармыз. Екеуміз де өлең жазамыз. Қанипа Бұғыбаеваға үй­ленгенін естігенмін. Аман-есендік сұра­сып, мәре-сәре болып қалдық. Қа­нағат келіншегімен таныстырды.
– Қанипаны өлеңдері арқылы жақ­сы танитындықтан, ескі таны­сым­мен қайта қауышқандай әсерде­мін, – дедім ойымды бүкпестен.
– Рахмет, Тұрсын, – деп ол қо­лым­ды қысты. Таныстығымыз бірте-бір­те достыққа ұласты.
«Өнер – адамдарды біріктіретін құралдың бірі» деп Л.Толстой айт­қандай, бізді табыстырған киелі сөз өнерінің тылсым құдіреті. Ол дәуір­де көркем әдебиетке деген сұ­ра­ныс қандай еді?.. Газет-журналда өлеңі, әңгімесі басылған ақын, яки жазу­шыны халық жылы қабылдап, аты-жөнін жадында сақтайтын. Ақ­парат құралдарын барша жұрт жаз­дырып оқитын. Көркем әдебиетке, ақын-жазушыларға деген құрмет айрықша еді.
Қанағат күндіз жұмыста. Қанипа екеуміз бірде біздікінде, бірде олар­дікінде, жұбымыз жазылмайтын. Әң­гімеміздің негізгі арқауы – поэ­зия, әдебиет. Қазан айының соңына та­ман Қанипа босанып, ұл бала кел­ді дүниеге. Есімін ата-анасы азан ша­қырып «Талап» деп қойды.
Әне-міне, дегенше оқуыма ке­те­тін мезгіл де таяды. Бірге жүрген аз ғана уақытта бір-бірімізге бауыр ба­сып кеткеніміз сонша, қоштасу сә­тін­дегі қиналысты тілмен айтып жет­кізе алмаспын, сірә! Қимастық се­зім лықсып кеп тамағыма тығы­лып, жанарымнан мөлдір тамшылар тіз­бектеліп, үзіліп түсіп жатты. Кіш­кентай Талаптың бетінен сүйдім де, кір­піктері жасқа шыланған Қани­паға: «Біз әлі кездесеміз. Қысқы де­малыста келемін», – дедім оны тыныштандырмақ боп. Бірақ қысқы демалыста кездесе алмадық. Ата-анам ағайымның қызмет бабымен көрші аудан орталығы Кегенге қо­ныс аударыпты.
Оқуымды тәмамдап, сол кездегі Ке­­ген ауданы, Қарқара орта мекте­бі­не жолдамамен мұғалім болып бар­­дым. Бірде бір ауылдастан Қани­па сәлем айтып, хат беріп жіберіпті. Жам­был ауданының орталығы
Ұзы­н­а­ғашта тұратындарын құлағым шал­ған. Мекен-жайын көрсетіп, үйі­не шақырыпты. Бала-шаға, жұ­мыс­ты тастап сонау бір қиырға бару қай­да. Хат жаздым. Арамызды қар­лы­ғаш хаттар жалғастырып жатты.
«…Тұрсынхан, біз де аманбыз.Та­лап 6 класта оқиды, бойы ұзын бо­латын түрі бар. Сол өзің көрген Та­лаптан соң екі қызымыз бар. Ләз­зат 11-де, Ләзиза 9-да. Үлкен қызы­мыз­ды әкем алып кетіп, сол жақта бес айлығында ауырып шетінеп кетті (12-ге келер еді). Сонымен барым үшеу. Балалар екі адам тағдырын бі­рік­тіріп шегелейді екен ғой. Осы­нау кішкентай өмірлер үшін, өз өмі­рімнің қызығын, бақытын ұмытады екен­сің. Бақытым – әлі қанаттанып үлгермеген үш балам.
Қанағат сырттай оқып, тарихты бі­тірді. Онымен қабаттаспайын деп, бұ­рынғы оқуыма (ҚазПИ) баруды қой­ғанмын, балаларды кім қарайды? Ол бітіріп алған соң: «Енді сен оқы деп маған маза бермеді. Содан ҚазМУ-дың журфагына түскенмін. Мен кеш ұшқан құстай болып, енді талпынып жүрмін тіршілікке. Көп жай­лар бар ғой, кездессек айтармын. Хаттың аты – хат, ыңғайсыз».
Бір-бірімізді көрмегенімізге не­шеме жылдар өтсе де, Қанипаның ма­ған деген көңілін кір шалмағанын ұқтым. Кездесіп сыр ақтарудан жан се­міретін бақытты шақты тағат­сыз­дана күтетініммен қарбаласқан тір­шілік қамы ішкі тілегімнің оңтайлы сәтін кейінге ығыстыра берді. Та­би­ғатынан қарапайым ақын: «…Неше кі­тап шығарсам да әлі өзімді өлең жо­лындағы еңбектеген сәбидей кө­ремін. Әлі жазарым көп, тек ше­бер­лігім, тілім, тәсілім жетпей жүр», – деп мейлінше кішірейіп сөйлейді. «Ұлық болсаң,кішік бол» қағида­сы­нан аттауға адами биік парасаты, тек­тілігі жібермейді.
Алғашқы өлеңдері газеттерде он ал­ты жасында-ақ жарық көре баста­ған ақынның жұртқа ерте танылғаны да рас. Тұңғыш жыр жинағы 1963 жы­лы 21 жасында жарық көріпті. Бұл турасында бір хатында: «…Мен ша­ранадан шықпай жатып, сөй­ле­гендей болыппым. Бар-бар есею жо­лым осы жолдың үстінде өтіпті. Бә­рі жұртқа көрініп отырыпты», – деп ағынан жарылады.
Бір жолы жазған хатында: «…Се­нің жаныңды емес, болмысыңмен ақын болып жаралған деуші ем. Түк өлең жазбай кеттің ғой, неге жазбай­сың?», – деп ашуланыпты.
Қанипа өзім ғана болайын деген өзім­шіл пиғылдан аулақ. Жазған­да­рым­дағы болар-болмас ұшқынды жан-жүрегімен сезініп, өшіріп алу­дан сақтандырғаны деп білдім.
Көркем дүние жазуға отбасы, ба­ла-шаға қамы, жұмыс қолбайлау боп дес бермейтінін айтып, мұң шақ­қанмын. Қанипа: «…Тұрсынхан, се­нің «Енді ұят қой, – дегеніңе мен ашуланып, саған өкпелеп отырмын. Өнерде, әдебиетте еш кәрілік жоқ. Сен әдебиет тарихын, ұлы адамдар өмірін менен жақсы білесің деп ой­лаймын. Өмірден көргенің, түй­генің, дарының – бәрі бар сенде. Тек ерінбей еңбек етсең болды. Сен мен үшін тың жатқан алқап сияқтысың. Сенен көп үміт күтіп елеңдегенмін. Мақалаларыңды оқып: «Е, бар екен ғой, міне», – деп қуанатынмын. Бі­рақ көркем шығармаларыңды көр­мей жүрмін. Жаз-жаз, әлі кеш емес. Өлең жазсаң да, әңгіме жазсаң да жи­най бер, не жазсаң да жинай бер. Не жазсаң да бәрін маған ала кел. Бір­лесіп оқып көрейік. Керемет ақын Мұқағали сенің топырағыңда жарал­ды емес пе? Мен сенімен бірге жүр­генді, осы жолда бақыт санай­мын…».
Өмірде қандай ақкөңіл болса, хат жолдарынан да көңілінің кеңдігі, досына деген қалтқысыз адалдығы, жанашырлығы байқалып тұрушы еді. Қанипа адамды жақсылығымен жарылқаудан қуаныш табатын, шарапатын тигізуді бақыт санайтын, қа­жетсінгендерді қыжалатынан шы­ғаруды адами қасиет деп білетін үл­кен жүректі ана.
Қанипаның тағы бір қыры – бас­қа­лардың, әсіресе, жастардың жетіс­ті­гіне шын қуанады. Біреу үшін қуа­на білу екінің бірінің қолынан келе бер­мейтіні анық.
«…Тұрсынхан, сенің Сағат деген інің дүрілдеген сыншы болды. Бая­ғыда сенен естіп едім атын тұнғыш рет. Қандай ақылды! Жас та болса, бас болуға лайықты. Оның сындарын өлең оқығандай оқимын. Тегінде, сын­шылық та ақындықтан жоғары тұратын дарын ғой деймін».
Тілге көндіру үшін еркелеткен ба­ла құсатып бірде жұмсақ, бірде қат­қыл сөйлеп, Қанипа мені әдебиет әлемінен көргісі келетінін жиі қай­талайтын.
«…Тұрсын, менің жалғызсыраған көңіліме сен жылтыраған үміт отын­дай әсер еттің. Енді мынау әдебиет әле­міне келіп түссең, жанашыр дос­тығымыз бір жолдың үстінде қандай жақ­сы болар еді. Бірімізді-біріміз мәң­гі жоғалтпас едік. Жаз, өлең бе, әлде әңгіме ме, мейлі қайсысы оң­тай­лы, сонысын жаз. Біз қатар-ақ шы­ғып едік қой, тек өзің жазбай кет­тің. Татардың ұлы ақыны Мұса Жәлел түрмеде отырып та жазған ғой. Егер жазбасаң, нағыз жаныңның түр­меде отырғанын көресің. Батады да жүреді, «қап-қап» деумен өмірге ке­­лесің де кетесің. Ал жазсаң өкін­бей­сің. Жақсы ма, жаман ба, бәрі сай­рап сыртқа шығады ғой, әй­теуір…».
«…Тұрсынхан, сендегі сәттерден екі есе жалығу, құлазу, жалғызсырау мен­де де көп болады. Кішкене ке­зім­де мертігіп, 10 класты бітіре ал­ма­дым. Әрең дегенде сынық арбаға ұқсап қаз тұрғанымда тұрмысқа шық­­тым. Сөйтіп, ана тасқа бір, мы­на тас­қа бір соғылып жүріп, оқу қай­да, ба­лалар мен солардың тірлі­гінің үс­тінде балапан басқан тауық­тай бо­лып бар өмірім тұншығумен, ішім қа­зандай қайнаумен өтпеді ме?..».
Балалық шағы ауру азабын тар­тумен өткенін Қанипа бұрын әң­гі­ме­леген. Аяғы мертігіп жиі-жиі тө­сек тартып жатып қала берген. Таяқ­қа сүйеніп қана жүрген. 1962 жы­лы Ақсуға үлкен ақындар Әбу Сәр­сенбаев пен Тұманбай Мол­да­ғалиев барып, жұртшылықпен кез­десу өткізеді. Қанипа Әбу Сәр­сен­баевқа арналған өлеңін оқиды. Ке­терінде Әбекең үйінің телефон нө­мірін, адресін жазып қалдырады. Дә­рігерге қарататынын айтып, Ал­ма­тыға шақырады. Қанипа үлкен үміт арқалап Алматыға келеді. Әбе­кең жұбайы Ләзиза Серғазина екеуі қызды ақ жарма көңілмен қарсы алып, үйінде жүргізеді. Дәрігерге қа­ратады.
Аяғына ота жасатып, қолынан тая­ғы түседі. Аяғын нық басатын жағ­дайға жетеді. Мейірімді жақсы адам­дардың қамқорлығы нәтижесін­де Қа­нипа өзін өмірге жаңа келген­дей се­зініп, қуаныш құшады.
Бұралаңы көп өмір жолында Қа­нипа бір жағынан ауру азабын тарт­са, «бәленшенің ақсақ қызы» атанып, кей тоғышарлардың маза­ғын да ес­тиді. На­мысшыл, қайсар қыз кемтар­лықты же­ке басының кінәсі емес, тағ­дыр­дың басқа салғаны деп біледі. Таяз ойлап, кем пішетіндерден қыңбайды. Өлеңі өрге сүйреп, арман биігіне қа­рай жол сілтейді.
«…Тұрсын бұрын айттым ба, жоқ па, Құдаш деген бір ұстаз-досым әрі жерлесім болып еді. Ер мен әйелдің ортасында адал достық болады де­генге өзім сенемін. Өйткені, өз ба­сым­­нан өткіздім. Ол өліп қалды. Бес жыл­дай болды. Оның қазасы менің ер­терек қартаюыма, рухани әлсі­реуі­ме себеп болды. Оны есіңнен жұлып алып тастауға күш-дәрменің жет­пей­ді екен. Тек елестей береді екен, тіп­ті сене алмайды екенсің өлді деу­ге. Осы сезіміңді өлең етсең, «сары-уайым» деп сенің көз жасыңа біреу­лер мәз болып күле қарайды екен…».
Қанипаның айтуынша, өлең­де­ріне сарапшы ұстаз ғана емес, Құдаш Мұқашев қамқор аға, нағыз дос бола білген азамат. Талайдың тағдырына налып, өзін қор санап, жаны жабыр­қа­ғанды, қайғы-мұңын бөлісетін жа­нашырсыз жалғыздықтан күйзел­генде қолтығынан демеген бірден-бір адам – Құдаш екен.
Көзқарастары ұқсас, бір-бірін құр­меттеп бағалайтын иманды, биік парасатты жандар арасында ілуде бір кездесетін ерекше қарым-қатынасқа Құдаш пен Қанипа арасындағы дос­тықты жатқызуға әбден болады. Қа­нипа тағдырдан қиындықты көп көрді. Ауру азабы балалық, жастық шақтарында өзіне тиесілі үлесінен құры-алақан қалдырып, балалық бал дәуреннің бақытын сезінуді пе­шенесіне жазбапты. Би алаңында құрбылары қатарынан табылмауы да, кәмелеттік аттестат алудан кен­желеуі де Қанипа үшін арман боп қал­ды. Қиындықта қол ұшын беріп, ты­ғырықтан шығарған қайырымды жандардың есімдерін жүрегінде сақтап, жақсылығын жырлап өтті. Адамдық қасиет жығылғанды тұр­ғызу, сүрінгенге сүйеу, жылағанда жұ­бату, ауыр азаптан құтқарудан кө­рінетінін айтатын. Өзі де қайы­рым­дылық жасауға құлшынатын. Әйел ананың, баланың көз жасын көрсе, себебін білуге, көмек қолын созуға дайын тұрушы еді. Өмір жолында кесе көлденең кездесен қиындық, ке­дергілермен күресе білген қайсар ақынның сырласы да, мұңдасы да өлеңі болды. Поэзияны сүйді. Өлеңін көкірегінің құндағында мә­пелеп өтті. Соңғы демі біткенше қа­ламын қолынан түсірген жоқ. Қа­нипаның мәңгілік мекеніне қо­ныс­танғанына да он үш жылдың жүзі болыпты.
Күш алып Күн көзінен келемін Мен,
Тағдырға қара жердей көне білген.
Алданып сәбидейін сеніп өткен
Өмірім көрінеді өлеңімнен!
Өлеңім барда қалай өлемін Мен?! – деп өзі жырлағандай, Қанипа Бұғы­баева есімін осы біздер ұмытып кет­кен жоқпыз ба? Қазақ әдебиетінде сон­дай бір қайсар ақын қыз болып еді ғой…

Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір