Ауылда жылылық пен тәрбие бар…
«Туған жердің түйе жейтін жапырағы да, түйе аунайтын шаңдақ топырағы да дәрі» деген бабалар сөзі бүгінгіге жетіп, мақалға айналыпты. Қазақты мақалшы халық десек, оның кейінгіге қалдырған ғибрат сөзінің жартысынан көбі туған жер, Отан туралы. Отанды, ұлтты сүю үшін тынымсыз, жанашыр, табанды әрекет жеткілікті екенін айтқан шерхандық пайым да қазіргіге, ұстана білсе, теңдессіз өнеге. Бұл Отанды сүю үшін, ең алдымен, оған құлақкесті құлындай қызмет ет дегенді меңзеп тұрғандай. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекерге айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», – деген болатын. Елжандылықтың ең жарқын үлгісі өз ауылыңның келешегіне қосқан үлесіңнен байқалатындай. Жусан иісі танауына сіңіп, дүниені дала арқылы таныған бала қай кезде де тамырынан алыстамасы анық. Бүгінгі кейіпкеріміз де туған ауылына қолынан келген көмегін аянбай беріп келе жатқан азамат. Істеген ісі арқылы халқына сүйікті болып, көптің алғысына бөленген ол ауылын қашан да мақтаныш етеді. Кәсіпкер, меценат Пердебай Шмадиярұлы СӘБИТОВПЕН туған ауылы төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
Пердебай СӘБИТОВ,
кәсіпкер, меценат
– Ауылыңыздың несімен мақтанасыз? Тарихымен таныстырып өтсеңіз.
– Туған ауылым Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Ошақты ауылдық әкімшілігінде орналасқан. Оның тарихына тереңдер болсам, ертеде, соғыстан алдын колхоз болып ұйымдасқан, қазіргі таңда «Сәмбет Саттаров» атындағы кішігірім ауыл. Менің ата-бабаларым, әке-шешем, бәрі де осы жерде, Келес өзенінің жағалауында өскен. Өзен сағасында орналасқан табиғаты керемет аймақ деп айтуға болады. Екінші бір шеті қырлы, далалы жерлер. Сонау Отырар ауданымен, бер жағында Сарыағаш ауданының Әлімтау совхоздарымен, ар жағы Шардара ауданына дейін созылып жатқан ғажайып мекен. Жайылымдық жерлері өте көп. Мал шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы. Келес өзенінің жағасында егін егуге ыңғайлы суармалы жерлері де бар. Бір жағы егістікке қолайлы болса, екінші жағы мал шаруашылығына тиімді болып келеді. Жергілікті халық кәсібі ретінде мал шаруашылығы мен отырықшылықты қатар алып жүреді. Кеңес Одағында совхоз болып тұрған кезінде жартылай мал шаруашылығы, жартылай егін шаруашылығымен айналысқан. Ал енді қазіргі кезде жекеге өтіп, халықтың көпшілігі егістікпен айналысады. Бірқатары мал шаруашылығын да алып жүр. Яғни шаруаның осы екі түріне де ыңғайлы мекен.
– Өзіңіз туып-өскен жеріңізге аз еңбек сіңірмегеніңізді көз көргендер ризашылықпен айтып отырады. Дегенмен, «ең маңызды ісім осы болды-ау» деп нені атаған болар едіңіз?
– Біздің ауылымыздағы мектеп 1936 жылы салынған ескі оқу ордасы болатын. Әбден ескіріп, қолдануға жарамай қалғандықтан ауылға жаңа мектеп салу қажет болды. Соның салынуына тікелей атсалыстым. Әрине, негізінен, ол мемлекеттік бағдарлама бойынша салынуы керек болған мектеп. Соның тезірек бітуіне үлесімді қостым. Осы уақытқа дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс істедім. Негізгі ісім деп өзімнің туған ауылыма жаңа мектептің жылдам бой көтеруіне қатысқанымды айтар едім. Ол мектеп қазіргі заман талабына сай түрлі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, сондай-ақ үлкен спортзалы бар. Елбасының өзі жастар жаман жолға түсіп кетпей, салауатты өмір сүруі үшін спортпен айналыссын деп айтып өтті ғой. Ауылдағы мектебіміз әрі мәдени ошақ болса, әрі спорттың да орталығы болып саналады. Ауылымыз кішкентай болғанымен спорттық сайыстар, түрлі мейрамдар осы жерде өтіп отырады.
Біздің ауылымызға ауыз судың өзі тартылмаған еді. Ауыл халқы таза су ішсе екен, денсаулығы жақсы болса екен деп оны да жоғарғы жақтағы әкімдерге айтып жүріп, суын кіргізуге атсалыстым. Ол жерлерге көгілдір газ әлі кіргізілмеген. Келесі жылдары оның да кіргізілуіне барымды саламын. Ол жер кішкентай ғана ауыл болғанымен, кезінде айтарлықтай беделі бар аймақ болған. Бұрындары ол жердегі ауылдардың бір-біріне қатынасы қиын болатын. Соны облыстық мәслихат депутаттарына, аудан әкіміне айтып жүріп, алты, жеті километрдей асфальт жол салдырдық. Біздің же-тістіктеріміз басқа ауылдарға қарағанда жоғары деп айта аламыз. Біз үйде ағайынды төрт жігітпіз. Солармен бірге ауылымызға жүз елу орындық мешіт салып бердік.
Менің ата-бабаларым, әке-шешем, бәрі де осы жерде, Келес өзенінің жағалауында өскен. Өзен сағасында орналасқан табиғаты керемет аймақ деп айтуға болады. Екінші бір шеті қырлы, далалы жерлер. Сонау Отырар ауданымен, бер жағында Сарыағаш ауданының Әлімтау совхоздарымен, ар жағы Шардара ауданына дейін созылып жатқан ғажайып мекен. Жайылымдық жерлері өте көп. Мал шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы. Келес өзенінің жағасында егін егуге ыңғайлы суармалы жерлері де бар. Бір жағы егістікке қолайлы болса, екінші жағы мал шаруашылығына тиімді болып келеді. Жергілікті халық кәсібі ретінде мал шаруашылығы мен отырықшылықты қатар алып жүреді.
– Сіз шыққан мекеннің алдағы бейнесін қалай елестетесіз?
– Туған мекенім мен үшін кез келген қаладан да, табиғаты көркем басқа жерлерден де биік тұрады. Оны жақсы көремін және барлық жерден биік қоямын. Ол жер жаз айында аптап ыстық, ал қыста қақаған аязды болады. Өйткені, солтүстік жағының бәрі ашық, адырлы болып келеді. Бірақ бәрібір мен ол жерді, туған жерім болғандықтан, артық көремін.
– Соңғы рет ауылыңызға қашан бардыңыз? Балаларыңыз туған жеріңізге жиі барып тұра ма?
– Менің төрт ұлым бар. Ұлдарым жылына он күн болсын, бір апта болсын, міндетті түрде ауылға барып тұрады. Қара шаңырақта кіші інім қалған. Соның шаруашылығына қолғабысын тигізеді. Мен балаларым мен немерелерім ауылға жиі барып тұрса екен деймін. Өйткені, әлі де болса ауылда жылылық пен тәрбие бар.
– Алдағы уақытта ауылыңыздың болашағын бұрынғыдан да көркейту үшін не істеу қажет деп ойлайсыз? Өзіңіз ойға алған арнайы жоспарлар бар ма?
– Жоғарыда айтқанымдай, ауылға жақын арада газ кіргізілсе деймін.
Содан кейін «Оңтүстік Жарық Транзиттің» индекс программасымен ауылымыздағы жарық бағаналарын жаңалап алсақ деп отырмыз. Әзірге алдыға қойып отырған мақсатымыз – кішкентай ғана ауылымызды көркейте беру. Ол жерде де біздің бауырларымыз тұрып жатыр ғой.
Өкініштісі, ауылда бір ғана медициналық пункт бар. Ол да болса ауыл шетіне орналасқан. Келешекте ауылымызда медициналық пункттерді көбейтсек деймін. Ауылымыздың өзі төрт бөлімнен тұратын болса, әр ауылда жүз-жүз елу шақты үй бар. Әрқайсы бөліміне медпункттер салынса деп ойлаймын. Өйткені, ауылдың бір шеті мен екінші шеті сегіз километрдей болады. Солардың бір ғана медпунктке келіп-кетуі, әсіресе, бүлдіршіндер мен қарттарға қиын. Сондықтан ауылдың төрт бұрышынан да медпункттер салсақ деп отырмыз. Әкімдермен сөйлесе отырып, бюджеттің ақшасына немесе өзіміз секілді кәсіпкер жігіттер соны салып, кейін бюджеттің қарамағына берсек дейміз. Біз оны салғанмен айлығын, ақшасын ұстап тұра алмаймыз. Сондықтан бітіргеннен кейін оны мемлекеттің қарамағына өткіземіз. Министр болсын, басқа да үлкен кісілер болсын, барлығы да ауылдан шыққан ғой. Көп қызметтегі кісілер, министр, әкімдер шықса – осы ауылдан үміт етеміз. Бала туу көрсеткіші де қаладағымен салыстырғанда, ауылда жоғары. Не шықса да көптен шығады ғой. Ауыл жастарынан үміт күтіп, олардың басқа жолдарға кетіп қалмауы үшін спорттық орындар немесе жұмыс көздері ауылда көптеп ашылса деп ойлаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым БАТЫР.