Тамырым – туған жерімде…
Нұрлан ҚАЛҚА
Бір көруге асығып…
Жүрем ылғи бiр көруге асығып,
Қайтем сенен сезiмiмдi жасырып.
Өн бойыңнан ерсі қылық көрмеймiн,
Жақсы iстi айтып жүрем асырып.
Жүрем ылғи сырласуға құмартып,
Ақ дидарың хор қызынан мың артық!
«Ұнаттым» деп жазар болсаң бiр сөз сен,
Тағар едiм мен мойныма тұмар ғып.
Ұйқы көрмей өткiземiн кей түндi,
Көз алдыма әкелемiн кейпiңдi.
Ертеңгiсiн төсегiмнен тұрамын,
Сүйгендей боп сенiң балғын бетiңдi.
Жүрем ылғи бiр сүймекке бекiнiп,
«Мұның не» деп ұрса көрме жекiрiп.
Сендей жанға ынтықпасам сүйгiм кеп,
Жақсы көрем деген сөзiм өтiрiк.
Сені іздедім…
Сенi iздедiм автобустың iшiнен,
(Құлай сүйем, ұғып алғай iсiмнен).
«Кеп қалар» деп күтiп сенi қаншама,
Көлiктердi санап тұрдым iшiмнен.
Сенi iздедiм троллейбус iшiнен,
(Көз алмадым түсiп жатқан кiсiден).
Өтiп жатты көлiк бiткен ағылып,
Жалықпадым сөлекеттеу iсiмнен.
Сенi iздедiм таксилердiң iшiнен,
Қарай-қарай жолға көзiм iсiнген.
Көз алдыңнан өткiзсең сен сан көлiк,
Болар едiң жай-күйiмдi түсiнген.
Сенi iздедiм,
iздедiм көп, iздедiм,
Нөсер құйды, күдерiмдi үзбедiм.
Ағылды-ай кеп автобустар, таксилер,
Амал қанша сен бiрiнен түспедiң.
Сені іздедім…
Мен жоқ жерде…
Мен жоқ жерде айтылса жайсыз сөздер,
Сенбес деймiн өзiмдi көрген көздер.
Бiрге жүрiп, бiр тұрған құрбы, құрдас,
Ермес деймiн күндесе кейбiр ездер.
Мен тұрғанда естiлсе өсек жалған,
Кездерiм жоқ көңiлге бiрден алған.
Жайлап қана күлемiн бөскен жанға,
Деп ойлаймын: мұныкi қандай талғам?!
Мен бiреудi көзiнше мақтан етпен,
Алдап-сулап iшiне кiрiп кетпен.
Жоқ кезiнде көтерем биiк шыңға,
Деп шаттанам: еңбекпен адал жеткен.
Мен ешкiмге соншалық салмақ артпан,
(Мойнымдағы мiндетiм зiлдей батпан).
Елдiң көбiн дос көрем, жақын тартам,
Болсадағы бiр кезде менi сатқан.
Мен сондаймын бiлсеңiз байқап қана,
Болғым келмес халықтан асқан дана.
Еңбегiме сенемiн, ақыл – досым,
Жақсы жандар қашанда маған пана.
Көңіл қалды
(Досымның жан сыры)
Көңіл қалды,
құлай сүйген адамнан,
Сонша тілдеп,
алды неге жағамнан?!
Жүрек шаншып,
мазасыз бір күй кештім,
Ерсі қылық,
кетпей қойды санамнан.
Құлай сүйгем,
қалай сүйгем кезінде,
Шын беріліп,
кеткем екем сезімге.
Кешіріммен
қараған да болармын,
Мән берместен
кейбір жөнсіз сөзіне.
Жылдар өтті,
жат қылығы қалмады,
Қалың ойлар
жаншып өтті салмағы.
Жақсы көрген
сезімдерім күл-парша,
Махаббатты
шайтан-пиғыл жалмады.
Көңіл қалды,
қайтсем екем енді мен,
Арманыма
қолым жетпей ентігем.
Жастық шағым
қайтып маған келмес-ау,
Айырбастап
бұған оны кетіп ем!
Өкінішке
ерік берген жан мұңды,
Махаббат деп
тәрік етіп ем барымды.
…О, тағдырым,
жолың неткен ауыр ед,
Салып қойған
мың азапқа жанымды!..
Шымшықтай ғана жүрегім…
Шымшықтай ғана жүрегім,
Сен соқсаң, мәз боп жүремін.
Қауқылдасып, достармен,
Алаңсыз өмір сүремін.
Шымшықтай ғана жүрегім,
Кей кезде қиын, білемін.
Шаншыған сәтте жан таппай,
Бір уыс болып жүдедім.
Шымшықтай ғана жүрегім,
Білмеймін нені тіледің?
Жанымды ұғар пенде жоқ,
Сен содан, бәлкім, жүдедің.
Шымшықтай ғана жүрегім,
«Мықты» деп сеніп жүр едім.
…Сыздаған сәтте ес шығып,
«Тоқтай көрме!», деп тіледім!
Шымшықтай ғана жүрегім,
Сырыңды әбден білемін.
Уақыт бер маған, ғұмыр бер,
Табарсың, бәлкім, бір емін!
Айыптауға үлгересің қашан да
Ақын досым күйінішпен үн қатты,
Ашуы оның дауыл сынды тым қатты.
Жарылуға шақ қалған-ды жүрегі,
Жаны мұздап, көңілінде кір жатты.
Шер боп біткен қу жанына сыр ақты,
(Қайран көңіл бір кездері бұлақ-ты).
Түсінбеді кіл мақтауды күткендер,
Қапелімде тұңғиыққа құлатты.
Түсінбеді жақындары, дос-жаран,
Күлкі болды, көңілі оның босаған.
Ұғынбады жайып салған жан сырын,
Болып қалды, қамкөңіл жан, бос адам.
Кілтипанын іздемеді шерлінің,
Немкеттікпен бетке басты тек мінін.
…Айыптауға үлгересің қашанда,
Жанын ұғын, ең алдымен тектінің.
***
Тамырым – туған жерімде,
Қайрат берер бойыма.
Ырысым дархан елімде,
Жүрмін ғой содан мойымай.
Күш алам шалқар даламнан,
Сезімге баймын бұлақтай.
Өнегең кетпес санамнан,
Туыңды жүрем құлатпай.
Қырларда бабам ізі бар,
Молайтқан елдің дәулетін.
Өркенді ұл мен қызы бар,
Келтірген ауыл сәулетін.
Түсіме кіріп тау-тасы,
Шақырар Шарын өзенім.
Жаныма сая – ауасы,
Өскен жерім – өзегім.
Беткейің толы Бүлдірген,
Дәмін де татты балғын шақ.
Сағынарымды кім білген,
Келіп тұрар барғым-ақ.
Тамырым – туған жерімде,
Жайқалған жасыл бағым нақ.
Бақ-дәулет тұнған елімде,
Түбінде қонар тағым хақ!
Ұзынбұлақ
Ұзынбұлақ, жаным сүйген мекенім,
Қасиетіңе басым иіп өтемін.
Құшағыңнан алыстап мен кетсем де,
Сағынғанда құстай ұшып жетемін.
Қыржол, Бұқан, Шұбартал мен Бұрғансай,
Баурайында қалмақтарды қырған сай.
Құдайқұлым, Терексай мен Моншалы,
Ақын жүрек қалай тұрар жырламай.
Ұзынбұлақ – қойнауың құт, қазына,
Ем бе дерсің соққан самал жаз шыға.
Тіл үйірер қарақат пен бүлдірген,
Тойғанша же, жиып алып қасыңа.
Ұзынбұлақ, тал-терегің самсаған,
Саф ауаңды балаңмын мен аңсаған.
Бұлағыңнан сімірсем деп армандап,
Сағыныштан өзің жайлы ән салам.
Ұзынбұлақ, асқар белім, асуым,
Белбалаңның мүмкін емес жасуы.
Қайрат беріп, намысымды жанитын,
Шұбарталдан басталатын тау суы.
Ұзынбұлақ, тасыңдағы қастерлі,
Еске аламын момақандау жас кезді.
Тал-шыбықты ат қып мініп жүрген сәт,
Елес беріп жанарыма жас келді.
Ұзынбұлақ, бақ-қонысым, киелім,
Қулық таудың бір ұлымын біл, елім!
…Астанада асыр салып жүргенмен,
Тамырыммен жалғасқанмын, білемін.
Әбдірахманға арналған жырлар
1. АҚ БАТА
Қылығыңмен тәттісің,
(Періштедей пәк ісің).
Есейгенде сен ертең,
Болсын әркез сәтті ісің.
Ақ пейіл бол, арлы бол,
Құрбылардың алды бол.
Ала жіптен аттама,
Жатса да алда қарлы жол.
Ізбасары бабамның,
Қорғанысың даламның.
Жолың ашық болсыншы! –
Ақ батасы атаңның.
2. ТАУДАЙ БОЛ!
Балдай тәтті бөбегім,
Маңдайыңнан өбемін.
Күн көзінен нұр алып,
Мейірімімді төгемін.
Көтеремін төбеме,
– Таудай бол! – деп, бөпеме.
Ата тілегі қабыл боп,
Алдымен жет сөреге.
Әндетейін қолыма ап,
Өнерлі бол, қонсын бақ.
…Тәй-тәй қадам басқаннан,
Болсын әр күн жолың ақ.
3. ТҰСАУКЕСЕР
Қаз-қаз балам, қаз балам,
Қадамыңды жаз, балам.
Тұсауыңды кесейін,
Алға қадам бас, балам.
Жүріп кеткін, құлама,
Өз күшіңмен жүр алға.
Қатарыңнан қалыспа,
Нық адымда, тұр алда.
Қалыпсың тез есейіп,
Ақ матамды төсейін.
Еш сүрінбе, ботақан,
Тұсауыңды кесейін.
Бұл алғашқы қадамың,
Мол үмітпен қарадым.
Адымдадың еш саспай,
Сүрінбедің, жарадың.
СӘРЕСІ КЕЗІНДЕГІ ЖЫР-ДҰҒА
О, Алла!
Сен деп тұттым Ораза,
(Пендеңнің ниетіне бол риза).
Көзім, сезім, аяқ-қолым – Ораза,
Ойым – тұнық, пейілім де тап-таза.
О, Алла!
Періштелер жебеп жүр,
Жан-дүниемді рахатқа бөлеп жүр.
…Он екі айдың сұлтаны – Рамазан,
Бастан кешсең бөлек әлем, бөлек жыр!
О, Алла!
«Елім, жерім, Отаным, –
Өркендесін! – деп тілеген ботамын.
…Қолдай гөр, дархан пейіл халқымды, –
Дұғам осы, осы менің тоқтамым.
О, Алла!
(Үмітімді ақтай көр),
Жақтар болсаң – Қазақ Елін жақтай гөр!
…Ырыздығым, ырысым да – Ұлы Отан,
Елдігімді мәңгі-бақи сақтай гөр!
Үмітімді ақтай гөр!
Қарқара көтерілісі
(Толғау)
Он алтыншы, отты жылдар айбатты,
Ерлер шықты елiм деген қайратты.
Ұлық сөзi, ақ патшаның жарлығы,
Кәрi-жастың зығырданын қайнатты.
Қарқараға қалың нөпiр ағылды,
Сасқан елге пана басшы табылды.
Ұзақ батыр, Жәмеңке би, Жаңабай,
Жиды елдi, шырақ белгi жағылды.
– Берме бала, текке өлер, қансырап,
Адам емес, патша алсын мал сұрап.
Албанымның арын сатпа, ағайын,
Бiз көнбеймiз тұрсақтағы қалжырап.
Ант берейiк баламызды бермеске,
Патша үкiмi кетсiн тегi келмеске.
Ұрпақ үшiн жаным пида, аянбан,
Ойлан елiм, неге маған ермеске?
Ұзақ батыр шықты өзiн құрбан ғып,
Жансыздары Подворковтың* тұр аңдып.
…«Көнсек үнсiз бала өлер, ей, жұртым,
Ал көнбесек шал өледi бұл анық», –
Деп Жәмеңке саңқ еттi сол бiр сәт,
Ұзақ батыр сөз сөйледi жол нұсқап.
Батырларды қалың елi қолдады,
Дестi олар: «жөн-жөн екен қол құрсақ».
…Жәрмеңкеге келдi халық ертесi,
Қан жайлаудың қалың едi көрпесi.
Жасыл шалғын, құлпырып тұр Қарқара,
Естi алар қырмызы – гүл, жер төсi.
…Ұлық састы, ертiп алған болысты,
Қаһарлы топ көрдi ылғи жол үстi.
Атқа мiндi момын Албан, тым сұсты,
Құлшынып жүр «жайратам деп орысты».
…Жеңдi халық, жүзi жарқын, шат бүгiн,
Серпiгендей болды қапас түндiгiн.
Тым ұзаққа созылмады бұл жеңiс,
Шапты казак көтерiлiс кiндiгiн.
…Ұмыт қалмас, өшпес мәңгi көңiлден,
РУХЫ тiрi, (дене жерге көмiлген).
Ереуiлтөбе – ескерткiшке айналған,
Бабалардың қасық қаны төгiлген.
Нарынқол — Шарын приставының бастығы Подворков.