Ізденістің айнасы
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында өткізілген драма театрлардың ХХV республикалық фестивалі (9–13 қыркүйек аралығы) көрнекті театр сыншысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Ә.Сығайдың 70 жылдығына арналды.
Соңғы демі таусылғанша қазақ өнеріне адал қызмет еткен сарабдал сыншы, бірегей театр қайраткерінің шығармашылығын дәріптеп, есімін ел есінде мәңгі қалдыруды мақсат еткен фестивальге республиканың сегіз театр ұжымы қатысты.
Фестиваль шымылдығын Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры Т.Ахметжанның «Сұлу мен суретші» шығармасы бойынша қойған спектаклімен ашты. Сахнадағы оқиға екі кейіпкердің махаббат сезіміне құрылған. Кездейсоқ кездесіп бір-біріне ғашық болған Сұлу мен Суретшінің ғашықтық сезімдерін режиссер Н.Жақыпбай барынша айқын боялармен өрнектеген. Әсіресе, көпшілік сахнасындағы екі жастың жан дүниесіндегі бұлқынысты актерлер пластикалық қимыл-қозғалыстар арқылы әдемі жеткізеді. Орындаушылардың би тілімен өрнектелген қимыл-қозғалыстарынан бірде жағаға соққан толқынның үні, бірде ғашықтық сезімнің бұлқынысы, енді бірде жалғыздықтың салқын ызғары еседі. Сахнаға түсірілген жарық, музыка барлығы да өзара үйлесім тауып, адамды айрықша сезімге жетелейді.
Сұлу – Н.Қарабалина мен суретші – Ә.Ахметов кейіпкерлерінің жан дүниесін мейлінше ашуға ұмтылды. Алайда, олардың ойынындағы қайталана беретін үнсіздіктер спектакльдің ырғақ-екпінін бәсеңдетіп жіберді.
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы «Раймалы» аңызы мен «Жәмила» повесі бойынша жасалған инсценировка (инсценировка авторы Т.Теменов) негізінде қойылған «Аққудың көз жасы…» спектаклін көрсетті.
Спектакльдің өзіне лайық пішін режиссер жақсы тапқан. Раймалы мен он сегіз жасар Бегімайдың махаббаты туралы аңызды Данияр аузынан айтқызып, оқиғаны жұмырлай білген. Т.Теменов қойылымды лирикалық драма үлгісінде шешіп, бас-аяғы жинақы көркем дүние жасапты. Дегенмен, кей тұсы режиссер тарапынан қайта қарауды қажет ететін тәрізді. Әсіресе, Данияр мен Айғанша екеуінің сахнасында келіншектің қол сумкасынан су араластырған спиртті алып шығып ішулері шындықпен жанаспай қалған. Соғыстың ауыр күндерінде спирт былай тұрсын, бір кесе айранға жарымай отырған кез қой. Сол сияқты, спектакльдің финалында соғыстан оралған Сейіт алдынан шыққан Жәмиланы қамшының астына алып сабайды. Осы оқиғадан кейін Жәмила Даниярмен кетуге шешім қабылдайды. Ал шығармада Жәмила күйеуі соғыста жүрген кезде кетіп қалады. Бұл Ш.Айтматовтың жазушылық шеберлігінен туған шешім екені әлімсақтан аян. Спектакльдің соңы осылай аяқталса, қойылымның көркемдік сапасы жоғарылай түсері сөзсіз.
Бұдан кейін Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры М.Горькийдің «Шыңырау» драмасын көрсетті. Режиссурадағы қадамын енді ғана бастаған Д.Базарқұловтың бұл спектаклі туралы А.Әшімов төр-
ағалық еткен қазылар алқасы әр түрлі пікір айтты. Ресейлік театр сыншысы О.И.Пивоваров «Горький шығармасынан ештеңе қалмаған, режиссерлік қолтаңба айқын емес» деген ойын жасырған жоқ. Біздіңше, жас режиссердің күрделі пьесаға өзіндік көзқараспен келіп, бүгінгі күннің өзекті мәселесін көтеруге өзінше талпынған. Сахна түкпірінде созылған қол-дардың ілініп тұруы пьеса идеясын аша түскен. Қобыраған қағаздардың арасында әрекет жасаған кейіпкерлердің барлығы да бұрынғы өмірлерін тәрк етіп, жарыққа шыққылары келеді. Бірақ бір-біріне қолдарын созып көмектесе алмайды. Сырт жақтан да жәрдем жоқ. Спектакльден актерлік ансамбльдің үйлесімі байқалады.
Аталмыш фестивальге Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры Р.Отарбаевтың «Бас» тарихи драмасымен қатысты. Режиссер Ж.Телтаевты пьесаның идеясы қызықтырғанымен де, спектакльді көркемдік биікке көтере алмаған. Спектакльде Махамбеттің басы ақынның поэзиясынан докторлық қорғаған ғалымға да, ол басқаратын Әдебиет институтына да, Мәдениет министрлігіне де, музейге де керегі болмайды. Барымызды бағалай алмағандықтан талай ұлттық құндылықтардан айырылып қалғанымызды режиссер қара костюм киіп шығатын кілең бассыз адамдар арқылы көрсетуге ұмтылған. Бассыз адам – бассыз қоғам. Олардың бір қалыптан шыққандай қозғалып, бірдей жүрулері қоғамды немқұрайлық жайлап бара жатқандығын ұқтырады. Бірақ осы бассыз адамдардың қайта-қайта сахнаға шыға беруі көрерменді жалықтырады. Сол сияқты, режиссер адамның басы допша домалатуы ақталмай қалған. Спектакльде кейіпкерлердің бірін-бірі көруі, сөз тыңдаулары, өзара ұғынысуы, зейін қою жағы назардан тыс қалған. Орындаушылар жаттанды сөздерін сырғытып айтып шығумен шектелді.
Фестивальге Шығыс Қазақстан облыстық Семейдің «Дариға-ай» жастар театры Дина Құнанбайдың режиссурасымен У.Шекспирдің «Ричард–ІІІ» (аударған Х.Ерғалиев) трагедиясымен қатысты.
Спектакльдің көркемдік үлгісі, жанр табиғатына сай күңгірт түспен безендіріліп көрермендерді терең ойға жетелейді. Алакөбе жарық арасынан топтан суырылып зымиян күлкісімен ортаға шыққан Глостер Ричард бүкіл оқиғаны өз уысына алып, қанды жоспарларын жүзеге асыруға бел шешіп кіріседі. Бұл рөлде ойнаған Еркебұлан Нұғманов бір бойында данышпандық пен зұлымдық қатар өмір сүріп жатқан адамның жүз құбылатын екіжүзділігін, сатқындығын нанымды бояулармен аша білді.
Спектакльде ойнаған Кларенс – Әділжан Серікқалиев, Королева Елизавета – Айнұр Жадранова, Герцогиня Йорская – Мейрамгүл Алепарова, Бекингем – Елдос Қасымбеков, Лорд Хестингс – Естай Шәріпұлы, граф Риверс – Дәурен Төлеубаев, лорд Грей – Ислам Азизов, т.б. актерлер өз кейіпкерлеріне тән мінез ерекшеліктерін қарастырып, шамалары келгенше режиссер бағыттаған сілемнен шықпауға талпыныстарын танытты. Алайда, көптеген актерлердің ойынында ой мен сезім бірлігі тұтастық таппай шашырап кеткен. Әсіресе, көпшілік сахналардағы актерлердің қимыл-қозғалыстарын әлі де болса ширату қажеттігі сезіледі.
«Дариға-ай» жастар театрының бұл қойылымы фестивальдегі «Ең үздік спектакль» болып бағаланды.
Республикалық академиялық неміс драма театры көзіміз үйренген «Ревизор» қойылымын өзгелерден ерекше сахналапты.
Н.Дубс спектакльдің сыртқы пішінін әдемі тапқан. Оқиға сахна шетінде тұрған үлкен кітаптың ішінен бір-бірлеп шыққан кейіпкерлердің костюмдерін киюінен басталады. Режиссер пьеса қатысушыларының денін әйелдерге айналдырып жібергендігімен сөздеріне өзгеріс кіргізбеген. Спектакльдің әрбір сахнасы өзара байланысып, шығарманың сатиралық мәні ғана емес, көпшілігіміз байқай бермейтін философиясы да терең ашылған. Орындаушылардың іс-әрекеттері сахналық тұтастық тауып, негізгі режиссерлік ой-тұжырымға топтастырылған. Мұндағы кейіпкерлер тап болған оқиға көрермендерді күлкіге кенелте отырып, ойға жетелейді.
Фестивальдің соңғы күні көрсетілген Жас сахна театрының «Көшкін» спектаклі көрермендердің ерекше қошеметіне ие болды. Түрік драматургі Т.Дюженоглудың бұл туындысы бұрын да бірнеше рет қазақ театрларының сахнасында қойылған. Ал Тәжікстан Республикасының белгілі өнер қайраткері Барзу Абдураззоков режиссурасымен жарық көрген аталмыш қойылым мүлде басқа қырымен тәнті етті.
Тәжірибелі режиссер спектакльдің пластикалық формасын, көркемдік кілтін, бейнелік шешімін дұрыс тапқан. Шығарманың табиғатына лайық мизансценалар құра білген.
Күрделі психологиялық, философиялық ойларға бірден жетелеп әкететін бұл спектакль мықты актерлік ансамбльге жұмылдырылған. Әрбір кейіпкер өз монологын айтып болып бей-жай отыра бермейді, керісінше спектакль атмосферасында өмір сүріп үнемі көзге көріне бермейтін ішкі байланыста тірлік кешеді. Актерлердің барлығы да Егде әйел – Ж.Серғазина, Егде еркек – Вахид Изимов, Жас әйел – А.Орынтай, Жас еркек – М.Сарыбай, Еркек – Ә.Ахметов, Әйел – Н.Алпысбаева, т.б. өз кейіпкерлерінің мінез-құлқына сай қимыл-әрекеттерді шебер үйлестіріп, кейіпкер жан дүниесінде болып жатқан арпалыстарды ұтымды жеткізе алды. Жас сахна театрының актерлері өздерінің қабілеттерін, шығармашылық даралығын таныта білді.
Сонымен Астана төрінде өткізілген дүбірілі театр мерекесі бүгінгі Қазақстан театрларының шығармашылық ізденісте жүргенін көрсетіп берді.
Бақыт НҰРПЕЙІС,
өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профессоры.