Еуропа қаламгерлерінің дені өз шығармаларын әдеби ағымдарға жатқызбайды
Әлем әдебиеті процесінің дамуындағы түрлі ағымдарды классификациялап келе жатқан және әлі де классификациялай беретін субъект – ол Батыс әдебиеттануы. Әсіресе, АҚШ пен Батыс Еуропада ХХ ғасырдың басында-ақ жаңа ғылым дәрежесіне жеткен әдебиеттану мен әдеби сын келе-келе әдеби шығармаларды жетекке алатын деңгейге көтеріле бастаған…
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ,
прозашы, ақын
Әйткенмен әдебиет тарихын зерттеу формасындағы ғылыми сынның жаппай етек алуы ХХІ ғасырда, тіпті соңғы 40 жылда Еуропа жазушыларының көпшілігін ойландырып тастады. Әдеби ағымдарды классификациялап, қазақша айтқанда, жіктеп, жіліктеп тастауға құмар әдебиеттану жалаңдап ұмтылған сайын қазіргі Батыс қаламгерлері өздерін белгілі бір ағымға жатқызудан іргесін аулақ салып отыр. «Мектептер, ағымдар» деген түсінікке әдеби шығармаларын байлап беру стильдік ерекшелікке селкеу түсіріп, тар шеңберге, таптаурын идеяға қамап тастайды деседі.
Қысқасын айтқанда, қазіргі әдеби бағыттарды классификациялау әлі күнге дейін ХІХ ғасырдағы әдеби канондарға сүйеніп жүргізіледі, Францияның, Германияның кейбір әдебиетшілері осыған қарсы. Мектептер мен бағыттарға негізделген бұл әдістеме жанрлық классификация секілді бір мызғымас қағидаға айналып барады, дейді олар. Расында да, әдебиетте жасалатын эксперименттер белгілі бір ағымдарға апарып телитін осыншама жіктеуге мұқтаж емес.
Әсілі, әдеби шығармалар секілді әдеби бағыттар да форма мен мазмұнның талаптарына жауап беруі тиіс. Әсіресе, қазіргі әдебиетте жылдан жыл озған сайын әлсіреп бара жатқан эстетикалық талаптарға. ХХ ғасырдың басынан бастап форма әдеби бағыттарға баға бере алатын анықтауыш критерийге айнала бастады. «Форма» түсінігі ең әуелі осы күнге дейін өзінің диапазонын жоғалтпаған роман жанрына қатысты. «Жаңа роман үшін» атты эсселер жинағын жазып, Францияда 50-60 жылдары «жаңа роман» деген ағымның негізін салған Роб-Грийенің төңірегіне көп қаламгер топтаса қоймаған. Оның үстіне, әдеби сыншылар сол 50 жылдары «бұл қаламгер форма жаңалығына баса назар аударып, мазмұндық жаңалық ұсына алмады» деп сынапты. Содан болар, Роб-Грийе уақыт өте келе өз стилін табады, бірақ кейінгі әдебиетшілер оның прозасын түсініксіз, жұмбақ құрылым деп қабылдаған екен. Тіпті, «Роб-Грийенің лабиринт романдары» деген тұрақты тіркес пайда болған.
Сүйткен Роб-Грийені, тіпті Кортасарды кейбір әдебиет теорияшылары постмодернизм өкілдеріне жатқызады. Ал өздері – Роб-Грийе де, Кортасар да – өздерін ешқашан постмодернист санамаған. Өйткені, постмодернизм эстетикасының маңызды сипаты «мәңгілік құндылық» ұғымынан бас тарту ғой. Бұл ғана емес, әдебиеттегі постмодернизмнің басты эстетикалық категориясы канондарды қабылдамау, өз «менін» жоғалту, белгісіздік, фрагменттік болса, жетекші идеясы –«автордың өлімі» идеясы…
Мәселен, атақты теорияшы Ролан Барт «скриптор» деген түсінік енгізген. Онысын өзі постмодернизм шығармасында автор «өледі» де, скриптор ғана қалады деп түсіндіреді. Әлгі скриптордың бойында сезім де, әсер де, көңіл де болмайды, тек шексіз-шетсіз сөздік қана қалады, содан әлгі автор сапырып отырып мәтін жасайды екен. Сөйтіп, «өліп қалды» деген, яғни жаңа дүние жасауға қабілетсіз авторымыз мәтіндерді ғана цитаталап отырмақ. Ал көркем шығармаға, кешіресіздер, мәтінге, – өйткені, постмодернизмде көркем шығарма деген түсінік жоқ, тек мәтін ғана бар, – мазмұн жасайтын, жан бітіретін автор емес, мәтінді оқыған оқырман болмақ. Қысқасы, өзіндік даярлығы бар, «мәдени кодтарды» шеше алатын оқырман ғана мәтінді, яғни постмодернистік шығарманы оқи алмақ.
Постмодернизмде кейін «интермәтін» түсінігі кең қолданыла бастады. Интермәтін дегеніміз – мәтінге фрагменттерді, басқа шығармалардан цитаталарды енгізу деген сөз. Мұның бірден-бір мысалы Жак Ривэ деген жазушының 1979 жылы жазған «А.-дан келген қыз-келіншек» деп аталатын роман-цитатасы. Бұл интермәтін (роман) – 408 автордың шығармасынан алынған 750 цитатаның жинағы…
Дегенмен, постмодернизм философиясын (және постструктурализм ағымын) қалыптастырған Жак Деррида, Мишель Фуко сықылды француз ойшылдарының еңбектері әлі күнге дейін өзінің тереңдігімен назар аудартады. Франциядан басталса да, постмодернизм АҚШ ғалымдарының арқасында күрт дамыды. Тіпті, әдебиеттегі «постмодернизм» терминін 1971 жылы алғаш рет араб текті америкалық әдебиеттанушы Ихаб Хасан ұсынған.
Кез келген жаңалыққа есігі ашық, принципінің өзі принципсіздікке негізделген постмодернизмге Батыстың қазіргі жазушыларының да, әдебиеттанушыларының да көзқарасы әр түрлі, бірі толық қабылдап жатса, бірі үзілді-кесілді бас тартып отыр. Соңғы 10-15 жылда, яғни ХХІ ғасырдың басында мәдениеттің рухани деңгейі тілге тиек болып, постмодернизмнің дағдарысқа тірелгені туралы әңгімелер жиі айтылып жүр.
Әйткенмен, ХХІ ғасырдағы әлемдік әдеби процестер де жаңа ағымдар тудыратынына еш күмән жоқ.