АТАМҰРА ӨНЕР ЕУРОПА ТӨРІНДЕ
17 мамырда қазақ пен қырғыз халықтарының ортақ мұрасы саналатын бірегей өнердің адамзаттың материалдық емес, мәдени мұрасы тізіміне енгізілуінің 10 жылдығына орай, Париждегі ЮНЕСКО бас пәтерінде тұңғыш рет халықаралық айтыс өтті.
Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдері Асқар Абдрахманов пен Садық Шер-Нияз құттықтау сөз айтып, айтыс өнерінің екі ел арасындағы мәдени көпір ретіндегі рөліне ерекше тоқталды.
Айтысқа қатысушыларға жолдағ
ан құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, «Айтыс – бағзыдағы бабаларымыздан бастау алған, ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан бекзат өнер» екенін, осы жиынның тұңғыш рет ЮНЕСКО сахнасында ұйымдастырылуы айтыс өнерінің әлемге танылғанын айқын көрсететінін атап өтіп, көрермендерге ерекше әсерге толы рухани азық, ал саңлақ айтыскерлерге сәттілік тіледі.
Сондай-ақ Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші төрағасы Нурланбек Тургунбек уулының құттықтау сөзі де оқылды.
Тарихи айтыста Қазақстан мен Қырғызстаннан келген төрт-төрттен танымал ақындары әлемнің мәдени орталығында өз өнерлерін ортаға салды.
Аса жоғары деңгейде өткен төрт айтыстың жеңімпаздарын анықтау ашық дауыс беру арқылы өтіп, қазылардың бағалауы нәтижесінде, «қос бәйге» қағидасымен Гран-при жүлделері Айбек Қалиев пен Азамат Болгонбаевке, І орын үшін дипломдарДидар Қамиев пен Акматбек Султан уулу, ІІ орын үшін дипломдар Мейірбек Сұлтанхан мен Амантай Кутманалиевке, ІІІ орын үшін дипломдар Абай Жолмағамбет пен Максат Кулуевке тағайындалды.
Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлованың атынан айтыс өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға, түркі халықтарына ортақ мәдени мұраны ұлықтауға қосқан үлестері үшін Бөрібай Оразымбет пен Акматбек Султан уулуға екі арнайы сертификат табыс етілді.
Ұйымдастырушылар осы игі бастамаға қолдау көрсеткендері үшін ЮНЕСКО хатшылығына, Қазақстан мен Қырғызстандағы серіктестерге, соның ішінде AMANAT саяси партиясына, барша ниеттес азаматтарға шынайы алғыстарын білдірді.