Тарихи жауапкершілікті сезінейік
немесе бұл жоба Ахаң айтқан алты талаптың төртеуіне қайшы
Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ,
жазушы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты
Мақалаға кірісуден бұрын бұл ғылыми іске араласуға қандай жөніміз бен дайындығымыз бар екенін айта кетейін. Мамандығым – филолог. Академик Ісмет Кеңесбаев, мүше-корреспондент Мәулен Балақаев және басқа қазақ тіл білімінің ғұлама ғалымдарынан білім алдық. 5-6 жыл мектепте қазақ тіл-әдебиеті пәндерінен сабақ та бердік. Ұзақ жылдар бойы «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясында жұмыс істеп, білім мен тәжірибе жинадық. «Атамұра» корпорациясында редакция басқарып, «Әліппе», «Қазақ тілі» оқулықтарын шығаруға мамандандық, әсіресе әліппе әлемін көп зерттеп-зерделеп,
12 жылдыққа арналған «Әліппе» оқулығын да (байқау нұсқасы) жаздық. Осылайша әліпби жөнінде пікір айтатындай дайындығымыз бар ғой деп ойлаймын.
Қазақ тілінің латын графикасындағы әліпби жобасының ҚР Парламентінде тыңдалуының өзі-ақ латын әліпбиіне көшудің мемлекетіміз үшін де, халқымыз үшін де тарихи маңызы зор екенін айқын аңғартып тұр. Осында сөйлеген сөзінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл аса маңызды істің басында Елбасы тұрғанын айта келіп: «Біз жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әрбір таңбаны, әрбір белгіні терең талдауымыз керек. Себебі, тіл мәселесінде, жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік жіберуге болмайды» деп, жаңа әліпби жобасын бүге-шігесіне дейін терең талдауға шақырды.
Қазір парламентте тыңдалған сол әліпби жобасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Зиялы қауым өкілдері латын әліпбиінің артықшылықтарын, әлемдік ақпарат кеңістігіне шығаратын төте жол екенін, әлем халықтарының 80 пайызы қолданатын әлемдік жазу екенін, оған көшу заман талабы, бәсекеге қабілетті болу қажеттілігі, оған көшу қазақ тілін жаңғыртып, мемлекеттік тіліміздің мәдениеті мен мәртебесін көтеретінін, әлемдік өркениетке жетуге жол ашатынын, бүкіл әлем қазақтарын, түбі бір түркі дүниесін біріктіре түсетін аса зор, өте маңызды фактор екенін және басқа толып жатқан маңызды жақтарын жеткізіп айтуда.
«Ал енді сол әліпби жобасындағы әліпбидің бет-бейнесі қандай? Онда қазіргі қазақ тілінің төл дыбыстары мен басқа да дыбыстары толық және дұрыс таңбаланған ба? Олардың оқуға, жазуға, үйретуге, практикада қолдануға қолайлы-қолайсыздығы қалай? Артық-кем дыбыстар мен әріптер жоқ па? Қазақ жазуының реформаторы Ахмет Байтұрсынұлының әліпби жөніндегі талаптарына сәйкестігі қандай?» – деген сияқты әліпби жобасын жетілдіруге тікелей қатысты жайттарды, әрбір дыбыс пен әріпті, әрбір белгіні терең талдайтын да уақыт келді. Әліпби жыл аяғына дейін қабылдануы тиіс.
Әліпбидің парламент тыңдаған жобасының әлпеті мынадай екен:
Көріп отырғанымыздай, парламент тыңдаған бұл әліпби жобасында қазақ тілінің 33 дыбысы бар. Оның 25-і бір дыбыс – бір әріп жүйесі бойынша, қалған 8-і қосарланған әріппен, яғни диграфпен таңбаланыпты.
Мұнда, біріншіден, барлық дыбыстар тек қана латын әліпбиінің төл әріптерімен таңбаланған, сырттан алынған латын жазуына жат, бөтен таңба жоқ. Екіншіден, қазақ тілінің Ахмет Байтұрсынұлы анықтап берген 28 төл дыбысы әліпби құрамында түгелімен тұр. Үшіншіден, қазіргі қазақ тілінің сөздік құрамында мыңдаған емес, он мыңдаған кірме сөздер бары белгілі. Олар өзімен бірге кірме дыбыстарды да ала келді. Сондықтан қазіргі қазақ тілінде төл дыбыстармен қатар в, ф, һ, ч сияқты кірме дыбыстар да бар. Мына әліпби жобасы оларды да шетке қақпай, әліпби құрамына енгізген. Бұл әліпбидің тіліміздегі қазіргі кірме сөздерді, сондай-ақ бұдан кейін де қабылданатын халықаралық терминдерді, шетелдік жер-су, адам аттарын дұрыс бейнелеуге икемділігін, қабілеттілігін көрсетеді. Төртіншіден, кирилше әліпбидегі қазақ тіліне жат, қос дыбысты бейнелейтін ё, щ, ю, я сияқты таңбалар әліпби құрамына енгізілмеген. Қажет болғанда, олардың дыбысын басқа әріптермен-ақ беруге болады. Қысқаша санамалап айтқан бұл жайттар жобаның дұрыс жақтары, оны жасауға қатысқан мамандардың еңбегі деп білеміз.
Ал енді осы жобаның көңіл толмайтын, кемшіл тұстары бар ма? Бар болса, қайсы?
Ондай жайттар бар. Біріншіден, әліпбиде қосарланған таңбалар, яғни диграфтар тым көп. Бақандай 8 дыбыс қосарланған әріппен таңбаланған. Бұл болса әліпбидегі 33 дыбыстың төрттен бірі деген сөз. Былайша айтқанда, 33 дыбыс 41 әріппен беріліп тұр. Және бір қолайсыз жері – бұл қос әріппен таңбаланған дыбыстардың көбі тілімізде жиі қолданылады. Оны мына бір шумақ өлеңнен-ақ көруге болады:
Шыңырау шатқал жатыр
шалқасынан,
Түсе алмай біздер жүрміз
жартасынан.
Көретін көкке қарап бүркітті де,
Көреміз төмен қарап
арқасынан.
Осы 4 жол өлеңде 18 сөз бар. Оның 14 жерінде қосарланған әріппен таңбаланған ж, ш, ө, ү, ң дыбыстары кездеседі. Сөйтіп, бұл 4 жол өлеңде 14 әріпті артық жазуға тура келген. Бұл деген – мәтіннің далиған көлемі және көп әріпті жазуға сырап болған уақыт деген сөз.
Әліпби жобасын жасаушылар тарапынан диграфпен беруді қорғаштап, «қосарланған әріппен таңбаланған дыбыстар тілімізде сирек қолданылады» дегенді естіп қалдық. Ол дәл олай емес. 2013 жылы Тіл білімі институты шығарған «Қазақ сөздігі» деген үлкен түсіндірме сөздік бар. Онда 106 мыңнан астам атау сөз қамтылған. Сол сөздік бойынша қос әріппен таңбаланған дыбыстардың тілімізде аз-көптігін байқап көрелік.
Ә. Әлипби жобасында қос әріппен таңбаланған дыбыстың бірі – осы «ә» дыбысы (ә – ае). Аталған сөздікте бұл әріптен (дыбыстан) басталатын 2 000-дай сөз бар екен. Бұл дыбыстың сөз ішінде келетіні (сән, шәлі) және бар. Сондықтан мұны тілімізде «сирек қолданылады» деп айта алмаймыз. Жоба бойынша әже, әнші деген 3 әріп, 4 әріппен жазып жүрген сөздерді aezhe, aenshi деп 5 әріппен, 6 әріппен жазамыз.
Ө. Жобада қос әріппен таңбаланған байғұс дыбыстың бірі – осы өзіміздің «ө» (ө – ое). Аталмыш сөздікте бұдан басталған 2 600-дей сөз бар. Бұл аз десеңіз, оған сөз ішінде келетін (бөрік, көрік) ө-лерді және қосыңыз. Сонда «аз» деп айтуға ешкімнің де аузы бара қоймас. Жоба бойынша өлең дегенді – oeleng деп, көрші дегенді koershi деп жазамыз.
Ш. Қос әріппен таңбаланған және бір дыбыс – ш дыбысы. «Қазақ сөздігінде» бұл әріптен басталған 6 900-дей сөз тұр. Оған бұл әріптің сөз ішінде (аша), сөз соңында (ағаш) келуін қосыңыз. Мұны сирек, аз қолданылады деп, кім айтады? Жоба бойынша шаш дегенді shash деп, шаң дегенді shang деп жазады екенбіз.
Ж. Қос әріппен таңбаланған (ж-zh) дыбыстардың ішіндегі ең көп, ең жиі қолданылатыны – осы ж дыбысы. Әлгі сөздігімізде бұдан басталатын сөздің саны 12 000 мыңға жетеді, яғни бір өзі бүкіл сөздіктегі сөздің 9 пайыздайы болып тұр. Мұның сөз ішінде (бажа) келуі және бар. Осындай жиі қолданатын дыбысты қос әріппен қалай таңбалады екен десеңші! Жоба бойынша жүн дегенді zhuen деп, жең дегенді zheng деп жазамыз.
Ң. Қазақ тілінде «Ңң» дыбысынан (әрібінен) сөз басталмайтыны белгілі. Сондықтан аталмыш сөздікте бұл әріптен басталатын сөз жоқ. Бірақ бұл дыбыс сөз ішінде (оңай, жаңа) сөз соңында (таң, аң) көп қолданылады. Жоба бойынша 3 әріппен жазып жүрген шаң сөзін 5 әріппен shang деп, 4 әріппен жазып жүрген жаңа сөзін 6 әріппен zhanga деп жазамыз.
Ал енді сөздікте ү (uе)-ден басталатын 1 300-дей сөз, ғ (gh)-дан басталатын 500-дей сөз бар екен. Екеуі де сөз ішінде (күн, аға) қолданылады. Қос әріппен таңбаланған 8 дыбыстың ең сирек қолданылатыны – кірме ч (ch) дыбысы. Сөздікте оған 30 шақты ғана сөз беріліпті.
Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы: «Әліпби деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақ», – деген еді ғой. Әліпби жобасында 8 дыбыстың қосарланған әріппен таңбалануы Ахаң айтқан 6 талаптың – «…арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса…» деген төртеуіне қайшы келіп тұр. Сондықтан диграфтардан арылған жөн деп білеміз. Бұлар қазақ әліпбиін басқаларға түсініксіз етеді, мәтін көлемін ұлғайтып жібереді, уақытты көп жейді. Ең қауіптісі – жаңа әліпбиге деген ынта-ықыласқа көлеңке түсіреді.
Енді ұсыныстарымызды айтайық.
1. «Хх» дыбысы мен әрібін әліпби құрамына енгізу. Өйткені, бұл дыбыс пен әріп тілімізде едәуір жиі қолданылады. Үлкен «Қазақ сөздігінде» осы әріптен басталатын 475 сөз бар. Оның үстіне бұл әріп сөздің ортасында да (асхана), аяғында да (тарих) келеді. Бұған жақын айтылатын «Ққ», «Һһ» дыбыстары оның орынын баса алмайды. Бұл дыбыспен әріп әзірбайжан, өзбек әліпбилерінде де бар. Таңбасы (Хх) латын әліпбиінде дайын тұр.
2. «Цц» дыбысы мен әрібін әліпби құрамынан алып тастау. Өйткені, бұл тілімізде сирек қолданылады, қажет болғанда оны басқа әріппен-ақ жазуға болады.
3. Латынша «Сс» әрібімен «Шш» дыбысын таңбалаған дұрыс болар. Сонда ол қос әріппен таңбаланудан азат болады.
4. Латынның «Jj» әрібімен «Ий» емес, «Жж» дыбысын таңбалау. Сөйтіп өте жиі қолданылатын «Жж»-ны қос әріппен таңбаланудан құтқару.
5. Кейбір дыбыстарды латын әрібіне қосымша белгі қою арқылы таңбалау. Мысалы, «Ғғ» – «Ğğ», «Өө» – «Өө», «Ңң» – «Ŋŋ». Бұлар қосарлаған әріптер әлегінен арылуға көмектеседі.
6. Әліпби жобасын практикалық сынақтан өткізу. Ол үшін газетке жоба жазуымен шағын материалдар жариялап тұру (әр түрлі стильде). Оған материал дайындап, түскен пікірді қорытатын жоба жасаушылар болу керек. Осылай болғанда жаңа жазуға жұрттың көзі үйрене береді және жазудың кем тұстары жақсы байқалады.
ПІКІРЛЕР2