Бұл – блогерлерді бұғаттау емес, жауапкершілікті талап ету
21.07.2023
229
0

Заман талабына, уақыт сұранысына орай мамандық түрлері де толығып отыратыны даусыз. Түрлі әлеуметтік желілер белең алған бүгінгі күннің жаңа мамандары – блогерлер де қоғам өміріне тығыз араласып кетті. Олардың арасында өз ісіне адалдары мен әділдікті, туралықты ту еткендер аз емес.

Алайда, түрлі ортада жүріп, қомақты қаржысы үшін жалған жарнаманы жарқ еткізіп, халық өміріне көлеңке түсіріп жүргендер де баршылық. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заң онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама жұмысын реттеп, блогерлер мен инфлюенсердің жарнамадан табатын «көлеңкелі пайдасын» ашып, интернеттегі контенттерді реттеу мақсатымен қабылданып отыр. Аталмыш Заң сондай-ақ демеушілік жасалған контенттерді, пабликтер мен олардың модераторларын, инфлюенсерлерді, онлайн жарнамаларды, таргет жарнамаларды, хабарлама алмасатын мессенджерлер мен желідегі аккаунттарды да қадағалайды.

Заңға сай, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі онлайн-платформаларға мониторинг жүргізеді. Министрлік интернеттегі қандай да бір контент, я жарнама заңға сай емес деп тапса, авторынан бес күннің ішінде заң бұзушылықты жоюды талап етеді. Сәйкесінше, екінші тарап министрліктің талабымен келіспесе, үш күннің ішінде қарсы шағым түсіре алады.
Сонымен қатар Қазақстанда 100 мыңнан аса қолданушысы бар желілер (Instagram, Facebook, YouTube, Twitter, Telegram, TikTok, VK) елде ресми өкілін тағайындауға міндетті. Бұдан бөлек, онлайн-платформалардың интерфейсі мен модерациясына қазақ тілін енгізу қарастырылған. «Бұл желілердің алгоритміне контенттерді қазақ тілінде модерация жасауға мүмкіндік береді», – дейді мамандар. Заң бойынша, Қазақстан билігі талапқа сай емес деп тапқан контентті онлайн-платформалар жоюға тиіс.
«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері заңы» қабылданған соң ел Президенті «Әкімшілік кодекске өзгертулер енгізу туралы» заңға да қол қойды. Екі заң бірігіп, жалған ақпарат таратқандарға әкімшілік жаза қарастырады. Интернетте жалған ақпарат таратқан қарапайым қолданушыға 20 АЕК (69 мың теңге), блогер, я инфлюенсерге 40 АЕК (138 мың теңге) айыппұл салынады. Қабылданған заң айлакерлердің айласы мен қулығына құрық бойламайтын қуларға тосқауыл болатыны сөзсіз. Дегенмен көпшілікте бұл заң ақиқатты қорғаушыларға қарсы қолданылып кетпесе екен деген алаң көңіл де жоқ емес.
11 шілде күні бас шаһарда өткен Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Елорданың интернет ресурстары да назардан тыс қалмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазіргі цифрлық өркениет пен білім экономикасы жағдайында адамның, әсіресе қала тұрғынының негізгі қажеттіліктерінің бірі – интернетке қол жеткізу. Біз барлық жерде Астананы «ақылды қала» және өңірлік IT-хаб ретінде мәлімдейміз. Бұл пайым өз кезегінде базалық цифрлық инфрақұрылымның жоғары сапалы екенін меңзейді. Алайда Елордадағы интернет пен ұялы байланыстың қалыпты жұмыс істеу деңгейі жетілдіруді қажет етеді. Бұл тұрғындар үшін қолайсыздық туғызып қана қоймай, қала экономикасына елеулі зиян келтіреді, Елорда қонақтарының санасында өте жағымсыз әсер қалдырады», – деп, Астанадағы интернет сапасын сынға ала келе, министр Бағдат Мусиннен мәселені қалай және қашан шешетінін сұрады.
«Біз есеп жүргізіп, нәтижесінде интернет жылдамдығы нашар 67 орынды анықтадық. Ол жерлердің тұрғындарымен де кездестік. Онда үйінің төбесіне станса орнатудан қорқатын радиофобтар тұрады. Әкімдік 60 тұрғын үй бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге көмек көрсетті. Қазіргі таңда осының ішінде 33 үйдің тұрғындары шатырына базалық станса орнатуға келісті. Нәтижесінде оның бесеуіне қажетті құрылғы орнатылды, алтауына орнатылып жатыр. 28 отбасы жұмыс процесіне келісім бермей отыр. Тұрғындарға стансаның денсаулыққа ешқандай зияны жоқ екенін түсіндіре алмай келеміз, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин. Оның айтуынша, заң талабына сай, егер тұрғын үйінің төбесіне базалық станса орнатуға қарсылық білдірсе, құрылғы алынып тасталады. Министр келтірген мәлімет бойынша жылына осындай 150 станса алынады екен. – Ал екінші мәселе – тарифтердің төмендігі. Қолданушылар интернетте көп отырады, тиісінше, ол жүйеге көп салмақ түсіреді. Мәселен, шетелдіктер қандай да бір материалды ашпас бұрын «Бұл мен үшін пайдалы ма, жоқ па?» деп ойланады. Өйткені оны қараса, көп мегабайты кетеді», – деп түсіндірді Бағдат Мусин мәселенің тағы бір қырын. Министрден кейін қойылған сауалға жауап берген Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек интернет сапасына қатысты мәселе қазан айына дейін 60-70 % шешіледі деп сендірді. Әкім айтып өткендей, тиісті орындарда қажетті құрылғыларды орнатуға тұрғындардың 90 пайызы келісім бергенімен, 4-5 адамның қарсылығы жұмыстың жүруіне тоқтау болатыны рас. Бұл да алдағы уақытта заңмен реттеледі деп күтілуде.

М.Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір