«Бабалар салған ізден артық жол жоқ»
Өмірде тындырған тірлігі үшін ешқашан ешкімнен ақы да, абырой-атақ та сұрамайтын адамдар болады. Ісі ірі болғанымен, өзін кіші ұстайтын, нардың жүгін арқалап жүрсе де қарапайымдылығынан танбайтын осындай азаматтардың бірі – Құмарбек Омаров, әскери қаламгер, отставкадағы полковник. Орыс тілінде жазылған жеті-сегіз романның авторы.
Биыл жетпіс жасқа толып отырған әскери жазушы Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бір қарағанда әңгімеге шорқақ көрінген қаламгер ой тиегін ағытқанда, сонау өткен күндерінің өшпес елесін бейнелі сөзімен безбендеп көз алдымыздан тізбектей өткізді. Қаршадайынан қиындықпен күресіп, қажыры мен қайратының арқасында бұл күнде абыройлы ел ағасына айналған мерейтой иесімен арадағы сырлы сұхбат төмендегіше өрбіген еді.
Құмарбек Омаров, әскери қаламгер,
отставкадағы полковник
– Бір әңгімеңізде «Мен танымалдылыққа аса ұмтылмаймын. Көбіне жұрт назарынан тыс, оңаша болғанды қалаймын» деген екенсіз. Жұрттың бәрі атақ-дәрежеге, мақтау-марапатқа қол созған заманда өзіңізбен-өзіңіз саяқ жүруіңіздің себебі неде?
– Мансап, дәреже, билік – қолдың кірі. Меніңше, алға қойған мақсатына қажыр-қайрат, күш-жігерімен жетуге әркімнің мүмкіндігі бар. Тек мақсаты айқын, сенімі нық болса болғаны. Олай дейтінім, өз басым өмірде қандай жетістікке болса да тек білім-білігім мен табандылығымның нәтижесінде қол жеткізген адаммын.
Мен ауылдағы көпбалалы, қарапайым отбасында дүниеге келдім. Ол кезде Қатонқарағай ауданындағы біздің шалғай ауылда төрт-ақ сыныптық мектеп бар еді. Төрт сыныпқа бір ғана мұғалім сабақ беретін. Шамасы келгендер балаларын одан әрі интернаттарға, орталықтарға жібереді. Ал оған мүмкіндігі жоқтар сол төрт сыныптық білімді қанағат тұтып, ауылда қалады. Төртінші сыныпты бітірген соң менің де оқуды жалғастырғым келді. Сөйтіп, одан ары қарай өзіммен-өзім болуыма тура келді. Қанша жерден туыс болғанымен қысыл-таяң заманда біреудің баласын оқыту, өз балаларының несібесімен оны да ризықтандыру кімге ұнай қояды дейсің. Ағайынның үйінде шетқақпайлықты көре жүріп, ширыға түскендей болдым. Әйтеуір бірде туыстардың үйін, бірде интернатты паналап жүріп оқып шықтым. Өмірдің алғашқы қиындықтарымен сол бала күнімде бетпе-бет келдім. Анда-санда болмаса ауылдағы ата-анам көп ақша жібермейтін еді. Әрине, ауылдағы шиеттей бала-шағадан не артылсын. Қазір ғой жастардың бүтін киімді әдейі жыртып, сәнге айналдырып жүргендері. Ол кездері жыртық киім кию ұят, намыс саналатын. Киімім тозып, шалбарымның әр жері тесіле бастағанда, ортаға шығып сабақ айтуға намыстанатын, екі қолыммен жыртылған жерін жауып тұрып, қысылып сабақ айтатын күндерім болғанын жасырмаймын. Енді ойласам, сондай түрлі қиындықтарға шыдауымның себебі – ата-анама көмектессем, бауырларыма қамқор болуға жарасам деген ниеттен туған табандылық екен ғой. 1966 жылы он бірінші сыныпты аяқтап, Семейдегі құрылыс техникумына түстім.
– Сіз қаршадайыңыздан басшы болып, басқару ісіне ерте араласқан екенсіз. Сыры неде?
– Әскерден келген соң Үлкен Нарын ауданындағы Урыл совхозында комсомол комитетінің хатшысы болып жұмыс істеп жүрген кезім еді. Бірде сол ауылға Тұрсынай деген қыз институт бітіріп, мұғалім болып келді. Сол қызбен тіл табысып, 1973 жылы отау құрдық. Екеуміз содан бері өмірдің ащы-тұщысын қатар татып, бірге қартайып келеміз. Сол жылдары аудан орталығында өткен комсомол конференциясында баяндама жасадым. Конференциядан шығып келе жатып, дәлізде бір кісімен қарсы келіп алдым. Қарасам, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Құмаш Боранбаев екен. «Әй, Омардың ұлы сен қайдан жүрсің? Ертең маған келіп жолық», – деді ол кісі. Ертеңіне бардым. Жас комсомолдарды жұмысқа шақырып жатқандарын айтып, Печи ауылдық аймағына ауылдық кеңестің хатшысы болуға келісімімді сұрады. Мен: «Хатшысы қалай, одан да неге төраға ғып бір-ақ қоймайсыздар», – деп қалжыңдадым. Отырғандар ду күлді.
Екі-үш айдан кейін орталықтан қайта шақырту келді. Ақыры басшылықтың ұйғарымымен 22 жасымда аталмыш аймаққа өзім айтқандай ауылдық кеңестің төрағасы болып бардым. Дәл сол уақыт ол жерде жол мәселесі ушығып тұрған кез. Балшыққа белшесінен батқан халықтың аудан орталығына жетуі мұңға айналған. Сөйтіп, білек түре іске кірісіп кеттік. Бір жылдың ішінде аудан орталығына автобус жүретіндей етіп, жолдың мәселесімен айналыстым. Бақсам, атқарылар шаруа шаш-етектен, бірақ оған бас ауыртып жатқан ешкім көрінбейді. Ал ақша деген игерілмей жатыр. Сонымен жол төсеп, көпір салып, жатпай-тұрмай шаруамен айналыстық. «Жап-жас бала келіп, өстіп жатыр екен» деген әңгіме жан-жаққа тарай бастады. Сөйтіп жүргенде, Үлкен Нарын мен Қатонқарағай аудандары екіге бөлініп кетті. Жаңадан құрылған аудан үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебінде оқуға бір орын бөлініпті. Соны ести сала дереу басшылыққа білім алғым келетінін жеткіздім. Сөйтіп, өтініш білдірген он бір адамның ішінен жолым болып, сол орынға ие болу маған бұйырды. Ол кезде жасым жиырма төртте еді. Әйеліммен екі қызымды алып, пәтер жалдап жүріп оқыдым.
Оқуымды бітіріп, жаңа қызметке кірісе бергенім сол, бір күні Орталық Комитеттен шақырту келді. Түнімен не бүлдіріп қойдым деп қобалжып, ұйықтай алмай шықтым. Ертесі көңілім алабұртып Орталық Комитетке келсем, мені Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетіне жұмысқа шақыратындарын айтып тұр. Жөпелдемеде не дерімді білмей, абдырап қалдым. Қабырғаммен кеңесуге мұрсат берулерін сұрадым. Үйге келгесін жұбайым: «Біз осы уақытқа дейін аз қиыншылық көрген жоқпыз. Сен олардан әуелі пәтер сұра, егер баспана мәселесін шешіп берсе, онда ұсыныстарын қабыл ал», – деп кеңес берді. Орталықтағылар өтінішіме құлақ асып, Алматының ортасынан екі бөлмелі пәтер берді. Сондағы қуанғанымызды тілмен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Осылайша кадр бөлімінде аға жедел уәкіл (полиция мекемелеріндегі оперативтік қызметкер) болып жұмысқа кірістім. 1994 жылы ҰҚК-ның бөлім басшысы болдым. Біртіндеп қызметім жоғарылай бастады. 1997 жылға дейін органда жұмыс атқарып, жасым елуге келгеннен кейін зейнетке шықтым. Енді мемлекеттік қызметтен босап, Алматыдағы қыздарым мен жиендеріме барып, мауқымды басармын деп ойлап жүргенде, Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Виталий Метте «Алтын Төбе» металлургия зауытына директор болуымды өтінді. Сөйтіп, тағы жеті жыл сонда басшылық етіп, ақыры өз еркіммен қызметтен босатуға өтініш білдірдім. Сонда Метте: «Мен талай бастықты көріп едім, бірақ дәл сіз секілді өз еркімен қызметтен кеткен бастықты бірінші рет көріп тұрмын», – деп күлгені есімде. Ақыры қыздарымның өтінішімен Алматыға көшіп келдік. Бірақ келгеніме үш ай толысымен мені Президенттің күзет қызметіне жұмысқа шақырды. Онда бас директордың орынбасары болып істедім. Екі жылдан кейін денсаулығым сыр бере бастады. Әуелі дәрігерлер «сырқатыңыз қауіпті, жаман ауру» деп қорқытты. Кейін Швейцарияға барып, толық тексеруден өткеннен кейін, бастапқы диагноздың қате қойылғаны анықталып, сол жақтан өт қабыма ота жасатып, оңала бастадым.
– Ұзақ жыл органда жауапты қызметтер атқарыпсыз, сонда жазушылыққа қашан, қалай келдіңіз?
– Негізі журналистика факультетін тәмамдадым деп айттым ғой. Бірақ қаламды серік етемін деген ойым мүлде жоқ еді. Бір күні жұмыста отырып, «Рудный Алтай» газетіне көз жүгіртсем, кезінде өзім басқарған Печи кеңшары туралы мақала жарық көріпті. Қарасам, кейбір деректері шындыққа сәйкес келмейді. Кезінде өзім басқарып, аяққа тік тұруына мұрындық болған ауыл туралы жалған дерек бергендері жаныма батып, дереу тілшіге хабарластым. Ол бірден келіп, мән-жайды түсінгеннен кейін, онда сіз қарсы мақала жазыңыз деді. Жарайды көрейін, қалай болар екен деп жүрексініп, қолыма қалам алдым. Кейін жазғанымды редакцияға алып барсам, «мынауыңыздың көлемі газетке тым көп, сіз тағы біраз нәрсе жазыңыз, бәрінің басын құрап, кітап етіп шығарайық», – деді. Бастапқыда ол менің қолымнан келе қояр ма екен деп жүрексінгеніммен, қалам ұстасам болды, жүрек түбіндегі сезім сырларым өз-өзінен қағаз бетіне төгіліп қоя беретінін байқадым. Сөйтіп, әйтеуір біртіндеп қаламмен достаса бердім. Ақыры жазбасам тұра алмайтындай жағдайға жеттім. Жұбайымның «Осының қалай болар екен? Сен жазудың емес, істің адамысың ғой», – дегеніне де қарамай, жазатын болдым. Ондағы бір ойым, өмірде ғұмырымды жалғайтын ұл қалдыра алмадым. Енді осы кітаптарым менің ғұмырымды жалғайтын, атымды өшірмейтін бір белгі болсын деген ниет еді. Соның нәтижесінде «Последняя охота», «Река начинается с ручьев», «Загадочная Бухтырма», «Обречение», «Катын-Карагай» атты кітаптарым жарық көрді. Негізінен, орыс тілінде жазамын.
Расында, атақ-дәреже қуып, жазушы болып, жұртқа танылсам деген ниетім болған емес. Сәті келіп Жазушылар одағына мүше болдым. Мүшелікке өткенім туралы куәлік қолыма дәл 13 шілде – Қауіпсіздік қызметкері күні тигені әлі есімде. Қуанышым қойныма сыймай, алып-ұшып жеттім. Куәлікті алып, кәсіби мерекеге арналған салтанатты шараға бардым. Әріптестерім де қатты қуанды, сол күн менің жеке мерекеме айналып кеткені есімде.
– Сізді Оралхан Бөкейдің жақын араласқан інісі деп жатады.
– Иә, Оралхан Бөкей дүниеге келген қасиетті Қатон-қарағай жерінде туып-өстім, көктеп-көгердім. Менің ойымша, Оралхан әлі де ашылмаған, жұмбақ адам. Бір топырақтың тумасы болғандықтан болса керек, мен ол кісіні өте жақсы түсінетінмін. Оқыған сайын кейіпкерлерін бұрыннан танитындай әсерде боламын. Бізге Оралхан шығармашылығын зерттеумен айналысатын бір институт керек секілді.
– Ұзақ уақыт Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде қызмет еттіңіз. Сіздің ойыңызша қазақ ұлтына ең әуелі қауіп неден төніп тұр? Ол қауіптің алдын алу үшін не істеу керек?
– Экономикасы дамыған немесе дамушы, я құлдыраған ел болсын өзінің қауіпсіздігін бірінші орынға қоятыны ақиқат. Елге сырттан келетін қауіп-қатерден гөрі іштен шығатын дау-дамайдың зияны көбірек тиіп жататынын ескере бермейміз. Сондықтан мемлекет ішкі және сыртқы саясатына бірдей көңіл бөлуі тиіс деп ойлаймын. Кейде бұрынғы қызметіме қайта шақырса, дәл қазір барып, тәжірибеммен бөлісіп, ел тыныштығы үшін аянбай еңбек етер едім деген ойлар келеді. Әсіресе, қазіргідей ашық қоғамда көп нәрсені жіті қадағалап отыру қиын әрі қызық болып тұр. Жемқорлық кең етек жайған бүгінгі күні кез келген ұсақ-түйекті де назардан тыс қалдыру қауіп тудыруы мүмкін.
– Дәл бүгінгі таңда қазаққа қандай идеология керек?
– Менің ойымша қазақ деген сөздің өзі – идеология. Біздің ғасырлар бойы жалғасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарымыз, өмір сүру салтымыз тазалықты, адалдықты, қонақжайлылықты, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарауды, ұятты өлімнен артық көруді, ел намысы үшін отқа түсуді насихаттайды. Бізге осы бабалар жолынан артық қандай жол керек? Қазақ қай кезде де қазақтығын сақтап қалса деп тілеймін. Ол үшін қазақ тіліне деген құрмет пен қажеттілік артса деген тілегім бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Айнара АШАН.