Ноқтаға басы сыймаған
Бауыржан Момышұлымен бірнеше рет – «Алматы» шипажайында, Жоғарғы Кеңестің Президиумында, композитор Ахмет Жұбановтың үйінде және т.б. жерлерде кездесіп, әңгімелестім. Сөйтіп, бүгінгі күні күрделі де белгілі тұлға, Ұлы Отан соғысының Батыры Бәукең жайлы естелік айтатын болдық.
Кеңес Одағының тұсында шетелдік атақтылардың барлығы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесіне келетін: оның отырысына Неру, Хо Ши Мин, иран шахы Пехлеви секілді әйгілі адамдар қатысқан. 1956 жылдың шілдесінде Жоғарғы Кеңеске ағылшын жазушыларының бір тобы келуіне байланысты олардың қазақстандық әріптестерін Мұхтар Әуезов таныстырды. Әдеттегі сыпайыгершіліктен кейін ағылшындардың бірі: «Республикада қанша жазушы қазақ бар?», – деп сұрап қалды. Сұрақты Момышұлына аударған Әуезов: «Бауыржан, сен айтшы, айналайын», – деп өтінді. Ол болса бірден: «Бесеу!», – деп тақ етті.
«Ой, Құдайатқан!», – деген Әуезовтың үнінде өкініш бар еді. Алайда, еш саспаған Бәукең:
– Бұл әлем білетін жазушылар, – деп жалғастырды. – Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафин, Тәжібаев! – Сосын ары қарата еш тоқтаусыз, асқан қарқынмен ойын ашық айта жөнелді. – Бізде тағы 25 жазушы бар – оларды күллі Кеңес Одағы біледі. Одан бөлек 270 қаламгерді тек Қазақстан ғана біледі. Бірақ осы соңғысына ерекше көңіл бөліп, кітаптарын шығартса, тұрғын үймен қамтамасыз етсе – оларды күллі әлем білетін болады. Соның бәрін қосқанда республикада үш жүз жазушы бар.
Сөйтіп, Момышұлы қысқа да нұсқа тілмен республика Жазушылар одағы басшылығының жұмысын сынап өтіп, жас дарындарға жанашыр көңіл керектігін ұғындырды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 25 жылдығына дайындық кезінде Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Мочалин Бауыржан Момышұлын салтанатты жиналыс Президиумының тізіміне қосуды ұмытып кетіпті. Тізіммен дәл мерекенің қарсаңында танысып шыққан Қонаев Мочалинге «қателігін» түзеуді тапсырады. Ол болса Бәукеңе өзінің орынбасары Бектемісовті жұмсайды. Алайда: «Қолым бос емес, бармаймын!», – деген ашулы Момышұлы партия жетекшісіне: «Марш отсюда!», – деп қысқа қайырады.
Жоғарыдан келген тапсырма орындалмайтын болған соң Мочалин жиналысқа екі сағат қалғанда Бәукеңнен кешірім сұрап келеді. «Қолым бос емес, бармаймын», – дегенді қайталаған батырға партия қызметкері: «Егер бармасаңыз Қонаев мені жұмыстан қуады. Мені аяңызшы, өтінем!», – деп жалынады. Мочалиннің жыламсыраған түрін көрген Бәукең селк етіп: «Жарайды, жарайды, барайын!», – деп көне кетіпті. Ер адамның соншама төмендегенін жақтыртпаған батыр жолай: «Кешегі келген кім? Бойы кішкентай», – деп әңгіме ауанын басқаға бұрмақ болады.
– Қалалық партия комитетінің екінші хатшысы.
– А, мен оны сіздің адъюдантыңыз екен деп қалдым. Көп әбігерленеді екен, – деген Бәукең партия шенеуніктерінің жүрегіне тағы бір әжім түсіріп тастайды.
Бірде Момышұлын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Исмаил Юсупов шақыртып, республика әртісі Шахан Мусиннің әйелін неге тартып алғаны жайлы түсініктеме жазуды сұрайды. Өйткені, соның алдында ғана «Қазақ әдебиеті» газетіне жазушы Сафуан Шәймерденовтің мақаласы шыққан болатын. Онда Бәукеңнің қадамы жан-жақты сыналып, «азғындық әрекетке» баланады. Қайтпек керек?! Бәукең Орталық комитетке келіп, түсініктемені төте жазумен оңнан солға қарай жазып, биік кабинеттен үнсіз шығып кетеді. Араб қарпін танымайтын Юсупов сол жылы, яғни, 1963 жылы Министрлер Кеңесінің төрағалығын өткізіп берген Қонаевты көмекке шақырады. Бір парақ қағазды оқып көрген Қонаев әбден күліпті. Сөйтсе, Момышұлы түсініктемені былай жазыпты:
«Гвардии полковник деген атағым бар.
Аздап қатындармен шатағым бар.
Жас жігіттей қылшылдаған қуатым бар…».
– Бізге керегі не еді? – депті Қонаев. – Сүйікті Камашымды бүгін-ақ қайтарам деп жазғаны ма?! Бірде-бір әйелге тағдырын қосқан адамды тастауға бұйыра алмайсың…
Бір жолы «Алматы» санаторийінде мен, Бәукең, тағы да басқа демалушылар бар бір нөмірге жиналдық. Отырып, әңгіме-дүкен құрып отырмыз, жиналғандардың бәрі қазақ болған соң Бәукең қазақша сөйледі. Бір кезде көптің ішінен облыстық партия комитетінің хатшысы, қандай екені есімде жоқ, әйтеуір бір саланың профессоры, фамилиясын атамай-ақ қояйын, Момышұлының сөзін: «Бауке, это же неправдоподобно!», – деп орысша бөлді. Оған батыр: «Жігітім! Мен ешқашан өтірік айтқан емеспін және айтпаспын да, өйткені, облыстық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істеген емеспін», – деп жауап қатты. Профессор әрі партия басшысы отырыстан тезірек кетуге асықты.
Бірде Баукең маған өзінің тәжірибесін, турасын айтқанда, тәкаппарлықтан алған сабағын айтып отырды. Алдымен әйгілі орыс физиологы Павловтың кезінде жастарға айтқан: «Ешқашанда тәкаппарлыққа еркіндік бермеңіз! Келісетін жерде ешқашанда қасарыспаңыз!», – деген сөзін мысалға алды. Басштаб Академиясын бітірген соң Момышұлына Корпус штабының бастығы қызметін ұсынады. Генералдық қызмет болса да шенеуніктік лауазым әскери полковник болған Баукеңе қол емес еді.
– Құдай мені жазалайын деген шығар, – деген ол өзінің қалай шеттетілгенін айтып берді. – Сыңарезуленген қырсықтыққа салып, ұсынылған қызметтен бас тарттым. Оның орнына дивизия командирі болуды сұрадым. Ақыры менің балалық ісімді лайықты бағалап, отставкаға жіберді.
Егер сол жолы Баукең келіссе онда оған бірден генерал атағын берер еді. Ондай жағдайда корпус командирі болу иек астындағы іс. «Сөйтіп, маған ақымақ қырсықтығым кедергі келтірді», – деген Баукең сөзін тұжыра түсті. Осыған қарап, осы бір үлкен адам айтқанымен ғана жүріп қоймай, өз ісіне сергек әрі сынай қарағанын білуге болады.
1934 жылы Момышұлы кіші лейтенант лауазымымен Қиыр Шығыстағы атты әскерде қызмет етіп, эскадрон басқарады. Ол тұстағы әскерде дедовщина деген нәрсе жоқ, керісінше, адамды қорлау қылмыс ретінде бағаланатын. Әрбір ротадағы тәртіпті политрук, парторг, комсорг қадағалайтын, ал, әрбір батальонда қосымша «ерекше бөлім» болатын. Оның себебі түсінікті: қорланған, кемсітілген жауынгер Отанды дұрыс қорғай алмайды.
Бірде Момышұлы қызмет еткен бөлімге Ерекше Қызылжұлдызды қиыршығыстық армияның командирі, Кеңес Одағының маршалы Василий Константинович Блюхер келеді. Момышұлының жұмысын жоғары бағалаған ол ризашылық ретінде Баукеңе сағат сыйлайды. Содан көп ұзамай Блюхер «халық жауы» деп айыпталып, атылып кете барады, сөйтіп, Момышұлын «Блюхердің сыбайласы» деген жаламен қудалау басталады. Бақытына орай айыптаулар жайына қалады: Момышұлына құрметпен қарайтын маршал Буденный (дәл Блюхер секілді) офицерге таңылған заңсыз айыпты алып тастауды бұйырады. 1936 жылы елде жаңа, «сталиндік» Конституция қабылданды, оның жобасы газеттік жарияланым арқылы емес радиомен талқыланды. Ол кезде пәтерлерде радиоқабылдағыш та, теледидар да жоқ, халық жаңа Конституцияны көшелердегі бағаналарға ілінген қара табақтардан тыңдап, білді. Бағана түбіне жиналған көпшілік жобаны кейіннен өз жұмыс орындарында «талқылау және қолдау үшін» бұрынғы тау инженері Левитанның даусына құлақ салатын. Бірақ Момышұлы қызмет еткен әскери бөлімде өткен партия жиналысында бірауыздан қолдау мүмкін болмайды, өйткені, бірбеткей Бауыржан жобаның нұсқасын беруді талап етіп: «Оқып шығайын, ойланайын, сосын барып дауыс беремін», – дейді ашықтан-ашық. Содан бастап оның жеке іс қағазында «саяси сенімсіз» деген жазу пайда болады. Алайда, бұған да Буденный араласып, теріс жазбаны өшіртуге бұйрық береді.
1941 жылдың қарашасында Мәскеудің түбінде болған ұрыста Момышұлының бөлімшесі ерекше көзге түскені белгілі. Ол кезде 316-шы Панфилов дивизиясы Мәскеуді қорғап, кеудесін оққа тосқан болатын. 1942 жылдың басында Баукең Алматыға келіп, республика Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Николай Скворцовтың қабылдауында болады. Кенеттен ойына не келгенін кім білсін, әлгі кісі батырдан: «Сізді ұлтшыл деушілерге не айтасыз?», – деп сұрап қалады.
– Не айтайын?! – дейді көзін сығырайтқан Бауыржан, – Ендеше, тыңдаңыз. Мен барлық ұлтты сүйемін, бірақ олардың бірде біреуін өзімнің туған халқымның қатарына қоймаймын. Ал, сіз ше?! – дейді абдырап қалған Скворцовқа. Ол ешқандай жауап бере алмайды, бірақ кейіннен барлық биік кабинеттерде Момышұлының «ұлтшылдығын» жария жасап, батырға генерал атағын бергізбеуді сыбырлайды.
Соғыстан кейін полковник Момышұлының дивизиясындағы бес жүз жауынгер елге қайтарылады. Қойманы аштыруды бұйырған командир әрбір жауынгердің туыстарына сыйлық ретінде зат алуын ұсынады да: «Сіздердің зат салатын қаптарыңыздан басқа, құтыларыңыз бен қасықтарыңыздан өзге ештеңелеріңіз жоқ. Ал отбасына, ошақ қасына сыйлықсыз оралу жақсы емес», – деп адамгершілік көрсетеді. Сол әрекеті үшін Бауыржанға «мемлекет мүлкін талан-таражға салды» деген айып тағылады. Қорғаныс министрі Николай Булганиннің атына: «материалдық шығын келтіргені үшін полковник Момышұлының шенін төмендетіп, ісін Әскери трибунал сотына беруді» айтқан ұсынысты шағым кетеді. Іс қаралып, министр жауапкерді кілемге шақырады. Бірақ бұрынырақта Ленинград және Мәскеу қалалық кеңестерінің төрағасы болған маршал Булганин түсінігі бар адам болып шығады. «Қалай болғанын түсіндіріп беріңізші», – деп сабырлы тіл қатады. Бауыржан:
– Жолдас маршал, оның бәрі соғыста түскен олжа болғандықтан жауынгерлер оны қанымен өтеген-ді, – деп жауап қатады. – Олардың қатарында менің туыстарым жоқ, бірақ олар төрт жыл бойы окопта тіршілік кешті және Отан үшін жандарын қиды. Сондықтан да «осы бір ұсақ-түйек зат оларға кішкентай болса да қуаныш сыйласын» деп шештім.
Бұған Булганин бар болғаны: «Бұдан кейін олай жасамаңыз, жолдас полковник», – деп тұжырады.
Алайда, көп ұзамай олар қайта кездеседі, онда да батырдың бірбеткей мінезіне бола. Соғыстан кейін Момышұлы Басштабтың Академиясын қызыл дипломмен бітіріп шыққандықтан ұстаздық қылуға сонда қалдырады. Академияның бітіру жиналысында бір генерал академия бастығы, Кеңес Одағының маршалы Матвей Васильевич Захаровқа: «Соғыс кезінде Ортаазия республикаларынан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан шыққан жауынгерлер майданда неліктен ерлік, қаһармандық көрсетпеді және неге орыс аязынан қатты қорықты?», – деген арандатқыш сұрақ қояды. Мынадай сауалға маршал Захаров: «Бұл өңірлерде үш жүз жыл бойы соғыс болмаған. Олардың бойында әскери тәжірибе, ұрыс тәсілдері жетіспеді. Оның үстіне, ыстық аймақтарда дүниеге келген адамдардың орыс аязына шыдай алмайтыны белгілі», – деп бұра тартып, жалған жауап береді. Сол кезде Момышұлы орнынан тұрып, акт залына анық естілетін дауыспен, анық әрі нақты: «Сұрақты қоюшы да – оңбаған, жауап беруші де – оңбаған», – дейді. Кейінірек, Баукең тік сөйлегеніне өкініш білдірді: көптің көзінше академия басшысын сөгудің керегі жоқ еді, бірақ қателікті түзеуге кеш болатын. Сөйтіп, тағы да Булганиннің атына Захаров пен академия мұғалімдері жазған шағым кетеді, онда «әскери қолбасшыларды көптің көзінше жәбірленгені үшін полковниктің шенінен айыру және соттау» ұсынылған. Батыр тағы да министрдің алдына барады.
– «Өз әрекетіңізді түсіндіріңізші, жолдас полковник», – деп Николай Александрович маған ауыр көзқараспен қарады, – деп еске алады Баукең кейінірек. – Жоғалтатын ештеңем жоқ, сотпен қорқытып отыр. Сондықтан, тікесінен: «Жолдас маршал, мен екі генералды жәбірлесем, олар бірнеше халықты түгелдей қорлады. Кімнің қандай жазаға лайық екендігін өзіңіз шешесіз, ал, мен тік мінезім үшін кез келген жазаны көтеруге дайынмын», – дедім. Булганин ұзақ ойланып отырды, сосын, терең күрсініп: «Бұдан кейін олай істемеңіз, жолдас полковник», – деп тұжырды.
60-шы жылдары Куба басшылығының шақыруымен Момышұлы Бостандық Аралына баруға жиналды. Фидель Кастроның бауыры Рауль қастерлі қонақты үш рет салтанатпен күтіп алады. Төртінші ретінде Баукең СІМ ұсынған ұшақпен ұшпайды, сөйтіп, оны ешкім күтіп алмайды. Қонақүйге дейін өз аяғымен жеткен Баукеңді кіші Кастроның көмекшісі іздеп келіп: «Ертең сағат үште қос Кастро сізді қабылдайды, сізді өзім әкетемін. Әзірше, демалыңыз, өз үйіңіздей сезініңіз», – деп қонақжайлық танытады. Келісілген уақытта Момышұлының алдынан әйгілі Фидель кабинетінің есігі ашылады. Әскери китель мен қазақша бөрік киген біздің батыр ішке қазақшалап: «Ассалаумағалейкум», – деп амандаса кіреді. Сосын Куба басшылығының таңдана қараған үнсіздігін үстеп, үстіндегі кителін шешіп, орындықтың арқалығына іледі, мойнынан галстугын сыпырып, жейдесінің жағасын ашады және арқалығы биік орындыққа емін-еркін отыра қалады. Бұл сәтте кабинет қожайынының жүзіндегі абдырау бірте-бірте ашуға айнала бастайды. Фидель Кастроның беті көз алдында қызарып шыға келеді. Ашуы әбден шегіне жеткенде Баукең сабырмен: «Кеше сіздің көмекшісіңіз маған өз үйімдегідей сезінуді айтып еді. Сондықтан да туыстас социалистік мемлекетте еркін демалып жүрмін», – деп жағдайды түсіндіреді. Бұған ағайынды Кастролар күліп жібереді.
Сол күні олар Баукеңе: «Біздің жауынгерлер сіздің «Волоколам шоссесі» деген кітабыңызды тастамайды, дәл сіз секілді батыр болғысы келеді. Ақыры келген екенсіз, біздің кубалық дивизияға бір ай басшылық жасауға қалай қарайсыз?!», – деп ұсыныс тастайды.
– Мен Кеңес Армиясының офицерімін, – деп жауап береді батыр. – Бірақ басшылық рұқсат етсе, жұмыс істей аламын.
Ақыры Фидель Кастро ресми рұқсат алып беруге күш салады, Баукең бір ай бойы Куба дивизиясына басшылық жасайды.
Момышұлы тіпті күнделікті тіршіліктің өзінде қалыпқа сыймайтын ерекше көзқарасын анық көрсетіп, өзін сенімді ұстайтын. Соның нәтижесінде көп жағдайда әңгімелесуші тарапынан түсініспеушілік туындап жататын. Оның мысалы көп. Соның бірі былай.
1963 жылы Абай атындағы ГАТОБ-та шығармашылығын жаңа бастаған ғажайып композитор Ғазиза Жұбанованың шығармашылық кеші өтті. Сол жолы қоғамның талқысына композитордың алғашқы туындылары ұсынылды немесе бүгінгінің тілімен айтсақ, автордың алғашқы туындыларының тұсауы кесілді. Кеш жақсы өтті, үзіліс кезінде көпшілік авторды құттықтап жатты, Ғазизаның өзі болса қуаныштан балбұл жанды. Өйткені, құттықтаушылардың арасында: «Ғазиза, сен ұлы композиторсың, мұндай музыканы Құрманғазы да, Дина да, Тәттімбет те жаза алмаған!», – дейтін жағымпаздардың болғаны анық.
Кештің кейіпкеріне Бауыржан Момышұлы да жақындап:
– Ғазиза, – дейді асқан салтанатпен. – Құттықтаймын және сені тудырған атаңа рахмет!
Композитордың түрі бұзылып кетеді. Себебі, батырдың сөзін ол өзінше түсінгені белгілі еді. Кейіннен Ахмет Жұбанов қызының сол жолы өкпелеп қалғанын айтып: «Папа, Бауыржан аға көптің көзінше маған музыканы сен жазып береді деп айтты», – дегенін маған жеткізді. Бірақ дана Ахаң қызына: «Қызым, сен басы ноқтаға сыймаған әйгілі асауды дұрыс түсінбепсің! «Құттықтаймын» деу арқылы ол сенің өнеріңді мойындаған, ал, «Атаңа рахмет» дегені әкең сенің қалыптасуыңа және дамуыңа көп нәрсе жасағанын білдіреді. Шындық осы емес пе, әлде мен сен үшін ештеңе істемедім бе?! Осыны терең ойла және кезекті, жалған жағымпаздықты аз тыңда», – деп ақыл айтады.
Баукеңнің кейіннен айтуынша, сол кештен соң Момышұлының үйіне Ахмет Жұбанов өзі келіп, қатты таң қалдырады. «Бауыржан, шырағым, тез киін. Камаш-жан (батырдың әйелі – Ред.), сен де жүр», – деген Ахаңның тапсырмасын орындаған ерлі-зайыптылар сұраулы жүзбен қарайды. Сосын Ахаң: «Қызымның қуанышына – алғашқы шығармашылық концертіне орай сендерді үйге шақыруға өзім келдім», – дейді. Момышұлы әскери тәртіппен: «Жақсы, аға!» – деп қуанышты ізет білдіреді. Осыған қарап, мүйізі қарағайдай Жұбановтың өз аяғымен келіп шақыруды намыс көрмегенін біле аламыз. Әйтпесе, кейбіреулер секілді телефонмен не шақыртушы баланы жұмсап шақыруға да болады. Әйгілі композитор Бауыржанның шыншылдығына және турашылдығына осылай құрмет көрсетсе керек.
Баукең жайлы жүрекке жылы тиер естелігімді түйіндей келе, батырдың соғыстың қызған шағы – 1942 жылдың қаңтарында жыр алыбы Жамбылмен болған кездесуін айтқым келеді. Әйгілі абыз ақынмен қоштасып тұрып Баукең: «Ата, мен майданға жүремін, батаңызды беріңіз!», – дейді. Жамбыл алақанын жайып:
– Батырдың жолы болсын,
Самсаған қолы болсын,
Түсі де суық екен, ісі де долы болсын! Әумин!» – деп бата береді.
Орыс тілінен тәржімалаған
Мәди Алжанбай.
ПІКІРЛЕР2