Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ. ЖАНАРЫМА СЫЙМАҒАН ЖАСЫЛ АЙМАҚ

Қарашоқы
Тамыздың желі бетіме өбетін,
Таң ата анам мосы керетін.
Бишігін әкем беліне алғанда,
Сарымойын саулық мекіренетін.
Қоралы отар сосын өретін.
Шатқалда өскен шұғұнығыңнан,
Шаттықтың шексіз сырын ұғынғам.
Суырлы сайдың самалы желпіп,
Сезбедім қырдың суығын ұрған.
Жылқылы жұртқа ұнағасын ба,
Арсылдайды арлан түн арасында.
Тұсамысымен тықыршып тұрар,
Тұмарлы торым тұма басында.
Тылсымы сан-мың таудың ұқтыратын,
Ұларлар салған ән құнықтыратын.
Сарқымыз бөккен сабаның даусын,
Сабаудың үні жаңғырықтыратын.
Төрт түлік түгіл ғашық аңдар да,
Күреңше күлген жасыл аңғарға.
Қос науа басын қорыс қылатын,
Бұғы бейбақтар ащылағанда.
Әр кезең сайын арлы ауыл қонған,
Асырған шыңы арманыңды айдан.
Жеңгелер алған бармағы балдан,
Сары атан шөккен сары қарын майдан.
Айраның қайран, қаймағың қайран.
Тауын жыр етіп, тасын жыр етіп,
Әз жанын өтер ақын жүдетіп.
Шекілдеуікшіл шауқарғалардан,
Балқарағайдың басын күзетіп.
Туған жер
Туған жер қойны дара, бақ қандай,
Жүруші ем күнде аралап қанбай.
Жүдедім налып, аттанар шақта,
Жүрегім қалып бара жатқандай.
Ауылым көшер атанын қомдап,
Бауырым көшер сапарын оңдап.
Тауларым қалды, бау-бағым қалды,
Жолдарым сені, қапамын ойлап.
Бұлбұлың едім орманыңдағы,
Әуені бөлек өз бағындағы.
Молалар үнсіз мұңға батады,
Бөрілер жортқан жондарыңдағы.
Ертегі күннің елесі қайғы,
Есіме алдым неге осы жайды?!
Атамның шыққан төбесі қалды,
Апамның жайған өресі қалды.
Қиялда кезіп аралап бәрін,
Құрандай ұйып жазам аттарын.
Қиырда қалған құйқалы мекенім,
Құдайға ғана аманаттадым.
Мұңымды қуып тәтті ойлар бүгін,
Ағылды асау аққайнар жырым.
Асыға күтем, атағашыңа
Айналып Алаш ат байлар күнін.

Алтай мұңы
Төрт бөлінген тұранымның тұрағы,
Алтайымда аспан жылап тұрады.
Кең далаңды кернейлетсе көкбөрі,
Ер бабамның естілгендей ұраны.
Тәңірімдей тәу ететін текті ием,
Жасыныңдай жарқылдасам көк тілем.
Асан жортқан алып құрлық төсінде,
Алтайымдай аңыз мекен жоқ, білем.
Жатсынбассың жұмағыма баласам,
Шамырқансам шуағыңа таратам.
«Ағажайды» шырқағым кеп тұрады,
Қарағайлы қойнауыңа қарасам.
Қаным сіңді самырсынды жотаңа,
Тарихыңды тұмшалама тасаңа.
Сырыңды ұқтыр, шыныңды ұқтыр ботаңа,
Сақтан қалған сыбағалы босаға.
Селеулі қыр, сенен дүбір естідім,
Жон жараңды жырымменен тепшідім.
Қарақатты, қызылқатты қолаттан,
Қызыл қанның исі аңқиды, бек шыным.
Қайыңды өзек, тобылғы сай, ұшқатты,
Қиялымды, жыр-әнімді ұштапты.
Тау сұңқардың қанатына мінгізіп,
Тал тұлпардың тізгінін де ұстатты.
Көңілімнің айтылғанда бір әні,
Күмбез кеудем күңіреніп тұрады.
Алтай қайғым ортаймасын ойласам,
Ертіс жасым етегімді жуады.
Мұнарыңдай мұң арылмай жүрген ем,
Бұлағыңдай сыңғырласын сырлы өлең.
Шынарыңдай жақпар жарып шыңда өнем,
Қыраныңдай құзда туғам, құзда өлем!
Ескі жұрт
Үһілесем үн қосқан ырғайлы шың,
Жыр қайғысын ақынның тыңдаймысың?!
Сағынышым санамда ұлғайды шын,
Ақ бөркіңді алыстан бұлғаймысың?
Жұпар лебі жұбатып аршалы қыр,
Алқабыңда адасып қанша әнім жүр?
Жете алмадым, шаршадым, аңсадым құр,
Жұрт ойды екен жоныңнан қай сағынғыр?!
Тәңірімнен енші алған төсін еміп,
Егілтесің ескі жұрт есіме еніп.
Кербестіге мінетін кекіл өріп,
Кербез күннің кетсемші көшіне еріп.
Жақпарыңды жаңғыртып тошалалы,
Қайда қалды қалқаның қосар әні?
Жылдарымның жетелеп жоталары,
Жаңбырың ғой жанымның босағаны.
Төрт түлігі мыңғырып ен жайлаған,
Елді ойлағам, сағынып жерді ойлағам.
Келмес күннің керуені-ай көз байлаған,
Енді ол заман сағымдай белде ойнаған.
Күй жылатты көңлімді ән жұбатпай,
Сезілуші ең серіңе мәңгі бақтай.
Ескі жұртқа елеңдеп тұрам ылғи,
Атағашын айналған арғымақтай.
Аламойнақ
Тәңіріме тәубә етіп тұрам күнде,
Қиянатын ғаламның қиям кімге?!
Тірлігімде татитын мың әлдиге,
Әжем айтқан есімде бір әңгіме:
– Әй құлыным, дәл сенің бір жасыңда,
Арда Алтайдың Сарықамыр жылғасында.
Сөткесіне сел үдеп құйды асыға,
Көз жасы күзгі аспанның құрғасын ба?!
Жанарыңа сыймаған жасыл аймақ,
Ғажабыңа қарт Алтай ғасыр айғақ.
Меңдетіпті даланы жасын ойнап,
Селдетіпті таулардың тасын айдап.
Еске аламын сол шақтың әр уағын,
Тағдырыңның тентегім, таны мәнін.
Отын етіп атаңның шаңырағын,
Аспан оғы атылды, налымадым.
Иман айтып құшақтай бердім сені,
Тырс-тырс тамып төсіме көздің селі.
Сенің аман қалғаның сөздің соңы,
Ит өліпті іргеде көрдім соны …
Әжем сөзін айтпады ары қарай,
Қинамадым, қарт жаны налымағай.
Ажал оғы мені атқан тегі қалай,
Ала мойнақ итіме дарығаны-ай!
Ит болмаса бұл күні мүрдемін бе,
Кім әкелер жөргектен жырды өмірге?!
Ренішім жоқ менің кім де кімге,
Аламойнақ ғұмырын сүргеніме.
Сартап болған сыры бар сұлбасында,
Тегін өлмей тентек ой туласын да.
Көмілердей тағдырын тыңдатуға,
Тегі мендей ұл керек бұл ғасырға.
Майқабырға
Еске алмайды егіліп бал шақты кім?
Сонда екен ғой селкеусіз бар шаттығым.
Көшкен елге кеселеп көтертетін
Ақ айранын анамның аңсап тұрым.
Күргейлетіп, қозы, лақ күнгейлетіп,
Тал таяқты тақымда зір меңдетіп.
Ақшағылдың шыңынан арман қуған,
Жылдарымды жібергем кімдерге ертіп?
Сыйпаған кекілімнен желі еркелеп,
Жүрегім жұртымды айтсам неге өртенед?!
Қара шал қайыс өрген қайран мекен,
Апамның өресіне көлеңкелеп.
Майқабырға мыңғырып түлік өрген,
Жарысатын бұлақтар күліп өрден.
Бейтті кезең басында кім қалды екен,
Молаларға мұң шағып күңіренген?!
Таңғы нұр
Жаз жайлауға бармағалы көп болған,
Көшті көрші, көшті ауыл, көшті арман.
Қобыраған қозы үйшікте бос қалған,
Менің балғын бала ойыным басталған.
Ертегідей елестейтін ескі өмір,
Төржайлауым мен шыңдалған төс темір.
Шу қалаға шерін шертіп шепте жүр,
Тар жықпылда тай құлақтап өскен ұл.
Бәрі қиял, бәрі ертегі секілді,
Өткенімді есіме алдым, не тынды?!
Рухыменен, ғұрпыменен өшкенін,
Жұртыменен жүрегіме көшірді.
Таңғы нұрға жон арқасын жылтып қыр,
Шыққа оранған ширығады бүртік гүл.
Кезең асып күлімдеген күн кербез,
Қараша үйдің түңілігін түртіп тұр
Жылқы жыным буады…
Әке,
Көп болды кер жорғаңды мінбегелі,
Жылқы жыным буады күнде мені.
«Тақымынан тай кетпес жүрдек еді»
Деп ауылым сыртымнан күндер еді.
Жылдардың жаңылдырды сүрдегі оны,
Ол да бір еске алатын күндер еді.
Қосар атын жетелеп жолға шығар,
Ел сүйінген ауыл ек жорғасы бар.
Ат пен ерін алашым жолда сынар,
Мен ержетер кезіме болды асығар…
Жалында ойнап жетілдім жүйрігіңнің,
Сыбағамнан алғам-ау сыйды бұрын.
Бұрысы жоқ құдайдың бұйрығының,
Бұйырмады дәл бүгін бір құлының.
Жаяу қалдым тентіреп, қала шулы,
Бәлкім бабам мұныма әлі ашулы.
Атсыз қазақ бақсыз деп аласұрды,
Арғымағын тағы да таң асырды.
Елес құшып қарсы алдым қара түнді,
Тұлпар тағдыр таусады тағатымды.
Қабаның қысы
Қабада өткен қайталанбайды еш тағдыр,
Үкілі орманды сыңсытар дейсің кеш қайбір?!
Сілкінетіндей сезілуші еді аспан дүр,
Оқырын тарпып оқыранғанда бесті айғыр.
Қамыққанымен қараша үйдің қамы үшін,
Қиялап турап қаусайды шопан қазысын.
Аянмен аңдап алдағы күннің аңысын,
Тәтті қиялмен таң асырады тазысын.
Үскірік аяз, шымшылап бетті қарып тұр,
Ақжорға жүріп алқынып жатыр алып қыр.
Сүркейлі күннен әлде бір сұмдық бағып сыр,
Дәу қара төбет қыңсылап шиге сарып тұр.
Бұлғынды мекен, із қудыма екен бір тентек,
Бозала таңда сырғақты мұзда бүрсектеп…
Өмірдің жолын омбылап келем бүлкектеп,
Ақтазы қиял бала арманымды тірсектеп.