«Алпамыс мектепке барады»
«Мектеп» дейтін қасиетті сөз және бұл үйрену, даму, өсу, өну, ілгерілеу, түлеу, түрлену секілді ұғымдардан ауылы алыс қонбаған. Қасиетті Құрбан айтпен бірге жаңа оқу жылы басталды. Қаншама жас бүлдіршіндеріміз мектеп табалдырығын үлкен үмітпен аттауда. Қаламгер қауымының шығармашылығынан бөлек жеке әлеуметтік өмірі, отбасы, ұрпақ бақыты, немере шаттығы дейтін құндылықтар бар. Оның сыртында, әкесі, атасы, анасы жазған шығарманы ең әуелі өз ұрпағы оқуы тиіс, сонда ғана жалпы қоғамға қаламгердің қадірі артады. Осы орайда бірқатар қаламгерлеріміз ұл-қыздарын, немерелерін өбектеп әліппеден басталатын білім сапарына, одан әрі өмір мектебіне қанат қақтыруда. Ендеше…
Жәркен Бөдеш,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
Білімнің бастауы – көркем әдебиет
Қанша қиын болса да, балалар қазақ әдебиетін оқуға, ән-күйін, жырын тыңдауға уақыт табуға тиіс. Бұл оларды рухани жұтаңдықтан сақтайды. Қазіргі ұрпақ интернеттен, түрлі әлеуметтік желілерден бас алмайды. Кітап оқуды кейінге ысырып тастады. Жастар еркін ойлау, ауызекі көркем сөйлеу дағдысынан айырылып барады. Керек мәліметті жылдам интернет арқылы тауып ала қояды.Бірдеңені білу үшін ізденіп, бас қатырып жатқандары шамалы. Жаттанды санамен өсіп келе жатыр. Бұрынғы жастар әдеби шығармаларды жата-жастана оқитын. Сол арқылы ой-өрісін дамытатын. Әр шығармадағы кейіпкердің өмірінен, оның іс-әрекетінен сабақ алатын. Соларға еліктеп, қиялын өсіретін. Оқығаны жайлы айналасындағы жолдастарымен пікір алмасатын. Ал қазіргі жастар көк жәшікке тәуелді. Сол қызыл-жасыл дүниенің ішінде жүрген баланың келешекте адаспауы үшін әдеби шығармаларды оқытып, ұлттық дәстүрді мықтап үйреткеніміз жөн. Кейбір қазақ балалары тіпті Абай Құнанбаевтың кім екенін білмейді. Абай кім десең, оны оқымадық деп отырғандарын көрдім. Сонда Абайды оқымаған адам басқаны қарық қыла ма?!
Жақында Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының желісімен түсірілген көркем фильм шықты. Қандай жақсы! Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» атты шығармасын алсаңыз, оны білмейтін қазақ баласы жоқ шығар. Ол туралы фильмді қанша рет көрсеңіз де жалықпайсыз.Міне, сондай көркем фильмдердің қатарын көбейту керек. Балаларға қазақ әдебиетіндегі ірі-ірі шығармаларды дәріптеу керек. Оларды терең зерттетіп, санасына әбден сіңіруге тиіспіз. Қазіргі мектеп бағдарламасын игеру балаларға ауырлық келтіретіні рас. Десе де, заман талабына сай өмір сүріп, ғылым-білімді игеруге міндетті.
Рафаэль Ниязбек
Ата арманы
Немерем Малика №18 кимназияға барады
Қаратаудың бойға жиып қуатын,
Арлы анадан ару қыздар туатын.
Сол арулар дүние егер кірлесе,
Жүрегінің сәулесімен жуатын.
Ар-ұяттың тұрғанда артып бағасы,
Өзендердің тарыла ма сағасы.
Сол арулар көктеп қайта тігетін
Туған елдің сөгілсе алтын жағасы.
Ақиқаттың тұрса ашылып есігі,
Адамзаттың жаңғырады есімі.
Көші түзу болған емес ешқашан
Туған елдің түзу болмай бесігі.
Самал есіп құба белден, өрден де,
Ұл туатын бір қарт қамшы өргенде.
Жұлдыз болып туған ақын болатын,
Көк аспанда бір ақ жұлдыз сөнгенде, –
Тұман ағам* Қыз Жібекке балаған
Бойжеткенде анаңды алғаш көргенде.
Бір әулеттің сағынышын арқалап,
Сен туғанда қуанды аймақ, шартарап.
Жанарымда көктем күлді, жарығым,
Тал бойыма буырқанған қан тарап.
Тіршілікте жоғалтпаған мұратын,
Адасқанды Хақ жолына бұратын.
Қыз боп өссең арман бар ма жалғанда,
Туған елге сәулең түсіп тұратын.
Даналығы тартып туған даланың,
Болашағы жарқын сендей баланың.
Құзар шыңға көтерілмей тынбаған
Құрсағында жетілгендер ананың.
———————————————
*Қазақтың ұлы ақыны Тұманбай Молдағалиев.
Сұлтан ҚАЛИҰЛЫ,
балалар ақыны,
ҚР мәдениет қайраткері
НЕМЕРЕЛЕРІМ МЕКТЕПКЕ БАРАРДА ЕРЕКШЕ ҚУАНДЫ
Біздің кезімізде балалар мектепке алғаш барарда көп нәрсені ертегілерден, ата-анасынан естіп баратын. Ал бүгінгі балалардың дайындығы керемет. Өйткені, олар балабақшаға барады. Ол жерде балалардың ұғымына сай келетін ертегі кітаптарды оқып беріп, өздеріне түсінігін айтқызады. Біз болсақ, бала кезімізде ауылда өстік. Қозы-лақтың жасаған әрекетіне күлкіміз келіп, мәз болып ойнайтынбыз. Ол кезде кино деген жоқ. Болса да жылында екі-үш рет қана сыртта көрсетіледі. Радионың өзі екі-үш үйде ғана бар еді. Соны тыңдағанға мәз болатынбыз. Есесіне біз малдардың тіршілігін біліп, төлдерді жақсы көріп өстік. Қазіргі балалар ондайды телеарнадан, кинодан ғана көріп қалады. Ауылдың балаларының өмірін жақсы білгендіктен солар туралы көп өлеңдер жинағын жазғаным бар. Немерелерімнің ауылға көп баруына мүмкіндік болған жоқ. Олар қаланың баласы болды, ауылдың баласы бола алмады.
Біз өзіміз қатарлы балалармен бірге мектепке қуана-қуана бардық. Мектебіміз қай кезде де көзімізге ыстық көрінетін. Сонда сабақ беретін бір мұғаліміміз керемет музыкант еді. Үнемі концерт қоятын. Бірінші-екінші сыныпта оқып жүргенімізде оған қатыса алмасақ та, ән тыңдауға құмар едік. Концертке дайындық жасаған кезде есік-терезеден сығалап, құлағымызды тосып тұратынбыз. Мектебіміз біз үшін керемет әрі қызықты еді. Бәрімізге кітап жеткілікті болатын. Сол кітаптардың суретіне қарап қызығушылықпен ден қойып оқитынбыз. Мұғалімдеріміз де жақсы адамдар болды. Ауылымызда шағын тоғай болатын. Оның ортасында көл бар еді. Тіпті, бір мұғаліміміз біздің кішкентайлығымызға қарамай соған апарып, қармақ салдырып үйрететін. Сабақты да жақсы оқыдық. Сол кездің өзінде ауылдың қара жұмыстарына үйрене бастадық. Соның арқасында жұмысқа бейім болып өстік. Мектепке баратын кезде біраз әріпті танып, дайындықпен бардық. Арада жылдар өтіп, немерелерім де мектепке баратын кезде ерекше қуанды. Олар мектепке барардан алдын балабақшадан біраз нәрсені үйреніп қалған ғой. Біздің кезімізде балабақша болмаса да, мектепке барар сәтте дайындықпен әрі қуанышпен бардық. Немерелерім де мектепке баратын кезде қатты қуанды. Оған дейін балабақшада ән үйренген. Сонымен қоса, жақсы дайындықтары болды. Әр күні өзіміз ертіп барамыз ғой. Өзім көлікпен алып бара жатқанда жол-жөнекей немерелермен әңгімелесеміз. Олар үйде қазақша тәрбиеленді. Немерелерім түрік лицейіне барды. Онда сабақ төрт тілде жүреді. Соған біз өте қуандық. Олар қазақша таза сөйлейді. Барғаннан кейін басқа тілдерді тез үйреніп кетті. Бастапқыда қазақша мен орысшаны ғана білетін. Қалған тілдерді сонда жүріп үйренді. Соңында ағылшын, түрік, қазақ, орыс тілдерін меңгерген төрт тілді маман болып шықты.
Ертай Ашықбаев, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
Есте қалмаған ерекше күн
— Бірінші сыныпқа қалай барғаным (қашан барғаным белгілі ғой), қандай киім кигенім, қолыма не ұстағаным, ей, дүние шіркін-ай, тіпті есімде қалмапты. Жаңа жылдық шыршада Мұзафар Әлімбаевтың «Ол кезде мен бесте едім» деп басталатын өлеңін оқып, сыйлыққа пряник пен бал кәмпит салынған қағаз қалта алғаным көңілімде сайрап тұр. Ал алғашқы қоңырау… Қысқасы, әлгі белгілі фильмдегідей, «Тут помню, тут не помню». Сыныптастарыма телефон шалуға кірістім. Біреуі «недоступен», екіншісі «занять», қармағыма іліккені Сәдірбай болды. Ол да асығыс, жұмысы күйіп барады. Шаруамды шала-шарпы айттым. «Есімде қалмапты-ау», — деді ол. Қуанып кеттім, жақсы күнді есінде сақтай алмай қалған жалғыз мен емес екенмін. Сосын басқа балаларға алаңдамай, ауылдағы — Бабатайдағы шешемнің қалта телефонының нөмірін тердім. «Е-е, есімде, — деді шешем. — Өзім жетектеп апарғам. Мәжікей ағайыңның қолына тапсырғам».
Бұдан арғысы, әрине, жадымда жазулы тұр. Әкем алғашқы дәптерлерімдегі айбақ-сайбақ жазуларыма қарап отырып, басын шайқағанын да ұмытпаппын. Олай болатын жөні де бар. Мәжікей (Мәжит Қазмұханов) ағайдың баласы Бабатай екеуміз мектеп табалдырығын алты жаста аттаппыз. Ол кезде бірінші сыныпқа жеті жасқа толғандарды ғана қабылдайтын еді ғой. Мұның да бірер себептері бар. Біріншіден, бірге ойнап жүрген балалар оқушы болып жатқанда біз де портфель ұстауға қызықсақ керек, балалардың бәрі солай ғой. Екіншіден, Мәжікей ағай бізге, миымыз қабылдап жатса, әріп үйретуді, келістіре алмасақ, келер жылы бірінші сыныпта қайта оқуымызға да болатынын ойластырып қойса керек. Көшке ілесіп кетсек керек, әйтеуір 1956 жылы туған Бабатай екеуміз мектепті 1955 жылы туғандармен бірге бітірдік.
Дегенмен, қалай болғанда да, мектепті біздің алғаш аттаған күнімізден қалған еш естелік белгі жоқ. Аудандық тұрмыстық қамту комбинатының фотографы Бабатайға жылына бір рет келіп кетеді, бірақ 1 қыркүйек күні ол мықтыңыздың аудан орталығынан ауыспайтыны мәлім. Мұғалімдерімізде фотоаппарат болғаны да есімде қалмапты. Қазір кез келгеннің қолында жүретін бейне (видео) камера дейтініңіз ол заманда түске де кірмеген дүние. Енді не істе дейсіз бізге?! Солайша 1962 жылдың 1 қыркүйегі күні Бабатайда болған алғашқы қоңырау салтанатын бейнелейтін фотодерек қазір ешқандай архивте жоқ: «Алматыда жоқ-жоқ! Астанада жоқ-жоқ!.. Ақтөбеде жоқ-жоқ! Шымқалада жоқ-жоқ!..». Оның есесіне, шүкір, балаларымның, немерелерімнің туған күнінен басталатын фотодеректер жеткілікті. Лайым, көбейе бергей!
Жарылқасын Нұсқабайұлы, жазушы, баспагер
Ол да бір қызық кездер еді
Жетпісінші жылдары Алматыда баланы мектепке беру деген өте қиын шаруа-тын. Өйткені, ол кезде қала баласына арналған жалғыз орын – №12 мектеп еді. Бұрынғы Карл Маркс, қазіргі Қонаев пен Комсомол көшесінің қиылысында орналасқан мектепті табу, оған орналастыру қиынның қиыны болатын. Бұған қоса, оқушыны тұрғылықты жеріне қарай қабылдайтыны тағы бар. Ол кезде мекеме директоры – Социалистік Еңбек ері Рабиға деген кісі еді. Алдына үш күн бардым. «Бала саны көп, одан бұрын тұрғылықты жеріңіз сәйкес келмейді…», – дегеніне көнбедім. Өзі орысша сөйлейтін кісі еді: «Настырный екенсіз!», – деді де, құжаттарымды алып, қабылдады. 1 қыркүйек күні балам, әйелім үшеуміз гүлімізді алып мектепке келе жатырсақ, алдымыздан Төлен Әбдіков шыға келді. Қасында жолдасы мен қызы бар. Бір-бірімізді көрген бетте-ақ жүгіре жөнеліп құшақтаса кеттік. Сөйтсе, ол да қызын мектепке беруге келе жатқан беті екен. Жетпісінші жылдары қазақ мектебінен бәрі ат-тонын ала қашатын. Жұрт балаларын орысша мектепке беруге тырысатын. Ол кезде баланы қазақ мектебіне беру дегеннің өзі үлкен қуаныш, мақтаныш, дәреже еді. Баламның ынта-ықыласы ерекше болды. Алғырлығы өз алдына. Қазір немерем де сондай алғыр, ақылды әрі білімге құмар, өте ізденімпаз. Оқушы мектепке алғаш барғанда қатты қобалжиды. Бірақ кейін сыныптастарымен жақын танысқан соң үйренісіп кетеді. Сынып демекші, «Мектеп» баспасында директор болып жүрген кезімде «сынып» деген сөзді айналымға енгізген мен едім. Ол кезде бәрі «класс» дейтін. «Высший класс», «классный мастер» секілді ұғымдардың баламасын іздеп, біраз кітап ақтардым. Сөйтіп, түркітілдес халықтардың сөздік қорында класқа қатысты не бар екен деген оймен біршама іздендім. Содан оқи келе, өзбек пен ұйғырларда сынып деген сөз барын көрдім. Басында буын десек те болар ма еді деген де ой келді. Айталық, 1-ші буын, 2-ші буын дегендей. Олардың оқулықтарымен таныстым. Сөйттім де, «сынып» сөзін оқулыққа енгізіп жібердім. Білім министрлігімен байланысымыз жақсы еді. Кейін ол баспа «Рауан» боп өзгерді де, біршама уақыттан соң қайта «Мектеп» деген атаумен қалды. Қазір еске түсірсем, ол да бір қызық кездер екен. Әлем жылдам өзгеруде. Әлемнің жылдам өзгерісіне ілесе отырып заман көшінен қалмай, қазақ баласына жаңа мазмұнды білім беру – ұстаздың басты міндеті. Ендеше, өмірге жаңаша әрекет етуге, басқаруға, шешім қабылдауға білікті мұғалім, жоғары кәсіби тұлға ретінде моральдық беделімізге сүйене отырып оқыту мен оқу – уақыт талабы. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз», – деп ұлы Абай айтқандай, бала жан-жақты әрі мықты азамат болып қалыптасуы үшін жастайынан білімге талабы болуы керек. Даналардың айтуынша, адам өзін өзгелерге арнаған кезде ғана бақытты сезінеді екен. Ал өзіңді өзгеге арнау үшін бізге жылылық пен білім қажет. Ал оны тек мектеп қана бер алмақ…
Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын
Үш буында үш түрлі хәл
Үш буын туралы үш ауыз сөз айтар болсам, былай болып келеді…
Біздің заман басқаша болды, Қытайда туып-өстік. «Алғашқы қоңырау» дейтін дәстүрлі үрдіс болған жоқ. 1 қыркүйек мектепке барамыз, оқушылар, ұстаздар (ата-аналардың топырлап келгенін көрген емеспін) жиналып, директор сөз алып жаңа оқу маусымының басталғанын жариялайды. Сыныптарға бөліп қаз-қатар тұрғызып қойып ту шығару рәсімі салтанатты түрде жасалады. Мемлекеттік Әнұран шырқалып, ән біткенде қызыл ту да бағананың басына жетеді. Ал арнайы қоңырауды шалып, алаңды айналып шығу қалыптаспаған жайт болатын. Оны Қазақстанға қоныс аударған соң көрдік.
Балаларымыз бірінші сыныптан бастап Алматыда оқыды. Жаңа орта, жаңа мектеп біз үшін бәрі қызық болды. 1994–1995 жылдар қоғам аласапыран, ескі жүйе қирап, жаңа жүйе әлі орныға қоймаған кез еді. Қолымызда бар бес-он теңгемізді олардың үстілеріне жапсырып, арқасына кітап қаптарып асып алып бардық. Бөлінген сыныптарын тауып, қатарға тұрғыздық. Апайлары алда, ата-аналар артында тұрып, жиналысқа қатыстық. Жоғары сыныптың баласы жаңадан қабылданған бүлдіршінді иығына отырғызып, күміс қоңырауды сыңғырлатып алаңды айналып шықты. Алғаш көріп көңіліміз толқып, қуанышымыз бойымызды кернеп тұрды. Ұрпақтың өз Отанында, өз жерінде білім алып, ана мектептің табалдырығын аттағаны қандай бақыт. Тәуелсіздіктің құдіреті деген осы-ау, деп арқамыз шымырлады. Біздің маңдайымызда әр түрлі таңба (қытайлық, моңғолдық, т.б.) болуы мүмкін, бірақ ұрпағымыз таза қазақстандық болатыны анық. Міне, нағыз бақыт, міне, теңдік алар сәт!.. Уақыт зуылдап қалай өткенін білмей қалдық. Балаларымыз мектепті бітіріп, университеттерді де артқа тастап бұл күндері қазақ елінің толыққанды азаматы болып еңбек етіп жүр. Дастарқан басындағы әңгімелерден, сырласу сәттерінен байқағаным, олардың ең бір қызықты кезі, тағатсыздана күтетін мезгілі – алғашқы қоңырау болатын.
Бұл күндері немерелерді мектепке тасып жүрміз. Алды төртінші сыныпқа, арты енді табалдырық аттап, бірінің ізін бірі басып өсіп жатыр. Бір кезде баламыздың бақытты шағына шаттансақ, енді немерелердің қуанышына мұртымыздан күліп мектепке жүгіреміз. Ата-аналар жиналысына барамыз, тапсырмаларына көмектесеміз, әр түрлі шараларына қатынасамыз. Толқын-толқын жалғасқан тіршілік, буын-буын өркендеген өмір өзінің қызығына батырып есейгенімізді сездіреді. Тағы да сол, алғашқы қоңыраудың үні бәрінен қызық, мектепке барып шұрқырасып жиналу жаңа бір күннің басталғанынан дерек береді. Адамзат қоғамының дамуы, тіршіліктің тынысы ұрпақ тәрбиесі, тәлім-тәрбие болып жалғаса бермек!..
Жаңа заманда, жаңа буынның алдында жиналыстың сценарийін, тәртібін, тәсілін жаңғыртқаны жөн секілді. Жаттанды формаға жабысып балаларды жалықтырғаны жарамайтын болып отыр.
Міне, үш буында үш түрлі хәл. Үш түрлі көңіл-күй мұндалайды. Жалпы, өз тұжырымым мынаған саяды. 1қыркүйек Білім күні – үлкен мереке. Ұрпақтың тойы, болашақтың тойы! Оны кезекті бір рәсім, өтпелі науқан ретінде емес, қайткен күнде ғұмырлық орны бар мұрасым (шара) етуге тиіспіз.
Тақырыпқа орай
«Мектепке жол»
2017 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында бүкіл елімізде «Мектепке жол: балаларға көмек» атты республикалық акция басталды. Бұл акцияның мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы, жағдайы төмен отбасылардағы балаларға әлеуметтік көмек көрсету, қолдау болып табылады.
Барлық білім беру мекемелері сияқты бұл қайырымдылық шарасынан Алматы қаласы, Түрксіб ауданының №11 жалпы білім беретін мектебі де қалыс қалған жоқ. Акция шараларын ұйымдастыру, өткізу жоспары құрылып, жоспарға сай жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мектепте акция логотипімен ақпараттық «Мектепке жол» стендісі жасалды. Қайырымдылық акциясына мектеп директоры Кадиля Омарованың басшылығымен ата-аналар қоғамдастығы мен мектептің педагогикалық ұжымы қызу қолдау көрсетті. Осының нәтижесінде бүгінгі күнге дейін мектепте акция аясында 66 000 теңге көлемінде көпбалалы Куликовтар, Водолазовтар, Белоносовтар отбасындағы мектебіміздің оқушыларына мектеп формасы, спорттық костюмдер, мектеп сөмкелері, оқу құралдары түрінде көмек көрсетілді.
Сонымен бірге, акция аясында мектеп ұжымы аудан аумағында жүйелі түрде рейдтер ұйымдастырылып, жағдайы төмен отбасындағы балалардың әлеуметтік себептермен (киімі, аяқ киімі, оқу құралдары жоқ болуы себепті) мектепке келмеу, себепсіз сабақтан қалу, жетім балалар, мүгедек балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың оқуға тартылмай қалуын болдырмау жолында жұмыстар жүргізілуде.
Ақтоты МАХАМШОВА.