АТАКЕНТТЕГІ МЕКТЕПКЕ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЕСІМІ БЕРІЛДІ
Мамырдың 11-і күні түс ауа Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінен жолға шықтық.
Атакент – Түркістан облысы Мақтаарал ауданының бір қалашығы. Кезінде Ильич атанған бұл төңіректің тәуелсіздіктен кейінгі жер-су атаулары да өз арнасын таба бастаған. Атакент, Мырзакент, Мырзашөл – соның айғағы.
Алматыдан аттанған екі жігіттің бірі – мен, бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, жас маман Әрлен Сейтбатқал болатын. Түн ауғанда мақсатты жеріміз – Атакентке жеттік. Ұлт ұстазының аты берілген мектеп ұжымы түн ұйқысын төрт бөліп, айтулы шараға күн-түн демей дайындалып жатыр екен. Мектеп директоры Замира Сұлтанқызы бастаған бірнеше мұғалім түн ауғанына қарамастан күтіп алды.
Ертеңінде уәделі уақытта Ұлт ұстазының есімі берілетін мектепке келдік. Бір ғана мектеп емес, күллі қалашықта дүбірлі той болатындай, жиналған жұрттың қарасы қалың екен. Сағат 10:00-де басталатын іс-шара алдында мектеп және өңір басшылығымен таныса жүріп, шайдан ауыз тиіп, мектепте арнайы дайындалған қолөнер көрмесін тамашаладық.
Мектеп 2016 жылы берілген. Ал Ұлы ағартушының есімін берудің сәті енді түскенінен хабар алдық.
Қазақ жерінің түстік батысындағы мамыражай аймақтың ыстық күні шүлен шұғыласын төгіп тұр. Әсіресе жергілікті жұртшылықтың көптен күткен мерейлі сәті басталды. Аталған білімжайға Ахмет Байтұрсынұлы атын берудің салтанаты ашық деп жарияланды. Осы бастаманы ашуға дәстүр бойынша дайындалған қызыл лентаны және Ұлт көшбасшысы бейнеленген ескерткіш тақтаны ашудың мәртебесі бізге бұйырды.
Осыдан кейін мектеп басшылығы мектеп ішін аралатып таныстырды. Мектеп ғимаратының ішіндегі Ахмет бейнесі қашалып, ұлы адамның тағылымды сөздері жазылған текшені көрдік. Атакенттегі Ахмет мектебінің ұжымы Ұлт ұстазына деген құрметтерінің тереңдігін көрсетті. Кітапхана, көрме залы, қабырға тақталардың бәрінде Ахмет бейнесі, Ахмет сөзі, өлеңі. Мектеп кітапханасында да Ахмет және Алаш мұрасы айшықталған көрініс дайындалған екен.
Көкіректі тоғайтып, көңілді толқытқан сәтке де куә болдық. Мектептің үлкен залында мерекелік шара басталды. Көрермен болып, көз мейірін қандырдық. Бізді айрықша таңғалдырғаны – мектеп өнерпаздарының жоғары деңгейде көрсеткен өнері болды. Ахаңның жырын жаттаған бала жаңылмайды, сөзін айтқан оқушы сүрінбейді. Ахмет Байтұрсынұлының жарық дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойғанынан бастап, ақтық деміне дейінгі күреске толы ғұмыры бейнеленген қойылымдағы жас өркендердің шеберлігіне жан сүйінді. Қойылым біршама ұзақ болғанына қарамастан, сілтідей тынып отырып қараған көрермендер жас жеткіншіктерге айрықша разы болды. Ахаңның «Қырық мысал», «Маса» жинақтарынан үзінді оқыған балалар да жүректі елжіретті. Айрықша айта кетерлігі, бұл аймақта қазақтан сырт, өзбек, тәжік, т.б. көптеген ұлттың өкілдері өмір сүреді. Ұлт ұстазы ұлықталған жиында сахна төріне шыққан балалардың ішінде де өзге ұлт өрендері баршылық. Олардың қазақ тілінде ұлы тұлға жырларын рухтанып оқығанына тебіренбеу мүмкін емес.
Осылайша Алматыдан мың шақырым алыс, көршілес Өзбек еліне таяқ тастам жердегі Ақкенттің бір мектебіне Ахмет Байтұрсынұлының есімін берудің салтанатты шарасына қатысып қайттық.
Бүгінге дейін Қазақстанда отызға жуық мектепке Ұлт ұстазының есімі берілген. Алаш арыстарының тағылымы әрбір қазақ ұрпағының санасына сәуле болып шашылса, ұлтқа қызмет еткен егей тұлғалардың рухы шат болар деген үмітпен көңіліміз тоғайып, Алматы шаһарына оралдық.
Әділет АХМЕТҰЛЫ,
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің меңгерушісі
Түркістан облысы