Жетісудағы жыр кеші
Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін асқаралы алпыстың тұғырына қонды. Осыған орай Талдықорған қаласы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ақынның «Айқабақ» әдеби-сазды кеші өтті.
Аталмыш кештің шымылдығын М.Төлебаев атындағы ұлт аспаптар оркестрі Түркештің «Көңілашар» күйімен ашты. Одан кейін қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайлы дайындалған фильм көрсетіліп, Қазақстан
Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Аңсар Мұсахановтың құттықтау хаты оқылды.
Рухани кешке Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуанышбай Құрманғали бастаған, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан сынды бірқатар қаламгерлер қатысып, мерейтой иесіне ақ тілектерін арнады.
– Қазақ руханиятының қара шаңырағы Қазақстан Жазушылар одағының атынан аңқылдаған ақ самалдай болып ақынның тойына келдік. Ақынның тойы – таза, ғажайып той. Бұл айтулы жасқа кешегі Ілияс, Сәкен, Мағжан сынды тұлғалар жете алмады. Сондықтан бұл ақын үшін оңай белес емес… Әміре досым қашан да дарқан даланың асау өзендеріндей қайсарлығымен, шығармашылығының мөлдірлігімен, білім, таным, қайраткерлік арнасының кеңдігімен елін сүйсіндіріп, қаламдастарын тәнті еткізіп келеді. Мен бұл қуанышқа толқып, ақ тілегімді арқалап жеттім, – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбай. Сонымен қатар, ол шайырға арналған «Қарагер» атты жырын оқыды.
Кеш барысында лебізін ақын өлеңін оқып бастаған Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Әміре Әрінге шығармашылық табыс, еңбегіне жеміс тілей келе «Ақпарат саласының үздігі» медалін табыс етсе, Қазақстанның Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев «Қазақстанның Журналистика академиясының академигі» төсбелгісін салтанатты түрде өңіріне қадады. Әсем ән әуелеп, құдіретті күй күмбірлеп, ақынның жыры оқылған ғажайып кеш барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мерейтой иесіне «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын табыс етіп, иығына шапан жапты. Ал айбоз ақынның жерлестері жол талғамайтын «Тойота» автокөлігін мінгізді.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.