Тұтастық пен бірліктің кепілі
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің мемлекет құру ісінде ұлтаралық келісім мәселесіне басты назар аударып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясындағы сөйлеген сөзінде: «Мені еліміздің әрбір аймағын мекен еткен, ұлты, нәсілі кім екеніне қарамастан мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін жастардың күн өткен сайын көбейіп келе жатқаны қуантады», – деген еді.
Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің өз тілін, мәдениетін, дінін сақтап, дамытуына толыққанды жағдай жасалған. Ұлтаралық келісім ісінің базалық институты ретінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет басшысының тікелей бастамасымен 1995 жылдың 1 наурызында құрылған болатын. Қазақстанның осы бағыттағы істеген істері көп ұзамай-ақ Халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаға ие болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас Хатшысы Кофи Аннан: «Қазақстан түрлі ұлттардың өкілдері бейбіт түрде тіршілік кеше алатын, ұлттық әрқилылық сипаты мемлекеттің қиыншылығына емес, керісінше өсіп-өркендеуіне, дамуына негіз болып отырған ел ретінде баршаға үлгі бола алатын мемлекет», – деп бекер айтпаса керек. Ал Әлемге танымал саясаткер Маргарет Тэтчер Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде былай деген екен: «Елдеріңіз Тәуелсіздігін алған сәттен бастап Сіздің көреген саясатыңыз мемлекетті азаттыққа, дамуға бастайтын жолға салды. Пессимистер еліңіздің көпұлтты сипаты ішкі қайшылықтарға бастап, мемлекетті әлсіретеді деп топшылаған шығар, кезінде. Алайда, барлығы керісінше болып шықты. Қазақстан өзінің сан-салалығының арқасында дамып келеді, ол өзінің діни және дәстүрлік әрқилылығын басты байлығы етіп, қарқынды дамудың басты факторларының бірі етіп, тиімді пайдалана алды. Сіздер өзгелерге шынайы үлгісіздер». Ассамблеяның ең басты мақсаты – мемлекеттік ұлттық саясатты дайындап жүзеге асыруда Елбасына тірек болу. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығының басымдығы, халық пен мемлекет мүддесінің тоғысуы, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діні мен басқа да айырмашылығына қарамастан адам мен азаматтың теңдігі, тең құқылығы және жеке бастың жауапкершілігі секілді қағидаларға сүйенеді. Бұл бiрегей институт бiздiң қоғамда бейбiтшiлiк пен келiсiмдi сақтауды көздейдi. Осы уақытта Ассамблея жалпыхалықтық, жалпыазаматтық органға айналып, конституциялық мәртебеге ие болды. Бүгiнде Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпыхалықтық өкiлдiктiң институты, азаматтық қоғамның авангарды болып отыр. Әрбір азамат біздің жеріміздегі бейбітшілік пен келісімнің сақталуына жауапкершілікті сезінуі керек. Бұл – Қазақстан болашағының кілті. Қазақстан бұл – бір жер, бір халық, бір болашақ. Тә-
уелсіздік, ынтымақ пен келісім рухы өзімізге деген сенімділік пен қуат берсін! Біз бір ел, бір халық, бір тағдырмыз. Біздің қазақстандық жол – бейбітшілік, келісім мен даму жолы. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл – іргетас әрі бейбітшілік, рухани келісім мәдениетінің негізгі қағидаты. Ассамблея мемлекеттік органдардың халықпен жемісті үнқатысуын, барлық этностар өмірінің өзекті мәселесінің шешілуін қамтамасыз етуші ұйым. «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте». Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақстанды қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Ортақ ордамыз – Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік мұрат. Сонда ғана «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған үздік 30 елдің қатарынан табылады. Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан! Қазақ халқы қашан да бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Береке басы – бірлікте», «Ырыс алды – ынтымақ» деген сияқты көптеген мақал-мәтелдер соның айғағы. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз бала тәрбиесінде де осы қағиданы басты бағыт етіп ұстаған. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көпұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше. Мемлекет құраушы жердің иесі – қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға бейбітшіліктің асқан үлгісін көрсетіп келеді десек, артық емес. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашан да қамқор болып, ағалық мейірімін аямаған. Алаш елі тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлыстарға төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөліскені белгілі. Сол үшін көптеген ұлыстардың өткені мен бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Қазақ жерінде қазір 140-тан аса ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүруде. Оларға Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық берілген. Олар білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие. Елімізде мекен еткен ұлт пен ұлыстарға өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған. Олардың әрқайсысының ұлттық мәдени орталықтары тұрақты жұмыс істейді. Мәдени орталықтар әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлерін сақтауға зор ықпал жасап келеді. Сонымен бірге, көпұлтты Қазақстанның мәдени жағынан әртарапта дамуына үлес қосып келеді. Қорыта келе айтарым, бірлік, татулық – тыныштық тірегі!..
Ж.АЛИЕВА,
Қ.А.Иассауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының мұғалімі.
ПІКІРЛЕР8