Заң мен тәртіп – тыныштық кепілі
26.04.2024
64
0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының басшылығымен өткізген кеңесте «Заң және тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саясат нұсқаулығына айналуы керек екенін ерекше атап көрсеткен болатын.

Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал азамат – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар ретінде: «Тағы бір маңызды құндылық, бұл – заң және тәртіп. Заң алдында бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуі тиіс. Барша азамат, барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек. Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тиым салынады. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз жауаптымыз», – деп атап көрсетуінің өзі мемлекетіміздегі тыныштықты және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беруін өте орынды айтылған талап деуге болады.
Шынында заң мен тәртіп – мемлекет пен қоғам өміріндегі әділеттіліктің белгісі. Қазақстанда соңғы жылдары заң үстемдігі орнығып келе жатқанының айғағы ретінде 2023 жылғы құқықтық статистика бойынша тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар санының 32 пайызға төмендегенін айтуға болады. Мысалы, 2019 жылы елде 190 мың қылмыс тіркелсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 104 мыңды құрады. Ауырлығы орташа қылмыстар саны 2019 жылы 137 мыңнан 2023 жылы 51 мыңға дейін төмендеді.
Әділетті қоғамда заң теңдік пен тәртіптің кепілі болып табылады. Заңның сақталуы қоғамда жауапкершілікті әрбір азаматтың саналы түрде сезіне білуінен және оны мүлтіксіз орындауынан байқалады. Құқықтық мемлекеттегі әділеттілік барлық әлеуметтік қатынастардың заңмен реттелу көрсеткішімен айқындалады.
Даңқты қолбасшы Б.Момышұлының: «Тәртіпке бағынған құл болмайды», – дегеніндей, барлық ортада әрбір азамат өзін әдепті, мәдениетті һәм тәртіпті ұстаса мемлекетте тыныштық орнап, істеген істе береке болып, адамдар арасында татулық орнайды. Ол үшін алдымен азаматтарымыздың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін жаңа сапалық деңгейде көтеруіміз керек.
Қазіргі қалыптасып отырған жағдайда көшедегі келеңсіздіктер мен ұсақ құқық бұзушылықтан бастап кез келген қылмыстық құқық бұзушылықтың қай түріне болмасын бүкіл қоғам болып ымырасыз күрес жүргізуді Президентіміз дер кезінде көтеріп отыр.
Заң мен тәртіп консолидациялық жобасы бойынша құқық бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдайды мемлекетте қалыптастыра білуіміз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдіске бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады», – деп өзекті мәселені орынды көтеріп отыр. Осы бағытта мемлекет пен қоғам дамуының кепілі болып саналатын заң мен тәртіпті басты құндылық ретінде ұстанып, мемлекетімізде әділеттілік пен тұрақтылықты орнықтыруға әр азамат өз үлесін қосуға міндетті.

Айжан ӘЛДИБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір