Заң – теңдік пен тәртіптің кепілі
26.07.2024
92
0

Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел. Азаматтардың Конституцияда атап көрсетілген заң алдындағы теңдік қағидаты сақталмаған жерде әділетті мемлекет құру мүмкін емес. Заң мен тәртіп үстем болған елде баршаға бірдей мүмкіндіктер берілетін өркениетті қоғам орнығады.
«Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз», – деген президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық салада қолға алынған реформалардың табысты болуының нәтижесінде заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет болатынымызға сенім білдірді «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Жаңа қоғамдық келісімнің іргетасы өрілген ұстаным орнықтылығы елде әділеттілік, теңдік және заңның үстемдігі сақталуына тікелей байланысты. Шын мәніндегі заң мен тәртіп үстемдігі – мемлекет пен қоғам өміріндегі әділеттіліктің көрінісі.
Өкінішке қарай, қазіргі қалыптасқан жағдай, көшедегі дөрекілік, әдепсіздіктен бастап, бұзақылық, ұрлық, вандализм, әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету, кісі өлтіруге дейінгі құқық бұзушылықтың кез келген түріне төзбеу және қатаң айыптайтын ахуал қалыптастыруды талап етеді. Заң және тәртіп бұзушылықтардың, адам хақына, мемлекет, қоғам мүлкіне қол сұғушылықтың ірі-ұсақтығына қарамай батыл түрде жолын кесу мақсатында басымдық берілген міндеттің бірі – азаматтардың құқықтық санасы мен мәдениетінің деңгейін арттыру арқылы қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғам заңды белден басу мен тәртіп бұзушылықтың қандай түріне болсын қаймықпай қарсы тұра біледі.
Заң мен тәртіп үстемдік құрған әділетті қоғам – бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтары декларация түрінде емес, іс жүзінде қамтамасыз етілген, әлеуметтік теңсіздік жойылған, мүмкіндіктер баршаға бірдей берілген, тегіне, түріне, нәсіліне қарамай жауапкершілік бірдей бөлінген мемлекет. Соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың түпкі көздегені де – осы. Осы тұрғыдағы жұмыстардың нәтижесінде оң өзгерістердің ілгерілеп отырғанын құқықтық статистика мәліметтерінен байқауға болады. Өткен жылғы деректер соңғы бес жылда тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 32 пайызға төмендегенін көрсетеді. Мәселен, 2019 жылы 190 мың қылмыс тіркелген болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 104 мыңды құрады. Осы есепті кезеңде ауырлығы орташа қылмыстар саны 137 мыңнан 51 мыңға дейін төмендеген. Мамандардың айтуынша, бұл елімізде құқықтық тәртіпті орнату саясаты дәйектілікпен жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Құқықтық мемлекетте барлық әлеуметтік қатынастар заңмен реттелетіні, сот төрелігі әділ шешілетіні белгілі. Құқықтық статистика мәліметтері бойынша 2019 жылы 4,65 млн әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Ал бес жыл кейінгі көрсеткіш одан әлдеқайда артық – 7,79 миллионға жеткен. Бұл нені көрсетеді дегенге келсек, азаматтар мемлекеттік органдармен арадағы даулы мәселелерді заңға сүйене отырып, әкімшілік әділеттілік институты аясында құқықтық әдістермен шешуді жөн көрген. Мұның бәрі азаматтардың заңды жолмен жүру, тәртіпті сақтау тұрғысында сауаттылығының артып, қоғамның құқықтық мәдениетінің өсіп отырғанын көрсетеді. Бұл – түптеп келгенде мемлекет пен қоғам дамуы үшін маңызды көрсеткіш.

Р. САҒЫНБЕКОВА 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір