Көшелі тұлға
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Елші-дипломат, Түркі тілдес мемлекеттері
Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі
Бүгінде елінің елеулісіне және халқының қалаулысына айналып, ақсақалдық кезеңге ат байлаған бұл азамат туралы 1986 жылдарда сырттай білетінмін. Өйткені, Бақыт Сағындықұлы 1986-1990 жылдар аралығында менің туған өлкем – Алматы облысына қарасты Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған еді. Өз қызметім Алматыда болғанымен, туған жер қашан да ыстық қой. Өте жиі болмаса да, ол жаққа ара-тұра барып тұратындықтан, етене-жақын өңірдің тыныс-тіршілігі үнемі көкейімізде жүретін және аудан жаңалықтарынан хабардар болып отыратынбыз. «Ердің атын ел шығарады» демекші, парасаты биік, іскер басшы Бақыт Сағындықұлын аудан халқы бірден қабылдап, ерекше қадір тұтты. Әсіресе, білікті азаматтың шешен сөз бен көсем сөзге ептілігі қай ортада да ерекше көзге түсіп, жұртшылық тарапынан үнемі оң бағасын алатын-ды. Ел құрметіне бөленген айтулы азамат облыс басшыларының да назарына бірден іліксе керек, оның лауазымы тез биіктеп,
1989 жылы ол Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы қызметіне ауыстырылды. Ал Нарынқол аудандық Атқару комитетінің төрағасы, кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, Бақыт Оспановтың тікелей ұсынысымен, оның тәлім-тәрбиесінен өткен Бағжан Сабанчиев дейтін білікті азамат тағайындалды. Көрегендік танытқан ұстазы қателеспеген екен, Бағжан Қожанұлы да ел құрметіне тез ие болып, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік қызметті дөңгелетіп әкетті. Соның нәтижесінде ол кейінірек Нарынқол мен Кеген аудандарын біріктіріп құрылған Райымбек ауданын да абыроймен басқарып, аудан халқының сеніміне ие болды.
Келе-келе, кісілігі мен кішілігі, достығы мен сыйластығы жарасқан әрі жұмыс бабында үзеңгілес болып кеткен қос азаматпен біздер де етене-жақын араластық. Өйткені, мұның өзіндік себебі бар еді. Біріншіден, ара-тұра елге барғанда, орта жолдағы аудан орталығы Кегенге соқпай өтпейтінбіз. Бірінші басшыға соғып, елдің тыныс-тіршілігімен танысып кететінбіз. Екіншіден, қарға тамырлы қазақ емеспіз бе, жөн сұраса келе, Бағжан маған балдыз болып шықты да, арадағы сыйластығымыз беки түсті, әрі бұл қарым-қатынас осы күнге дейін үзілмей жалғасып келеді.
1993-1997 жылдар арасында Бақыт Сағындықұлы ел тынысын жете танитын, партия және кеңес қызметінде барынша ысылған әрі мол тәжірибе жинақтаған маман ретінде, алдымен ҚР Жер қатынастары және жерге орналастыру мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, сосын көп ұзамай сол Комитеттің төрағасы болып тағайындалды. Бұл жылдары ол ҚР Үкіметінің де толыққанды мүшесі болды. Ал 1995-2011 жылдар аралығында Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі бұрынғы Кеңес Одағы мемлекетаралық кеңес төрағасының орынбасары қызметін де қоса атқарды.
Негізгі жұмысымен қатар, Бақыт Сағындықұлы ғылыммен де белсенді айналысып, экономика ғылымының докторы деген атақты да бағындырды. 1992-2007 жылдар аралығында ғалым ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі Агенттіктің төрағасы болып тағайындалды. Сонымен қатар, ол 2004 жылы ТМД қатысушы мемлекеттерінің Жер геодезиясы, картографиясы, кадастры және қашықтықтан зондтау жөніндегі халықаралық кеңесінің төрағасы қызметін де қоса атқарды.
Дәл осы тұста Бақыт Сағындықұлының сайланбалы лауазымдарын да атап өтудің реті бар. Ол 1972, 1976 жылдары Алматы облыстық, аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты, сондай-ақ, 1990 жылы ҚР Жоғары Кеңесінің ХІІ шақырылымының депутаты қызметтерін де үлкен абыроймен атқарған болатын.
2008-2009 жылдары Бақыт Оспанов
ҚР Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Оның ата-бабасынан дарыған шешенсөз бен көсемсөзге икемділігі, әсіресе, оның дипломатиялық қызметінде ерекше ашыла түсті, әрі атпал азаматқа үлкен абырой алып келді. Өйткені, елдестірмек елшіден демекші, шешендік өнер күллі әлемде бағзы замандардан бері дипломаттардың бас қаруы болып саналған және солай бола да бермек…
2010-2011 жылдары дипломатиялық қызметін ол Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы және Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болып жалғастырды.
Бақыт Сағындықұлының адами қасиеттерінің қырлары да бір төбе. Ол – сыпайылық пен адамгершіліктің, парасаттылық пен тектіліктің, сондай-ақ, бекзаттық пен сабырлық секілді асыл құндылықтарды тұла бойына жиған тұлға және сезімтал түйсігіне найза бойламайтын мәдениетті жан. Демек, ол мемлекеттік қызметкерге ауадай қажет қадір мен қасиетті молынан дарытқан меритократтың дәл өзі. Сосын әлгі қасиеттерін ол ұл-қыздары мен келіндеріне, немере-шөберелеріне де молынан үлестіріп келе жатқан сыйлы әке, абыройлы ата.
Бақыт Сағындықұлының елге сіңірген адал еңбегі еленбей қалған жоқ. Қадірлі азамат «Құрмет» орденімен, Моңғол халық Хуралының жауынгерлік ынтымақтастығы үшін «Еңбектегі белсенділік» медалімен, «Мемлекеттік шекара қорғағаны үшін» медалі, сондай-ақ, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалімен қатар, «Құрметті жерге орналастырушы», Талғар, Райымбек, Жамбыл және Қарасай аудандарының «Құрметті азаматы» деген атақтармен марапатталған.
Бақыт Сағындықұлы ғалым ретінде де елімізге жете танымал. Бұл күнде ғалым қатысқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы саны жүзден асады. Жер қатынастары туралы Парламент қабылдаған негізгі заңдарда да Бақыт Сағындықұлының қолтаңбасы мен үлесі бар. Мұны сала мамандары өте жақсы біледі.
Бұл күнде жетпістің жалынан ұстауға таяу қалған Бақыт бауырымыз бен Ғайша келінге тек қана жақсы тілек тілей отырып, «қосақтарыңмен қоса ағарып, өсірген ұрпақтарының қызығын көре беріңдер. Тамырларың тереңге кетіп, жапырақтарың биікте жайқалсын! Қоршаған ортаң, ел-жұртың, ту тіккен туған Отаның аман болғай!» деген дуалы ауыздардан жеткен баталы сөз айтқым келеді.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.