Жүрек пен жүректің арасындағы байланыс
Бүкіл ұлт руханиятының ұйытқысы болып отырған М.Әуезов театры қазақ өнерінің қарашаңырағы ретінде қалқайып бағдар көрсетіп тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Ендеше театрдағы өткен кезеңдер қандай еді, ал бүгін ше?! Кешегі театр көрермендері мен бүгінгі театр көрермендері арасында қандай алшақтық бар? Кешегі көрерменнің көкірек көзі ашықтығы сол – киген киімі мен жүрген жүрісінің өзі тұнған мәдениет емес пе еді?! Бірақ бұл дәл қазір айтылатын әңгіме емес…
Лондондағы таксилердің не себепті төбесі біз көріп жүрген машиналардың төбесінен әлдеқайда биік келетінін білесіз бе? Себебі, ағылшын халқы ер-азаматтарының басым бөлігі театрға барған уақытта, цилиндр киіп барады және олар таксиге отырғанда баскиімі төбеге тиіп қалмай, ыңғайлы отыруы керек. Сол үшін таксилердің төбесін биіктеткен. Міне, қызық! Біздің көзқараспен қарасақ, машинаның төбесін аласартып, адамдарға бас киімін шеше салған немесе баскиімді қысқарта салған – қандай тұрғыда болсын тиімді емес пе? Әсіресе, экономикалық тұрғыда. Жоқ, бірақ ағылшындар өйтпейді. Себебі, театрға баратын өздерінің қалыптасқан мәдениеті бар. Сол үшін арнайы автомобильдер құрастырған. Яғни театр өнері, театр мәдениеті бүкіл халықты, экономиканы, өндірісті, саясатты, дизайнды толықтай өзіне бағындырып отыр деген сөз емес пе бұл? Қазір цилиндрді күнделікті киіп жүретін дәуір емес. Олар цилиндрді негізінен театрға барғанда ғана киеді.
Театр сонау құмға айналған көне Грекияда пайда болып, әртістердің ойыны, музыкалық нөмірлер, поэзия, проза, дизайн, живопись секілді бірнеше өнерлерді қамтығанын ел білер. Біздіңше, театр алдымен осындай жан-жақтылығымен де құдіретті. Яғни бірнеше адамзаттық өнерлерді бір жерде топтастыру, ұйыстыру осындай үлкен өнердің тууына себепші болып отыр. Мысалға, қойылымдағы әрбір деталь өте маңызды роль атқарады. Әртістің қимылы, табиғаты, болмысы, сөзіне оның киімі, қолданатын заттары үйлесімді болуы керек. Жалпы, театрдың мазмұнына, мәніне оған сәйкес композиция, музыка дұрыс таңдалуы керек. Мысалы, осы детальдардың үйлесімін қазақ қойылымдарының ішінде «Ай-Қарагөз» қойылымынан көруге болады. Т.Шапайдың «Дариға – дәурен» әнін қойылымға дөп түсірген.
Композитордың өмір сүретін дәуірі мен оқиғаның өрбитін кезеңі бір ғасырдан астам уақыттай болады. Алайда, бұл ешқандай кедергі болмай, сол қойылым мен ән тамаша үйлесіп тұр. Бұл жерде режиссердің музыкалық үйлесімділікті таба білу еңбегін атап өту керек. Немесе «Қызыл орамалды шынарым» қойылымындағы қырғыз әні де тамаша сәйкестендірілген. Спектакль бастан-аяқ қазақ тілінде болса да, сол ән арқылы қырғыз халқының рухын сезінгендей боласың. Айтматов есіңе түседі. Қырғыз қойылымында отырғандай сезінесің.
Мұхтар Әуезов өзінің «Жалпы театр өнері мен қазақ театры» деген мақаласында «Театр — сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі», – дейді. Адам өзін-өзі сақтап қалуы үшін, рухани құндылықтарына кір жақпас үшін, үнемі театрдан сабақ алып отыруға тиіс. Осы орайда, Режиссер Робер Лепаж былай дейді: «Қазіргі адам – ертең де адам болып қалуы үшін театрға барады».
Көп адам театрдан гөрі кинематографияны ұнатады. Кино мен театрдың айырмашылығы – театрлық қойылымды сіз өзіңіз көресіз. Ал киноны сізге көрсететінін ұмытпау керек. Қазіргі уақытта сондай, «интертеймент» дәуірі басталды. Ақын Ерлан Жүніс айтқандай, «ойдың емес, шоудың» заманы келді. Мұндай кезекте театрдың болашағына алаңдамай қоймайсың. Алайда, әлденеше ғасырды жүріп өткен театр өнері уақыттан, жаһанданудан қорықпайды. Сөз жоқ, театрдың өз аудиториясы бар. Дей тұрғанмен, театрды өз ауқымымен жауып келе жатқан субмәдениет формалары үлкен үрей туғызары анық.
Театрға бару үшін адам дайын болуға тиіс. Алайда, қазіргі тірлік тұқыртып, қыспаққа алып тұрғанда, адамдардың театр көруге уақыты бола бермейді. Немесе жағдайы келіспейді. Яғни сананы тұрмыс билеген уақытта рухани құндылықтар туралы ойлану өте қиын. Солай емес пе?!
Алайда, бұл театрдың болашағы жоқ дегенге ешқандай да дәлел емес. Театр өлмейді де, оны ешкім өлтірмейді. Осы мәселеге байланысты мақаланы Олег Пивоваровтың сөзімен аяқтағымыз келеді:
– Сенбеңіздер! Театр ешқашан өлмейді. Себебі, бұл көз бен көздің, жүрек пен жүректің арасындағы байланыс. Сондықтан театр – мәңгілік өнер!
Нұртас Тұрғанбек.