ЖҮРЕКТІҢ ТҮБІНДЕ БҰҚҚАН ПІКІРЛЕР
30.09.2022
325
0

(Саясат туралы)
«Күнделіктен» көшірме. 17.10.98. 20:10

Қазақ елінің ұлттық тәуелсіздігіне менің де қосқан өз үлесім бар деп есептеймін. Соның ішінде: біріншісі – Желтоқсан оқиғасына байланысты Жазушылар одағының жанындағы праволық комиссияның төрағасы ретінде 1987-1990 жылдардағы іс-әрекетім. Екіншісі – 1987-1988 жылдары «Алашорда» партиясы мен үкіметін ақтау жөніндегі Жоғарғы сот арқылы кеңесші ретінде жасырын (О.Сүлейменовтің тапсырмасымен Жоғарғы соттың төрағасы Т.Айтмұхамедовпен және жоғарғы сот мүшесі марқұм Қ.Т.Кенжебаевпен бірге) КГБ-ның құпия архивіндегі сұрақ-жауаптар негізінде құжат дайындап, Орталық комитетке О.Сүлейменовтің атынан анықтама мен Алаш мүшелерін ақтау туралы ұсыныс-хат жолдануы. Үшіншісі – Семей-Невада қозғаласының құрылуына тікелей себепкер болуым. Бұлар туралы «Ұлтының көксемсері» («Жас Алаш»,5.1996), «Оларды да ұмытпайық» («Жұлдыз», №12, 1997) атты мақалаларымда толық айтқанмын. Төртіншісі, әрине, шығармаларым. Бесіншісі – Қазақстанның дербестігі туралы тұжырымдама мен алғашқы Конституцияның бабына енген Алаш идеясына негізделген бір сөйлем.
Менің таңғалатыным: ұлы мәселелерді ұсақ-түйек, бөйтектердің шешіп кететіні. Олжастың: «Қазақстанның маңдайына парасатты идеологты жазбай-ақ қойды, бұл тұрғыдан алғанда республикамыз ұстамалы дертке ұшырады» немесе: «Демократияның тағдырын Ресейде – танкілер, ал Қазақстанда – Танькалар (Татьяна Квятновская, ауыспалы мағынасы – «шөпжелкелер») шешеді дегені тауып-ақ айтылған. Бұған менің қосарым: «Генерал Пиночет «чикаголық жүгәрмектердің» (жас экономистердің) арқасында Чилиді құтқарды» – деген халықаралық мәтелді: «Президент Назарбаев «Қазақстандық жүзшіл жаңа жүгәрмектердің арқасында» Қазақстанды саясаттың сатымсақ сахнасына айналдырды» –деп өзгертер едім.
Ол өзінің бір сөзінде Президент Пиночетті тегіннен-тегін үлгі етіп ұсынбаған екен. Шындығында да, Пиночетті ойына сап, «чикаголық жүгәрмектердің» ерекше еңбегі мен жеке бастарының шын берілгендігіне сендірген «қазақтың жаңа жүгәрмектері» ғой. Әйтпесе, қаншама таққұмар болса да, ұлттық, мемлекеттік, заңдық мүдделерге тірелетін мәселелерді, өзінің көзі қалай ойнақшып тұрса, саясатты да солай ойнақшыта бермес еді. Көз – өзінікі, заң – елдікі ғой.
Парламент пен Президент сес көрсетіп, зорлықпен Конституцияны өзгерттіретін… Көбей деген бөйтек кім өзі, қайдан шықты, қазақ еліне сіңірген қай еңбегі үшін ерке бала құсап шолжаңдайды? Ол қазақ елінің саяси тарихында … боп емес, «Бөйтек жантық», «Қазақтың Ягосы» боп қалатыны жәзмән! Мен де Олжасшылап бір афоризм айтайын. Бұрын: Заңды билер кеңесі түзетіп, бөйтектер орындайтын еді. Қазір: Заңды бөйбектер түзетіп, парламент пен мәслихат орындайтын болды.
Шүкіршілік, бізден де бір Жириновский сияқты Мәди Артығалиев деген «еркек» депутат шығыпты. Тек, В.В.Жириновский парламентте әйелге «еркектік» жасап еді, ал біздің Мәдиіміз: еркекке – еркектік жасаймын – депті. Сонымен Валерьян Земльянов еркек пе, Мәди Артығалиев еркек пе? Мұндайда: Шіркін, Мәди намысшыл-ақ жігіт екен. Еркек екенін жасырмай бүкіл елге ашықтан-ашық жария етті. Ал өзінің кім екеніне түсінік бермеген өзге, «қалаулыларымыздың» қайсысы еркек, қайсысы?.. Үндемегендеріне қарағанда, соған өздерінің де күмәні бар-ау» деген ой келеді.
Қайран Мәдилер-ай!
Нағыз еркектің – ерлігі мен елдігі алдында, еркектігі – соңында жүруші еді. Мәдидің еркектігі – алдында жүреді екен. Соған қарағанда, ерлік пен елдікті Қожанасырдың алтын құмалақтайтын есегі сияқты құйымшағына қыстырып алғанға ұқсайды.
Е, жұртым! Қайсы бір жетіскеннен мысқылдап отыр дейсің.
Мәселе – Нұрсұлтанның Президенттікке ұсынылуында емес, мәселе – ешқандай қысылып-қымтырылусыз жасалған жалған отаншылдық пен мәймөңкеде, ыбылжыған жігерсіздікте, депутаттардың өздерін-өзі соншама мүләйім күйге түсірген бейшара надандығында. Ахмет Байтұрсынұлының: «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болады, Құлша тәрбиелесең – құл болады» дегені бар емес пе? Тәуелсіз ұлттың өкілдері мен ұлықтары да тәуелсіз болу керек қой.
«Басыбайлы парламент – басыбайлы ұлт!» деген сөз! Өзін-өзі сыйламаған ондай мемлекетпен әлемдік қауымдастық есептеспек түгілі, танымайды да, менсінбейді де! «Құл» – деп қарайды. Мәселе – сонда!

18/Х/98. 20:40
Онсыз да Орталық Азия мемлекеттерін «басыбайлы» ұлт ретінде қарауды дәстүрге айналдырған «еуропалық өктемшілдік», енді, тіпті біздің депутаттарға пысқырып та қарамайтын болды ғой. «Өзегіміз – ортақ, қолқа-жүрегіміз – бір жаратылған», – деп өзеуреген Ресейдің өзі Б.Ельциннің Өзбекстан мен Қазақстанға сапарының реті жөнінде: «Взять хотя бы его последнюю поездку в Среднуюю Азию. По всем правилам восточной политики, визиты в Узбекистан и Казахстан должны были бы пройти в индивидуальном порядке, то есть разнесены во времени. Иначе обижается тот, кто оказался последним. Известно, что между Исламом Каримовым и Нурсултаном Назарбаевым идет упорная борьба за региональное лидерство. Так что предпочтение Узбекистана скроее всего уязвит самолюбие Назарбаева. Не исключено, что Ельцин поступил так сознатель­но. Он недолюбливал казахского президента еще со времена его близости с М.Горбачевым. Позднее, когда Назарбаев захотел стать главным интергратором в СНГ, неприязнь к нему российского коллеги только усилилась», – деп жазды («Аргументы и факты» №42, 1998).
Бұл – Қазақстанның әр қадамын аңдып отыр деген сөз. Екіншіден, бұл пікірдің – парламенттің «дойбы ойынынан» кейін білдірілуі тегін емес. Ельциннің екі күндік сапардың орнына «екі-ақ сағат» ресми кездесу өткізуінде де «кезегін күтпей сайлауға ұмтылған» әріптесіне деген ішкі қарсылық бар сияқты. Бұл да – қорлықтың бір түрі, дипломатиялық қыр көрсету!
Тура сол санның 7-бетінде, Сухартоның, Клинтонның, Масхадовтың отставкаға кетуі туралы талдай келіп: «Даже в Казахстане президенту Назарбаеву пришлось согласиться на сокрашение срока своих полномочии», – деп жазды.
Одан да парламент Нұрсұлтанды өмірлік Президент, не «хан» етіп сайласа, екі бетті емес, бір бетті боп қалар еді.
Ақыры жаман атың шықты, жерді өртеген соң – дұрыстап, Түркіменбашы құсап өртеп, Айды аспаннан бір-ақ шығарулары керек еді.
Әкежанның: «Маған қуғын-сүргін, аңду мен арандату басталды», – дегені шындық. Әміржан, Василенко, «Дат», содан кейін Әкежанның өзінің қарауылға алынуы – заңды. Қауіпсіздік комитетінің әбден әккіленген тәсілі. Бұл – бер жағы. Әкежанға атылған екі оқ туралы «Егемен» мен «Жас Алаштағы» хабардан-ақ мұны Әкежанды сескендіру үшін әдейі арандатқанын мен сезіп, көріп-білгендей елестетіп отырмын. КГБ-ның өз ісі табан астында әшкереленіп қалған кездегі сасқалақ «мотивировкасынан-ақ» олардың ізі білініп қалды. Өйткені мұндай «операция» ақыл-ой өрісі төмен, тек нақты қылмысты жасайтын кәсіпқой орындаушы арқылы жүзеге асырылады. Ал оны қалай бүркемелейді – ол басқа қызмет бөлімінің міндеті. Орындау­шының міндеті – артында із қалдырмау. Ол бұл жолы өзінің бұл міндетін таза істеген. Ал Әлнұр Мұсаевтың: «Қылмыс орнында патрон – гильза, оқтың ізі қалмаған», – деуі күлкілі. Жасырынбақ ойнаған бала да қазір ондай аңғалдыққа бармайды. Мұның шиі мына жерден шығып тұр:
«Егемен Қазақстан» арқылы: «Күзетшінің айтуы бойынша, «Ол: көрші саяжайдан түнде анда-санда тырсылдаған дыбыс шығады» екен. Демек, ол дыбыстар, саяжай күзетшісінің атқан мылтығының дауысы шығар» – деген пікір қалыптастырмақ болған.
Ал Ә.Мұсаев «Жас Алашта»: «Мылтық дауысына ұқсас атылған дыбыс – таяу маңдағы машина есігінің кенеттен жабылғанда шығатын дыбысы болуы мүмкін», – депті.
Ха-ха-ха! Бетім-ай! Кәсіпқой барлау­шының долбарын қара! Демек, КНБ жалдармандары бір түйінге келе алмай, сасқалақтап-ақ қалған екен. Енді, кейінірек үшінші нұсқа шығады.
Оқтың ысылы мен машинаның есігінің тарсылын балабақшаның баласы да қазір айырады. Осындай шектеулі ойлау жүйесі бар КНБ қандай қауіпсіздікті жақтасын?!
Қазақ баспасөзі баяғыда Олжасқа лас су төгіп еді. Енді Қажыгелдинге қарата құсып жатыр. Жиіркеншті! Қазақ журналистері осынша парықсыз бола ма? Өзінің ойы тең келетін адам жазса ше? Көрпесіне қарай көсілсеші… Әлін білмей әлектену-ау.
Менің Қажыгелдин екі туып-бір қалғаным емес. Мәселе – кәсіптік қасиетіңді, өзіңді-өзің сыйлауда. Бұл қайдан шыққан криминалист-журналист? «Туған қатыны», – деп турасынан тартыпты. Өзі кімнің туған қатыны екен?
Тосын ой: осы Желтоқсан оқиғасы, Азат қозғалысы туралы, Олжасқа қарсы, Әкежанға қарсы мақала жазған журналистердің пікірі туралы «Баспасөз демократиясы мен мәдениеті: оппозицияға көзқарас (1986-1998) деген дипломдық тақырып беруге болады екен.
Қой, енді саясатты доғарайын. Қызық үшін мына төмендегі қиындыны сақтаймын. Түбін күтейін. Қайсысы шын боп шығар екен?..
«Назарбаев Президенттікке жеке өзі түссе – 75%-87%, ал екі адам түссе, оның ішінде: Нұрсұлтан – 65%-75%, Әкежан – 25%-35% алады», – деп болжал жасапты…
Бірақ КНБ оған дейін шантаж жасап үлгермесе. Егер 10-15 күннің ішінде Әкежан бұған жауап тауып, не сотқа бермесе – онда өзінің артының шикі болғаны.
Мына бір айғақ – желтоқсан оқиғасындағы «күректі қарақшылардың» қайдан келгенін және Әкежанға қастандық жасаған «тапсырманы орындаушының» да тегін көрсетеді. Яғни, КНБ-да арнайы тапсырманы орындау үшін жасақталған топ бар екенін, оның әлі жойылып бітпегенін дәлелдейді. Желтоқсан оқиғасы тұсында Мәскеуден арнайы баскесер-десанттар, КНБ-ның арнайы дайындығынан өткен кәсіпқой баскесерлер келгені, оның Латвиядағы әскери бөлімшеден алынғаны сөз болған. Бірақ дәлелденбеген. «Комсомольская правданың» 1998 жылғы 1 октябрь (қазан) күнгі санындағы «Приключение дрянной девченки в иностранном легионе» деген Дарья Асламованың мақаласында, дүниені шулатып, жүрген жерін із-түссіз тып-типыл қып кететін атақты Франция­ның шетелдік легионында бұрынғы КНБ-ның баскесерлері жалдамалы қызмет ететінін айтқан. Кәсіпқой кісі өлтірушілердің бірі – харьковтік Николай Н.-ның, Женя С-тың естелігі осыны дәлелдейді. Шетелдік легион Африкадағы Джибути базасында қызмет етеді. Қиындыны оқыңыз: «На гражданской митинг приехали два француза утихомирить народ. И кто-то из толпы расстрелял их в упор. Они упали в двустах метрах от меня». (Сұрақ): «– И что ты сделал?». (Жауап):« – Как что? Выполнил приказ. Взял автомат и стал стрелять под толпе». (Сұрақ):« – Но ведь там были мирные гражданы!». (Жауап): «– Какие к черту, мирные? Ты что, в такое ситуации будещь выяснять, кто есть кто? Ты испытываещь шок и мочишь куда придется. Это же не боевик, а реальная жизнь. В состоянии шока даже снайпера рука подводит. Честно говоря, я бы не хотел вновь оказаться там». В отличие от Жени двадцатитрехлетний Славик из Рязани рвется в бой. Он из тех, кто предпочитает преступление дрянному бесислиию и все время ищет случая сорваться с невидимой цепи. «Мне нужно ощущение командира в жизни, иначе я наделаю глупостей, – говорит он. – Если бы я делал себе татуриовку, то выбрал бы кленовый лист, что значит «оторванный от семьи». Знаешь, здесь у каждого своя легенда о прошлом. В университете я проходил курс по психологии и теперь часто ловлю кайф, срывая с людей маски. Был тут один мужик из Латвии, уверял меня, что по специальности он пекарь. «Ну ладно, – думаю, – пекарь так пекарь». Только взгляд у него был такой добрый, ну впрямь как у булочника, и руки такие, знаешь, только хлеб выпекать. Первый месяц он был пекарем, второй – пекарем, на третий месяц оказался мастером спорта по гребле. Я его ловил на мелких проколах и крутил, пока он не раскололся. Выяснилось, что человек был профессиональным убийцей на службе КГБ с 85-го по 90-й год, рубил людей саперной лопаткой в местах конфликтов – в Ашхабаде, Баку, Тбилиси. В легионе чуть не насмерть забил нескольких капралов, пытавшихся его поставить на место. Его сразу зауважали».
Осындағы Ашхабад деп отырғандары – Алматы. 1985-1990 жылдың арасында Ашхабадта ондай оқиға болған жоқ. Баскесерлердің аузына «Алматы» түспеген және олардың қайсыбірі сауатты дейсің? (Тіпті күні кешегі қаңтар оқиғасының да елесі бар мұнда).
Ал осы «күректі қарақшыларға» жол көрсеткен тәжірибелі «маманның» екі-үшеуі Алматыда, оның ішінде КНБ-да қалмады дейсің бе? Ендеше, ол неге гильзасын қалдырсын? Демек, ол жұмысын, Әлнұр сияқты сасқалақтамай, шатаспай, мотивінен жаңылмай «таза» істеген.
Әлқисса, «Күнделікте» қалай жазылса, солай берілген осыдан жиырма бес жыл бұрынғы жазбадағы пікірлерді таратып, талдап жатпаймын. Осындағы кейіпкерлердің біразының өзі саяси құрбанға айналды, айыптаушы Әлнұр Мұсаев пен Әкежан Қажыгелдиннің екеуі де эмиграцияның дәмін татуда. Жазмыштың жазасы деген, міне, осы. Ал біз осында айтылған саяси құқайды басымыздан кешірдік. «Жетім қозы тасбауыр, түңілер де отығар» дегендей, түңіле жүріп өмір сүрдік. Менің ойымша, қаламгердің осы бір «Күнделігіндегі» пікірлердің кейбірін қазір де қаперге алуға болатындай. Сондықтан да қажетті ойды қап түбінде қалдырғым келмеді.

Тұрсын Жұртбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір