ЖҮРЕКТІҢ КӨЗІ АШЫЛСА…
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі ҚР Жазушылар одағымен бірлесіп Абай күніне орай «Жүректің көзі ашылса…» атты әдеби-шығармашылық кеш өткізді.
Абай күні – қазақтың ізгілік пен өркениет өріне басқан тағы да бір рухани қадамы. Жазушылар одағы басқармасының ұсынысымен үкімет басшысы 10 тамызды «Абай күні» деп белгіледі. Әр жылы «10 тамыз – Абай күні» болып мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Міне, жыл сайын халықтық мейрам ретінде аталып келе жатыр.
«Жүректің көзі ашылса…» атты әдеби-шығармашылық кешінің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Реcпубликасы Мемлекеттік орталық музей директоры – Рашида Ерімқызы Харипова, ҚР Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып сөз сөйледі. Кешті ақын, драматург, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан жүргізді.
Кеш аясында ҚР Мемлекеттік орталық музей қор коллекциясынан «Ұлы даланың ұлы ақыны – Абай» атты көрменің ашылуы өтті. Музей қорында сақтаулы Абай Құнанбайұлына (1845-1904) қатысты қолжазбалар, кітап, басылымдар және әртүрлі жеке бұйымдары насихатталды. Солардың ішінде бүгінгі күні ғалымдар тарапынан Абайдың өзіне тиесілі деп отырған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты бірегей туындысын, ақын шығармашылығы жинақталған Мүрсейіт Бікіұлының (1860-1917), Тұрағұл Абайұлының (1875-1934) «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» және Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің (1900-1984) Абай мен Шәкәрім шығармашылығына арналған қолжазбаларын ерекше атап өткен жөн.
Көрмеге ақынның тоғызқұмалағы және бүркітінің балдағы да қойылды.
Музейлік деректану және қолжазба бөлімінің жетекшісі – Жасұлан Белтенов «ҚР Мемлекеттік орталық музей қорындағы Абай Құнанбайұлының шығармалары» атты баяндама жасап, көрмеге қойылған ақынның қолжазбалары, бірегей заттары туралы кеңінен баяндады.
Әдеби кеште өзінің Абай монологын оқыған, Құрмет орденінің иегері, актер Болат Әбділманов, ақын-сазгер, драматург, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Исраил Сапарбай, Әлібек Шегебай, Әсел Оспан, Айгүл Жұмаділ сынды қаламгерлер қатысты. Ақындар арнау өлеңдерін ала келіп, Абай рухын тағы бір мәрте асқақтатты. Абайдың әндерін әуелетіп, тыңдармандарға жеткізіп, ұлттық өнердің тарихын зерделеп жүрген өнерпаз, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіманов жиналған жыр сүйер қауымға әуезді ән шашуын тарту етті.
Гүлайым ҚЫДЫРАЛИЕВА,
ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қызметкері