Қазақтың жалғасы – «Қазақ әдебиеті»
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ
«Қазақ әдебиетінің» дәуірлеген шағында жұмыс істеу несібесі бұйырмаған осы жолдардың иесі пақырға өтпелі кезеңнің қып-қызыл өларасында есігін қағып, босағасынан имене аттауға тура келіп еді. Сәті түсіп, «Заман Қазақстанға» Бас редактор болып ауыспағанда – осында ұзақ уақытқа табан тіреуге ішімнен ұйғарып қойғанмын.
Ер кезегі үшке дейіннің өзіндік серті шынымен де бар ма, ойлап қарап отырсам, Бас редакторлық қызметтен осымен үшінші жолы өз еркіммен қоштасқан екенмін. «Заман Қазақстан» мен «Қазақ радиосынан» құйысқанымның көтерілу себептері жеткілікті. Ал «Қазақ әдебиетіне» бүгінгідей жағдайда жас адамның қажыры көбірек керек. Миыңның тұнықтығы мен ақыл-ойыңның сергектігі, қиялыңның жүйріктігі мен ұстаным сабыры секілді қадау-қадау ерекшеліктер тұрмыстың қатал илеуінің алдында бірі де есепке алынбай қалатын сияқты. Осы қызметке кірісер-кіріспестен телефон соғып, құттықтаған академик Рымғали Нұрғалиев ұстазым: «Әдебиеттің шекесі шылқып тұрғаны шамалы. «Заман Қазақстанды» қалай шығардың, мұнда да сол жұмысыңды жалғастыра бер» деген кесімін бір-ақ тұжырып айтқан еді. Он жыл бойы бірге оқып, ұзақ жылдарғы қатынасым үзіліп көрмеген марқұм Рафат Әбдіғұл бауырымның: «Қазақ әдебиетін» «Литературная газетаға» ұқсатып шығаруға талпынбай-ақ қой, оныңнан түк те шықпайды. Жүз елу миллионға таяу халқы бар мемлекеттің құрыды дегенде, жүз елу мыңының әдебиетке ынта-бейілі күшті болуы мүмкін. Әртістері мен режиссерлерін, жазушылары мен философтарын, ғалымдары мен саяхатшыларын әңгімеге тартып көрсең, қатары бір сетінеп қоймайды. Он миллион қазақтан мың адамды іріктей алсаң, ол да жақсылық» деген сөзі әлі күнге жадыда. Дәл осы араға әлеуметтік ой нақтылығы қажет-ақ. Он мың адам іріктеліп шығып, оқушылық міндетін мүлтіксіз атқаруға кіріссе, «Қазақ әдебиетінің» көсегесі көгеріп, әжептәуір көрсеткішті иемденер еді. Әдебиет сүйер қауымның санын жүргізген кім бар? Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Жазушылар одағына арнайы ат басын бұрып, жолай «Қазақ әдебиеті» газетіне соққанда, осы жолдардың иесі мыңдаған кітапханалар мен қазақ әдебиеті мен қазақ тілі пәнінің оқытушылары осы газетті жаздырып алмайтынын тілге тиек етіп еді. Жоғары оқу орнының бірінде сабақ беретін ғалым бұл мәселені естігенде, «Ондайлар өз мамандықтарын аса жақсы көрмейтіндер» деген үкімін шығарғанын Мемлекеттік хатшыға құлаққағыс қылдық та.
Қазақтың алдыңғы қатарлы қазіргі азаматтары мұндай мәселені сөз қыла бастасаң, езулеріне мысқыл шалыс күлкі үйіретіні сөзсіз. Америка мен Еуропаның мысалына жүгініп, солардың үлгісін ұсынудан әсте тайынбайтын олар «өзіңнен туған жас бала сақалы шығып жат болатынның» керін қайталап қана тынады. Олардың көбі басынан бақайшығына дейін Батыста оқып, ұлттық рухтан алыстап кеткен көзелдер емес, кәдімгі қазақтың қағанағын жарып шыққан төлтума ұлдарымыз. Осы тақілетті сөз айтқандарды он тоғызыншы ғасырдың заманақыр ақындарының қатарын толықтыратын жаңа өкілдер деп сипаттауға жүректері дауалап барар да. Орыстілді министр газет атын естіген сәтте «әкем жақсы көретін басылым еді» деп, мейірімі түсе елжіреп кетіп, сұхбат бергеніне мұндағы біз мәз күй кешкенімізге не деуге болады өзі? Жалпы, «Қазақ әдебиетінің» оқырман саны азаюының түйткілі дәл осындай жағдайдан туындайтын шығар. Қазақтың рухани тарихында қасиетті орны бар газет оқушыларының ұрпақ жалғастығы осылайша біртін-біртін үзілу үстінде. Көп жерлерге барғанда «Қазақ әдебиетін» қатардағы басылым ретінде қабылдап, көптің біріне балай салатындарды көргенде, көңіл құрғыр одан сайын ортая түседі. Осыдан шошынғаннан кейін айтар сөздің ретін таба алмағандай қиналасың. Он жыл бойы қызмет істеген орынды ойласаң бітті ішің уылжып, елжірей жөнелетіні өз алдына. Ұрпақ алмасу үдерісінің дәл қызған шағында жауапкершілікті қорықпастан алып жатқан кейінгі інілерге табыс тілегеннен басқа не дейсің.