Түлек пен сынақ немесе менің құрдастарым ҰБТ-ны қалай тапсырды?
Мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, үлкен өмірге жолдама алудың алдында тұрған әрбір жасөспірімнің үлкен толғанысты бастан кешіретіні анық. Бір жағынан алтын ұяға деген қимастық сезімі бойын билесе, екінші жағынан алдағы маңызды сынақ ҰБТ-ны қалай тапсырар екенмін деген күдік пен үмітке толы толқулар оқушыны әрі-сәрі күйге түсіретініне көзім жетті. Алдағы емтихандардан сүрінбей өтіп, студент атансақ деген арман әрқайсымыздың кеудемізде үміт сәулесін жаққанымен, бастапқыда көңілімізде күдік тудырған жайттар да жоқ емес еді. Көңілімізге күдік ұялауының бір себебі – биылғы жылы ҰБТ-ны тапсырудың жылдағы қалыптасқан дәстүрі өзгеріп, жаңа формат енгізілген болатын. Алайда, ұстаздар тарапынан кеңінен түсіндіру жұмыстары толық жүргізілгеннен кейін күдігіміз сейіліп, үмітіміз молая түскендей болды.
Өткен жылдары мектеп бітіруші түлектер аттестат алу үшін және жоғары оқу орнына қабылдану үшін бір рет қана ҰБТ тапсырып, соның нәтижесі негізінде конкурсқа қатысу мүмкіндігіне ие болатын еді. Ал биыл ол үрдіс өзгерді. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу екі кезеңге бөлінді. Әуелі мемлекеттік бітіру емтиханынан (қортынды аттестаттау) өтсек, кейін жоғары оқу орнына түсу емтиханын (ҰБТ) тапсырдық. Мектепте бес пән бойынша сынақтан өттік. Оның төртеуі міндетті, ал біреуі таңдау пәні болды. Биылғы түлектер үшін және бір жаңалық – ана тілі және әдебиетінен (оқыту тілі) эссе нысанында жазбаша емтихан тапсыру еді. Ұсынылған үш тақырыптың біріне үш астрономиялық сағаттың ішінде эссе жазуды қортынды аттестаттау сынағына енгізу идеясы менің ойымша өте дұрыс деп ойлаймын. Себебі, бұл оқушыларды шығармашылық тұрғыдан ойлауға үйретеді, тілін байытады, ойын дұрыс жеткізе білуге дағдылайды. Мәселені неден бастап, қалай дамыту керектігін, тақырыпты қалай тұздықтау қажеттігін және ойын қалай қорытуы тиістігін оқушы дұрыс меңгере бастайды. Сол себептен де менің ойымша, биыл қолға алынған бұл бастама бұдан әрі де жалғасын табуы тиіс секілді.
Алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтиханға 5 астрономиялық сағат берілді. Бұл емтихан тапсырмалары математикалық фактілерді, түсініктерді және тәсілдерді меңгеру деңгейін анықтауға, есеп шығару және логикалық тапсырмаларды шешу дағдыларын, функционалдық сауаттылығын білуге бағытталған тапсырмалардан құралған. Ал Қазақстан тарихынан билет бойынша ауызша емтихан тапсырдық. Билеттегі үш сұрақтың екеуі теориялық болса, соңғысы шығармашылық тұрғыдағы, яғни карта, кескін, портрет, хронологиялық кестелер пайдалану арқылы орындалатын тапсырма болды. Орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу 40 сұрақтан құралды. Оны шешуге 80 минут уақыт берілді. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жоғары оқу орнына түсу емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде қалды. 2017 жылғы ҰБТ форматы 5 пән бойынша 120 сұрақтан тұрды. Оның үшеуі міндетті, қалған екеуі талапкердің бейіні бойынша таңдалды. Биыл «Алтын белгі» иегерлеріне ерекше басымдық берілмейді деген еді. Бастапқыда олар да көп талапкерлермен бірге конкурсқа қатысатыны туралы айтылған болатын. Алайда, «Алтын белгі» иегерлерінің ерекше басымдығы туралы заң өзгертілмегендіктен қанша балл жинағанына қарамастан олар мемлекеттік грантты бірінші кезекте иеленді.
Осындай сындардан сүрін-бей өтіп, жуырда ғана С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінің студенті атандым. Яғни ҰБТ қорытындысы бойынша 123 балмен конкурсқа қатысып, мемлекеттік грантты жеңіп алдым. Бұл – менің үлкен өмірге қадам басу алдындағы алғашқы жеңісім болатын. Он бір жыл бойы жинақтаған білімім мен тәжірибемді дұрыс көрсете алуыма мүмкіндік берген биылғы ҰБТ-ның жаңа форматы менің көңілімнен шықты. Менің өзге де замандастарым бұл өзгеріске оң көзбен қарайды деген ойдамын.
ҰБТ-ға дайындық барысында менде өзге мемлекеттерде бұл сынақ қалай тапсырылады деген қызығушылық пайда болған еді. Сөйтіп, бірнеше елдің емтихан тапсыру үрдісімен танысып шықтым.
Мәселен, Қытайда тәртіп өте қатал көрінеді. «Гаокао» деп аталатын мемлекеттік емтиханды тапсыру кезінде талапкерлердің қолында қалам, қарындаш, өшіргіш пен сызғыш, циркульден өзге ешбір зат болмайды екен. Тіпті, бұл емтиханға ауыз суды алып кіруге де тыйым салынған. Ал егер шпаргалканың немесе өзге нәрсенің көмегіне жүгінгеніңіз анықталса, сізге өмір бойы бас бостандығынан айрылу қаупі төніп тұрған көрінеді. Кешірімнен дәм ету, емтиханды қайта тапсыруға мүмкіндік алу туралы ойлау да мүмкін емес екен. Қытаймен салыстырғанда АҚШ-та талапкерлерге біршама еркіндік беріліпті. Онда бірінші емтиханнан өте алмаса тағы бес рет бағын сынап көруге мүмкіндік алатын көрінеді. Олар көшіріп жазудан, гаджеттерді пайдаланудан аса қорықпайды, себебі қытайдағыдай қатал тәртіптің құрбаны болып кете қоймайтындарына сенімдері мол.
Бір байқағаным, біздің елімізде адам факторына ерекше көңіл бөлінеді екен. Адам құқығы мен денсаулығының қорғалуы бірінші кезекте ескерілетініне осы сынақты тапсыру кезінде көзім жетті. Талапкерлер ҰБТ тапсырып жатқан аудиториялардың сыртында арнайы психологтар мен жедел жәрдем қызметкерлері қадағалап отырды. Емтихан үрдісін бақылаушы ұстаздар әр нәрсені асықпай жеке-жеке қайталап түсіндіріп, барлық сауалдарымызға толық жауап беріп тұрды. Олардың жанарынан қатал тәртіп пен сұстылықты емес, мейірім мен қамқорлықты байқаған әрбір түлек сынақ тапсыру барысында өзін еркін әрі сенімді сезіне алды деп ойлаймын.
Биыл мен білім алған Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназия жүз түлегін қанаттандырды. Олардың 14-і «Алтын белгі» иегері болса, 25 оқушы (ішінде мен де бармын) үздік аттестатқа ие болдық. Бәрімізді жетелеген бір арман – қалаған мамандығымыз бойынша оқуға түсу, ата-ана, ұстаздарымыздың үмітін ақтау, дүниенің бір кетігін тауып, кірпіш болып қалану еді. Сол жолда талмай дайындалған мектеп бітірушілердің 85 пайызы мемлекеттік грант иегері атанды. Ал қалған 15 пайызы конкурстан өте алмай қалған жоқ, олар шетелдік оқу орнын таңдаған талапкерлер болатын. Яғни менің мектепті бірге тәмамдаған құрбы-құрдастарымның барлығы дерлік армандарына қол жеткізіп, ұстаздары мен ата-аналарын қуанышқа бөледі. Мен бұны үлкен мақтанышпен айта аламын. Осындай үздік те бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп, түлетіп ұшырған алтын ұя мектебімнің аяулы ұстаздарына айтар алғысым шексіз. Жаңа форматқа ауысқан ҰБТ-ның биылғы жүйесі менің және менің құрдастарымның қанатын қатайтты, жігерін жаныды, тәуекелін күшейте түсті. Бір сөзбен айтқанда, үлкен өмірге қадам басар алдында етек-жеңін жиып, ес тоқтатып, болашаққа нық сеніммен қарауға үйретті десем де болады.
Аружан АМИТОВА,
Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназиясының түлегі.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.