Қаламгер дарынды оқушыларға шәкіртақы тапсырды
Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сәуле Досжан жуырда туған ауылы Ақтамға барып, ауылдастарымен және мектеп ұжымымен кездесіп қайтты. Кездесуге генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, ауданның құрметті азаматы, осы ауданды ұзақ жылдар басқарған Зәріп Бидайбеков қатарлы елге танымал қонақтар қатысты.

Қонақтарды аудан әкімі Шухрат Нурахунов, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрәкім Есжанов, білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева қатарлы атқамінерлер күтіп алды.
Қаламгер Сәуле Досжанова үнемі өз ауылының әлеуметтік жағдайының оңалуына көмектесіп келеді. Ауылда жаңа мектептің, медпункттің салынуына мұрындық болғанын ауыл тұрғындары үнемі айтып жүреді. Алдағы уақытта ауылға Мәдениет үйін салдыруды жоспарлап, тиісті мекемелерге хат жазып жүргеніне де біраз уақыт болды. Жазушының өзі салдырған білім ошағында «Мектеп түлегі Сәуле Досжанға арналған мұражай» жұмыс істеп тұр. Мұражай қоры жыл сайын жаңаланып, толықтырылып отырады.
«Ауылға бармасам, көңілім құлазиды. Бәлкім, анам кіндігімді үйдің босағасына көмген шығар… Қолым босай қалса, туған ауылыма, осы Ақтамға қарай құстай ұшамын.
Кезінде қабырғалары қақырап, әбден тозығы жеткен өзім оқыған мектепті көргенде жүрегім ауырды. Облыс әкімдігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің есігін тоздырып жүріп жаңа мектептің салынуына мұрындық болдым. Мектептің дарынды оқушыларына арнайы шәкіртақы тағайындағанмын. Биыл да соны тапсыруға келдік», – деді жазушы кездесу барысында.
Биыл жылдағы дәстүр бойынша 11 оқушыға шәкіртақы табысталды. Ауыл халқымен кездесуде қонақтар тағлымды әңгіме айтып, Сәуле Досжанның шығармашылығы жайында ой қозғады.