Арғы жағы қоғамның, бергі жағы…
25.08.2017
3492
6
24 қыркүйекте «Айдың арғы беті» атты тақырыппен TEDxAlmaty конференциясы өтеді. Жетінші рет ұйымдастырылып отырған бұл конференцияның биылғы ерекшелігі – спикерлердің жартысынан көбі идеяларын қазақ тілінде таратпақ. Себебі, ұйымдастырушылардың ойынша, «идея қай тілде туса, ол сол тілде айтылғаны дұрыс».
Бүгінгі сұхбаттың кейіпкерлері туралы көп айтуға болар. Асхат Еркімбай – жаңа медиа маманы, АҚШ-тың Майоми университетін коммуникация мамандығы бойынша бітірген. «Ғылыми жаңалықтар, тың идеялар мәселесінде үнемі кеш қалып жүрміз. Кеш қалмау үшін энтузиастар осы жоба аясында біріктік», – дейді ол. Екі-үш жыл бұрын Асхат Еркімбай Канадада, TED конференцияларында Қазақстанда TEDxAlmaty жобасын ұйымдастырушы куратор, TEDx жобасын өткізу үшін посткеңестік елдерде алғашқылардың бірі болып лицензия алған Лариса: Пакпен танысады. Лариса «Қазақстанда TED идеяларын қазақ тіліне аударып жүрген адамдардың үлкен қауымдастығы бар екенін білгенде, ең алдымен, қатты таңдандым. Себебі, бұл көп еңбекті қажет ететін жұмыс. Содан кейін Асхатпен бірлесіп жұмыс істей бастадық», – дейді. «Шешілмейтін мәселелер туралы сөйлегенді ұнатамыз. Ал заманауи әлем идеяны, жаңашылдықты айтқанды қош көреді» дейді TEDxAlmaty жобасының кураторы Лариса Пак. Дүниежүзінің қырыққа жуық елін осы жобаны қалай ұйымдастыратынын білу мақсатында аралап шыққан Лариса Айдың арғы бетін басқаша елестетеді. Асхат та солай. Айдың арғы бетін сіздер қалай елестетесіздер?


­– Оқырманға TED жайын кеңірек та­ныс­тырып өтсек. Бұл форматтың басты мақсаты не, идея қайдан туды және бұл фор­мат Қазақстанға қалай келді?

Лариса Пак, TEDxAlmaty кураторы:
– Бәрі де идеядан басталады. Ал­ғаш рет ғалам­тор­­дан TED иделарын көргенде: «Не деген ақылды адамдар, ойларын қисынды жұптап, ұғынықты түсіндіреді», – деп таңырқадым. Физикадан хабарым аз, бірақ олар физика туралы түсіндіргенде, бірден қағып аламын. Мұндай ғылыми-танымдық дәрістер қоғамға өте қажет. Осы идеямен қа­нат­танған АҚШ ақылды адамдарды жинап алды да, «ұғынықты тілмен адамдарға не істеп жүргендерін таныстыруға» мүм­кіндік берді. Ғылыми жетістіктерді, тың идеяларды ғылыми шағын топ қана емес, бұқара көпшілік біле түскені маңызды. Себебі, заманауи әлемде білім күрделене түсті. Университет бітіргендер ғы­лымды қадағалай алса, қазіргі ақпараттар тасқыны ғылымға жақындауды «қиындатты». TED – жаңа білімді тез игеруге көмектеседі. Адамдарға өзгеріс­терден қорықпауын үйретеді. «Айналамда не болып жатқанын түсінбеймін, жаңа технологияны қолданбаймын және осы тех­нологияны қолданатындарды ұнат­паймын, ал ақыр соңында жаңа технологияны қолданатындар өзеннің арғы бетінде, мен сияқтылар бергі бетте бөлек өмір сүрейік» дейтін бітпес дау-дамайдың алдын алатын осындай жаңашыл идеялар біз үшін өзекті. TED форматы идеяны, жаңалықты тез әрі ұғынықты түсіндіре­ді.
Асхат Еркімбай, спикерлермен жұ­мыс істейтін тренер:
– TED-тің мақ­саты – бірінші кезекте ғылымды насихаттау. Өйткені, қазір біздің қоғамда ғылыми ойлар емес, шет-шегі жоқ мә­селе­лер көп айтылады. TED-те адамдар идея, жаңа бір ой тұрғысынан сөйлейді. Сол үшін де таратуға тұрарлық идеялар деп аталады.
TED-пен АҚШ-та оқып жүргенде таныстым. Мектепте физика-математикадан тереңдете оқысам да, журналистикада сандарды үйрететін пәнге жолағың келмейді. АҚШ-та статистика деген пән бар. «Бұл не екен» деп дайындала бастадым. Материал іздестіріп жүріп TEDх тобына кезіктім. Статистиканы оңай әрі ұғынықты түсіндіреді. Сөйтсем, статистика соншалықты түсініксіз, қорқынышты пән емес екен. Қайта қызықты. Үйренері көп. Содан статистика жайлы мәлі­метті мен ғана біліп қоймайын, өзгелер де білсін деп, бұл форматты аударудың жолын іздестірдім. Осылайша TED аудармашы болып тіркелдім. Түптеп келгенде, ғылым барлық адамзат игілігі үшін ғой.
– Қазақ әркез Абайға жүгінген. Сол Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», – деген сөзді айтады. TED идеяларында да бұл мәселе көбірек қозғалатынын байқадық. Мұндай ғаламдық идеяларды таратудың маңызы зор екенін барлығымыз білеміз. Сонда да, бұл идеялар адамзатқа нақты нені үйретеді?
Асхат Еркімбай:
– Жиырмасыншы ғасырдың басында ағартушылардың негізгі мақсаты – білімді насихаттау болды. Құдайға шүкір, қазір біздің қоғам – білімді қоғам. Оқу білеміз, жазу жазамыз. Біріккен Ұлттар ұйымының есебі бойынша, он сауатты мемлекеттің қатарында тұрмыз. Біз енді келесі саты – ғылымды көбірек талқылайтын қоғам болуымыз керек. TEDxAlmatyжобасы ғылымды насихаттайды. Жасыратыны жоқ, адамды орта тәрбиелейді. TED-тің мақсаты сол, ғылыми орта қалыптастыру. Ғылым туралы көп айтылатын орта болған сайын, ғылымның да сапасы артады. Ғылымға шындап бет бұрғандардың саны да көбейе түспек. Қоғамда мемлекет тарапынан бағдарламалар көп. Іргелі ғылымды насихаттауда тек мемлекет тарапынан қадамдары жасалған шығар, бірақ қалың бұқара тым-тырыс. TED – ғылымды бұқараға жақындатудың амалы. Конференцияның басты ерекшелігі – ғылыми жаңалықтар айтылады. Және түсінікті тілмен айтылады.
Мәселен, маған ұнайтын TED-тің бірі – мотивация туралы. АҚШ-тан оқып келдік. Бір өзім емес, қазір шетелде, ағылшын тілінде оқып келген үлкен буын бар. Қазақстанға келгенде өзіме: «Осы алған білімді қоғамымның кәдесіне қалай жаратам?», – деп сұрақ қойдым. Біздің қоғам ескі жүйемен өмір сүріп жатыр. Біз жаңа жүйенің білімін алып келдік. Сол кезде мотивация туралы TED-ті көрдім. Мемлекеттік қызметте жұмыс істегім келмеді. Себебі, бүгінгі технология дамыған заманда адамның жұмыс істеу дағдысы басқаша болатынын TED ғылыми тұрғыдан түсіндіріп берді.
Мәселен, қазір Bitcoin деген жаңа валюта түрі шықты. Қазақша ақпарат әлі жоқ. TED-ке Bitcoin деп жазсам, дүниежүзінің қаржы нарығында соңғы болып жатқан жаңалықтарды ғалымдар түсіндіріп бере қояды. TED соңғы нәрсені бірден ұғуға, білуге көмектеседі. TEDxAlmatyмақсаты – ғылымға бейім­делген адамдардың, ғы­лымға қызыққан адамдардың Қазақс­тан­дағы ортасын қалыптастыру. Қазір ғылым өте қатты өзгерді. Ғылыми жаңа­лық­тар, тың идеялар мәселесінде ү­немі кеш қалып жүрміз. Кеш қалмау үшін энтузиастар осы жоба аясында біріктік. Ешқайсысымыз бұдан бір тиын ақша пайда көрмейміз. Ларисаның өз жұмысы бар, менің өз жұмы­сым бар. Көп адамдар бұл жобадан пайда көріп, ақша тауып жатыр деп ойлауы мүмкін.
– TEDхAlmaty конференциясына тіркелу ақылы ғой. Ол қаржы қайда кетеді?
Асхат Еркімбай:
– Дұрыс айтасыз, конференцияға тір­келу ақылы. Алдымен, қалай тіркелу керек – сол жағын айтып өтейін. TEDхAlmaty сайты арқылы тіркеледі. Бірне­ше сұрақ­тарға жауап береді. Ғылымға құштар, жаңа идея таратуға мүдделі адамдар тобын жа­сағымыз келеді. «Конференцияға не үшін қатысқың келеді?» деген сұраққа жай ғана «қызық екен» дей салатындар бар. Ондай адам ғылыми орта қалыптастыруға үлес қосады деп айта алмаймыз. Сондықтан қатысушыларды жауабына қарай ірік­тейміз. Конференцияға санаулы адамдар­дың қатысатыны сондықтан. Себебі, бұл кез келген адам келіп отыра беретін кинотеатр емес. Сол ортаны түсінетін, пікірлес, мүдделес адам жинауға тырысамыз. 31 тамызға дейін тіркелсе, 5 мың теңге, 31-нен кейін болса 7 мың, 10 мың деп кіру ақысы өсе береді. Бұл ақшаға зал жалдаймыз. Бір күн конференцияда жүрген адамдардың шәйін береміз. Ұйымдастыру шығындарын жабамыз. Ақша сол үшін керек.
Лариса Пак:
– Ақша таппаймыз, себебі, TEDх форматы энтуизиастарға арналған. Себебі, ақша үшін емес, сенім үшін жұмыс жасаймыз. Ақшамен мотивиция жасау оңайдың­оңайы, мықты болсаң адамды идеямен қанаттандырып көр.
– TEDхАлматы жобасы жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Және әр жыл сайын жекелеген аттармен өткенінен хабардармыз. Сіздіңше, қай жобаға адам көбірек қатыс­ты, қай жобаның идеялары көбірек талқыланды? Себебі неде?
Лариса Пак:
– Әрқайсысы түрлі себептермен есте қалды. Бірінші жоба эксперимент сияқты болды. «Мұны ойдағыдай өткізе аламыз ба?», – дедік. Себебі, біз үшін бәрі жаңа еді. Осы күні бес минутта шеше салатын мәселе туралы алғашында сағаттап ойлан­дық. Себебі, алғаш өткізіп отырған­дық­тан, бәрін жақсы ұйымдастырғымыз келді. Сондықтан әр қадамымызға ерекше шаттандық. Демеуші таптық, спикер келеді деп қуандық. Екінші рет ұйым­дастырған TEDxAlmaty конференциясында өте жақсы, ғажап адамдармен таныстық. Рауан Кенжеханұлы,Дмитрий Жуков секілді жандар ол конференциямыздың әрін кіргізді деп ойлаймын. Оданкейінгі жыл кіл жұлдыздардың жылы болды. Е.Саға­диев ол кезде министр емес еді. Үш тілділік тақырыбында тамаша идеяларын айтты.
Асхат Еркімбай:
– TED аудармашы болғандықтан, дүниежүзіндегі аудармашылармен таныс­тығым бар. Е.Сағадиевтің сөзін орысшадан ағылшын тіліне аудардық. Ағылшын тілі арқылы сегіз тілге тәржімаланды. Яғни бізден шыққан идея қазір дүниежүзіне таралып жатыр.
Лариса Пак:
– Ерлан Сағадиев мырза сол конференцияда ұлттың бірегейлігін жоғалтпау турасында сөз алған еді. Ол мәдениет үшін ана тілді сақтауымыз керектігіне, ал білім тұрғысынан ағылшын тілін білудің маңыз­­дылығына тоқталды. Көпшілік ұмыта бастаған спортшы Марат Жыланбаев та TEDxAlmaty жобасында сөйлеген­нен кейін қайтадан жұлдызы жана түсті. Былтыр бірінші рет конференцияны Астанада өткіздік.
Асхат Еркімбай:
– TEDxAstana жобасында Саадет Түркөз деген Түркиядан келген қазақ қызының сөзі ерекше әсер етті. Себебі, оның өнері сирек кездеседі. Музыка аспабының сүйемелдеуінсіз, бір адам отырып, үш түрлі дауысты бір сәтте шы­ғарады. Біз ұмытқан қазақтың дыбыстарын қайта жаңғыртады. Қазіргі Қа­зақс­тан­да бұл өнер түрі жоқ. Саадет көп­шілікке сол өнерін таныстырды. TEDxAstana аудиториясы өте жақсы қабылдады.
Менің түсінігімде, бір адам жақсы нәрсені насихаттаса, әлемді өзгертетін қауқары бар. Бірақ сол адамды қолдайтын орта болуы керек. Мемлекет тарапынан қолдау бар шығар. ғалымды түсінетін орта ғылымды сақтайды. Ол айтқан ой қоғамға қозғау салған сайын, ғалымға да көбірек стимул береді. Ғалымның ойы орысша, қазақша, ағылшынша болуы мүмкін, бірақ ол ой айтылуы тиіс. Осы күні әлдебір ғалымымыз әлдебір жүлдені алғанын мақтанышпен айтып жатамыз. Ал ол жүлденің қоғамға не пайдасы бар екенін, қандай еңбек екенін ешкім білмейді. Демек, бізде талантты ғалымдар жетерлік. Бірақ идеялары біз үшін жұмбақ.Кеңес одағында ғалымдар элиатрлы каста болды. Ғалымдар бөлек, бұқара бөлек өмір сүрді. Қазір заман басқа ғой. Бұқараның ішінен шыққан ғылыми пікір бұқараға жетуі керек.
– TEDхАлматы жобасының биылғы тақырыбы: «Айдың арғы беті». Спикерлеріңіз кім болады, онда қандай идеялар айтылады – алдын-ала хабарламайтындарыңызды білеміз. Сонда да, биылғы TEDхАлматы жоба­сының басты ерекшелігі не болмақ?
Лариса Пак:
– Жаңа идея, жаңа мәдениет, жаңа көзқараспен жете танысқаныңда, басқа адамға айнала бастайсың. Былтыр TEDxAlmaty-ның биылғы тақырыбы не бо­ларын ойластыра бастағанда, күллі қоғамда кері үдерістің барын байқадық. Адамдар бірікпейді, керісінше арасы ажырап бара жатқандай. Біреуіне екіншісінің көзқарасы, ұстанымы, мекенжайы, сөйле­ген тілі ұнамайды. Ал біз мәдениет адамдарды біріктіреді деген ұстанымға сенеміз. Кез келген қоғамдағы жамандық­қа жақсылық қарсы тұра алады деген ұста­ным­дамыз. Адамдар өзіне таныс емес дү­ние­ден сырт айналады. Жақсы көрме­гендіктен емес, таныс болмағандық­тан теріс көзқараста болуы мүмкін. Себебі, адамдар өзгерістерден қорқады. Кім болсын жаңалықтарды жете білмейінше, оған жолағысы келмейді. Бейтаныс дүниеге жақындай түссең, жақсы көре бастайтын едің. Себебі, бәріміз де адамбыз ғой. Айдың арғы бетіне үңілу, жүрегіміздің түкпіріндегі қорқы­ныштарымызға үңілу деген сөз. Сен оны жақсы көріп кетпеген­нің өзінде, ең болмаса жете тани түсесің. Бізде де адамдар тілге, жерге, руға, ұлтқа бөлінеді. Ал біз бәрін бірік­тір­гіміз келеді. Сондықтан идеялар әр тілде сөйленгенін қаладық. Идеяда тіл жоқ. Алайда, ана тілі, ана тілдің сұлу­лығы бар. Егер идея қазақ­тікі болса, біз оның сол тіл­де көпшілікке жеткенін қалаймыз.
Асхат Еркімбай:
– Қаласақ та, қаламасақ та біз екі тілде сөйлейтін қоғамда өмір сүрудеміз. Кейбір адамдар оны елемеуге тырысқа­нымен, «жоқ, біз тек қана қазақ тілінде сөйлейтін қоғамда өмір сүреміз» дегенімен немесе керісінше, «ал біз тек қана орыс тілінде сөйлейтін қоғамда өмір сүреміз» дегенменен, шындық сол – біз 25 жыл бойы қос тілді қоғамда өмір сүріп келеміз. Тек бізде ғана емес, дүниежүзіндегі соңғы жылдардағы оқиғаларды елеп-екшесек, әлемде бірігуден гөрі, бөлінудің немесе қасақана бөлінудің сипаты басым. Біздің қоғам үшін бұл аса қауіпті. Онсыз да бөлініп тұрған дүниені қақ жарып бөле салу оңай. Мықты болсаңыз, біріктіріп көріңіз. Біздің қоғамда да ортақ құнды­лық­­тардың бар екенін жоққа шығармайтын топ бар. Олар бірігу жағында. Мен де басында осындай жобаларды көрген кезде: «Неге бұлар тек қана орысша ұйым­дас­тыра­ды, неге тек қана жақсы нәрселер орыс тілінде өтеді», – деген сезіммен тосырқай қарайтынмын.
Тақырыпты таңдағанда дүниежүзінде не болып жатыр, біздің қоғам ол тақырып­ты қалай түсінеді деген тұрғыдан қарас­тыра­мыз. Биыл «Айдың арғы беті» деген тақырыпқа тоқталдық. Қазақ тілінде айдың арғы беті деген тылсым, сыр деген мағына беруі мүмкін. Айдың арғы бетінде қоғамның екінші бөлігі бар, оларды танығымыз келеді, танығымыз келмейтін­деріміз де бар. Бірақ қанша жоққа шығарсаң да, ол қоғам бар. Кейбіреулер оны жылы жауып қояды. Кейбіреулер оны білгісі келмеуі мүмкін. Білмейтін адамдар небір құбыжықтар ойлап табады. Қазақ тілді қоғам орыс тілді қоғамда не болып жатқанын біледі. Бізде керісінше айдың арғы беті басқаша көрінуі мүмкін. Сондықтан биыл ұйымдастыру­шылар тақырыпты бірінші кезекте қазақша таңдады. Содан кейін барып, орысша, ағылшынша нұсқасын ойластырамыз деп шештік. Лариса айтып өткендей, идея қай тілде шығатын болса, ол сол тілде айтылғаны дұрыс. Содан кейін барып қана басқа тілге аударылсын. Биылғы мақсаты­мыз – қазақ көрерменіне идея туралы мей­лінше көбірек айту. Себебі, жиырма бес жыл бойы проблеманы айтып келдік, ме­нің ойымша, қоғам ары өсіп, дамимын десе, ғылыми ойларды талқылайтын келе­сі сатыға көшіуіміз керек.
– Бұл жоба қазақстандықтар тарапынан қолдауға бірден ие болды ма? TED-ті таныс­тыру, оның идеясын тарату о баста қандай сатылардан өтті?
Лариса Пак:
– Сегіз жыл бұрын TED-ті алғаш интернет арқылы көргенде «Бізде де ақыл­ды адамдар баршылық. Осындай кон­фе­рен­цияны біз де ұйымдастыра аламыз ғой», – деген ой келді. Сегіз жыл бұрын TED­ дүние­жүзі мемлекеттеріне лицензия бере бастады. Біз әлемдегі алғашқы жүз ли­цен­зия­ның бірін алдық. Бәрі біздің асүйде басталды. Достарымды шәйға шақырып, TED конференциясын көрсетіп: «Біз де осылай жасасақ», – дедім. Өзім коммуникация саласында жұмыс істеген­дік­тен, ұйымдастыру, конференция өткізу жұмыстарынан қорыққан да жоқпын. Твиттерде TED туралы жазба қалдырып, оқырман жинай бастадық. Алғашқы TEDxAlmaty конференциясына іріктеуден өткен 250 адам жинадық. Себебі, өтініш одан да көп болды. Былтыр 700 адам келді. Биыл 800-1000 адам келеді деп болжап отырмыз.
– Жобадағы еріктілер саны шамамен қанша?
Лариса Пак:
– Топта 14 адамбыз. Шараға келетін еріктілер 30 шақты.
– TED аудармашылар, TEDх конференциялары қазір көп­теп ұйымдастырылып жүр. Бұлардың ерекшелік­те­ріне тоқталып кетсеңіз.
Асхат Еркімбай:
– Қазір Алматыда Шәй-фай деген жоба бар. Қалай аудару керегін сол жоба аясында үйретеміз. Осы күні ағылшын тілін жетік мең­герген қазақ көп. Олар ат­са­лысуға тырысады, кейбірі пайда көргісі келеді. Бірақ бұл аудармаларға ешкім ақша төлемейді. Екінші жағынан, ақша төлеме­геннен кейін жүрдім-бардым қарайтындар бар. Сон­дықтан TED аударма міндеттелмеуі керек. Адам өз еркімен, идея таратуға құлшын­ғанда ғана аударса деген тілек бар. Былтыр Қа­зақс­тандағы белді жоғарғы оқу орны­ның ұстазы студенттеріне міндетті тапсырма ретінде TED аударма жасатыпты. Әрине, идеяларды қазақшалайық деген талапқа қуанасың. Бірақ бұл аударма­ны студенттер өз еріктерімен жа­­са­­ма­ған­нан кейін, жүрдім-бардым аударған. Себебі, мұғалім оларды міндеттеген, ал студентке баға керек. Біз бұл аудармаларды мақұлдай алмаймыз. Себебі, аударма сауатты жасалуы тиіс. TED аудар­ма жасарда, TED конференциясын ұйым­дастырарда осы нәрсені ескеру керек. Қазір TED форматын ұйым­дас­тыру­шылар көп. Кейбіреулер мұны өтті-кетті шара деп қабылдауы мүмкін. Иә, шара өткізу керек. Бірақ қоғам түсінетіндей, сол бағытта үйіріп әкететіндей қылып өткізсе дейсің.
– TEDх-ке келетін көрермендер­дің ортақ портреті, жасы қан­дай?
Лариса Пак:
– Жас туралы айтқанды ұнатпаймын. Бізге келетіндер бәріне қызығатын, жаңа­шыл­дықтан қорықпайтын адамдар. Кез келген жаман дүниенің тізімі болады. Ал бізде кіл жақсының тізімі бар.
– Әңгімелеріңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІРЛЕР6
Аноним 17.09.2019 | 00:34

Іштегі ойды, тың идеяларды шығаруға керемет дүние екен.Лариса Пак ризамын.💖

Аноним 17.09.2019 | 00:35

Мен мектептен ТЕДХ осы жоба аясында қатысайын деп тұрмын 24.09.20019

Аноним 17.09.2019 | 00:36

Өз идеяларыммен,әріптестеріммен бөлісемін👌👸

Аноним 17.09.2019 | 00:37

Тамаша жоба тек алға

Аноним 20.10.2019 | 18:22

Ура! Мы миллионеры! .. но не в том смысле. А в том, что Android-версия CryptoTab Browser® достигла отметки в 1 миллион скачиваний в Google Play — вот что мы имели в виду.
Пользователи CryptoTab — наше главное богатство и гордость, так что для нас это даже круче и значительнее, чем миллион долларов.

А вы — один из этого миллиона пользователей? Если нет, самое время это исправить! Переходи по ссылке http://bit.ly/2OOmu60
CryptoTab Mobile для Android — это быстрый и безопасный браузер с удобным интерфейсом и функцией сервер-зависимого майнинга.
Благодаря ему вы сможете получать биткойны на мобильных устройствах, не нагружая процессор и не расходуя заряд батареи. Попробуйте, это определенно стоит того! http://bit.ly/2OOmu60

Аноним 13.11.2019 | 06:55

Получи кредит онлайн. Для жителей любого города России.
http://bit.ly/2KefdeU — Деньги в долг – это удобно

crd@

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір